Айналайын!..
14.05.2021
1346
0

МАХАМБЕТКЕ

 Қас жауыңды

Ел алдында жазықты

Жерге қағып жіберіпсің қазық қып.

Қайсар бопсың, бірақ сенің жырыңның

Аржағында жатады бір нәзіктік.

 

О. Даланың жолбарысы,

Көкжалы!

Көкжал бөрі қай кезде де олжалы.

Өзіңнен бе?

Сөзіңнен бе?

Әйтеуір

Сенен кепті дейді ханның ажалы.

 

Дұшпаныңнан қайтты кегің,

Қайтты  есең.

Айтып сапсың ақиқатты,

Айт десе,

Қандай бақыт ақын болып туғаным,

Сені ақын деп білер ме едім, әйтпесе!

                                    Аударған Қадыр МЫРЗА-ӘЛІ

 

АЙНАЛАЙЫН

 Ала-құла əлемді жағалаймын,

Үй-күйді де қажет деп санамаймын.

Сəті түссе түкке де қарамаймын,

Африка, Франция, Азияны аралаймын.

 

Қалтам тесік, тиын жоқ – міне, саған…

Тиын тапсам – құйғытып тұра шабам!    

Жиһангермін, ең соңғы ордалықпын,

Ұрпағымын көшпелі өр халықтың!

Аяғымыз Батысқа қарап мəңгі,

Жатырмыз біз қырында торғауыттың.

 

Ноғай, бұлғар, қазақтың қосындары,

Жер шетіне ұмтылды, тосылмады.

 Азияны Батыстың батысына

Баламады, ешкімге бас ұрмады.

Шүршіттің теңізінің шығысында

 Батыс барын білген жоқ,

Хас ұлдары.

Аяғымен батысқа қарап жатыр,

Ақ дидарын топырақ жасырғалы…

 

Айнала бер, Жер-Ана, айналайын,

Сен дегенде батамын ойға дəйім,

Сырқатыңның барлығын өзіме алып,

Сенімен мен де бірге айналайын!

 

 * * *

Сарғалдақпен шегеленген төбесі.

Аш жалаңаш, жүдеу жандар, өлесі,

Кермек əнді бір мырс ете сіміріп,

Бұл бейітте бас қосады неге осы?

 

Толқиды шөп тербеліп,

Гүл сарғаяр шерленіп,

У секілді, қарашы,

Шыңғыстауға жақын оның моласы…

***

Ей, Дешті-Қыпшақ даласы,

Даңқың шыққан табынмен.

Үйірлерді қарашы,

Жүзіп жүрген сағыммен.

 

Бір асауды бер маған,

Тамырым тұр бұлқынып.

Дөңгеленсін жер-ғалам,

Қала, дала ұмтылып.

 

Арғымақтың қанының

Ыстық отын жел үрсін.

Тұяқтардың шаңы мен

Өртенген шөп өрілсін.

Шабысымен мына аттың,

Шабуыл салып шығайық.

Дүбірімен тұяқтың

 Жолды беттен ұрайық!

                 Аударған Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ

МАХАМБЕТТІҢ  СОҢҒЫ  СӨЗІ
(Зынданда)

Бісміллә!
Алыс жаққа жорытқанда,
Жорықтарда бөгіп қанға,
Жүрегімді суыттым.
Айлам бар ма –
Айлап, жылдап майдандарда,
Ашу-ыза бойды алғанда,
Өзімді-өзім ұмыттым…

Ер үстінде туған едім,
Шынжырымен матап мені,
Бара жатыр бунап өлім.

Ата жауым қара жаяу қалдырды,
Мойныма
Итке ұқсатып, қарғыбауын салдырды.
Ұмытармын
Хас тұлпардан тамған тердің исін.
Ұмыт қалар зынданда,
Ұрандаған ұрысым.
Ал таңертең бөлшектеп отқа тастар тәнімді,
Ұмыттырып сол бір тарлан шағымды.

Ұмытармын жарларымның қылығын,
Жалаң қылыш секілді едім – құрыдым.
Тот басты да жарқылдаған жүзімді,
Өз жүрегім жыланға ұқсап көмейіме тығылды.

Өкінішті-ақ!
Ет жүрегім – тілім-тілім, жаралы…
Барлығын да ұмытармын,
Кескілескен майданды,
Отқа оранған даланы.
Бәрі, бәрі қалады:
Көмейімді кернеп шыққан ұраным да,
Құтқарушы – Құраным да…
Иә, аруақ!

Шөл далаға айдың нұры төгіліп,
Буралар жүр інгендерге емініп…
Қазақтардың қазанында сүт пісіп,
Бірін-бірі жұлқиды иттер іші пысып…
Ал мен болсам зындандамын, обал-ақ.
Соңғы күлше секілденіп жарық ай,
Алақанға келе жатыр домалап…

                                    Аударған Алмат ИСӘДІЛ

 

ЕРТЕГІ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

– Бұрымы ұп-ұзын аруым!..

– А-а-а!..

Бұл түздің сөйлесе қайғылы шетені

Қасқыр боп жортып та алдыңнан өтемін,

Құстардың әніне

сенемін содан-соң,

олардан сұраймын бақыттың не екенін.

Ау-у!

Махаббат сөздері

Тілімнен шашылып,

Батысқа жүгірем,

Жүгірем асығып…

Су берме сонда сен ақ лақтың ізінен,

Аққулар оралар,

өкпешіл күзінен.

Бұл түздің сөйлесе қайғылы шетені

Қу мінез түлкі боп қасыңнан өтемін.

Мыстанның есігін ақырын қағам да

Сұраймын –

Бақыттың не екенін.

 

***

Біреуге ант бергім келіп тұр нан ұстап,
сен үшін өлем деп,

Ұшам деп ғарышқа

Жел бүгін шаршаулы,

Қошқылтым ақшам да,

Үйге де келетін қонақ та жоқ сондай…

Күтер ем төріме шығарып бәріңді,

Берер ем сыйымды,

өлеңді,

жанымды…

келіңіз қонаққа,

жай болсын,

өтінем,

оқиық бір жырды дауыстап шетінен…

басыма тағы да бақ бүгін қонбады,

қайда жүр достарым,

Әй, дос та, қалмады…

                               Аударған Азамат ТАСҚАРА

ҚҰМАН ЖЫРЫ

Уа, Бабалар!
Қолтығымнан демеңдер мені ұрыста.
Жалқы дарақты айналып өтпен жылыстап.
Қайқы бұтаққа қайыра тастармын арқанды.
Соңғы шайқаста бірінші болып құламан,
Қанға да бояп қалқанды.
Бойымды кетем тік ұстап!
Алтын сақамды білмейді кімдер топта анық?
Қасиетіне көп қанық…

Әне бір жұлдыз кетті ағып,
Басым да менің барады тартып төменге,
Әйел затына адалдық антын берерде,
Алақандарын сүйген ем.
Үкі, қарғаны, аққуды үркітіп, тимегем,
Уа, Аруақ!
Балатон жаққа сілтегін жолды мен барар,
Өтейін жүйткіп біржола, мәңгі
Белгісіз қайдан шыққаным,
Ол турасында кем хабар.
Адамдар үшін
Тереңдеу түссін іздерім,
Мен жүріп өткен жолдарым жапан түздегі,
Жауындардан соң
Жауларымның көзіне көрсетсін
Тостағандардың тізбегін.
Аптаптан олар кетпесін жанып, шөлдей кеп,
Мендей боп.

***

Құмандар – Қыпшақтардың Үрімдік (Византиялық) атауы (О.С.).

МЕНІҢШЕ…

(А.Вознесенскийге)

Меніңше –
Махамбет,
қытайы қорғанға қадалған жебедей,
маңдайы~қышты ұрған,
шашақты шалбары –
қауырсын көбедей
сақетер қыстырған,шоқ жебе ұштырған:
Махамбет,айбарлым,
кім едің,
Ер емей?!
«Мені» бар Өр емей?!
Опереттаға отты, өктем
кейіпкер боп кеткен
Ізгі Ардам,
теңіздей телегей
даңқыңды мен сенің қызғанбан,
мені де қоя сал,
елемей;
Біздің бұл бұлдырды
тануға тіл құрлы
талпынба,
ұқпайсың,
қорғаннан шыққайсың,
қарғыс атқан тастап құрғырды:
ұштағам ұңғымды,
дайындап дуалдан үңгірді;
Кім білді?!
Ауыр-ау аманатың да,
қара сөз қағанатында
кештің де Жыр – күнді,
түзетіп теңеумен тым құнды
әлемнің тұрпатын,
Европа емдеуге сырқатын
тап солай…
Ғажжамға ділгір-ді.
Өткенмен екшесең жайыңды,
бүгінің үйлесім таба алар,
еске сап аусылды байырғы
сонау сіздің қасіретті қара нар –
жанымды жаралар…
Иіріп Баобаб діңгегін   –
жіп жалғар дүрмегін,
болмыс жоқ қайырлы,
болмаса теңер түк…
білгенім…
Парақтап парасат,пайымды:
шендессе кішіктің бірімен –
ұлы адам,
теңдессе ұлымен –
тірі адам!

Құдіретті гомо-антроп,
шынымен
байқалмайды ма тұлғамнан?!
Ғажжаммен қатар кеп тұрғаннан
Европаң да дін аман.

Андрей! Біз – көшпеліміз,
бөліп тұр араны
дәстүрлер менен дәуірлер ғаламы,
кіл төте іздерді,
тым көне түздерді
бағыт қып сан түрлі біздің көш барады.
Ең ұлы құштарлық, құмарды бүгін мен
мендегі біліммен
алмақпын сынаққа,
оларды,
Өр Номад білмеген бірақ та.
Этруссша жазам мен
болашақ жайында  – 
тастарға түсірген таңбаның
сараптап үні мен мәнінің салмағын,
шешімін сен өзің дайында…
сандырақтарды,
келген пайымға
ғалымдарға надан арнағын,
залал білімдерден зауалдар барын
ақылға қондырып,
іздесін айырма.
Шаршасам да сахара кезуден танбадым,
сұқ саусақ сынды  қағылып
темір қадалар
сілтейді жолдың жөн бағдарын.
Меніңше,
Әз һәм Мен – Ғажжаммен,
жүрмін жаңылып,
Өзімізге қарсы көштік біз,
Өзгеше тұстардан
танылып!

  1. S. Ғажжам – Азия;
    Әз һәм Мен – Аз и Я;

                                               Аударған АЛАШТУҒАН

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір