Көздің көргені мен көңілдің түйгені
04.12.2015
1427
0
234-9-1tБұрынғының мәтелі «Ел болам десең – бесігіңді түзе» дейді. Ешқашан мәнін жоймайтын мәңгілік сөз ғой. Қазір «экраныңды түзе» дейтін болып жүрміз. Экран (шартты түрде) – ұлт пен әлем арасын жалғайтын ақпараттық (басқа қырын айтпағанда) көз. Тіпті, интернет дамығалы ендігі буын теледидарыңыздың өзіне аса мұқтаждық танытпайтын әдет тапты. 
Қолжетімді ақпарат алдында тұр дегенмен, қалың бұқара ақиқатқа жарымай-ақ келеді.
Ескілікті адамдар сарғайып газет-журнал күтетін, теледидар не дейді екен деп бос уақытын ақшам уақытына туралайтын. Бердібектің «Балалық шаққа саяхатындағыдай» «Газет олай депті, газет былай депті», – деп ауыздан-ауызға таратып, құбылтып ала жөнелетін. Аңшының қансонардан қайтқанындай қызығы жылға азық әңгіме табылатын. Қазір қансонар жоқ – күнде аңшылық. Шиырлаған іздің қайсысы қайда жетелейді, қай тарапқа түсесіз – аңшылық әккілігіңіз шешеді. Көз алдындағы ізден-ақ қанжығасын майлай салатын мықтылық әркімге бір қайдан бұйырсын, көп жұрт бос салақтап маңып барады…
Бір мысал: 
Орыстың ұшағын түріктің мергені атып жықты. Содан бері қалың елдің аузы гу-гу. Қанына тартып, түрікке бүйрегі бұрғанмен, соның көбінің аузында ресейлік ақпарат көздері ұсынған өнімнің дәйегі. Білетін тіліміз – орыстікі, екінші тарап түріктің тіліне шорқақпыз. Ағылшыншаға және қараңғымыз. Құлағы бір көтерілген соң дегбірінен біржола айрылатын қалың елге қайтпек керек? «Мыналардың түрі жаман, бір шекіспей бітіспейді-ау, осы», – деп тұңғиық «мұңға батамыз». «Екі түйе сүйкенсе…» – деп жұмбақтай сөйлеп, қорқытып жүр көп кісі…
Қысқасы, біз мысалға алып отырған бір ғана оқиға туралы жіліктеп айтып берген БАҚ болмай тұр. «Орысқа жалтақтайды», – деп идеологтарымызға кіжініп қоямыз. «Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің…» – деп, ақтап аламыз қайтадан. Таңдауың қане деп ешкім қайрылмаса да, «не істер екенбіз?», «енді не болар екен?» – деп қалың ел әрі-сәрі… 
Не ойларымызды білмейміз…
Әлем не айтып, не ойлап жатыр екен…

Ілияс ӘЙТІМБЕТ,
әлеуметтанушы
 
Ақпаратты сұрыптау иммунитетіміз әлсіз
Адамның тыңдап көргені ғана емес, киген киімі, ішкен тамағы да ақпараттың бір түрі. Өйткені, адам баласы киінген киімі, ішкен асы, тұтынған заты арқылы да басқа біреудің ойлаған ойын жүзеге асырады. Мәселен, сіз үстіңізге киген костюміңіздің стилі мен сәніне байланысты еріксіз түрде өзге мәдениетті насихаттайсыз. Бұл ақпараттың материалдық тұрғыдан тарауы болса, сөз арқылы келетін түрі  газет-журнал, телеарналар арқылы адам санасына әсер етеді. Қазақстанның ақпарат кеңістігі әлі де қазақтың өзіне тиесілі емес, оның себебі де әр түрлі. Мәселен, социология ғылымы  әу баста  ол Батыс Еуропада бастау алды. Батыс Еуропаның классикалық дүниелері негізінде қалыптасқандықтан да сол халықтың ұстанымдары негізге алынды.   Бауырлас Түрік халқының бір ғалымы, біздегі әлеуметтанудың барлығы батыстан келгендіктен, біз өз қоғамымызды, өз әлеуметімізді солардың кітаптары арқылы тануға тырасамыз және солай болса екен деп ойлаймыз. Ал өзіміздің табиғи болмысымызға жақын, соған сай әлеуметтануымыз қалыптаспаған, – дейді. Қазір бізде де осы үрдіс жүріп жатыр, яғни ақпараттың көбі орыс арқылы жетіп, орыс тұрғысынан қабылданып жүр. Орыстың тұрпайы, өктем ақпараттарын оқып, рухани қорегімізді де солардан алып жүрміз. Мұның сыры қазіргі қоғам белсенділерінің қазақ халқының Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы сияқты ойшылдарымыздың еңбектерімен толық таныспағанында деп ойлаймын. Егер классикалық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің негізінде жазылған кітаптарға мемлекет қолдау көрсетіп, халық арасына жаппай таратқан болса, қарапайым халықтың ақпаратты сұрыптау иммунитеті нық қалыптасар еді. М.Әуезовтің еңбектерін алып қарасаңыз қазақ мәселесін әлемдік деңгейде батыл қарастырады. Абай «Әкенің баласы – дұшпаның, адамның баласы – бауырың» дейді. Бұл қазақтың әлемдік масштабта, адамзаттық тұрғыда ойлау деңгейін көрсетеді. Қазір біздегі мұндай ойлау деңгейі әлсіреп кеткен. Бүгін біз тіпті күнделікті тіршілікке байланысты да  орыстың түсінігіне иек артып кеткен секілдіміз.  Ақпарат әлемін өзіміз игермейінше,  өзге ақпараттың жетегінде кетіп қалу қаупі сейілмейді. Ал ақпараттық кеңістігімізді берік ету үшін біздің қоғам өз құндылықтарымыздың негізінде дамуы керек еді. Дәстүрлі мәдениеті мығым мемлекет, ұлттық құндылықтарды берік ұстанған қоғам ғана ешқандай саясиланған ақпаратқа жалтақтамай, мәліметтерді сұрыптап қабылдай алады деген ойдамын.

Берік АТАШ,
философия ғылымдарының докторы
Ақпарат арқылы алдаусыратудың заманы өтеді
«Ақпарат» өзінің табиғаты бойынша тым жалпы ұғым, оны халықтың кейбір бөлігі саяси жаңалық ретінде қабылдайды, кейбірі қоғамның рухани болмысы ретінде түсінеді, қайсыбір жалпылама ойлаушылар тіл арқылы берілген мәліметтер түрінде ұғынады, тіпті кең пайымдаушылар тұтас әлемді ақпараттардың жиынтығынан басқа түк те емес деп түсінеді.
Ал біз ақпаратты ақпараттық кеңістікке БАҚ арқылы  берілетін мәліметтер мен жаңалықтардың, ақпараттық желілер арқылы тарайтын идеялар мен  көзқарастардың жиынтығы деп пайымдасақ, жаһандану тұсындағы оның біз үшін, атап айтқанда, қазақ халқы  үшін жағымды және жағымсыз деп атауға болатын екі тұсын көрсете кеткен дұрыс тәрізді.
Бірінші, психологиялық-манипуляциялық тұрғыдан алғанда, әр түрлі қиюласқан идеологиялар кеңістігінде өмір сүріп отырғандығымызды байыптасақ, біз, сәт сайын, америкаландыру, орыстандыру, батыстандыру, исламдандыру (шындығында арабтандыру), қайта қазақтандыру, интеграцияландыру, т.б. (шығыстық, түркілік, исламдық, әлемдік, т.б.) ақпараттардың санаға ерікті-еріксіз түрде сіңіріліп жатқанын байқаймыз. Қазіргі таңда ақпараттарды санаға сіңірудің психологиялық тетіктері қатты жетілді, ал біздің ұлттық идеямызға негізделген ақпараттар насихат пен «жалықтыратын» үгіт айтудан немесе «бәрін заманға жауып, өзін қорғаудан» аса алмай отыр. Қазір бұндай дидактиканың заманы өткенін ұғынатын кезең келіп жетті, олай болса, ең бастысы: «Біз ұлттық идея аясындағы ақпараттарды қалай идеологияландырамыз және оны жастардың санасына қалай сіңірудің жаңа тетіктерін қалай жасаймыз» деген сауалды алға тартуымыз керек. Меніңше, бұл – бүгінгі отандық ақпараттық жүйелер мен құрылымдардың басты міндеттерінің бірі.
Қазіргі ақпараттар тым тез және ашық түрде тарайды, ал бұл ақпаратты жасырудың заманы өтіп кеткендігін анық көрсетіп тұр. Алайда, кейбір цензуралар мұны мойындамай отырған сыңайлы.   Ақпараттық майданда кімнің ақпараты   шындыққа неғұрлым сәйкес келсе,  сол – ақпараттық билікке ие болмақ. Бұл қашып құтыла алмайтын заман шындығы, ал болашақта, жуық арада, ақпараттар арқылы манипуляциялау мен иландырудың, алдаусырату мен иллюзиялардың заманы өтеді. Олай болса, ақпаратты қабылдаушылар, дессигнаттар ақпараттарды өздері-ақ сұрыптай бастайды да, сөйтіп, ақпарат таратушы көздердің беделі нақты айқындалады.
Ақпараттың берілу тәсілінің дәстүрлі-классикалық түрлері бірте-бірте  құндылығын жойып барады. Нақтырақ айтқанда, әдебиет, өнер, тарих, т.б. туындылар мен ғылыми ақпараттарға деген қызығушылық бәсеңдеп, демонстрацияланған-шоуланған ақпараттардың беделі басым болып тұр. Жастар үшін (әрине, кейбірі) әлдебір «жұлдыздардың» кешкі асына қандай тағам ішкендігі, әлемді таңқалдыратын ғылыми жаңалықтан гөрі маңызды фокусқа айналған сыңайлы. Бұл үрдіс кей сәттерде ақпараттар легінен «шаршаған»  адамзат үшін тиімді болуы мүмкін. Яғни ақпараттарды сұрыптаушылық пен қызығушылық деңгей ілім-білімге емес, күнделікті тұрмыстық «өсек-аяң» деңгейімен шектеледі деген сөз.  Бұл қазіргі постмодерндік мәдениеттегі карнавалдандыру деп аталатын үрдістен туындап отыр, яғни парасаттылық пен рационалдылық шоуға, жеңіл күлкіге, әжуаға, көңіл көтеруге, сатираға айналады дегенге келіп саяды. Бұл, әрине, маңызды немесе маңызсыз ақпараттарды сұрыптай алмаудан емес, қызығушылық деңгейіне байланысты туындайды.
Адам өмірінде миының тек 5-7 пайызын ғана пайдаланады деген ғылыми дәйектемелер бар. Бірақ «адам миы физиологиялық тұрғыдан алғанда шындығында да солай ма» деген сауалды оған заманның ақпараттар тасқынына төтеп беру мен бере алмауын мәселе етіп қоюға мәжбүрлейді.  Шындығында адамның жады өзіне, тек өзінің жеке басына, сол сәттегі жеке жағдайына байланысты ақпараттарды ғана қабылдап, сақтайды, ал қажетсіздерді автоматты түрде (бейсаналы) ұмытады, яғни ми жадысының табиғаты мәліметті өздігінен-ақ реттеп отырады деген сөз. Олай болса, ақпараттарды іріктеудің мемлекеттік-саяси деңгейі мен жеке адамның ішкі Мендік деңгейі осы мәселелерді бірлесе отырып ыңғайластыруы тиіс.

Жарқын Түсіпбекұлы, 
саясаттанушы
Саясаттағы «ойындарға» 
тұрмыстық деңгейдегі  баға 
Аристотель қоғамдық пікір мемлекеттің саясатын анықтайды деген. Бұрындары халықтық жиындарда, кейіннен бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікірдің қалай қалыптасып отырғандығын анық аңғаруға болатын. Интернет ресурстары кеңінен қанат жайғаннан бері, оның ішінде жаппай әлеуметтік желілерді пайдалану күш алған соң қоғамдық пікірді дөп басып ешкім айта алмайтындай дәрежеге жеттік. Қоғамдық пікірді анықтау тұтас бір зерттеу орталықтары мен институттарға жүк артты. «Қазақтың саяси көзқарасы көбіне Ресей бұқаралық ақпараттарының таратқан мәліметінен қалыптасып жатыр», деген стереотиппен келіспеуге де болады. Батыстың қаржы көздерінен қаржыландырылатын орыстілді ақпарат көздері де өте көп. Сол Ресейдің өзінде орыс билігіне қарсы нақты уәж айта алатын ақпарат құралдары да бар. Дәл сол сияқты ағылшын тілін білгеннің бәрі кез келген мәселеге объективті қарайды деп те айтпас едім. Яғни тілді білмеуден біз орыстың сойылын соғып жатырмыз дей алмаймын. Шын ізденген адам алақандай ақпаратты қай тілден болса да аударып, ой түйіп, қорытынды жасай алады. Жарым-жартылай естіп алған, бір ақпарат көзінен оқи сала шешім шығара салған адамның пікірі қоғамдық пікір болып саналмайды, меніңше. Мәселенің байыбына бармай ойына келгенді жаза салу – «айғайға сүрең қосу» ғана. Сондықтан да бізде көбінесе халықаралық саясаттағы «ойындарға» тұрмыстық деңгейде баға беріліп жатады. Ал енді оны қоғамдық пікір деп қабылдау дұрыс па, бұрыс па, оны нақты білмедім. Жалпы, кез келген халық­тың мінез-құлқы мемлекетінің ресми ұстанымына сәйкес келіп жатады. Америкалық блогерлер ғаламдық проблемалар мен жалпыадамзаттық мораль мәселелерін көтеріп жатады. Жазбалары мен пікірлері әділетсүйгіш, полицейлік тәртіптің элементтері бар. Жақында ресейлік қарапайым интернет қолданушылары түріктерге қарсы соғыс ашу туралы айғайлап жатты, дәл сол кезде түріктердің ішінде де баскесер­лік пиғылдарын жасыра алмағандар кездесті. Түркия мен Ресей шекісіп қалғанда өзбектер мен түрікмендер дәл біз сияқты байбалам сала қойған жоқ. Олардың мемлекеті – бейтарап. Ал осындай кезде көпвекторлы сыртқы саясат ұстанатын Қазақстан­ның халқы да бірнеше тараптағы пікірлерін боратты. Бұл – қалыпты жағдай. Себебі, кейбіріміз көзімізді ашқалы, кейбіріміз ес білгелі көпвекторлы саясатты көріп келеміз. Яғни Ресей де, Грузия да, Украина да, Түркия да бәрі жақын. Мұндай кезде әр түрлі пікірдің болуы заңдылық шығар деп ойлаймын. Яғни Аристотель қоғамдық пікір мемлекет ісін анықтайды десе, қазір керісінше, мемлекетің саясаты көп жағдайда қоғамдық пікірге ықпал етеді. Әсіресе, сыртқы саяси ұстаным мәселесіне келгенде. Елдің ішкі емес, әсіресе сыртқы саяси ұстанымына келгенде бір елдің халқы ретінде пікірлердің бір-біріне жақын болуы идеологиялық тұрғыда маңызды. Қазір кабельдік телеарналардың дені қай елдікі екенін білесіздер. Телеарна қарамайтын бір топ интернет ресурстарының ақпараттарын сіңіріп жатыр. Сондықтан мәселенің мына бір жағын да естен шығармауымыз керек. Ғылым қоғамдық пікірді кеңінен насихатталған ақпараттан қалыптасады деп пайымдайды. Демек, ақпараттық қауіпсіздік, көп мемлекеттердің ішінде бірінші болып Қазақ елінің басшысы Н.Назарбаев көтерген кибер қауіпсіздік мәселесін реттеу күн тәртібінен түспеуі тиіс. Бұл әлі де болса, басы ашық күйінде қалып келеді.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір