Эндре Ади
06.08.2021
1337
1

Эндре Ади (1877-1919) ‒ жиырмасыншы ғасыр басындағы мажар әдебиетінің ең ірі ақындарының бірі. Мажар сивмолизмінің негізін қалаушы.  Ақын поэзиясы мажар әдебиетінде тосын құбылыс ретінде танылды. Жас Адидің көзқарасының қалыптасуына атақты философ Фридрих Ницше қатты әсер еткен екен. Өлеңдерінде қоғамның артта қалғандығы туралы сынап жазады, ұлы өзгерістерге үндейді. Бақи мен фәни, өмір мен өлім туралы ой толғайды. Махаббат лирикасын Лeда махаббатына, әйелі Бонцза Бертаға арналған өлеңдері құрайды. Көптеген өлеңдерінен ақын жалғыздығын, дүниеден бөлектенуін байқаймыз.

Мажарстанға келмей тұрып Шандор Петефиді ғана білетін едім. Келген соң мажар тілінде Аттила Йожефпен таныстым. Содан бастап мажар поэзиясын оқыған сайын, мажардың аузымен құс тістеген, таланты тау құлататын ақындары көп екенін аңғардым. Жоғарыда аттары аталған екі ақынды мүмкін бірі ұнатып, бірі ұнатпас, алайда Адиді жатқа оқымайтын мажар жоқ екенін көрдім. Испан тұмауы кезінде өкпе қабынуының асқынуынан қайтыс болған Адидің жаназасына жиналған қарақұрым халықты санау мүмкін болмапты. Ақын өлімін «Ұлт азасы» деп жариялап, Ұлттық мұражайдан шығарған. Мажар тарихында тек ақындардың ішінде емес, күллі ұлт ұлыларының ішінде осындай бүкіл халық аза бойы қаза боп жерлеген тұлға сирек екен. Яғни мажар ішінде Ади культі бар, ол – жеке басқа табынушылық, көрсоқыр фанатизм емес, ақындық талантына, сөз құдіретіне тағзым ету.

Эндре Ади 1877 жылы 22 қарашада Трансильванияның солтүстігінде, Силадьшагтaғы Эрминдсентте дүниеге келген. Бүгін ол Адидің атымен Адифалва (Ади ауылы) деп аталады. Мұражайға айналдырылған төбесі қамыспен жабылған, қарапайым ғана аласа ақ үйде жеті ғасырлық тарихы бар ақсүйек калвинистердің әулетінен шыққан Ади дүние есігін ашқан. Отбасы кедейленіп, ата-анасы ұлдары Эндре әулеттің бұрынғы даңқын қайта жаңғыртады деп үміттенген. Әкесі ‒ Лоринц Ади, шешесі ‒ Мария Пастор Эндрені рухани құндылықтарға тәрбиеледі. Тектілігін жоғалтпауды үйретті. Оқуын 1883 жылы Эрминдсенттегі реформаттық мектепте бастап, 1892 жылы Зилахтағы реформаттық коллегиумға қабылданды. 1896 жылы маусымда мектепті тәмамдады. Әсіресе грек тілі мен математикадан үздік нәтиже көрсетті. Осы Зилахта алғашқы поэтикалық және прозалық талпыныстарын жасады. Жергілікті басылымда «Кошутқа одасы» жарық көрді.

Мектепті бітірген соң, Дебрецендегі заң академиясына түсті, алайда оқуын бітірмеді. Әке-шешесі қалағандай заңгер емес, журналист, ақын болам деп шешкен болатын. 1899 жылы сәуірде тәуелсіздік партиясының «Дебрецен» атты газетінде қызмет атқарды. Дебреценді тастап, Надьварадқа ауысып еркін ойлы газет «Сабадшагта» (Азаттық — Szabadság) журналист болады.

Ақын туған үй

Алғаш «Өлеңдер» (1899) атты жинағы шықты. 1903 жылы «Тағы да бір дүркін» деген атпен өлеңдер жинағы жарық көрді. Алайда бұл жинағы да алдыңғы жинағы секілді әдебиетшілердің назарына ілікпеді.

1903 жылы тамызда Балканнан көшіп, Парижге қоныстанған саудагер Эден Диошидің әйелі, Надьварадқа (қазір Румыния) туыстарына қонақтап келген Адeль Брюльмен кездесіп, ғашық болды. Кейін өлендеріне арқау болған Лeда есімді ғашық сoл Адeль болатын. Леданы кері оқысақ ‒ Адель. Адидің «Парижді күз кезіп жүрді…» өлеңі ‒ ақынның өлім туралы өлеңдерінің шоқтығы. Оны жатқа білмейтін мажар некен-саяқ. Өлеңдерінде «Өлім» тақырыбы өте жиі сөз болады. Париж ‒ Ади махаббатының қаласы, бірақ ол да Әулие Михаил көшесінде бұтақтың астында ақынға өлім жайлы тіл қатады. Күз ‒ адам өмірінің ақырын білдіретін символ. Күз Париждің шіліңгір ыстығында ақынға жолығады. Көлденең жұрттың одан хабары жоқ. Әулие Михаил көшесіндегі жапырақтардың оқыс дүрлігуі айтпай келетін ажалдың хабарын жеткізіп тұр. Христиандық нанымда Әулие Михаил ‒ өлім құрығына іліккен адамды бақиға шығарып салатын әулие.

Бірақ Париж ‒ Адиге махаббат сыйлаған қала. Ледаға арналған жырларының бірі:

Мені сүйгенің үшін

Ғажайыптардың

Айнасы көзің,

Маған қарасынан

Айналдым, жаным

Сенсің данасы

Құмар-сезімнің.

Әйел затыңнан

Айналдым сенің

Мені қалаған,

Мені елеген.

Құлай сүйгенің үшін

Мен де сүйемін:

Мені сүйгенің үшін

Сен ару әсем

Сен ең әдемі.

Иә, Адидің махаббаты қаншалықты мөлдір болса, өлеңдері де әсіре бояусыз, сезімі шашылып-төгілмейтін шынайы, тұнық еді.

Ледамен кездесуі Адидің өмірін өзгертті. Тіпті өмірінің мәніне айналғандай болды. 1904 жылы ақпанда Леданың соңынан Парижге аттанды. Ақынның Леда мен Парижге арналған өлеңдеріндегі еркіндік, сезім мен романтика шексіз. 1904-1911 жылдары Парижге жеті рет сапар шегеді. 1905 жылы елге келген соң, «Будапешт күнделігі»  (Budapesti Napló ) газетінің қызметкері болды. Осы басылымда бес жүзден артық  мақаласы жарияланады. Өлеңдері де көп жарық көрді. 1906 жылдың ақпанында үшінші жинағы «Жаңа өлеңдер» (Új versek)  басылды. Бұл ақынды әдеби ортаға мойындатқан жинақ. Мажар әдебиеттануында қазіргі мажар поэзиясының туу тарихын осы жинақтан бастайды.

1907 жылдың желтоқсанында жарияланған жинағы «Қан мен алтын» да мажар поэзиясында орны зор жинақ болды. Адидің алғашқы отаншыл өлеңдері осы жинақта көрінеді. 1908 жылы қаңтарда «Ньюгат» (Батыс) газеті Адидың «Сион тауының етегінде» атты өлеңін, «Мажар Пимодан» деген эссесінің кіріспесін жариялайды. Қайтыс болғанша «Ньюгаттың» аға қызметкері болады. 1912 жылдан сол газеттің редакторы да болады. Ади газеттің  қызметкері ғана емес, жарнамасы да болды. 1909 жылы маусымның бірінде «Ньюгаттың» бір саны түгелімен Адидің өміріне арналды. 1909 жылдан бастап Адидің денсаулығы нашарлап, көп уақытын шипажайларда өткізді.

Маxаббаты Ледамен байланысын үзді. «Жолға салдым ғашықты» (Valaki útravált  belőlünk ) және «Қоштасу сөзі» (Elbocsátó szép üzenet). 1915 жылы қыздың әкесінің қарсылығына қарамастан өзінен 20 жас кіші Берта Бонцзаға үйленді. Ақын өлеңдеріндегі «Чинска» деген қыз ‒ осы Берта. Берта Адидің поэзиясына ғашық еді. 1911 жылдан бастап Адиге монастырдан хат жазып жүрген болатын. Ақырында ақын өзі барып, танысқан. 1917 жылы Берта Будапешке көшеді. оның өзі де ақын еді.

Жанарыңды іздеймін

Әжімді қолыма,

Қолыңнан нұр тарайды.  

Жалынсыз көзіммен,

Көздеріңе қараймын. 

Қасыңда ұзақ,

Қалам ба білмеймін.

Қолыңды ұстап,

Жанарыңды іздеймін.

1914 жылдан бастап Адидің өлеңдер жинағы шықпаған еді.  «Өлілерді бастап» (A halottak élén) атты жинағы жарық көрді. Күзгі раушангүл төңкерісі кезінде сырқат Ади мажар халқының тағдырына алаңдаған «Жеңімпазға сәлем» (Üdvözlet a győzőnek) атты соңғы өлеңін жазды. Ұлттық кеңес Адиді үйіне іздеп барып, төңкеріс альбатросына сәлем береді. Вөрөшмарти академиясының отырысына сырқат та болса, қатысты. Оны төраға сайлағанымен, ашылу салтанатында сөз сөйлеуге шамасы келмеді. 1919 жылы қаңтардың 27-сінде шипажайда қайтыс болды. Сол сәтте Эндре Адидің мәңгілік өмірі басталды. Тірісінде баспа бетін көрмеген өлеңдері 1923 жылы «Соңғы кемелер» деген атпен басылды.  

Раушан гүлі туралы ән

Бір сұлу қыз қоштасарда,

Төсіме раушан қадады.

Жан-дүниемді қып-қызыл гүл,

Шоқтай қарып барады.

Гүл боп өпкен пәк ерінді,

Арманыма баладым.

Жүрек сыздап, көзім жылап,

Соңынан ұзақ қарадым.

 

Раушангүлдің сол қыз берген,

Жанға батты-ау солғаны.

Қураса да тастағым жоқ,

Тағдыр сыйы — сол ғана.

Ару нәзік өпкен ернім,

Көз жасыммен жуылды.

Қоштасудың белгісі екен,

Басы екен мұңымның.

 

Енді сұлу раушан гүлін,

басқа жанға үзеді,

Басқа үшін күйіп-жанады.

Жұдырықтай жүрегі.

Кіп-кішкене саусақтарын,

Басқа жігіт сүйеді.

Солса да гүл, тастамаймын —

тазалықты киелі.

Бетті дайындаған және өлеңдерін мажаршадан аударған:

Раушангүл Зақанқызы. Сегед, Мажарстан

ПІКІРЛЕР1
Аноним 06.08.2021 | 17:38

Congratulations! #khansuktanbek 🇭🇺🇰🇿👍🏻

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір