НЕҒҰРЛЫМ АРЛЫСЫҢ – СОҒҰРЛЫМ МҰСЫЛМАНСЫҢ!
01.08.2021
1039
1

Қазақ үшін өмірдің мәні мен сәні – ар тазалығында; өлімді (қорқынышын) жеңетін күш те – ар-ұят талабы. Сондықтан мына мақал-мәтелдерді «қазақтың сөзұраны» (девизі) десе де болғандай: «Малым – жанымның садағасы, Жаным – арымның садағасы!», «Ер жігітке өлімнен ұят күшті!», «Жігіттің құны – жүз жылқы, Ары – мың жылқы!»

Ақиқатында, адамдықтың негізі-өзегі – ар-иман, қуат-қорғаны – ақыл, сәні-жемісі – әдеп. Арлы адам – абыройлы адам, өйткені «Абырой – ар еңбегі». Ал арлылықтың көрінісі – ұят, намыс, парасат, әділдік, мейірім, адалдық, қанағат, қарапайымдылық секілді сипаттар. Бұл қасиеттер бойына тоғысқан адам – Толық Адам.

Ар үні – Жүрек үні. Жүрек – ішкі әлемнің хабаршысы, индикаторы. Жүректі таза ұстау – арлы болудың шарты, сондықтан иманды адамның басты уайымы да – осы. Бұл мақсат Құранда мына аятпен өрнектелген: «Ол күні мал да, балалар да пайда бермейді, бірақ кім Аллаға таза жүрекпен келсе ғана (пайда береді)» («Шұғара» сүресінің 88-89-аяттары). Ардақты Пайғамбарымыз да (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) өзінің шарапатты хадисінде осы ақиқатты айшықтайды: «Шын мəнінде Алла Тағала сіздердің сыртқы дене-бітімдеріңізге немесе дүние-мүліктеріңізге емес, жүректеріңіз бен амалдарыңызға қарайды» (Муслим жеткізген хадис). Яғни, Алла Тағаланың назары түсетін жер – жүрек, иманның мекені – жүрек. Сондықтан имандылықтың түпқазығы – жүректің тазалығында, ал жүрек тазалығы – білім мен құлшылық-ғибадат (пікір, зікір, шүкір) арқылы сақталатын нәзік нығмет…

Ар – адам болмысындағы Алла Тағаланың хабаршысы. Арын тыңдаған – Тәңіріне бойұсынғанмен тең. Құран – санаға, ақылға ұсынылған Алла үкімі болса, ар-ұят – іштен сезілетін үкім. Яғни, Ар – іштегі Құран! Ар-ұят иман қуаты (нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат) арқылы жарқырайды. Және керісінше: иман қуаты ар үні арқылы күшейеді, ақыл арқылы кемеліне келеді. Бұл қасиеттердің бірлігі мен үйлесімділігі – олардың адам бойына орналасуы туралы қиссада керемет баяндалған:

«Күндердің бір күні Жәбірейіл періште Ақыл, Ұят және Иман үшеуін ертіп Адам атаға келіпті. «Уа, Адам! Алла Тағала саған сәлем айтты. Алып келген мына үш сыйлықтың бірін қабыл алуыңды бұйырды», – депті. Адам ата ойлана келе өз шешімін айтыпты: «Бұл үш сыйлықтың ішінен Ақылды қабыл алдым». Адамның шешімін құптаған Жәбірейіл (алейһиссалам) Иман мен Ұятқа қарап: «Сендер бара берсеңдер болады», – дейді. Сонда Иман былай деген екен: «Алла Тағала маған: «Ақыл қайда болса, сен де сонда бол», – деп бұйырған, сондықтан мен Ақылдан ажырамаймын!» Осы арада Ұят та өзіне қатысты Тәңірінің үкімін жеткізіпті: «Ұлы Раббым маған да дәл солай деген. Мен де Ақылдан бөлек кете алмаймын!» Сөйтіп, үшеуі бірге Адамның жүрегінен жәй тапқан екен…» Бұл аңызды Мәшһүр Жүсіп атамыз да жырлаған:

«…Адам таңдап бәрінен ақылды алған,

Ақыл тұрған жеріне иман барған.

Сол иманның соңынан ұят еріп,

Үшеуі бір араға орнатылған».

Бұл қиссадан шығатын қорытынды: ар-ұяттың тазалығы мен ақыл-парасаттың өткірлігі, иманның кемелдігі – теңгермелі, бір-біріне тәуелді құбылыс. Ар тазалығын жоғалтқан – ақылдың тереңдігі мен кеңдігінен, алғырлығы мен нәзіктігінен ажырайды. Керісінше: ақылына азық, ойына нәр бермеген – сезімталдық пен сергектіктен, намыс пен жігерден алыстайды. Бұл жайлы Шәкәрім атамыз: «Ар түзер адамның адамдық санасын» десе, Абай хакім: «Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі, Ар, ұяттың бір ақыл – күзетшісі», «Жүректе қайрат болмаса Ұйықтаған ойды кім түртпек?  Ақылға сәуле қонбаса Хайуанша жүріп күнелтпек», – дейді…

 Негізі Адам – тұтас болмыс. Өмірінде (ортасында, өмір салтында), тұла бойында (тәні мен жанында, рухында) орын алған өзгеріс пен құбылыстар тұлғасына тұтас әсер етеді. Және керісінше: адам бойындағы, жан-дүниесіндегі өзгерістер өміріне, сыртқы әлемге әсер етеді. Мәселен, (жоғарыда айтқанымыздай) күнәлі іс жүректі қарайтып, арға дақ салу арқылы сана-сезімнің көмескіленуіне, дөрекіленуіне бастаса, ізгі ниет пен харекет көңіл жарығын арттырып, сана-сезімнің нұрлануына сеп болады.

Арсыздық – жүректің өлуінен, ал жүректің кірлеуі, қараюы, тас болуы – күнәнің кесірінен. Ал күнәға ұрыну – білімсіздіктен, надандықтан, немқұрайдылықтан, нәпсіге еруден, имансыздықтан.

Шынайы Дін – Өмір мәнін түсіндіріп, сәнін арттырушы Ілім. Құран мазмұнына тереңдеп, Пайғамбар сүннетіне үңілген адам Исламның – Адам болмысымен үндес екенін түйсінеді. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) бір хадисінде: «Расында, әрбір діннің өзіне тән мінезі бар. Исламның мінезі – ар-ұят», – дейді (ӘбуДәуіт, Тирмизи, Бәйһақи жеткізген хадис). Сахаба Әнәс жеткізген келесі бір хадисте: «Ұят пен иман – өте тығыз байланыста. Егер ұят кетсе, екіншісі де бірге кетеді»,  – деу арқылы, ар-ұят  пен иманның егіз ұғым екенін негіздейді. Қазақтың «Ұяты жоқтың – иманы жоқ» деген мәтелі осы ақиқатты айшықтайды. Яғни мұсылман адамның басты сипаты ар-ұят болуы керек, неғұрлым арлы болсаң – соғұрлым мұсылмансың! Ар-иман – ажырағысыз бірбүтін ұғым!..

Нәпсісіне құл болған – арсыздыққа аяқ басады. Мән беріп қарасақ: «ар-ұят» ұғымы нәпсінің сипаттарына (менмендік, мақтаншақтық, көреалмаушылық, тәкаппарлық, тойымсыздық, қорқақтық, зұлымдық, т.с.с.) қарама-қарсы екенін, негізінен нәпсіқұмарлыққа (жыныстық тойымсыздыққа, зинаға) қарама-қайшы мағынада қолданылатынын байқаймыз. Қасиетті Құранда да «арсыздық, азғындық» сөзімен осы күнә сипатталады.  Мысалы, аятта былай делінеді: «(Уа, иман келтіргендер) Зинаға жоламаңдар! Өйткені ол – анық АРСЫЗДЫҚ және жаман жол!» («Исра» сүресі, 32-аят); «Лұт (пайғамбар) сол уақытта еліне: «Сендерден бұрын әлемде ешкім істемеген АРСЫЗДЫҚТЫ (жиіркенішті істі) істейсіңдер ме? Сендер әйелдерді қойып, еркектерге қызығып келесіңдер ме? Шын мәнінде, сендер – шектен шыққан елсіңдер!» – деді» («Ағраф» сүресі, 80,81-аяттар). Бұл тұрғыда қазақ: «Айдай ажарыңды иттей нәпсі тоздырады», «Нәпсі арды айтқызбайды», «Әйелдің абыройы – дақ түспеген ары»,дейді.

Енді адам мінезіндегі ар-ұятты мақтаған, оны үлгі-өнеге ретінде ұсынған Құран аяттарына назар салайық: «АР-НАМЫСЫН (пәктігін) шынайы қорғаған Мәриямды есіңе ал. Біз оған рухымыздан үрлегенбіз. Оны және баласын бүкіл әлемге ғибрат қылдық» (Әнбия» сүресі, 91-аят). Яғни Пайғамбардың анасы болуға лайық болған және әлемге өнеге ретінде ұсынуға лайық болған әйел кісінің ең басты қасиеті – арының тазалығы, арлылығы!

Келесі бір аятта Алла Тағала Мұсаны шақыруға келген Шуғайб пайғамбардың екі қызының бірі туралы былай баяндайды: «Сонда оған екі қыздың бірі ҰЯЛҒАН ХАЛДЕ келіп: «Бізге қойларды суарып бергеніңіз үшін әкем сізді ақы беруге шақырып жатыр», – дейді» (Қасас сүресі, 25-аят). Бұл жердегі «ұялған хәлде» деген сөз арқылы қыз баланың биязылығы, ибалылығы, инабаттылығы, ұяңдығы, нәзіктігі – оның көркем сипаты екені, нағыз сұлулық осы екені меңзелген! (Осы оқиғаның жалғасында: қалыңдық сыйы мәһір ретінде 10 жыл қойын бағатындай Мұса пайғамбарды өзіне ғашық еткен жаңағы қыздың басты сипаты да осы ұяты мен ибалылығы, имандылық қасиеттері еді!..)

Ақиқат жаршысы болған Алла елшісінің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) өзі де аса арлы, тым ұялшақ адам болған. Сахаба Әбу Сағид әл-Худри (Оған Алла разы болсын!): «Пайғамбар шымылдық ішіндегі қыздан да ары ұялшақ еді. Егер бірдеңені жақтырмаса, оның жүзінен білінетін», – дейді (Бұхари жеткізген хадис). Пайғамбарымыз ﷺ   ешкімнің жүзіне қадалып қарамайтын, жанарын төмен түсіріп, сыпайы қалыпта жүретін. Біреу туралы жағымсыз сөз естісе, оның атын атамастан: «Осылай жасап жүрген адамдарға не болған?» – деп, жалпыға қарата сөйлейтін…

Ұят туралы айтқанда, есте ұстауға тиіс басты қағидамыз: «Адамдардан ұялмаған – Алладан да ұялмайды» (хадис). Адамдардан ұялу – табиғи қасиет болса, бұл қасиеттің кемеліне келуі – Жаратқан Иеңнен ұяла білуде! Бұл жөнінде Абдулла Масғұдұлы атты сахаба былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу әлейһи уәсәлләм): «Алла Тағаладан шынайы түрде ұялыңдар», – деді. Сонда біз: «Уа Расулалла! Аллаға шүкір, расында біз Алла Тағаладан ұяламыз», – дедік. Сонда Пайғамбарымыз: «Ол емес, Алла Тағаладан шынайы түрде ұялу – басыңды және оның ішіндегілерді сақтауың. Ішің мен оның айналасындағы ағзаларыңды сақтауың. Өлімді және өлімнен кейінгі жағдайларды есіңнен шығармауың. Кімде-кім Ақыретті қалаған болса, онда мына дүниенің қызылды-жасылды қызықтарын тәрк етеді. Осы айтылғандарды жасаған адам – Алладан шынайы түрде ұялған адам», – деді» (Әбу Дәуіт, Ахмад, Тирмизи жеткізген).

Ғалымдар бұл хадистегі «басыңды сақта» дегенді: «Басымызды Алладан басқа ешкімге имеу, яғни сәждеге қоймау; басқаларға тәкаппарлық танытып мұрын шүйірмеу; басымызда орналасқан көз, құлақ, тіл секілді ағзаларымызды жаман әрекеттерден аулақ ұстап, таза жүру; ал ішті сақтау – арам, күмәнді нәрселерді ішіп-жеуден сақтану, оның айналасындағы ағзаларды харам істерден сақтау», –  деп түсіндіреді.

Алла Тағаладан ұялу –  Жаратушы Иемізді тану, Оның құдіретіне бас ию арқылы күшейеді. Оның Өз құлдарына жақын екендігін, көріп, естіп тұрғанын сезіну; кеудемізде нендей ой-армандардың бар екенін, жасырын сырларымызды білетінін сезіну ұялуды арттырады. Осы тұрғыда мына аятты ұмытпау өте маңызды: «Оларға:  «Көңілдеріңде  бір  нәрсені  жасырсаңдар  да, жарияласаңдар  да  Алла  оны  біледі. Әрі  Алланың  барлық нәрсеге  толық  күші  жетуші»  деп  айт» («Әли Имран» сүресі, 29-аят)…

Алладан ұялу – Оның бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан бас тарту арқылы көрінеді; Пайғамбар сүннетіне ілесуден, яғни Тәңіріміз қалаған Адам болуға ұмтылудан көрінеді. Бұл ұялу – Ұлы Раббысын дұрыс тани алмағандықтан, Оған жеткілікті дәрежеде құрмет көрсетіп, құлшылық жасай алмағанын мойындаудан туындайды; бұл ұялу – Жаратушысын естен шығарып алғаны үшін ұялу; өзіне берілген сансыз нығметтер үшін Оған шүкірлік жасай алмағаны үшін ұялу; махаббатпен жаратқан Иесіне сүйіспеншілікпен жауап бере алмағаны үшін ұялу…

Алладан ұялу – ар қуатының кемеліне келуі, аят пен ұяттың бір арнада тоғысуы! Бұл дәреже – тақуалықтың шыңы, иманның кәмілдігі! Мына хабар қандай сүйінішті еді?! Алла Тағала пайғамбарларының біріне мынадай уахи түсіріпті: «Кімде-кім Маған Мені сүйген кейіпте жолықса, оны Жәннатыма кіргіземін. Кімде-кім Маған қорыққан күйде жолықса, оны тозағымнан алыстатамын. Кімде-кім Маған ұялған түрде жолықса, жазушы періштелерге оның күнәларын ұмыттырамын!»…

Ислам тарихында «бесінші халифа» деп аталып кеткен Омар бин Абдулазиз (Ол кісіге Алла рахым етсін!): «Біз көрген алдыңғы буын (сахабалар мен табиғиндер) оразаны құлшылық санамайтын, намазды да құлшылық деп білмейтін. Олар жұрттың ар-намысына қол сұқпауды – түнде намаз оқып, күндіз ораза тұтқанмен тең санайтын. Өйткені тілін тия алмаған адам Ақыретте шығынға ұшырайды», – деген екен. Бұл бір ауыз сөз Пайғамбар көзін көрген ізгілердің ар мен иманға қатысты түсінігінен хабар береді!..

Қазақ арды айтқанда, көбінесе «Ар-ұят», «Ар-намыс», «Ар-иман» деп қосарлап сөйлейді. Яғни, әр ұғымның өзіндік орыны бар екенін ескере отырып, бұл ұғымдардың егіз екенін, Ардың жетекші екенін ұғындырады. Қазақтың бұл мәселеге қатысты танымын Шәкәрім атамыз тұжырымдаған: «Ар демек – адамшылық намыс деген, Арың кетпес жағыңа қарыс деген».

Келесі бір қызық мәселе: көпшілік ұғымында негізінен ар мен ұят бір мағынада қолданылғанымен, аталарымыз екеуінің айырмашылығын анық аңғарған.  Мысалы, мынандай мәтел бар: «Ар қайда болса – ұят сонда». Бұл нәзік айырманы Шәкәрім атамыз тіпті анықтай түседі.

Ынсап, ұят, ар, рақым, сабыр, сақтық,

Талапқа алты түрлі ноқта тақтық.

Алтауының ішінде ынсап әділ,

Өзгесінің тізгінін соған ұстаттық».

 Осы шумақта «алты түрлі» деп анық айтып, жіктеп отыр. Нақтылық, толықтық үшін тағы бір шумаққа назар салайық:

            Хақ мұсылман кім болар –
Айтса сөзі шын болар.
Рахым, ұят, ар, ынсап –
Төртеуі болса, дін болар!

Ар мен ұяттың, иман мен парасаттың тамыры ортақ, ол тамыр – рух, рухани негіз! Әрине, рух қасиеттерін, ар-иман жемістерін бірінен бірін бөліп алып қарастыру – ақылдың тиянағы үшін ғана, нақты түсінік қалыптастырып, жалған танымнан сақтану үшін ғана қажет. Әйтпесе, адамшылық қасиеттердің біріне нұқсан келсе, артынан басқаларын ілестіре күйрете бастайтыны белгілі. Біздіңше, егіз ұғымның жіктелуі былай секілді: ар – рух қайраты, адамшылық намыс болса, ал ұят – иба-әдеп, биязылық; ар – еркіндік, жігер, ұят – тәртіп, қанағат, ар – әділет, талапшыл, ұят – мейірім, ұяң… Ұят – әлеммен, басқалармен қарым-қатынастың дұрыс-бұрыстығын сездіруші қасиет болса, ар – өзіңмен, өзегіңмен байланыс –  рухани негізіңмен байланыс. Ұятынан айырылған адам арынан ажырай алмайды; ар сотынан құтылмайды; ұятынан аттаса да арынан аттай алмайды!..

 «Армысыз!» деп амандасқан, аруын мақтан тұтқан, қайтқан кісіні арулап жерлеген, «Жақсы – арына құл, жаман – малына құл», «Әдептілік, ар-ұят – Адамдықтың белгісі, Тұрпайы мінез, тағы, жат – Надандықтың белгісі», «Ар-намыстың пəктігі – жан-дүниенің шаттығы» деген секілді мақал-мәтелдері арқылы рухани танымын паш еткен Қазақтың ежелгі танымы асыл дініміз арқылы кемеліне келді. Абай хакім «Толық адам» тұжырымдамасымен толықтырса, Шәкәрім бабамыз «Ар ілімі» деген атпен жаңғыртты. Ар ілімін Түркі даласындағы алғашқы жүйелеуші ұстазымыз – Қожа Ахмет Яссауи бабамыз. Бабамыздың ілімі – «Хәл ілімі» деген атаумен белгілі…

Иә, Құдіретті де Мейірімді Иеміз бізді іштен Ар арқылы басқарады! Ар-ұяттан айырылу – адамшылықтан, иманнан ажырау деген сөз. Сол үшін: «Арыңды жастан сақта!», «Гүл болмаса, үн болмаса, Бұлбұл деген – бір сұр құс; Ар болмаса, ой болмаса, Кеуде деген деген – бір қуыс!» деген атам қазақ!

Сөзімізді (басқаларға үкім беру мақсатында емес, өзімізді қамшылау мақсатында) ғұлама Шәкәрім атамыздың мына сыр-сөзімен және Пайғамбар (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) дұғасымен түйіндеуді жөн көрдік:

«Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан

Анық төмен болмай ма хайуаннан?

Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса

Өлген артық дүниені былғағаннан!»

«Я, Алла, Сенен тура жол, шынайы тақуалық, ар-намыс пен көңіл байлығын сұраймыз!» (Муслим жеткізген хадис)

 P.S: Ғұламалар: «Ар-ұят күнделікті жағдаятта (ситуацияда) жақсы көмекші болғанымен, 100 пайыз дұрыс шешім ұсына алмайды, жаза басып жаңылып жатамыз. Бұл да – Құдайдың хикметі әрі нығметі. Тәуекелге, Ерлікке орын бар, мүмкіндік бар…» – дейді. Аяттың, ақылдың керектігі осыдан…

Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 06.08.2021 | 13:04

Иә, көреалмаушылық жаман. Өмір бойы «Басқа жүздің бәрі бөтен, бәрі жат. Өз жүзің ғана жақының» деген ұстаныммен жүрген үшеу бар. Сол үшеудің біріншісі — Әбдіжәміл Нұрпейісов, екіншісі — Тахауи Ахтанов, үшіншісі — Әбіш Кекілбаев болатын.
1979 жылы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы КСРО кезіндегі ең құнды — Лениндік сыйлыққа ұсынылады. Сол кездегі Қазақстан Компартиясының Бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың қолдауына қарамастан, трилогияға жоғары сыйлық бұйырмады. Лениндік сыйлық алайын деп тұрған Есенберлинге қастық қылып, Мәскеуге арыз жазған осы үшеуі — Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов және Ә. Кекілбаев еді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір