«АДЫРНА» АРДАГЕРЛЕРІ
16.06.2021
2939
2

Қазақтың дәстүрлі музыка мәдениетінде 1980 жылдардың ортасында ренессанс – қайта өрлеу дәуірі басталды. Сонау бағзы заманнан бері халық шығармашылығы туғызған төлтума ән мен күй ХХ ғасыр феномені – ансамбльдік орындауда бұрын-соңды болмаған жаңа түр, соны сипатқа ие болды. Этнограф ғалым Болат Сарыбаев тірнектеп жинаған көне музыкалық аспаптардың сан алуан сазды дыбысы фольклорлық ансамбль түрінде халықпен қайта қауышып, дәстүрлі ән-күй мен көне аспаптардың дамуындағы жаңа белесті бастап берді. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен Алматы облыстық филармониясы жанынан құрылған сол ансамбльдердің бірі – «Адырна» фольклорлы-этнографиялық өнер ұжымы. Ө.Жәнібеков ортақ мүдде мен міндет төңірегіне тоғыстырған ансамбльдің алғашқы қарлығаштары ұлттық өнердің көсегесін көгертуге сүбелі үлес қосты. Көп жыл бойы «Адырнаның» көркемдік жетекшісі, дирижері болған Ықылас Нұрғалиев, домбырашы Ізбасқан Мұхитов және ұрмалы аспаптар шебері Мақсат Жүсібәлі сынды азаматтар бүгінде дәстүрлі музыканың бір-бір ұстынына айналып отыр.     

Мақсат Жүсіпәлі

Мақсат Жүсіпәлі

Алматы облыстық филармониясы құрамында үш ансамбль – «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Алтынай» халық биі ұжымы,  «Арқас» эстрадалық ансамблі бірден құрылды. Өзбекәлі Жәнібеков бұл тұста Алматы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тұрған еді. Алматы консерваториясы мен П.Чайковский атындағы музыкалық училищені бітірген талантты жастар мен Ықылас атындағы көне аспаптар музейіндедегі «Сазген» ансамблінің кәсіби музыканттары «Адырнаның» алғашқы мүшелері болды. Бір жылға жуық дайындық жасаған ансамбль 1986 жылдың 9 наурызында беташар концертін берді. Бір жарым сағаттық бағдарламада халық күйлері мен әндері орындалды. Төл өнеріне шөліркеп қалған халықтың ықыласында шек болмады. Алғашқы концертін табысты өткізген «Адырна» бірден гастрольдік сапармен Нарынқол ауданына аттанып кетті.

Осылайша ансамбльдің музыкалық ғұмыры сәтті басталды. Қандай салада болсын асқан жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін Өзбекәлі Жәнібеков өнер ұжымының репертуарынан сахналық костюмдеріне дейін  қадағалап, бағыт-бағдар беріп отырды. Өйткені бұл үш ансамбль де Өзағаның өз баласындай еді. Қатал да қамқор басшының бұл талабын өнерге жанашырлық деп ұққан филармония бастығы Қабиден Тұяқаев та ансамбльдердің кәсіби қалыптасуына аянбай тер төкті. Лауазымдық міндетіне  ел мүддесі тұрғысынан қараған басшылықтың арқасында әні мен күйі, киімі мен сәні жарасқан «Адырна» мен «Сазген» көп ұзамай елдің көзайымына айналды.

Халық музыкасын жаңғыртуды мақсат тұтқан ансамбль ізашарлары «Адырна» репертуарының басқа өнер ұжымына ұқсамауына ерекше көңіл бөлді. «Адырнаның» концерттік бағдарламасын «Майдажал» атты халық күйі ашса, шымылдықты «Қаражорға» күйі жабатын. Бұл екеуі де Жәнібековтің ел ішінен өзі іздеп тауып келген күйлері. Екпінді, жігерлі келген бұл   туындыларды композитор Мәлғаждар Әубәкіров ансамбльге арнап өңдеп, жаңа түр-пішін берді.   

«Адырна» десе Мәдина Ералиева, Мәдина десе «Адырна» ауызға ілігетін сол жылдары. Жәнібеков жетелеп әкелген жезтаңдай әнші Мәдина Ералиеваның ән өнеріндегі бағын ашқан осы ансамбль. Мәдинаның қайталанбас дауысы халық әндеріне жаңа ғұмыр сыйлады. Жұрт Мәдинаның әніне тамсана таңдай қақты. Өнерге өте талғампаз талантты әншінің сыңғырлаған сұлу дауысы көне аспаптардың ғажап дыбысымен әдемі жарасым тапты.

Филармония директоры Қабиден Тұяқаев «Адырнаға» лайықты музыканттарды жан-жақтан жинады. Дирижер, композитор Жамағат Темірғалиевтің шәкірті, Шымкент Мәдениет институтында оқытушы болып жүрген дирижер, домбырашы Ықылас Нұрғалиевті 1985-жылы ансамбльдің көркемдік жетекшілігіне шақырып, үлкен міндет жүктеді. Нұрғалиев жауапкершілік үдесінен шыға білді. Ансамбльде жұмыс ұшан-теңіз, гастрольдік сапар көп. Кеңестік кезеңдегі жоспарлы экономикаға сәйкес ай сайын 40-50 концерт беру керек. Репертуар жасақтау, күйлерді аспаптарға арнап өңдеу, концерт ұйымдастыру – осының барлығы Ықыластың әкімшілік міндеті. «Ауыл-аймақтың бірінде жағдай болса, бірінде болмайды. Қонақ үй деген ілуде біреу. Ықылас ағамыз жолдың қиындығынан шаршап келген артистердің жағдайын жасап, бәрін байыппен шешетін. Ансамбльде 18 адам, Ықаң соның бәрінің тілін табады. Адамның кім екені сапарда танылады, кейде пендешілікпен кикілжің бола қалса, соның бәрінің тігісін жатқызып реттеп жүретін де осы кісі. Ашу шақыру, дауыс көтеру – Ықылас Нұрғалиевке жат. Жақсылығымызды асырып, жамандығымызды жасырып жүретін, адамгершілігі мол, мінезге бай Ықылас ағамызды сол қасиеті үшін бәріміз құрметтейміз» дейді «Адырнаның» алғашқы қарлығаштарының бірі Зәмзагүл Ізмұратова. 

Ықылас Нұрғалиев

Ықылас Нұрғалиев

Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның халық аспаптары бөлімінде күйші-домбырашы, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Айтжан  Тоқтағановтан тәлім-тәрбие алған Ықылас Нұрғалиев музыкалық шығармаларды оркестрге енгізудің қыр-сырын жетік меңгерді. Кәсіби білімді музыканттар ұлттық оркестрлерді тек қазақ күйлерін емес, Еуропа классиктерінің шығармаларын ойнайтын деңгейге жеткізген кезең еді бұл. Оркестрге арналған қобыздың үш ішекті, төрт ішекті түрлері енгізілді, аспаптарға арналған көлемді шығармалар жазылып жатты. Қали Жантілеуов, Рүстембек Омаров сынды біртуар күйшілердің көзін көрген Айтжан Тоқтағанов, Қаршыға Ахмедияров сынды ұстаздар аға буыннан үйренген күйлерін шәкірттеріне жеткізді. Пластинкадағы күйлерді нотаға түсіртіп   машықтандырды. Ықылас консерваторияда жүргенде Айтжан Тоқтағанов, Жамағат Темірғалиев сынды ұстаздарының ықпалымен әйгілі дирижер Шамғон Қажығалиевтың кафедрасында оқып, «қазақ ұлттық оркестрінің дирижері» және «домбырашы» деген екі мамандықты алып шықты. Оған қоса Кенжебек Күмісбековтің сыныбындам аспаптану мамандығын, яғни музыкалық шығармаларды оркестрге арнап өңдеуді үйренді. Осындай көреген де парасатты ұстаздардан тәлім алған, Жәнібековтың тезінен өткен Ықылас Нұрғалиев бүгінде музыкалық шығармаларды өңдеудің хас шебері.

Бірде «Адырна» ансамблі гастрольдік сапармен Атырау облысына аттанады. Ансамбльдің жеке әншісі Мәдина Ералиева аяқ астынан бармайтынын мәлімдейді. Директор Қ.Тұяқаев Мәдинаның орнына филармония әншісі Ұлжан Айнақұлованы ансамбльге қосып жібереді. Атырауға жете салып Ықылас Нұрғалиев Ұлжанның репертуарындағы  әндердің бәрін ансамбльге арнап түсіреді. Филармония директоры Тұяқаев нотадан қарап орындауға рұқсат бермейтін, сол себепті қонақ үйде репетиция жасаған ансамбль мүшелері әуендерді тез арада жаттайды. Бұл «Адырнаның» көркемдік жетекшісі болып он бес жыл қызмет еткен Ықылас Нұрғалиевтің үн-түнсіз тындырып жүрген ісінің бір пұшпағы ғана. 

Ы.Нұрғалиевтің қолынан шыққан музыкалық шығармалар аспаптардың орындауында құлпырып сала береді. Қазіргі тілмен аранжировка деп аталатын бұл өнер екінің біріне жалынан ұстатпайтын күрделі дүние. Ансамбльдегі әрбір аспаптың үнін тап басып табу, бастан-аяқ үйлесіммен ойнату, әуеннің құлаққа жағымды болып шығуы аранжировкаға байланысты. Аранжировка жасаушы әр аспаптың қай тұста әуенге қосылатынын білуі, дәл табуы тиіс. Бұған музыкалық біліммен қоса көркем сезімталдық, үлкен тәжірибе керек. Сонда ғана репертуардағы әрбір туындының әуені мен әуезі мінсіз үйлесім табады. Мұны жіті ұғынып, осы жолда дәйектілікпен еңбек етіп келе жатқан дирижер, музыка өңдеуші Ықылас Нұрғалиев – ұлттық саздың насихатталуына аянбай  атсалысып келе жатқан шығармашылық иесі.      

Топырағына тартқан талант

Сонау  Махамбет пен Исатай дүбірлетіп өткен Нарын құмында туған баланың қанына күй бірге бітетін болса керек. Атақты күйшілердің   домбырасының күмбірі тербеткен киелі өңірде дүниеге келген Ізбасқан Мұхитовтың да күйге құмарлығы бала шақтан бастау алған. Ол туған «Жанбай» ауылында бүкіл Атырауға аты мәшһүр Тұрақбай Зейнуров деген ұлы күйші өтті. Сол кісімен ағайын болып келетін Ізбасқанның әкесі Мұхит та жасынан әнші-домбырашы болған көрінеді. Әкесінен ерте айрылған Ізбасқан нағашы жағында өседі. Астраханда туған анасы Дина шешейді көргенін әңгімелеп отырушы еді. Қанында бар, әрі ортасының әсерімен күйге деген ықыласы ерте оянды. Соғыстан кейінгі жұтаң кез, домбыраға қол жетпейді. Төкпе күйдің отаны болған мекенде домбыраны қастерлеп, керегенің басына іліп қояды, балаға ұстату қайда. Біреудің үйінен сыңғырлаған шешен домбыраға қолы жете қалса шертіп қалады, күйге ғашық бала күмбір ете түскен дыбысты естігенде алабөтен күй кешеді. Ағашқа жіп тартып домбыра жасамақ та болды, онысы бір шерткенде үзіледі. Ауылда аспап жасайтын шебер жоқ, өзі де әкесінен ерте айрылған соң ба, тұйықтау болып өсті.

Ізбасқан Мұхитов

Ізбасқан Мұхитов

Күйге құмарлық меңдеген қара баланың арманы оныншы сыныпта орындалды. Нарынқұмдағы «Мыңтөбе» ауылдық кеңесінде сегізінші  сыныпты бітірген соң оқуын «Мыңбайға» келіп жалғастырған. Осы мектепте алғаш домбыра үйірмесіне барды. Домбыраға деген шексіз құмарлығы бүкіл өмірін күймен байланыстырды. Алматыда «СМУ-15» аталатын құрылыс мекемесінде жұмыс істегенде «Горизонт» клубындағы домбырашылар  үйірмесіне қатысып жүрді. Үйірмені белгілі домбырашы, сыбызғышы, телеарнада көп жылдар қызмет атқарған Нұрахмет Жорабеков жүргізетін. Өнерге жанашыр Нұрахмет ағасы Ізбасқанның көзіндегі отты байқап, П.Чайковский атындағы училищенің домбыра сыныбына жетелеп әкелді. Мұнда Жамағат Темірғалиев қабілетін тексеріп, оқуға қабылдады. Училищеде әйгілі күйші Айтжан Тоқтағановтың сыныбында оқыды. Ұстаздарының нұсқауымен оқуын консерваторияда жалғастырып, 1985 жылы аяқтап шықты. Ол кезде оқуды бітірген соң жолдамамен аймаққа барып екі жыл міндетті түрде жұмыс істеп келу керек. Бірақ Ізбасқанды филармонияға алып қалады. Бұл Өзбекәлі Жәнібековтің «Адырнаны» құрған кезі. Жас маман бірден филармония құрамындағы ансамбльге қабылданып, жаңа өнер ұжымының уығын қадап, шаңырағын тіктеуге кірісіп кетті.  

«Адамның мінезі тағдырына әсер етеді» деген сөз бар. Әкесіз өскен балалық шақтың табы ма, әлде сүйекке біткен қоңыр мінезден бе, Ізбасқан ағамыз жеке күйші ретінде танылуға ынта таныта қоймапты. Әйтпесе домбырашылық шеберлігі бір басына жетіп артылады. Ансамбльдің   құрамында солист болды, сахнаға жеке шығып күй орындады. Белгілі өнертанушы Жарқын Шәкәрім телеарнаға шақырып, күйлерін жазып қоюды ұсынғанда да бас тартыпты. Одан кейін де жеке орындаушы ретінде шақырған жерлерге баруға ниет етпепті.

«Бірде «Адырна» ансамблі Украинадағы Қазақстан мәдениетінің күндеріне Киев қаласына барды. Министр Талғат Мамашев бізбен бірге жүрді. Мен, Зәмзагүл, Гүлфайруз үшеуімізді директор Тұяқаев «Сазген» ансамблінің гастрольдеріне де қосып жіберетін. Соны байқаған Мамашев Қабекеңе: «Мына баланы мен «Адырнадан» да, «Сазгеннен» де көрем, бұл сонда керемет домбырашы ма, әлде…» деп сынай қарап сұрақ қойды. Қабекең: «Иә, жақсы орындаушы болған соң қосып жүрмін» деді. «Қане, ендеше кешке көрейік» деген Мамашев мені директордың  танысы емес пе    деп күмәнданса керек. Кешке концертте жеке шығып, Құлшардың «Қызқамаған» деген күйін тарттым. Күрделі, қағысы Дина шешейдің  «Науысқы» деген күйіне ұқсайды…» – дейді Ізбасқан ағамыз. Сонда барып министр Мұхитовтың кәсіби шеберлігіне сенген екен.

Ізбасқан ағамызды ансамбльдегі әріптестері Әсет Мұхитов деп біледі.  Шыр етіп туғанда әжесі «Әсетім» деп еркелетіп алдына алған баланы құжат алар кезде әкесінің досы Ізбасқан атапты. «Әсекең біздің ұжымдағы асқар таудай ағамыз, — дейді әріптесі Зәмзагүл Ізмұратова. —  Ол кісі «Адырнаның» негізін қалаушылардың бірі, көп жыл осы ұжымда жұмыс істеді. Көргені көп, шежіре адам. Әсет ағамызбен музыка жайлы, аспаптар жайлы пікір алысу бір ғанибет. Кәсіби деңгейі биік домбырашы Әсекеңнің адами қасиеті де әсте биік. Әріптестеріне мейірімі, жанашырлығы ерекше. Мерейлі 70 жасқа толып отырған ағамыздың жан-дүниесі баладай таза, өмірде де, өнерде де адалдығынан тайған емес». 

Ізбасқан Мұхитов ансамбльдегі қызметімен қатар П.Чайковский атындағы училищеде, Қыздар педагогикалық университетінде, Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде домбырадан сабақ берді. Алматы облыстық филармониясы Талдықорған қаласына көшкеннен кейін оқытушылыққа біржола ден қойды. Зейнетке шыққалы бері Түрксіб ауданындағы №1 оқушылар үйінде сабақ береді. Балаларға домбыра үйрететін Ізбасқан аға жан серігінен бір сәт ажыраған емес, үйрете отырып өзі де рахаттана күй шертеді. Құйынды дауылы күй сапырған қасиетті Нарын құмының аптап ауасында қиялға беріліп өскен қара баланың өмірі осылайша күймен тұтасып кеткен. 

Дыбысқа ғашық адам

…1985 жыл. Тамыз айы. Алматы. Қазіргідей пәленжұлдызды  қона қүйлер әлі салынбаған. Алматының символы іспетті «Қазақстан» қонақ үйінен кейін шетелдік қонақтардың ат басын тірейтін жері – «Отырар» қонақ үйі. Қаланың ең мықты музыканттары да қонақ үйлер мен мейрамханаларда. Әр мейрамхананың өз «ВИА»-сы – вокалды-аспапты ансамблі бар. Қала бойынша бұл эстрадалық ансамбльдер бірлестігін атақты композитор Сейдолла Байтереков басқаратын. «Отырарға» шетелдіктер көп келетін болған соң мұндағы ансамбльге қаланың ең үздік музыканттары тартылған. Қазақ эстрадасының дүрілдеп тұрған кезі. «Қар жауып тұр көшеде», «Жан досым» әндері алғаш осы «Отырарда» орындалды.

…Кезекті концерттен соң залдағы қонақтар да, музыканттар да бір-бірден тараған мезгіл. Тек барабанда отырған шашы белуарына түскен, сәнді киінген ұзын бойлы жас жігіт мәреге жетсе де, делебесі қозған тұлпардай аспаптарды дүркірете соққылап нүктесін қойғандай сылқ тоқтады.

–  Керемет ойнайды екенсіз! – деген дауысқа жалт қараса алдында күлімсірей қарап бейтаныс ер адам тұр. 

–  Иә, білем, –  деді бұл да жастық максимализміне талантқа ғана жарасымды менмендігі қосылып. Сөйтсе бұл Алматы облыстық атқару комитетінде қызмет атқаратын Өзбекәлі Жәнібеков екен. Ол кісі ертесіне өзінің қабылдауына келуі керегін айтып шығып кетті. Осы кездесуден кейін Алматыдағы нөмірі бірінші ударник Мақсат Жүсіпәлінің өмірі күрт өзгерді. Майкл Джексонның фанаты фольклордың майталманына айналды.

«Мектепте оқып жүргенде Оралдың бір түкпіріндегі ауылдың беткеұстар музыканты атандым. Жаңақала ауданының «Айдархан» деген совхозы. Отбасымызбен өнерге құштар болдық, домбырадан бастап бірнеше аспапты меңгеріп алдым. Сол ауылдағы атақтың буымен Алматыға келіп П.Чайковский атындағы училищеге құжат тапсырдым, сөйтсем «сен тұр, мен атайын» дейтін музыканттар осында екен» дейді ол жастық шағы жайында. Сол жылы училищеде алғаш рет ұрмалы аспаптар мамандығы ашылады. Мақсаттың жолы болып осы бөлімнің студенті атанды. Училищеден соң консерваторияда оқуын жалғастырды. Жамағат Темірғалиевтың сыныбына түсіп, зиялы да парасатты жаннан біліммен қоса өмірлік ғибрат алды.

Мақсат «Адырнаға» келгенде Ізбасқан Мұхитов, Тілек Оразалиев сынды жігіттер жаңа ансамбльдің көрігін қыздырып жатты. Филармония  директоры Қабиден Тұяқаев адамды бір қарағаннан танитын, артистің түр-келбетіне мән беретін кірпияз басшы екен. Көрікті әрі талантты жас жігіт бірден қабылданды. Белуарға түскен шашын қимаса да кесуге тура келді. «Училищеде оқып жүргенде шетелдік артистерге еліктеп ұзын шаш қойған, «Битлздың» әндерін тығылып тыңдайтын мен «Адырнаға» келіп адам болдым. Кім біледі, қаңғыбас музыкант болып кетер ме едім» дейді Мақсат  ағамыз сол кездерді еске алып.

Музыкаға жан-тәнімен берілген жігіт дауылпаз, дабыл, даңғыра секілді жаугершілік дәуірдің  аспаптарын күндіз-түні жалықпай үйренді. Жәнібеков  тәжірибе жинасын деп Өзбекстанға, Үндістанға жіберді. Аспаптар жетіспейді, фольклор енді көтеріліп жатқан кез. Кер заманның кесірінен ұзақ уақыт тасада қалған аспаптарды жасайтын шеберлер де сирек құбылысқа айналған. Жәнібеков жоқтан бар жасады. Музейде экспонат болып тұрған сақпан, шартылдақ, шертер сияқты аспаптар ансамбльге енгізілді. Ансамбль  әншісі Мұратбек Жүнісбековтің аспап жасайтын өнері бар еді, Ө.Жәнібековтың тапсырмасымен тасқа басылған суретіне қарап адырна аспабын қалпына келтірді. Үкілі домбыра, қос қақпақты домбыра, дауылпаз – аспаптың түр-түрін жасады. Жаңа ансамбльмен бірге жас орындаушылар да өсті. Гүлфайруз Далбағаева сазсырнайды, Зәмзагүл Ізмұратова шертерді, Шахбану Қылышбаева адырнаны, Мақсат Жүсіпәлі дауылпаз бен дабылды нөлден бастап меңгерді.

         Ө.Жәнібеков «Алтынай» фольклорлық би ансамблі үшін белгілі хореограф Ольга Всеволодовна-Голушкевичті алдырған. Тәжірибелі маман қазақтың халық билерін ансамбльге лайықтап дайындады, бишілерді баулыды. Алматы маңайындағы ауылдарды аралап, көне билерді іздестірді.  Өнерде шекара жоқ қой, сонда қазақша бір сөз білмейтін жетпістегі Ольга Всеволодовна мен орысша білмейтін қазақ әжелер би арқылы түсінісіп кетеді екен. Сол Ольга апай әйгілі таңбалы тастардағы суреттердің негізінде «Ахад» биін қойғанда Мақсат Жүсіпәлі дауылпазда сүйемелдеді. Өзбекәлі  Жәнібеков ел арасынан тауып келген «Алқақотан» биі де Мақсаттың  шеберлігін көрсеткен туынды болды.

1980-жылдардың ортасынан бастап Қазақстандағы ұрмалы  аспаптардың жаңғыруы, жаңа кезеңі Мақсат Жүсіпәлі  шығармашылығымен тығыз байланысты. «Сазген» мен «Адырна» ансамбльдері үшін халық   шығармалары оркестрге түсіріліп, өңделді. Екі ансамбльдің ұрмалы аспаптарға арналған туындыларын инструменталист-артист Мақсат Жүсіпәлі  ойнады. Дауылпаз – фольклорлық ансамбль орындайтын шығармалардың қою ырғақ пен серпінді екпін, биік рух беретін аспап. Әуендегі дыбыс біртіндеп зорайған кезде (крещендо) дауылпаз бен дабыл бәйгеге қосылған тың жүйріктің дабысындай қоюлатып шарықтау шегіне жеткізеді. «Адырна» репертуарындағы «Бозжорғаның бөгелек қағуы» деген күйде сақпан мен шартылдақ үніне басымдық берілсе, «Ел айрылған» күйінде дауылпаз бен дабыл үні басым. О.Всеволодовна-Голушкевич қойған «Құсбегі-дауылпаз», «Қылышпен би» тек ұрмалы аспаптармен орындалады. Мақсат осы билерді жеке сүйемелдеу кезінде тынымсыз ізденіп, өзі де әбден шыңдалды. Сондықтан да Мақсат Жүсіпәліні көне аспаптарымызды жаңғыртушы, заманауи насихаттаушы деп айтуға толық негіз бар.      

         Жастайынан дыбысқа ғашық Мақсат Жүсіпәлінің аспап жасайтын, көне жәдігерлер жинайтын өнері бар. Аймақтарды араласа да, гастрольдік сапармен шетелде жүрсе де аспап іздейді. Бал жинаған арадай, айналасынан дыбыс шығаратын зат көрсе қоржынына салатын әдеті. Күлдің арасында жатқан сүйек те, далада жатқан малдың мүйізі де үнге айналады. Басында дауылпаз жасау үшін тері дайындаудың сырын білмей талай қателескені бар. Бұзаудың, ешкінің терісін де илеп көрді, сөйтіп жүріп үйренді. «Меніңше,  өнер дарыған адам соған тұтастай берілуі керек. Кез келген іске шын ниетіңмен берілмесең нәтиже шықпайды. Өнерде еліктемеу, біреуді қайталамау керек. Әр музыканттың өз соқпағы болуы тиіс» дейді Мақсат Жүсіпәлі. Осы қағиданы берік ұстаным еткен ол бүгінде киелі өнердің шырқау шыңын бағындырған өрелі өнерпаз.  

         1990-жылдары Алматыда өткен халықаралық «Азия даусы» фестивалін бірнеше жыл қатарынан «Алқақотан» биіндегі барабан мен дауылпаз үнімен ашты. Қазақстандағы алғашқы фольк-рок ансамбль «Роксонаки» құрамында өнер көрсетті. «Көшпенділер»  фильміндегі ұрмалы аспаптардың үнін жазған да Мақсат Жүсіпәлі. Ансамбльдегі жұмысымен бірге Алматы технология  университетінде, №139 мектеп-гимназияда музыка үйірмелерінде сабақ берді, көптеген талантты  жастың өнердегі тұсауын кесті. 2007 жылдан бері «Керулен» этно-фольклор ансамбліндегі жұмысымен қатар оқушылар үйіндегі үйірмеде жұмыс істейді.

«Жәнібеков пен Тұяқаевтың мектебінен өткен адырналықтардың жасық дүние жасауға құқы жоқ» дейді ұрмалы аспаптардың үздік орындаушысы, ұстаз-музыкант, ҚР Мәдениет қайраткері Мақсат Жүсіпәлі.     

* * *

«Адырна» халық аспаптары ансамблінің ажары мен базары үшін Болат Сарыбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Қабиден Тұяқаевтай қайраткерлердің еңбегімен қоса, осы ұжымның алғашқы мүшелері  болған Ықылас Нұрғалиев,   Ізбасқан Мұхитов және Мақсат Жүсіпәлі сынды өнер иелерінің қосқан үлесі зор. Дәстүрлі ән мен күйді, көне саз аспаптарын жаңғырту саласында игілікті іс атқарған ансамбль өнерпаздары қандай ізетімізге де, қай құрметімізге де лайық. Олар өздерінің тәлімгер ұстаздарының бағытынан таймай, талмай қызмет етіп келеді. Көкіректері тұнған әуен мен әуез, өнерге адал азаматтардың адами һәм шығармашылық ғұмырлары ұзақ болғай. 

Дина ИМАМБАЕВА

 

ПІКІРЛЕР2
Аноним 22.11.2023 | 11:28

М.Әубәкіровтың суретін жіберіңіздерші

Аноним 07.06.2024 | 02:00

Бұл Мұхитов Ізбасқан деген менің аталарыммен немере ағайын. Азидолла Есқалиев шыққан қасиетті Мыңтөбенің өркендері. Зейнуров Тұрақбай деген менің әкемнің туған інісі. Жалпы қасиетті Мыңтөбеде көкем Қабдештен 4 ұл тарайды. Ғұбайдолла, Хабиболла, Сұғңат Зеннор деген.. Ортамызда жалғыз ғана Тұрақбай ағамыз Қабдештің фамилиясында қалған. Мен шал кемпірдің бауырында болғасын Тұрақбай менің туған ағам ретінде қалды. Мархом ағамыздың күйшілігінде әңгіме айту мүмкін емес. Менің есімім Жалғасбай. Ағацм айтып отыратын еді, інім күй тартпасасада көкірегі менен асқан күйші деп. Алла разы болсын, өмірден өтіп кетседе ағамның ізі суымапты… Рахмет сіздерге… Қуаныштымын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір