ЖАН ШЫРЫЛЫ
02.07.2021
1929
1

Белгілі жазушы Тынымбай Төлепбайұлының «Шырғалаң» романы – бюрократиялық жүйенің қыр-сырын терең ашуымен құнды еңбектің бірі. Әсіресе, билік пен мансапты өзінің меншігіндей уысынан шығармауды көксейтін, өз мүддесі үшін өзгелердің жолын кесуден арланбайтын топтық психологияның дерт-дербезі, соңындағы буынға еш мүмкіндік қалдырмауға жанын салатын менмендік, мешкей ғадет кітаптың әр бөлімі сайын жан-жақты ашыла түседі. Бұл кітап туралы жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұханбетқалиұлы көзінің тірісінде арнайы рецензия жазып қалдырыпты. Автор мақалада Жасжан Есеновтың қилы тағдырын арқау еткен шығарманы талдай келіп, қоғамымызда жастардың жолына бөгет болар кеселді мінез, пиғылдарға төзімді қарсылық таныта білген, шыншыл сөзін, өнегелі ісін өмірінің мақсаты еткен кейіпкер өмірінің оқырман қауымға берері мол екенін айтады. Біз сол мақаланы толықтай жариялап отырмыз.

Жақында ғана қолымызға тиген жазушы Тынымбай Төлепбайұлының «Шырғалаң» атты романының («Фолиант», Астана, 2015) бас кейіпкері — Жасжан деген жігіт. Есімі айтып тұрғандай, Жасжан – бір жас жан; жоғары оқу орнын жаңадан бітіріп келген жас маман. Роман үлкен өмір жолына жаңа қадам басқан жас адамның (сонау тоқырау жылдарында еңбекке енді ғана араласқан жас маманның) басынан кешкен шырғалаңдарын арқау етіпті. Мұндай шырғалаң оқиғалар, шынына келгенде, бір ғана Жасжанның басынан өткен жайттар емес, сол кезде оның талай тұрғыластары басынан өткерген типтік жағдайлар.
          Жасыратын ештеңесі жоқ, тоқырау жылдарында ірі-ірі өндіріс орындарын былай қойғанда, орта деңгейдегі өнеркәсіп орындарының өзінің басшы кадрлары көбіне-көп «аға ұлт» өкілдерінен қойылатын да, олардан қалғанына саланың сауатты маманы болмаса да, «тәжірибесі мол», «ұйымдастырушылық қабілеті жоғары» деген секілді желеулермен әртүрлі адамдар тағайындалатын.
          Жас маман Жасжан Есенов жолдамамен келген комбинат та осындай өндіріс орны болып шықты… Бас директоры жиырма бес жылдай бір орнында тапжылмай отырған, астық комбинатын ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстайтын Андрей Васильевич Шубин деген кісі екен. Қаталдығы сондай, айналасындағылар оған сөз айтуға да қорқатын көрінеді. Өйткені бар билік жалғыз  соның қолында. Біреуді жарылқайын десе де, жұмыстан қуып жіберейін десе де, амалын табады. Бәрі – өз еркінде. Соған қарамастан, неге екенін кім білсін, өте сақ; әсіресе, сырттан жаңа кадр келсе, оның қыр-сырын түгел тексеріп барып қана алады жұмысқа.
Осындай адамның қарауына (сол тұстағы типтік ортаға) тағдыр айдап Жасжандай жас жігіт тап келмей ме?!
          Арада пәлен жыл өткен соң тозған шүберектей өз-өзінен тоз-тоз боп, ыдырап кететін тоқырау қоғамының сол тұстағы құйтырқы жағдайына қараңыз: астық комбинаты өзіне әкесінен қалған мұрадай, әлгі комбинат директоры жоғарыдағылардың жолдамасымен келіп отырған жас маманның өзін бірден қабылдай қоймай: «Хабарын өзім кейін айтам!» – деп, қалада үш күн сандалтады.
          Неге дейсіз ғой?! Біріншіден, бұл жерде кімнің қожайын екенін жас жігіт қазірден бастап біліп қойсын дегені; екіншіден, осы үш-төрт күн ішінде әлгі жаңа кадрдың ол жақ, бұл жағын түгел барлап, сүйеушісі кім, сүйенері не – бәрі-бәрін біліп отырмақ.
          Жә, жарайды. Бастығы сондай-ақ болсын. Ал ол басқарып отырған үлкен кәсіпорындағы жұрттың жай-жағдайы қалай?
Үлкен комбинатта еңбек етіп жатқан күллі жұрт та, «заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген принципке әбден төселген. Бастықтарынан бастап, оның бүкіл «қосшылары» қалай өмір сүріп жатса, еңбеккерлер де дәл солай тірлік кешуге бейімделген. Ең бірінші кезекте әр бөлім, әр цех, нәтижесінде бүкіл комбинат айлық, тоқсандық, жылдық жоспарларды орындап шығуы міндетті болса, күллі ұжым бұл міндетті өйтіп-бүйтіп орындап шығып жатады. Шын ба, қағаз жүзінде ме; сапалы ма, сапасыз ба, ең бастысы бұл емес. Жоспар орындалса, болды! Үлкен кәсіпорында не түрлі көзбояушылық, өтірік ақпар, сапасыз өнім деген секілді, болмай тұрмайтын құйтырқылықты былай қойғанда, мұнда «басы артық тұрған» дүниені қойынға тыға салу, «қолайсыз жатқан» нәрсені қымқыра кету, һәм ондай-ондай ұсақ-түйектен «мемлекеттің қылшығы да қисаймайды» деген түсінік жұрттың сүйегіне сіңіп кеткен. Жазушы өз романында адам мен қоғам арасындағы осындай байланысты (қоғамың қандай болса, өзің де сондайсың!), сол байланыстан туындап жататын қоғамдық қатынастарды тап басып танып қана қоймай, оны биік көркем шындық дәрежесіне жеткізіп көрсете білген.
«Жас келсе – іске, кәрі келсе – асқа» демей ме? Әлгіндей комбинатқа бас маман һәм директордың орынбасары болып тағайындалған Жасжан, ата-анасы да, оқытқан мектебі де «Ешкімнің ала жібін аттамауға», «Кісіге қиянат жасамауға», «Адал жүріп, адал тұруға» тәрбиелеп тастаған Жасжан — ұжымдағы тірлікпен таныса келе, отбасы мен мектеп берген таза тәлім-тәрбие мынау қоғамдық өмірдегі болмыспен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, мүлде кереғарлықта екеніне анық көз жеткізгенде, бүкіл жан-тәнімен харамдық пен қараулыққа қарсы ашық күреске шығады.
Адал адамның әділет үшін күресі қаншама қасиетті іс болса, оның соншама қасіретті де болатыны бар… Комбинаттағы ұрлық-қарлық, өтірік ақпарлар, сапасыз өнімдер, тіпті қатардағы қарапайым адамдардың өз мойындарындағы іске салғырт һәм жауапсыз қарауы; бұған қоса, директормен әмпей-жәмпей боп, ауызжаласып алғандардың сәл сын айтсаң, жөн сөзіңнің өзінен пәле іздеп, өзің көрсеткен кемшілік пен кінәнің бәрін өзіңе, жас маманға, аудара салуға даяр тұратын қысастықтары, т.б. кереғарлықтар  жас жігіттің намысын қайрап, өршелендіре түседі.
Осы жерде атап айта кетерлік бір жайт, тоқырау жылдарындағы өндіріс туралы шығармаларда: шаруашылық проблемалары, жаңа мен ескінің тартысы секілді мәселелер басты орынға шығып кетіп, адам тағдыры кейінгі планға ысырылып қалатын кездері жиі болушы еді. Бір жақсысы, Т.Төлепбайұлының романында, әдебиетіміздегі басқа да тәуір шығармалардағы секілді, алдыңғы кезекке шаруашылық проблемалары емес, адам тағдыры, соның ішінде, еңбекке енді араласқан жас маманның шырғалаңға ұшыраған өмір жолы; сол жолда бастан кешкендері бірінші орынға шығарылыпты. Қуанарлық жайт. Қашанда әдебиеттің басты нысаны –  шаруашылық емес, адам!  Сол адамның тағдыры… Солай болған, мәңгілік солай болып қала береді де.
          Ал күрес жолын таңдаған адамның тағдырына келер болсақ, оның алдында ешқашан сайрап жатқан даңғыл жол болған емес. Бірде жеңсе, бірде жеңіледі; Жасжан Есенов те оны өз басынан кешірген… Комбинаттағы келеңсіздіктермен күресем деп жүріп, бастыққа да, басқаларға да жақпай, жаман ғадетке еттері үйреніп кеткендерді түгелімен өзіне қарсы қойып алады. Осыдан барып екі арада шиеленіс күшейе түседі: араздық өршиді!!!
«Араздық» дегенде, жас маман Жасжанның жеке басының ешкіммен өштік-қастығы жоқ. Бар «айыбы» — комбинаттағы ұрлық-қарлықты, көзбояушылықты, т.с.с. келеңсіздіктерді көрсе жаны күйіп, төзбей кететіні. Ал соған әбден еті өліп кеткендер: комбинаттан қапшық-қапшық ұн ұрлап сатып, соны қосымша пайда көзіне айналдырғандар; өндірістің өзіне де жетпей жатқан техниканың ұсақ-түйек қосалқы бөлшектерін қойын-қоныштарына тыға кетіп, арзанға сатып арақ ішетіндер; ең бастысы – қоғам мүлкіне қол сұққандарына қысылудың орнына: «Немене, осыдан мемлекет кедей болып қала ма?!» –  деп  қарсы өршелене шаптығатындар (ішінде бастығы бар, басқасы бар!), ешкімнің ала жібін аттамауға тәрбиеленген жас адамға қаралай өшігеді.
Соншама «көпшілікті» өзіне қарсы қойып алған жас жігіттің сонда жасқанбастан күресіп жүргендегі сенгені не? «Кімге яки неге арқа сүйейді?!» – дейсіз ғой.
          Иә, ол ешкімге де арқа сүйемейді! Бар сенері де, сүйенері де – тек өзінің адалдығы мен айтып жүрген сөздерінің алғаусыз ақиқаттығы ғана! Романда жас жігіттің жағдайы қиындағанда (сондай екі қиын ситуацияның екеуінде де), оны тар қыспақтан алып шыққан тек қана сол – өзінің Адалдығы мен айтқан сөздерінің Ақиқаттығы болатын.
Мұның біріншісі – әу бастан-ақ оны жақтырмаған Бас директор бір күні  қасына бас инженер мен кәсіподақ комитетінің төрайымын алып келіп, машинасына Жасжанды да отырғызып, сосын қайда бара жатқандарын да айтпастан, бәрі бірден аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының кабинетіне келгенде болып еді…
          – Сіздің жазған түсініктемеңізді оқып шықтым. Соған
байланысты шақыртып едім сіздерді. Жолдас Есенов түсініктемеңізбен таныс па? – дейді бірінші хатшы директорға салған жерден.
          – Жоқ! – дейді комбинат директоры.
Сәл таңырқап қалған хатшы:
          – Ендеше, жазғаныңызды оқыңыз! – дейді.
Сөйтсе, Жасжанның бастығы мұның үстінен аупарткомның бірінші хатшысына ұзын-сонар баянхат жазыпты…
          Мұндайды күтпеген Жасжан есінен танғандай бейжай күй кешіп, не істерін білмей мелшиіп қалады. Тек бірінші хатшы:
          – Енді Есеновке сөз беріледі, – дегенде ғана есін жиып, кеудесін қысқан ашуды әрең тежейді де:
          – Шынымды айтсам, осы жерге неге келгенімді мен енді ғана түсініп тұрмын. Тіпті өз құлағыма өзім сенерімді де, сенбесімді де білмей тұрған жайым бар… Өйткені  Андрей Васильевичтің қисынсыз нәрсені не себептен жазғаны маған мүлде түсініксіз. Біздің арамызда ұрыс-керіс, келіспеушілік болған емес. Пікірлерімізде қарама-қайшылық болса, ондай жағдайда ойымды ашық білдіргеніме жазықты болмайтын шығармын… Бір жерінде тіпті «Айтқанымды тыңдамайды», – депті… Осы айтқаны рас болса, бұйрығын шығарып, сөгіс жариялау оның өз қолында емес пе?! Мекеме басшысына бағынбайтындай, мен кіммін сонша?! Олай болса, бұйрық кітабына жазған ескертулері мен жариялаған сөгістері бар ма? Бар болса, оны таныстырып, қол қойғызды ма?! Ондай болған жоқ! Міне, осыдан-ақ әлгіндегі сөздердің жала екенін білуге болады, – деп күйінеді.
Жағдайды бірден пайымдаған аупартком хатшысы:
          – Жә, бұдан әрі сөйлеудің қажеті жоқ секілді… Отырыңыз! Ал сізге де, Андрей Васильевич, енді сұрақ тудырудың еш жөні жоқ. Жас жігіттің сөзінен бәрі түсінікті. Қағаз жазып аупарткомға жүгіргеннен гөрі, қарамағыңыздағы адамдардың жұмысына көп көңіл бөлу керек. Сөз – осы, – деп, даудың аяғын өршітпей, басып тастайды.
Бұл – көңілі кірленбеген адал жігіттің алғашқы жеңісі еді.
Бірақ ақ көйлекке кір жұқпай тұра бере ме?! Жас жігіт арада бірталай уақыт өткен соң, тағы да ар сынына түседі.
          …Ойламаған жерден кәсіподақ жиналысы шақырылады. Бұған тіпті облыстық басқарма бастығының өзі шақырылыпты!
Сөйтсе, дабыралап жүргендері – «өз міндетін дұрыс атқара алмай жүрген» Жасжан Есеновтың мәселесі екен. Оны кәсіподақ комитетінің төрайымы Елена Васильевнаның өзі де емес, бірден сөз берген адамы – комбинат директоры жария етеді. Баяғыда, аупартком хатшысы алдында айтқандай, тағы да сол сөздерді қайталайды. Жасжан аң-таң. Жұрт тым-тырыс.
          – Енді осы отырған сендердің пікірлеріңді тыңдайық. Есенов жайында не айтасыңдар? – дейді, бастығының ыңғайын бағып отырған кәсіподақ төрайымы.
Үш-төрт кісі жұлқынып шығып, бастықтың ыңғайына жағатын сөздерді айтады. Бір жұмысшы тұрып:
          – Есенов өзінің бастық екенін көрсеткісі келе ме, демалып отырсақ, қасымызға жетіп келеді де: «Неге жұмыс істемей отырсыңдар?» – деп ұрысады. Әркім бір келіп ұрысса, кім болдық?! Біздер механикке бағынамыз, істейтін жұмысты беріп, бізден талап ететін де сол. Соған айтпай ма?! — десе;
Екінші біреуі:
          – Комбинатта Жасжаннан бәрі қорқады… Бос айналып істеп тұрған транспортер көрсе: «Неге тоқтатып қоймайсыңдар техниканы босқа тоздырып?» – деп ұрысады. Кемшілікті көргіш-ақ… – деп кінәлайды.
Үшіншісі тіпті:
          – Мен Есенов жолдасты жақсы білем. Мұның үлкен кемшілігі бар. Ол коллективпен сыйласпайды, бізбен бірге отырып арақ ішпейді, – дейді де, өз сөзінен өзі ұялып, орнына сылқ етіп отыра кетеді.
Күлесің бе, жылайсың ба?!
          Жасжан болса, жанынан безіп отыр. «Қап, қорлады-ау! Көзімді бақырайтып қойып қорлағанын қарашы…»  деген ой миын шағып барады. Сөйлеп жатқандардың сөзінің бірін естісе, бірін естімейді. Жұртқа қарауға жүзі шыдамай, еңсесі түсіп кеткен. Дұшпаныңа да тілемейтін мұндай психологиялық ахуалды жазушы Тынымбай Төлепбайұлы әрі шынайы, әрі дәл жеткізе білген.
Өзіне сөз берілгенде:
          – Сендердің алдарыңда адам өлтіргеннен де бетер болып тұрғанымды білсеңдер, бүйтіп адам тағдырымен ойнамаған болар едіңдер, бәлкім! – дейді жас жігіт. – Осы комбинатқа келгеннен бері, өз көлеңкесінен өзі күдіктеніп жүретін Андрей Васильевич болмаса, менің өзіме тиісті жұмысты қалайша атқарып жүргенімді өздерің білесіңдер. Соған қарамастан, былтыр, бір жыл істемей жатып, бастық мені аупарткомның бірінші хатшысының алдына алып барды. Қасында мына атқосшылары да бар. Ол кісі директордың баянхатын өзіне оқытқызып, сосын менің сөзімді тыңдағаннан кейін, талқыламай-ақ: «Не болса сонымен ендігәрі маған келмеңдер!» – деп қайтарып жіберген. Мынау – тағы да соны қайталау. Бар айтарым – осы. Арғы жағын өздерің шеше беріңдер, – дейді де, мінберден түсіп кете барады.
Асылы, «аз сөз – алтын» деп халық бекер айтпаған. Оның үстіне, есі бар кісі шындықты ешқашан езгілей бермесе керек. Жас жігіттің жан айқайы жүректерін қозғаған екі әйел – екі лаборант қана – осы бір Жасжанның қысқа ғана сөзінен кейін, қолдарын көтереді. Сөз алып, ақтарыла ақиқатты айтады! Жұрттың бәрі жадырап-жайнап кетпесе де, жүздеріне ептеп жылы шырай    енеді. Сонымен бірге жаңа ғана еңсесі езіліп отырған Жасжанның да құлазыған көңіліне жылу кіреді. Құм болған жігері қайтадан қуаттанып, көкірегін көтере ұстайды. «Мейлі! – деп ойлайды ол енді. – Мейлі, енді маған бәрібір! Жұмыстан шығарса, шығара берсін. Оған басымды ауыртпаймын. Ең бастысы, өмірде шындық бар екен. Бар екен шындық! Соған көзім жетті. Маған басқа ештеңе де керек емес! Кер-р-рек емес!»
Жас жігіттің жан шырылына оқырман да құлақ қояды. Кейіпкермен бірге көңілі құлазып, кейіпкермен бірге қайтадан көңілі шырқау биікке самғайды. Романның өн бойында мұндай толқынысты сәттер аз емес. Комбинаттағы қарапайым еңбек адамдарының арасындағы ащылы-тұщылы кісілік қатынастар: Сымбат – Жасжан – Оксана араларындағы махаббат пен сыйластық линиялары, сөз жоқ, көңіл толқытарлық жайлар. Ал жұмысшы адамдардың дәл өздеріндей қарапайым да қатқыл тірлігі; тіпті олардың сөздері мен сөйлеу мәнерлеріне шейін барынша өмірдегідей реалистік тұрғыда берілуі жазушының өз туындысына аса үлкен жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді. Оның бәрін айтып жату артық болар… Барша жағдайды оқырман романды оқыған соң, өзі-ақ пайымдай жатар деп үміт етеміз.
Ең бастысы, еңбекке енді ғана араласқан жас маманның жан шырылы, ол басынан өткерген қат-қабат шырғалаң оқиғалар, үлкен кәсіпорындағы жұмысшы қауымның тіршілік тынысы, бастықтар мен бағыныштылардың арақатынасындағы түрлі коллизиялар шығармада шынайы реалистік тұрғыда шебер бейнеленген.
          Өмірде себепсіз салдар да болмайды. Бір комбинатты бір өзі уысында ұстаумен ширек ғасырдай бастық болып келген кісі неге жаңадан келген жас маманнан өлердей қауіптенеді десек, жайлы орынға жамбасы әбден үйренген ондай адам, қоғам мүддесі дегенді әлдеқашан былай ысырып қоя тұрып, ең алдымен, жеке басының мүддесін баяғыда-ақ басты орынға шығарып қойған. Әлі көңілі ақ қағаздай аппақ, жаны да, жүрегі де дүние кіріне былғанбаған жас адам сол күнәмді біліп қояды, біліп қойса, бар сырым ашылып қалады деп қорқады екен.
          Ақыры, солай болады да. Өзінің қолы лас адам, қарамағындағы қызметкерлері – әлгі екі лаборант әйелді кәсіподақ жиналысында жазықсыз жас маманды қорғап сөйлегені үшін қудалаймын деп жүріп, арты ашылып қалады. Ашынған әлгі екі әйел, бұл комбинатта жұмыс істеп көрмеген бастықтың әйелінің үш жыл бойы айлық алып, осы мекемеден пенсияға шыққаны жөнінде жоғарыға арыз жазады да, анық-қанығына көз жеткізген тексерушілер директордың үстінен іс қозғаттырып, орнынан алумен тынады. Сөйтіп, әділеттілік салтанат құрады.
          Бірақ гәп мұнда емес. Әңгіме әдеби туындыға арқау болған (һәм арқау болуға лайық) жайт: тіршілікте жас адамның алдынан шығар кедергілер мен кесапаттар және өмір тек соларды жеңе отырып қана мәнді де мағыналы болатынын көрсетуде екенін айта кетсек, еш артық бола қоймас.

Қажығали МҰХАНБЕТҚАЛИҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 15.07.2021 | 11:31

Тамаша пікір! Шыққан əр кітапқа осылай пікір жазылып тұрса ғой!
Осы жұрт кітап оқуды қойған ба, менің соңғы кітабым туралы ешкім үндемей жатыр, дегендей налыған екен ғой, кезінде Ақселеу ағамыз. ..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір