ЖҰМЫСТАН БАСҚАНЫ ОЙЛАМАДЫМ
10.07.2021
556
0

 Театр маусымы аяқталған тұста Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мирғалиевамен және театрдың көркемдік жетекшісі, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Медғат Өмірәлиевпен театр, өнер, ұжым төңірегінде сұхбаттасудың сәті түсті.

 Алдымен мұнайлы өңірдегі тұңғыш театрдың салыну, ашылу тарихына тоқталсақ…

– Сәлеметсіздер ме?! Иә, 2003 жылдың 21 наурызы – театрдың туған күні. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен әз Наурыздың сол бір сәтті күнінде Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) мен Алматыдан келген ұлттық театр өнері қайраткерлерінің, облыс жұртшылығы өкілдерінің қатысуымен Маңғыстау облыстық театрының ашылу рәсімі өткен еді. Театрдың кіші залында қазақ драматургиясының классикалық туындысы  –  Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектакльі, екінші залында  Т.Әліпбаевтың «Томирис» драмасы қойылды.

Сол күннен Маңғыстау театрының шығармашылық тарихы басталды. Күннен күнге, маусымнан маусымға театр ұжымы талапты, талантты қызметкерлермен, репертуарлық қоржыны әлемдік және қазақ драматургиясының бұрынғы-соңды классикалық туындыларымен толығып, аяғынан тұрды. Сол кездердегі тәй-тәй басқан театрымыз биыл 18-ге толды.

Оқуды аяқтай сала жаңа театр ашу жолында тер төктіңіз. Бұл жас маманды қойып, менмін деген ерлер үшін де оңай шаруа емес. Талай қиындыққа, кедергіге тап болған шығарсыз?

— Иә, Т.Жүргенов академиясында, Маман Байсеркенов шеберханасында «режиссура» мамандығын тәмандаған соң Көкшетау театрында 2,5 жыл қызмет атқардым. Сол кезде 2 спектаклім жүлделі орынға ие болды. Сол уақыттарда Маңғыстау облысының мәдениет басқармасының басшысы болған  Н.Мұханов Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында жаңа театр ашылатындығы туралы айтып, біздерді шақырған болатын. Алланың қалауымен 2002 жылы құрбым, пластика режиссері Гюль Зиятова екеуміз Маңғыстауға келдік. Жастықтың және үлкен жауапкершіліктің арқасында қиындықтың не екенін сезбеген болармын. Қазір ойласам, үлкен тәуекел жасаған екем. Күні кеше бітірген жас маман келе сала көркемдік жетекші мен бас режиссер қызметіне тағайындалғандықтан жұмыстан басқа ойлайтыным болмады, алдымда «Театрды қалай көтеремін?» деген үлкен жауапкершілік пен міндет тұрды. Театрымызға ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Р.Машурова мен Ә.Рахимовтың шеберханасын бітіріп келген жас актерлер мен актрисалар келді. Олар өте талантты, алып-ұшып тұрған еңбекқор, қатарлас жастар еді. Оларды жинақтау, бір мүддеге жұмыс істеуге жұмылдыру маған үлкен жүк болды. Ол кездерде спектаклдерді бірінен соң бірін қойып, бір жүйеге түсіру басты мақсатым болғандықтан ауырлықтың, қиындықтың не екенін сезбедім.

Өнер академиясында режиссерлік мамандықты меңгердіңіз. Басшылық қызметтерде жүргенде өз мамандығыңызды ақсатып алған жоқсыз ба?

— Мүмкін. Мен тек бір театрда жұмыс істедім. Басқа театрларға барып спектакль қоюдың орнына жас труппамның тәрбиесі мен кәсіби тұрғыда өсуіне еңбек етумен қатар, театрды ұстап тұру, репертуарды жандандыру, театрымды көркейту негізгі миссиям болды. Мен тек қана Астана қаласындағы театрларға спектакль қойдым. Атап айтсам, осыдан 16 жыл бұрын М.Горький атындағы орыс драма театрында «Мастер и Маргарита» және 5 жыл бұрын «Томирис» спектаклін, сосын Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Роза Мұханованың «Сарра» спектаклін қойдым. Басқа қалаларға спектакль қоймадым, бірақ, олар көп шақырды, қолым тимегендіктен кейін олар шақыртуларын тоқтатты. Ал қазір спектакль қоюға дайынмын. Бұйырса, Ақтөбе, Тараз қалаларына спектакль қоюға бармақшымын.

Іске сәт! Кез келген театрда репертуарлық саясат болады. Оны қалыптастыру үшін қанаты қатпаған жас труппамен жұмыс істедіңіз. Театрдың негізін қаладыңыз. Осы жолда «Әттеген-ай!» дейтін сәттеріңізді еске алсаңыз?

Маңғыстау өңірінде жаңадан театр құрылған сәтте біз «жергілікті халықты қалай қызықтырамыз, театр мен халықты қалай байланыстырамыз?» деп ойладық. Оларды театрға тарту үшін бар күшімізді салдық. Халық өз тарихын жақсы көрді. Осы тұрғыда, мен орыстардың арасында өскендіктен көп нәрсені білмедім. Өзім Ресей Федерациясы, Самара облысы, Большечерниговский ауданы, Кошкин ауылында дүниеге келгем. 1982-1992 жылдары Августовский атындағы мектепте орта білім алдым. Сосын Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында «драма режиссері» мамандығы бойынша жоғары кәсіби білім алдым. Қысқасы, Маңғыстауға келген соң ғана 362 әулиенің барын, жергілікті тарих пен 7 қайқыны біліп, жыр-термелерді жақсы көре бастадым. Маған салт-дәстүрге мірдің оғындай адал мекенде жұмыс істеуде біріншіден Нұрнияз Мұханов ағайым көп көмектесті, көп нәрсе үйретті. Сөйтіп, біздер халықты қызықтыру үшін тарихи тақырыптарға, жергілікті өңірдің тарихымен байланысатын пьесаларға тапсырыс бердік. «Махамбет» пьесасын Бақыт Беделханға, Сайын Назарбек ағайға «Ақбөбек», Нұрнияз ағай мен Сайын ағаның қаламынан туындаған «Ант» пьесаларын жаздырдық. Осылай халықтың көңілінен шығып, театрға деген сүйіспеншілігін арттырып, тіпті халықтың әлемдік драматургиялық шығармаларға да көзқарасы мен талғамы өзгере бастады. Осы жылдар ішінде театр түрлі жанр, алуан тақырыптағы 100-ден аса спектакльді сахналап, көрерменнің көңіл таразысына ұсынды. Театр репертуарында әлем сахналарынан мәңгілік орын алған У.Шекспир, Ж.Б.Мольер, А.Чехов, Ш.Айтматов, Ф.Эрве, Лопе Де Вега, Дон Нигро, С.Цвейг, А.Островский сынды классиктермен қатар қазақ драматургиясының негізін қалаған М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, дүниежүзілік драматургияның үздік үлгілерін қазақ тіліне аударумен қатар өзі де осы салада сүбелі сахналық туындылар қалдырған Ә.Кекілбайұлы, сондай-ақ С.Ахмад, Д.Исабеков, М.Мағауин,  Т.Теменов, М.Байджиев, Г.Хугаев, сондай-ақ Е.Раушанов, С.Назарбек, С.Нұржан, С.Адай, С.Құдайберген, басқа да авторлардың туындылары жетерлік.

 Ал ауыз толтырып айтар жетістіктер қандай?

–  Ең басты жетістік – шығармашылық орта, шығармашылық атмосфера құру. Жаңадан келген жас актерлардың армандарын орындауға жол сілтеуді біздерге сеніп тапсырады.

Осы миссияны орындау, актерлардың асқаралы арманына ерте жетуіне мүмкіндік беру, оларды қолдау, таланттарын сөндіріп алмай, жарқырата көрсету режиссердің міндеті деп білемін. Біз көптеген жас актерлар мен актрисалардың киелі сахнада «Гамлет», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ромео мен Джульетта», «Абай», «Абылай хан», «Калигулла»  т.б. сынды армандаған рөлдерін ойнауына мүмкіндік бердік. Осының өзі басты жетістіктеріміздің бірі. Сонымен қатар, әртістеріміз: Медғат Өмірәлиев, Марат Әбіл-Ділда, Гюль Зиятова, Ұлдана Құдайбергеновалар бағы жанып, көптеген кинолардан төбе көрсетіп, өз  жолдарын тауып келеді. Бұл да біз үшін үлкен жетістік.

Өзіңіз театр басшысы, ал шәкіртіңіз сіздің кешегі биігіңізге жетіп, театрдың көркемдік жетекшісі болды. Режиссердің директор, актердің көркемдік жетекші болғанын жұрт қалай қабылдады? Мұның да қиындығы мен жауапкершілігін, тиімділігін айтсаңыз.

–Театрымыздың кірпішін қалаған Н.Мұханов ағайымыз зейнеткерлік демалысқа кеткен кезде «театр тізгінін кімге береміз?» деп ойладық. Театрға басшы керек болды. Жан-жақтан «Гүлсина, сен өзің бол» деген ұсыныстар келді. Мен қарсылық білдірдім. «Өзің негізін қалаған театрыңның тізгінін біреуге қалай ұстатасың?» деген соң ғана конкурсқа қатысуға құжат ұсындым. Содан жеңіп шығып, мені директор етіп тағайындады. Сол кезде мен емес театр жанашырлары, өнерсүйер қауым өте қатты қуанып, ақ тілектерін жаудырып, әлеуметтік желілер жарыса жазып жатты. Іштей «Менің режиссер болмайтыныма қуанды ма?» деп те ойлап қалдым. Мен –  режиссермін. Сеніп тапсырғасын, өзіме артылған жүкті, барынша көтеру  – міндетім. Директор болып кеткесін, әкімшілік пен шығармашылық байланыс үзілгенін, яғни көркемдік жетекшінің жұмысы ақсап тұрғанын сездім. Сол себепті көркемдік жетекші қызметіне «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Еңлікгүл-2016» кәсіби сыйлығының «Жылдың ең үздік актері» аталымы бойынша иегері, театр іргетасын қалаушылардың бірі  –  Медғат Өмірәлиевті тағайындадық.

 Осы өңірде туып-өсіп, кейін күллі қазақтың мақтанышына айналған Н.Жантөриннің аты театрға қалай берілді және несімен ерекше?

– Нұрмұхан Жантөрин ұлттық театр өнері мен кино әлемінде айырықша шығармашылық болмысымен, талант-танымымен жұлдыздай жарқыраған саңлақ актер. Нағыз аңыз адам. Ол кісінің есімі біздің театрға берілуі – біз үшін үлкен мақтаныш. Ұстазымыз Маман Байсеркенов «Жантөрин Нұрмұхандай актерді көрмедім, ол  –  гений» деп айтып отыратын.

Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры 2003 жылдың 21 наурызы күні ашылды. Ал 2006 жылы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрына  ұлттық театр және кино өнерінің көрнекті қайраткері, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрмұхан Жантөриннің аты берілді. Бұл шаңырақ осы өңірдегі жалғыз кәсіби театр болғандықтан, бес бағытта жұмыс істейді. Олар: балалар театры, жасөспірімдер театры, музыкалық театр, драмалық театр және орыс театры. Көрермендер сұранысы бойынша театрда орыс тілінде де спектакльдер жүреді.

Осы жылдар ішінде театр түрлі жанр, алуан тақырыпта спектакльдер сахналап, көрерменнің көңіл таразысына ұсынып келеді. Театр репертуарында әлем сахналарынан мәңгілік орын алған У.Шекспир, Ж.Б.Мольер, Ф.Эрве, А.Чехов, Н.Гоголь, Ш.Айтматов сынды классиктермен қатар, қазақ драматургиясының  негізін қалаған М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, дүниежүзілік драматургияның үздік үлгілерін қазақ тіліне аударумен бірге өзі де осы салада  сүбелі  сахналық туындылар қалдырған Ә.Кекілбайұлы, Д.Исабеков, С.Балғабаев, көршілес елдер драматургтерінен С.Ахмад, М.Байджиев, Г.Хугаев, З.Зайнуллин, сондай-ақ Маңғыстау өңірінен шыққан ақын, жазушылар С.Назарбекұлы, С.Адай, С.Нұржан, С.Құдайбергенов секілді басқа да авторлардың туындылары бар.

Шығармашылық ұжым осы жылдары көптеген республикалық және халықаралық театр фестивалдері мен байқауларға қатысып, бас жүлделер мен басқа да атаулы марапаттарға ие болды.

Театрды осы атқа лайық етіп алып келе жатырмын деп ойлайсыз ба?

–  Жоқ, олай ойламаймын. Одан да мықты қылуға болар еді. Әлі орындалмаған мақсаттар мен ойлар бар. Әр театр әлемдік гастрольдер мен фестивальдерге  шығуы керек, әлемдік театрлармен тәжірибе алмасуымыз қажет. Біздерде ол жағы өте аз, сол көп ұйымдастырылуы тиіс. Театрдың миссиясы – жаңа спектаклдерді көптеп дүниеге әкеліп, гострольдер мен фестивальдерге жиі қатысып, өзін-өзі жетілдіріп отыруы керек. Бұйырса, бәрі алда деп ойлаймын.

Аяқ асты келген індет былтырдан бері бәрін тұсаулап қойды. Бұл кедергімен қалай күресіп жатсыздар? Көрерменді жоғалтып алған жоқсыздар ма?

– Мен індетпен күреспедім, тек жұмыс істедім. Тығырықтан шығу жолдарын ойластырдым. Жасыл залда актерлер мен көрермендердің жақын танысуы үшін еркін формадағы кездесу және Ұлттық ойындарды дәріптеу мақсатында балаларға арналған «Кел, балалар, ойнайық» ертеңгілігін жыл бойына өткіздік, әлі күнге дейін сұранысқа ие болып келе жатыр. Жұмыста шектеу болмау керек, қайта өзімізді жан-жақты дамытып, жұмыс істей беруіміз керек.

А, айтпақшы, көрермендер театрдың қадірін түсінді. Осы уақыт аралығында көрермендеріміз екі есеге көбейді. Спектакль билеттері алдын- ала өтіп кетіп жатты. Бұл  –  жағдайдың плюсі де, минусы да бар деген сөз.

Театрдың ең үлкен проблемасы — драматургия ғой. Авторлармен жұмыс, жалпы, жаңа туынды табу, ізденіс жағы қалай болып жатыр?

– Драматургия – маған ешқашан қиын болған жоқ. Көптеген әңгіме, тарихи оқиға, аңыздар бар. Біріншіден, драматургияның майын тамызған М.Әуезов, Ғ,Мүсірепов т.б. драматургтер өте көп. Оны айтпағанда, кез-келген әңгімені, новелланы драматургияға айналдыруға болады. Дәл осылай «Перзентхана», «Цунами», «38 немесе Қарақұрт»  спектаклдері кішкентай әңгіме, повестерден туды. Ең бастысы, сол спектакльдер өте сәтті шығып, жүлделі орындарды иеленді. Сондай-ақ И.Ғайыптың «Ескендір мен Диоген» спектаклі, Бақыт Беделханның «Махамбет» спектаклі бар. Өздеріңізге мәлім, Есенғали Раушанов, Сайын Назарбек, Сабыр Адай, Светқали Нұржанмен бірлесіп спектаклдер қойдық. 

Биыл 18-ші маусымды жаптық. Осы маусымда 9 жаңа спектакль сахналадық. А.Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Есенғали Раушанов ағамыздың «Құнанбай мен Абай» спектаклін жарыққа шығардық. Марқұм Есенғали ағамен бірге отырып сөйлесіп, «Әке мен баланың сырласып отырғанын бейнелейтін пьеса жазып беріңізші» деп ұсыныс жасаған едім. Ол кісінің қаламынан туған пьесада  Құнанбай мен Абай о дүниеде достасып, бір-бірімен құшақтасып сырласатын. Көрерменнің көңілінен шыққан спектакль болып еді. Есенғали ағаның рухы пейіште қалықтасын, драматург ретіндегі ең алғашқы және соңғы спектаклі болып қалатынын ол кезде білмедік қой!

Жұмыстарыңызға береке берсін! Әңгімеңізге көп рақмет!

– Сіздің ұжымға да мың алғыс! Театрда жолыққанша!   

Медғат ҚУАНДЫҚҰЛЫ:

ҰЛТ КӨСЕМІН СОМДАҒАНЫМДЫ МАҚТАН ЕТЕМ

Маңғыстау өңіріне, тұңғыш театрға қашан және қалай келдің?

– 1999 жылы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына түсіп, 2003 жылы «кино және театр артисі» мамандығын бітіретін жылы Маңғыстау облысында театр ашылатыны туралы айтылды. Біз «Томирис» спектакліне дайындық бастап, дипломдық жұмысымызды Н.Жантөрин театрының сахнасында көрсеттік. Елбасы Н.Назарбаев Маңғыстауға келген бір сапарында белсенді қыз Сәнімгүл Көпееваның «Маңғыстауда неге театр жоқ?» деген тосыннан қойған сұрағы театр ашуға түрткі болған екен. Елбасының тапсырмасымен 2003 жылдың 21 наурыз күні театрымыздың салтанатты ашылуы өтті. Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектаклі мен Т.Әліпбаевтың «Томирис» драмасын сахналадық. Сол күннен бастап қызу жұмыс басталды. 18 жыл қалай өткенін байқамай қалдық. Жалпы біздерге Маңғыстау жұрты және сол кездегі басшымыз Н.Мұханов ағайымыз үлкен жағдай жасады. Алғашқы күннен бастап пәтер беріп, тіпті ыдыс-аяқтарымызға дейін түгендеп, келіп-кетуіміздің өзіне үлкен мүмкіндік қарастырылды. Біз еш алаңдамай тек сахнада өнер көрсеттік.

–  Осы уақыт ішінде ауыз толтырып айтар жетістіктер бар ма?

– Ауыз толтырып айтар жетістіктерім – өзім ойлаған, армандаған рөлдерімнің жүзеге асуы. Ол үшін біздерге мүмкіндік берген режиссеріміз Гүльсина ханымға алғыс айтамын. Театр сахнасында жүріп түрлі рөл сомдап, образ шығарудың өзі мен үшін үлкен жетістік. Сондай-ақ үлкен жетістіктерімнің тағы бірі – театр сахнасында ұлт көсемі Әлихан бастаған алаш зиялыларының асқақ рухына және Алашорданың 100 жылдығына бағышталған Нартай Сауданбекұлының «Әлиханның аманаты» (режиссері Г.Миргалиева) атты спектаклінде Әлихан Бөкейханның бейнесін сомдадым. Содан кейін, Алашорданың 100 жылдығына арналған кинокартинада қазақстандық кинорежиссер Мұрат Бидосовтың «ТАР ЗАМАН» фильмінде Әлихан Бөкейханның ролін маған ұсынды. Ұлт көсемінің образын ең алғаш мен сомдағаныма тіпті қуаныштымын, сонымен мақтанамын. Шүкір!

Сонымен қатар, әрқашан мені қолдайтын отбасым, адал жарым Әлима мен үш балам, группаластарым, достарым, алтын әріптестерім бар. Солардың арқасында үлкен жетістікке жеттім. Сол үшін де бәріне рақмет!

Екі жылға созылған індет кезінде көрерменді жоғалтып алған жоқсыздар ма?

–  Жоқ. Біздер індет кезінде қайта екі есе жұмыс істедік. Онлайн жұмыстар атқардық, роликтер түсірдік. Жаңа спектакльдер шығардық, жасыл залда актерлардың көрермендермен кездесуін ұйымдастырып, өнер көрсеттік.  Індет кезінде қайта өз-өзіңді дамытып, өзгеше жұмыс жасадық деп айта аламын. Енді бұл індет тез аяқталып, ашық күнде маскасыз жүруді жазсын.

 Театр және кино актері ретінде қалыптасып, халыққа танылдың. Қазір бір театрдың көркемдік жетекшісі болдың. Жауапкершілікті толық сезініп үлгердің бе?

– Көркемдік жетекші болғаным кеше ғана, сондықтан әлі де жауапкершілікті сезіне қоймадым. Маған осындай жауапты қызметті сеніп тапсырғанына қуаныштымын, дегенмен мен ешқашан қызметке қызыққан емеспін.  Жауапкершілікті мойныммен көтеріп, театрымды алға жылжытуға бір кісідей атсалысамын деп ойлаймын.

Бұл қалай дегенмен де басшылық қызмет. Ертең кәсіби мамандығыңа кері әсер етпей ме?

– Қазір бірден айта алмаймын, кесірі тиеді деп… Менің ойымша кесірі тимейді. Қайта, актер болып жүргенде болашақта театрымызды басқа бағытта көрсек деп жүрген ойларымызды жүзеге асырудың бірден бір мүмкіндігі деп білемін. Сондықтан да кері әсері болады деп ойламаймын.

Гүлсина Бақытжанқызы бір жағы ұстазың, бір жағы басшың болды. Қазір құстың қос қанатындай бірлескен кезде алға қойған жоба-жоспарларың қандай?

— Гүлсина Бақытжанқызы – өнер академиясынан түлеп ұшқаннан кейінгі көрген басшымыз, алғашқы режиссеріміз, сол кісінің қанатының астында келе жатырмыз. «Келісіп піш­кен тон келте болмас» деген да­на халқымыз. Қашанда ымыраласып, келісе отыра бастаған әрбір істе бір қайыр бар дейді. Әрине, бірлесе кеңесіп, жан-жағымызбен санасып барып іс жасап, көптеген жоспарларды жүзеге асырамыз деген ойдамын. Алдағы уақытта әлемдік фестивальдерге, Еуропаға шығып, театрымызды танытсақ, түрлі жоспарларды жүзеге асырсақ деген мақсатымыз бар. Сонымен қатар, шетелден режиссерлер шақырып, тәжірибе алмассақ, актерларымызбен бірге жұмыс істесе деген тілегіміз де жоқ емес, сол күнге жетейік. «Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы» дегендей, біздің де көксегеніміз қазақ театрының өркендеуі ғой.

Алда театрымыздың 20 жылдығы келе жатыр. Соған қызу дайындықты бастаймыз бұйырса.

 Істеріңе береке берсін! Сұхбатыңа көп рақмет!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір