Манар Есенбай. Лотерея
02.07.2021
4840
0

Сәбидің сусақтары

Құралайдың жұдырықтай жүрегі дабылдай қағылғанына бір тәулік болды.

Қарағайды қалқа қып, артына сығалап қарап еді, айналасы жым-жылас болып көрінді. Астыртқа көз қиығын тастай отырып, аршын төсін орай тартылған қорамсақтың қос қабатты жібек бауын шешті. Шанағы шалғынға көміліп жатқан аққу мүсін домбырасына сүйрік саусақтарын созды. Жақұттай жанары жалт-жұлт қаққан арудың кіршіксіз көңіліне шерлі күй толып, бұлқынған ғажайып үн алыстан шақырғандай сезілді. Сүйрік саусақтары перне басып, әсем жүгіре бастады. Алғашында құмығып, наласын ішке тыққан нәзік үн, келесі сәтте қанаттанып көтеріле берді. Қарағайдың ұшар басына таяу жерде асыр салған жұп тиын қимылдарын шорт тиды. Жақын маңда жусап жатқан үйірлі малдар ытқып тұрып, секеңдеп барып мөлдір көздері мен он сала мүйізді бұғыға мөлдірей қарады. Домбыраның шанағынан төгілген киелі үн боздай күңіреніп, бүкіл маңай гуілдесіп, теңселіп орнынан тұрғандай күй кешті. Бұйра шудалы бұлттар аспанда лезде түнеріп, сібірлеп ақ жауын жауа бастады…

 Барыс атты төбет пен Құйын атты қаншық иттің үруі бастапқыдан күшейе түскенін аңшы Есім таң қылаң бере сезді. Екеуі де осы шаңыраққа біткен, ішкен асын ақтайтын адал құтпандар болатын. Түстікке қарап арсылдаған иттердің үні үй ішіндегілерді асығыс тұрғызды. «Тәңірім-ай! Өзің жар бола көр!» – дегенде, Құндыз бәйбішенің жүрегі атқалақтап, оймақ аузынан атып шығардай үрейлі күй кешкен. Кеше түстеніп аттанған төменгі ауылдың балуаны «ел шетіне жау тиді» деген хабардың еміс-еміс естілгенін айта келген. Балпаңдап басатын алакөз жігіт аттанып кеткелі, Құндыздың сол қабағы тынбай тартып, ала көңіл күйде жүр еді. Елудің жуан ортасынан асса да, аңшы Есімнің қимылы шапшаң екен.

– Атқа жүгір! Атқа. Аңдып келген жау болмаса, аманшылық болар, – дегенде ержеткен ұлы мен бойжеткен қызы да жан қаруларына жармасқан. Құралай ағасының артынан жүгіріп, арқандаулы аттарға жеткенде, аяққы ауылдан өрлеген мол шоғырды көрді. Кісінеп шапшыған көк сетеріне ағасы қолтығындағы ерін қондырып жатқанда, ноқталы меңсіз қарасына Құралай жайдақ мінді. Қосарланып шапқан аттың дүбірі таңғы тыныштықтың жеңіл пердесін жыртып жіберді.

– Әке, қапыда қалдық! – аузынан қап-қызыл шоқ түскендей болған Бөкенбай жалбас торыға анасын көтеріп мінгізді. Тау барысындай жас жігіт бұғалыққа түскендей арпалысады. Ақбоз үйге жүгіре басып бара жатқан қызына әкесінің әмірі жетпей қалды. Қас-қағым сәтте шыққан қызының оң қолындағы үкісі желбіреген қызыл домбырасын көрген әкесі ризашылығын от шашқан жанарымен білдірді.

 – Қайран қара шаңырағым-ай, түңлігім жабылмас. Қызыл мойынға қылыш ұрылса, қолын бір төсер қарындас. Ілесіңдер соңымнан! – деген Есім астындағы байкүлігіне қамшы салды. Аналарын ортасына алған Бөкенбай мен Құралай аттарының басын еркін қоя беріп келеді. Қозы көш жерге жетпей төбелерінен садақтың жебелері ысқырып өте бастады. Бұлтара шапқан бұлар тар сайдың ішінде арқырап жатқан өзенге ат салды. Бағанадан тірідей тұтқын ұстамақшы болған жаулары, өзенге түскен Есімдердің жауырын ортасын көздеп садақтарын керіп тарта бастаған болатын. Қарсыдағы қабаққа аттары секіріп шыққанда ат сауырына түскен Құндыздың омыртқасына «кіреуке бұзар» жебе қадалған еді. Аттарынан асығыс түскен бұлар өзенге түскен жауларына қарсы жебе тартты. Әкелі-балалы екеуі шаңырақтай қайың садағын кезеп тартқанда, алдыңғы қатардағы үш-төртеуі ат бауырына сүйретіліп түсті. Шолпысының сыңғырына езуіндегі күлкісі құлап жүретін Құралайдың сұлу жүзі кектенді ашудан бозарып кеткенді. Арпалыста алдына түсіп, қол қаққы болған қос бұрымның ұшын аузына тістеп, жеңіл садағын ышқына тартады.

– Отағасы-ау, арманда қалдың ғой! Құлынымды құтқар… тұқымың қалсын! – деген Құндыздың ащы дауысы Есімнің есін тез жиғызды. Маңайын шұғыл барлап еді, кеше ғана мөлдіреп тұрған бүкіл дүние бүгін күрсініп тұрғандай сезілді. Айтып айтпай екіге бөлініп, өзеннің бас-аяғынан ат салған қуғыншының саны жиырмаға таяу еді.

– Ау, Бөкенбай, анаңды алып, Бөрібас батырдың ауылына тарт! – деген Есім көксерке атқа ұлын өз қолымен мінгізді. Жау-жәлемде бір үйлі жан жан сырларын жанарымен тез ұғысты. Бұлар қарсыдағы қарағайлы беткейге жеткенше, жаулары да бергі бетке өтіп болған еді. Атының жалынан ұстаған анасын қорғаштай жөнелген ұлы иек артпадан асқанда, күн найза бойы көтерілген болатын. «Бақұл болыңдар!» Есім Құндыздардың соңынан қасіреттене қарап қойды.

– Қалқам, бері кел. Менің айтқандарымды есіңе мықтап сақтап ал! Бұйрығымды бұлжытпай орындағайсың, – деген әкесі жанары жаудыраған қызына түнере қарады. – Жалғыз кесім қарағайды паналап, тау басына тартамыз. Алдымда сен, соңында мен боламын. Жан алқымға келмейінше, жебе тартпайсың. Бұл – бір! Екінші, жау қолына тірі түспейсің, – дегенде әкесінің жақ сүйегі шақыр-шұқыр еткенін Құралай көріп тұрды… Құралайдың жүрегі атқалақтап, жеңіл жүгіріп келеді. Көзінен аққан ыстық жас омырауын жуып келеді. Кеш батқанша абаданын алдырмаған арыстандай жойқын соғысқан әкесі ақыры жау жебесіне жем болды. Ардақты басын тізесіне қойып еңіреген қызына айтқан ақтық сөзі:

– Кешір, ботам, бақұл бол, – деген нұрлы жанары жұмылып бара жатып. Әкесінің иығына, тақыр қабырғасына қадалған жебені Құралай жылай жүріп суырып алды. Қақ жүрекке қадалған сұм жебені суырғанда, еңіреп қоя берді. Әкесінің қып-қызыл қаны жұққан жебеге қарап отырып, кешкі шапаққа малынған қыз ант жасады: «Тұтқынға түскенше, өз жебем өзіме жалынсын! Кешір қызыңды, ардақты әке. Бетіңді көкем жасырар, аман оралсам, қайғы-қасіретіңді, арман-тілегіңді домбырама жүктермін. Бақұл бол, әкетай», – деген Құралай ау жасап келе жатқан жауларына кектене қарады да, басы тақырлана бастаған биікке қарай өрмелей жөнелді. Сиреп қалған жасауылдарына зілдене қараған бітік көз қосынбасы:

– Жә, тоқтаңдар! Қайғы арқалаған қыз қатерге басып жүрмесін. Таң атқанша жөніне көшер, – деп үйдей жартасқа арқасын сүйеп отыра кетті. Талай жорыққа қатысқан жершіл, әккі, үріккен еліктің артына қайырылмасын іші сезіп отыр. Бағанадан аттарын етекке тастап қыз соңынан түскендер маңайын шолып келе жатқан-ды. Биіктеген сайын үшкілденген таудың шығысы құс қана ұшар жалама. Батысы – жыртқышы ұлыған ну орман. Үйірлі қасқырдың аулайтын аңынан көздерін таса қылмайтыны сияқты, бұлар да ел торығалы ұзық болған еді. Су тұнығын, шөп шүйгінін қуалап ұзап жеке шыққан шағын ауыл қорқаулардың аузына келіп түскен-ді… Жаламның басында күңірентіп күй тартқан қыз ырсылдап жеткен жауларын әңкі-тәңкі қылды. Қанталаған көзімен жұлқына ұмтылған қанішер жасауылды қосынбасы жұлқа тартып қасына топ еткізді. Сол қолын көтеріп, қасындағы анталағандарға тоқтау салды. Сібірлеген ақ жауын өн бойын жуған арудың қолындағы үкілі домбыра бебеу қағып, бүкіл айналаны өре тұрғызды. Мұнарлы аспан жарылғандай күркіреді. Сан мың сайгүлік шауып өткендей, сан мың құс шулап кеткендей, қара жер қайықша теңселгендей болды. Бүкіл жан дүниесі ойран-асыр болған қосынбасы қолындағы қылышын алдығы лақтырып тастады. Алдыға бір аттап тіл қатқанша домбырасын құшақтаған қыз жаламадан өзін тастап жібереді. Ауыр күрсінген қосынбасы шоқының басында жатқан жеңіл садақты жерден еппен алды. Көзінің алды тұманданып, батысқа қарап еді, о, ғажап, аққудың қанатына жармасып ұшып бара жатқан домбырашы қызды көреді… Сол мұңлы күйден кейін сан ғасыр аунады.

…Көп ұлтты мемлекеттің зәулім сарайында, жұрт сахнадан көз алмайды. Ит болып үрген әртіске ішек-сілесі қата күлген көпшілік, ендігі сәтте сахнаға көтерілген жұп жасты көрді. Қаршыға бойлы, қара торы жігіт қоңыр домбырасын екпіндетіп, еркін шерте жөнелді. Алыстан орағытып күмбірлетіп келіп, қасындағы аққудай кербез аруға домбыра кәдесін ұсынды. Жылымға шын батып бара жатып, қайта бетіне көтерілген адамның ауыр демінде үн қатқан киелі үн күңіреніп қоя берді. Ғасырлар бойы қасиетінен айырылмаған мұңлы тарих ақ сақалды абыздай шешіліп отыр. Домбыраның шанағынан саулай төгіліп, ұшып шыққан қарлығаш қанатты үндер әркімнің көкірегіне ұя сала бастады. Алдыңғы қатарда отырған қияқ мұртты композитор мен бурыл шашты ақынның жанарына жас толды. Бүкіл сарайдың іші сілтідей тынды. Музыкаға әуес жас ананың алдында отырған төрт жасар сәбидің созылған саусақтарын ешкім көрген жоқ.

Лотерея

Ол тәтті қиялдың соңынан ерген лотереяшы болатын. Кешке жатарда бүгінгі сатып алған лотереясын елеусіз ескі аяқ киімінің ішіне тығып қойды. Ертесі күн сәрсенбі. Тазалыққа құштар әйелінің мүбәда көзі шалып қалса, тағы бір дыңғырға мұрындық болары ғажап емес қой. Биыл елуден асқан оның ұйқысы да бұрынғыдан азайған. Түн ортасы ауа кеуде жағы ашылып қалған жұбайының көрпесін еппен қымтап қойды. Биыл күз суығы ерте білінді. Кеше ғана қар аралас жаңбыр жауып, жақындағы таулардың басын тұман шарпысы ораған еді. Ақырын тұрып, қызының бөлмесінің есігін еппен ашты. «Осы баланы-ай», – деп зілсіз реніш білдірді. Толысып, бойжетіп қалған қызы аса көрікті еді. Кішкентай кезінен бастап көрпесін теуіп тастайын әдеті. Қызының бұйра талшынды мақпал шашын құшырлана иіскеп қойды. Кереуеттің аяғында томпиып жатқан үлкен қоңыр ала панда қуыршағын іргесіне тастады. Қайта айналып өз орнына жатқанда күзгі айдың бозғылт суық сәулесі жартылай ашылған пердеден терезенің жақтауына түсіп тұрған болатын…

 Ол сондай жағымды қоңыраулаған үннен оянып кетті.

– Ақыры сенің арманың іске асты, – деді көгілдір сағымның ішінен шыққан үн. – Десе де, бұдан бұрын да екі рет орайдан айырылып қалғаныңды білесің бе? – деп сұрақ тастады.

– Қалайша? – деген бір ауыз сөз оның көкірегінен әзер ұшып шықты.

– Бірінші рет, – деді. – Сен осы сандарды таңдап алып, лотерея сатып алған күні. Үйге қайтып келе жатып, егер миллионер бола қалсам, астыңа мерседес машина, басыңа сәулетті қоражай сатып алып, сән-салтанатты тұрмыс кешірмекші болдың. Ең сорақысы, тал бойында бір мін жоқтай көрінетін өзіңнен мүшел жас кіші сұлумен ойнап-күлуді армандадың. Алайда оның әлдебір мықтының көңілдесі екенінен мүлдем хабарсыз едің. Сол кезде саған сүйкімсіз көріне бастаған әйелің бір жастан асқан ұлыңның аузына омырауын емірене төсеп, сені күтіп отырған болатын. Екінші рет жеті жылдан кейін жаздың жаңбырлы кешінде, жолдан кесіп өте бергенде, сені ауыр жүк машинасы соғып кете жаздады. Бақытыңа орай, сен аман қалдың. Соның алдында ғана, егер миллионер бола қалсаң, өзің тұрған қаладан ең әйгілі шарапхана мен құмархана ашпақша болдың. Сонымен қатар бұрын төбелесіп қалған біреулерге жасырын қастандық жасау ойың да болды. Ол кезде үш жасар қызың «ұзын шашты ханша» атты мультфильмді көріп отырған болатын. Міне, бүгін ондаған жылдардан кейін ақыры арманың іске асты. Кеше ұзақ жылдар бойы үзбей алып келе жатқан осы лотерея билетін сатып алғаннан кейін, ауладағы орындықта ұзақ ойға шомып отырдың. Қарсы ғимараттағы ақ шашты қария мүгедек немересін арбасына отырғызып, күнделікті ғадеті бойынша ауланы ақырын айналдыра бастады. Басын қылжитып, көзі шапыраштанып, аспанға қарап телміріп, мән-мағынасыз ыржыңдай беретін немересінің түсініксіз сөзіне құлақ төсеген қарияның белі садақтай иіліп тұрды. Сен тәубеңе келе бастадың, жанарыңнан лықсып шаққан жас тамшыларының өзі мөлдір емес, қоңыр түсті болатын… Кешкі тамақтан кейін жол бойымен күндегідей ұзақ уақыт жүрдің. Жиырма неше жыл бойы лотерея сатып алғанда, тек өзіңді ғана ойлайтын едің. Қайтып келе жатып, қоғамдағы әлсіз жандарға шын ниетіңмен көмектескің келді. Өйткені қария мен немересі саған ащы сабақ берген болатын. Есіңде болсын. Адамдар қанағаттан айырылған күндері оларға қасіреттің есігі ақырын ашыла бастайды…

Ол көзін ашқанда, ерке, тентек қызы мұның мұрнын созғылап тұрған еді. Ас үйден жұбайының таң бозынан оқудағы ұлына телефон шалып жатқандығы айдан анық. Ол сандалын сүйретіп барып, ескі аяқ киімінің ішінен лотерея билетін аса сақтықпен алды. Лотерея билетіндегі сандар алтындай жарқарап тұрды. Шексіз тебіренген ол ендігі мақсаттары туралы сұлу ой кеше бастады…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір