Бұралқы ит
04.12.2015
2580
0
Әңгіме
Садеқ ҺЕДАЯТ
711662_288691213_____Варамин алаңында қарын тойдыру мен өмір сүруге қажет нан, ет, дәрі-дәрмек сататын бірнеше кішігірім дүкен мен екі кофехана және бір шаштараз орналасқан. Алаң­дағы адамдар аптап ыстық астында жа­р­ты­лай күйіп, жартылай қақталып, кештің алғашқы самал желі мен саясын армандауда еді. Жанды-жансыз қимыл-қозғалыстан қалған. Ыстық күн бәрінің еңселерін түсіріп, көгілдір аспанның жүзін шаң-тозаң көле­гей­леп, оған жеңіл көліктердің дамылсыз қоз­ға­лысы қосылып, ауа қарақошқыл түске енген.
Алаңның бір шетінде ортасы шіріп кеткен кәрі шынар ағашы бар-ды. Сол ағаш тырмысып, өзінің қисық, қыңыр бұталарын шамасы жеткенше алысқа жайған екен. Шаң басқан жапырақтарының саясына үлкен әрі кең сәкі орнатылған. Осы жерде екі бала әндетіп оты­рып, сүтке піскен күріш ботқасы мен асқа­бақ пістесін сататын. Лай аралас су ко­фе­хананың жанындағы арықпен әрең дегенде сүйретіліп ағып жатыр.
Назар аудартатын жалғыз ғимарат – жа­рық­шақтанып тұрған цилиндр тәріздес піші­ні­нің жартысы мен сүйір ұшы көрініп тұратын әйгілі Варамин мұнарасы еді. Оның жарылып кеткен кірпіштерінің арасына ұя салған торғайлар да аптап ыстықтан жым-жырт күй­ге еніп, мүлгуде. Осынау тыныштықты ауық-ауық естілген иттің аянышты үні бұ­затын.
Бұл ауызы сұр, құдды балшықта жүгіріп, сонан соң оған көк шөптің нілі сіңгендей, аяқ­тарында қара теңбілдері бар шотландық төбет еді. Салпаң құлақты, ұлпадай құйрығы бар иттің жүні кірлеп-ақ кеткен.  Адамдікіндей ақылды екі көзі сабалақ жүнінің арасынан жылтырап көрінеді. Оның жанарының түбінен адам баласына тән бір рух қылаң бергендей болды. Көп сырдың ұшығын аңғартатын, бірақ оны түсіну қиын, түпсіз бір нәрсе оның көздерінде толқынданды. Ол не жарық емес, не сәулелі-түс  емес, әйтеуір бір адам сенгісіз, жаралы еліктің жанарынан көрінетін мұң ба екен. Адам баласы мен оның көздерінің арасында ғана ұқсастық болған жоқ, сонымен қатар бір деңгейлестік те бар еді. Мұң-налаға, сағынышқа толы қоңыр көздерді тек иесінен адасқан иттің ғана жүзінен байқауға болар еді. Әйтсе де қапалы, жалынышқа толы оның жанарына ешкім де көз де салмайтын, түсінбейтін де сияқты. Нан сататын дүкеннің қызметшісі оны ұрып жіберетін. Қасапхананың сатушысы оған тас лақтыратын. Жеңіл көліктің ас­тын саялап жата тұрайын десе, табанына шеге жүргізушінің қаққан ауыр етігінің тепкісіне ұшырайтын.  Осындай аяусыздықтан кейін күріш ботқасын сататын бала оны азаптап, қинаудан ерекше ләззатқа алатын. Әрбір ауыр азаппен қатар оның бүйіріне тас тиетін. Иттің қыңсылауымен қатар баланың мазақтап күлген дауысы естілетін: «Харам неме…».  Жұрттың бәрі баланың жақтастары сыңайлы. Оны өтірік аяғансып, қосыла күлкіге көмілетін. Алла ризашылығы үшін дегенді желеумен, оны бәрі де ұрып қалуға тырысатын. Олар үшін дін лағынет еткен, жеті  жаны бар, нәжіс хайуанды ұру – қалып­ты жағдай, сауабы бар іс секілді еді.
Күріш ботқасын сататын баланың иттің соңына түсіп алғаны соншама, хайуан амалсыз мұнара жақтағы көшеге қашып кетті. Аштықта, шөліркеу де жанын қинап барады. Басын алдыңғы екі аяғының үстіне қойып, тілін салақтатып, ұйқылы-ояу күйде алдынан мұнартып көрініп тұрған жасыл алқапты тамашалап жатты. Денесі ауырсынып, екі шекесі солқылдап әкетіп барады. Біраздан соң су жолындағы дымқыл ауа әсерінен бүкіл денесі ерекше бір рахат күйге енсін. Әртүрлі шөптердің, көгеріп кеткен сыңар аяқкиімнің, өлексе  жануарлар мен тірі хайуандардың иісі оның мұрнын тітіркендіріп, сонау бір алыс та алмағайып кезеңдердегі естеліктерді тірілт­ті. Жасыл алаңға қараған сайын оның бұла се­зімі оянып, өткен күндері жадында қай­та­дан жаңғыра бастады. Бірақ бұл жолғы сезім қатты еді. Құлағының түбіндегі бір дауыс оны алапат бір күйге бөледі. Ерекше сезімнің әсерінен оның осы көгалда шап­қылап, асыр салғысы келді. Бұл тұқым­қуа­лау­шылық сезім оның шотландиялық арғы тегінен бері жалғасып келе жатқан еді.
Денесінің ауырсынып тұрғаны соншама, оның сәл қимылдауға да шамасы келмеді. Тәнін  дерт  меңдеп, ол әлсіздікпен арпалас­қан ол дел-сал күйге түсті. Бір кездегі ұмыт болған, жоғалып кеткен сезімдері қайта бас көтере бастапты.
Оның ит ретіндегі өзіндік міндеттері мен жауапкершіліктері бар еді. Өзі иесінің дауысын қалт жібермеуге бөтен адамдар мен бө­тен итті иесінің үйінен қуып тастауға, иесінің балаларымен ғана ойнауға, танитын және бөгде адамдар алдында өзін қалай ұстауға, уақытында тамақтануға, белгілі бір уақытта ғана байқал еркелеуі қажеттігін ұмытпайтын. Бірақ қазір ол міндеттердің бәрі мойнынан алынып тасталған еді.
Қазіргі тіршілігі қорқақтап, дірілдеп жү­ріп қоқыстан оны-мұны тауып қоректену­мен, сонысы үшін әркімнен таяқ жеумен мазасы кетеді. Ұлу – оның қорғанатын жалғыз тәсілі болатын. Бұрын ол батыл, өжет, үсті-басы мұнтаздай таза, еркін әрі ерке еді. Қазір қорқақ бір міскінге айналған. Кездейсоқ дыбыс естілсе де, я болмаса қасында әл­де­бірдеме қимылдаса да, қарадай қалтырайтын күйге жеткен. Тіпті, өз дауысынан да үрей­ленетін еді. Оның енді кір-қоқысқа да бойы үйреніп қалған. Денесі қышыған кезде үстін­дегі бүргелерді аулауға да, денесін тілімен жалап тазалауға да зауқы соқпайды. Өзі де қоқыстың  бір бөлшегіне айналып кеткендей. Болмысындағы нәрселер өлгендей, өшкен­дей еді.
Осындай күйге, түскелі екі қысты бастан өткерді. Қарыны тоя бір ас жеп, тыныш ұйық­тамау дегеннен де қалған. Бойындағы шәуһат сезімі де өшкен сияқты. Басынан сипар бір жан табылсашы. Оның жанарына үңілер адам да жоқ-ау…
Қайсыбір  адамдар сырттай оның иесіне қанша ұқсағанымен, иесінің сезімталдығы, мінез-құлқы мен іс-әрекеттерінің мыналардан жер мен көктей айырмашылығы бардай көрінеді. Бұрын араласқан адамдары оның жан-дүниесіне жақынырақ болатын, оған көбірек қамқорлық жасайтын.
Мұрнына келетін иістердің ішінде ұл бала сататын күріш ботқасының иісі оның басын қатты айналдыратын. Енесінің сүтіне ұқсай­тын бұл ақ қойыртпақ оның күшік кезін көз ал­дына елестететін. Кенет есеңгірегендей болды. Күшік кезінде  енесінің емшегінен осы бір жылы, дәмді сұйықтықты емгені есіне түсті. Енесі жұмсақ әрі қайсар тілімен оның денесін жалап, тазалайтын. Енесінің өткір иісі мен сүттің иісі мұрынын қытықта­ғандай болды.
Сүтке тойған соң денесі балбырап, рахат сезімге бөленетін. Ыстық ағын тамыр-та­мырын қуалаған кезде тоқмейілсіп, басын артқа кекжитіп, анасының омырауынан ажырайтын. Бүкіл денесі маужыраған соң қатты ұйқысы кететін. Бұдан артық қандай бақыт болуы мүмкін еді?! Алдыңғы аяқтары­мен анасының емшегін басқанда сүт ағатын. Ұялас бауырының мамық жүні, анасының үні – осылардың бәрі рахат бір мейірімге толы еді. Өзінің ағаш үйшігі маңында, жасыл бақта ұяласымен асыр салғаны есіне түсті. Оның салпаң құлақтарын тістелеп, көгал үстінде аунап-қунап, жарыса жүгіретін. Кейін тағы бір серік тауып еді. Ол иесінің ұлы болатын. Бақ ішінде оны соңынан қуалап жүгіретін, үретін, киімінен тартқылайтын. Сол баланы кө­бірек жақсы көретін. Өйткені, ол бұған ешқашан қол көтерген емес. Әсіресе, иесінің еркелеткенін, оның қолынан жеген қантын ешқашан ұмытқан емес. Кейінтінде енесі мен ұяласын бір мезетте жоғалтып алды. Енді тек иесі, оның ұлы, әйелі мен кәрі қыз­мет­шісі ғана қалып еді. Олардың әрқайсы­сының иісін жақсы ажырататын.  Аяқтарының дыбысын да алыстан танитын. Түскі ас, кешкі ас кездері дастархан маңын айналшықтап, тамақтардың иісін алумен болатын. Кейде иесінің әйелі күйеуінің қарсылығына қара­мастан оған мейірім, пейілімен кесек-кесек  дәм беретін. Біраздан соң кәрі қызмет­ші келіп, оны: «Пат, Пат…» деп шақырып, ағаш үйшігінің алдындағы арнайы итаяғына ас құятын.
Паттың нәпсісінің қозуы оның бақытсыз­дыққа ұшырауының кесірі болды. Өйткені, иесі Паттың сыртқа шығып, ұрғашы иттердің соңына ілесуіне жол бермейтін. Күздің бір күнінде иесі үйлеріне жиі келіп жүретін екі адаммен жеңіл көлікке отырып, Патты шақырды. Пат оларды танитын. Иесі Патты көлікке мінгізіп, өзінің қасына отырғызды. Пат иесімен бірге мұндай көлікке талай рет мініп, талай сапарларға шыққан болатын. Бірақ сол күні ол ерекше бір сезім жетегінде еді. Бірнеше сағаттан соң дәл осы алаңға келіп түскен еді. Иесі қасындағы екі адаммен мұнара жанындағы көшеден өтті. Кенеттен ұрғашы иттің иісі, Пат іздеп жүрген тұ­қым­дасының ерекше иісі оны ақыл-естен айырды. Жан-жағын иіскелеп, із кесті. Ақырында су жолындағы баққа енді.
Күн батар шақта екі рет: «Пат!.. Пат!..» деп шақырған иесінің дауысын құлағы шалды. Расымен соның дауысы болды ма, жоқ әлде құлағына әбден сіңісті болып кеткен дауысы­ның жаңғырығы ма екен?..
Алайда, иесінің дауысы оған қатты әсер етті. Өйткені, оның есіне өз міндеттері мен жауапкершіліктері түсті. Бірақ бөтен бір ала­пат күш оны ұрғашы итпен бірге қалуға мәж­бүр етті. Құлағы сыртқы дүниені естімейтін-дей, саңырау болып қалғандай. Оның бойын­да дүлей бір сезім оянған еді. Ұрғашы иттің иісінің өткір әрі жағымды болғаны соншалықты, оның басы айналды.
Бүкіл тәні мен ақыл-есі оның еркіне бағыну­дан қалды. Ерік-жігерден айырылған­дай күйге түсті. Бірақ көп ұзамай қолдарына таяқ, күрек ұстаған адамдар келіп, айғайлап, оны су жолынан қуып шыққан еді.
Басы айналып, шаршағанына қарамас­тан Пат өзін жеңіл, рахат сезінді. Өз-өзіне келген кезде иесін іздей бастады. Бірнеше тар көшеден оның әлсіз иісі сезілді. Барлық жерді қарап шықты. Белгілі бір қашықтықта өзінен белгі қалдырды. Ауылдың шетіндегі күл-қоқысқа дейін барды. Қайтып келді. Өйткені, Пат иесінің алаңға қайтадан келге­нін білді. Бірақ оның әлсіз иісі басқа иістер­мен араласып, жоғалып кеткен екен. Иесінің оны шынымен тастап кетіп қалғаны ма? Бойын мазасыздық пен қорқыныш сезімі жайлады. Пат қалайша иесіз, Құдайсыз өмір сүрмек? Пат үшін иесі Құдайдай еді. Бірақ.., сол сәтте иесінің оны іздеп келетініне де сенімі мол болатын. Үрейі ұшып, бірнеше көше бойы жүгірумен болды. Бірақ онысы бос әурешілік екен.
Ақырында шаршап-шалдығып, алаңға қайтып келді. Иесінен еш белгі болмады. Ауылды тағы да бірнеше рет айналып шықты. Ақыры ұрғашы итті кездестірген су жолына барды. Бірақ адамдар су жолына тас қалап үлгерген екен. Пат ырылдап, бақтың ішіне кірмек болып, аяқтарымен жерді тырмалай бастады. Бірақ онысынан да еш нәтиже шықпады. Тауы шағылған ол жантая кетіп еді, сол замат көзі ілініп кетті.
Түн ортасынды Пат өзінің аянышты даусынан шошып оянды. Зәресі ұшып, атып тұрды. Бірнеше көшені айналып шықты, қа­бырғаларды иіскеледі, біраз уақыт сенделіп, көшеде қаңғырып құр жүрді де қойды. Кенет өзінің қатты ашыққанын сезді. Алаңға қайтып келгенде мұрнына кешеден қалған еттің, жаңа піскен нанның, айранның бір-бірімен араласып кеткен иісі келді. Бірақ сол сәтте өзін басқа біреудің меншігіне еніп кеткендей кінәлі сезінді. Бұдан былай иесіне ұқсайтын адамдардан нәпақа сұрауы тиіс екен. Егер оны қуып шығатын басқа бір қарсылас пайда болмаса, ақырындап, бұл жердің билігіне иеленуі керек. Бәлкім, қолдарында азық-түліктері  бар адамдардың бірі оны қамқорлығына алар?
Денесін қорқыныш пен діріл билеп, ая­ғын аңдап басып, енді ғана ашылған нан сататын дүкеннің маңына барды. Жаңа піскен нанның дәмді иісі мұрын жарады. Нанын қолтығына қысып алған біреу оны: «Кел… Кел!…» деп шақырды. Дауысы неткен бөтен еді! Ол Паттың алдына ыстық нан тас­тады. Пат біраз сезіктенсе де, нанды жеді де оған қарап құйрығын бұлғаңдатты. Әлгі адам нанды сәкінің үстіне қойды. Неге екенін қайдам, ол да жүрексініп барып, Паттың басынан сипады. Соңсоң екі қолымен оның мойнындағы қарғыбауын шешті. Сол кезде Пат қандай рахат сезімге бөленді десеңші!.. Осы қарғыбаумен бірге оның мойнындағы барлық міндеттер, жауапкершіліктер мен жүктемелер бір демде алынып тасталған­дай.
Бірақ қайтадан құйрығын бұлғаңдатып, дүкен иесінің жанына жетіп баруы мұң екен, бүйіріне мықты тепкі тиді. Қыңсылап барып, әудем жерге жылыстады. Дүкен иесі арық-тағы сумен дұрыстап қолын жуды. Пат дүкеннің маңдайшасында әлі ілулі тұрған өзінің қарғыбауын таныды.
Пат сол күннен бастап бұл адамдардың тепкісі мен тас лақтырып, таяқпен ұрған­дарынан басқа жақсылық көрмеді. Олардың бәрі мұның қас жауларындай еді. Мұны қинағаннан олар ләззат алатындай.
Пат өзінің басқа бір әлемге енгенін түсінді. Ол жерде өзін бөтен сезінді, ешкім мұның сезімі мен жан-дүниесін түсінбеді. Сөйтіп, алғашқы бірнеше күнді қиындықпен өткізді. Бірақ бірте-бірте үйрене бастады. Көшенің бұрылысының оң жағынан қоқыс төгетін күлтөбе тауып алды. Қоқыстың арасынан сүйек, май, тері, балықтың басы және тағы басқа не екенін ажыратып болмайтын дәмді кесектер табылатын. Қалған уақытын қасапхана мен наубайхананың маңында өткізетін болды. Көзі қасапшының қолына қадалса, дәмді кесектің орнына таяқ жейтін. Осылайша Пат өзінің жаңа өміріне де мойынсұна бастаған еді. Өткен өмірінен тек түсініксіз иістер ғана есінде қалды. Қиналған кездері өзінің жоғалтып алған жұмағынан ғана аяушылық сезіп, жанына пана табатын. Көз алдына еріксіз сол кездегі оқиғалар елестейтін.
Бірақ бәрінен бұрын Патты қинайтыны, оны еркелететін жанның жоқтығы еді. Ол жасқаншақ, балағат естіген, бірақ нәзік сезімі әлі сөне қоймаған сәби сияқты еді. Әсіресе, жәбір, жапаға толы жаңа өмірінде бәрінен бұрын біреудің еркелеткеніне зәру еді. Көздері біреу мені еркелетсе екен деп жәудіреп тұратын. Әлдекім мейірленіп, басынан сипаса, жанын қиюға да әзір еді. Пат та өзінің махаббатын біреуге білдіргісі келе­тін, адалдығын дәлелдегісі келетін. Бірақ ешкім де оның сезімдеріне мұқтаж емес сияқ­ты. Ешкім оны қорғаштамайды да. Кімге көзі түссе де олардан өшпенділіктен басқа ештеңе көре алмайтын. Адамдардың назарын аудармақ болған әрбір әрекеті олардың одан әрі ашу-ызасын тудыратын.
Пат су жолында қалғып жатып, қыңсылап барып, оянып кетті. Қорқынышты түс көрген сияқты. Өзінің қатты ашыққанын сезді. Мұр­нына кәуәптің иісі келді. Аштық оның ішін тырмалай бастады. Ол енді өзінің әлсіздігі мен бақытсыздығын ұмытып, зорға дегенде орнынан тұрып, абайлап алаң жаққа жол тартты.
Дәл сол кезде жеңіл көліктің дауысы естіліп, шаң-тозаңды аспанға көтеріп Варамин алаңына енді. Көліктен ер адам түсіп, Пат жаққа бет алды. Хайуанның басынан сипады. Бұл адам оның иесі емес еді. Өйт­кені, Пат иесінің иісін жақсы танитын. Бірақ бөтен адам қалайша оның басынан сипап тұр? Пат құйрығын бұлғаңдатқанымен де ол адамға күмәндана қарады. Әлде алдап тұр ма екен? Бірақ оның мойнында қарғыбауы жоқ болатын. Әлгі адам қайтып келді де қайтадан ба­сынан сипады. Пат оның соңы­нан ерді. Десе де таңданысы ұлғая түсті. Өйт­кені, ол Пат жақсы білетін бір бөлмеге енді. Ол жерден әртүрлі тамақтардың иісі шығып тұрды. Жанындағы орындыққа жай­ғас­ты. Оған ыстық нан, айран, жұмыртқа және басқа тағамдар әкелді. Әлгі адам нанды айранға шылап, иттің алдына тастады. Пат нанды алдымен қарбыта асағанымен біртіндеп асықпай жеуге көшті. Жалынышты қоңыр көздері әлгі адамға алғыс айтқандай тесіле қадалған еді. Құйрығын бұлғаңдатты. Тоя тамақтанудың соңы бұл жолы таяқ жеумен аяқталған жоқ. Өңі ме, жоқ әлде түсі ме? Әлде жаңа қожайынның табылғаны ма?
Аптап ыстыққа қарамастан, әлгі адам орнынан тұрды да мұнара жақтағы көшеге қарай жүрді. Ол жерде сәл аялдап, бұрылыс-бұрылыстардан өтті. Пат ер адам ауылдан шыққанша соңынан еріп отырды. Қабырға­ла­ры ғана қаңқиып тұрған бұзылған тамдар­дың жанына дейін барды. Иесі де сол маңға барған болатын. Пат қабырға жанындағы көлеңкеде оны күтіп тұрды. Сонан соң екеуі басқа жолмен алаңға қайтып келді.
Жаңағы адам тағы да басынан сипады. Алаңда біраз қыдырған соң ол көлікке мінді. Паттың жоғары көтерілуге батылы жетпеді. Көліктің жанына барып, шоқиып отырды.
Бір кезде көлік шаң-топырақты бұрқылда­тып, жолға шықты. Пат та еш аялдамастан көліктің соңынан жүгірді. Жоқ, осы жолы қайтсе де бұл кісіден айырылмайды. Тілі салақтап, денесінің ауырғанына қарамастан бүкіл күшін жинап, көліктің соңынан қалмай жүгіріп, жылдамдығын үдете түсті. Көлік ауылдан алыстай түсті. Даладан өтті. Пат екі-үш рет көлікке жетіп еді, бірақ қайтадан қалып қойды. Барлық күшін сарқа жинап, үмітсіз­дік­тен арылуға тырысты. Бірақ көліктің жылдамдығына ілесу қиынға соқты. Ол қате­лік жасапты. Көлікке жете алмағанына қоса күші таусылып, әл-дәрмені құрыды. Бір кезде жүрегінің әлсіреп, дене мүшелерінің еркіне бағынбай бара жатқанын сезді. Сәл қозғалуға да шамасы келмеді. Еңбегі еш болған сияқты. Не үшін жүгіргенін түсінбеді, қайда бара жатқанын да білмеді. Не артқа, не алдыға жол жоқ. Екі бүйірі солқылдап барып, тоқтады. Тілі салақтап кеткен. Көзінің алды қарауытып барады. Басы салбырап, зорға дегенде жолдың жиегіне жетті. Содан егістік алқабы жанындағы арықтың жанында бүйірін дымқыл жылы топыраққа тигізіп жата кетті. Өзінің ешқашан қателестірмейтін ішкі түйсігімен енді бұл жерден қозғала алмайтынын сезді. Басы айналып кетті. Ой-санасы тұманданып, сезімталдықтан айрыла бастады. Іші қатты ауырып барады. Дерт меңдеген көздерінен әлсіз сәуле қылаң бер­ді. Аяқ-қолдары біртіндеп сезуден қалып барады. Денесін суық тер жауып кетті. Жұм­сақ, жанға жайлы бір салқындықты сезді…
Күн ұясына батар кезде Паттың төбесін айналып үш қарға ұшып жүрді. Олар Паттың иісін алыстан сезген еді. Қарғалардың бірі абайлап, оған жақынырақ қонды. Бажайлап қарап, оның әлі жантәсілім етпегеніне көзі жеткен соң қайтадан ұшып кетті. Қарғалар Паттың қоңыр көздерін ойып алуды күтіп, ұшып жүрді.
Парсы тілінен аударған 
Айнаш ҚАСЫМ.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір