Роллан СЕЙСЕНБАЕВ. ОЛЛЖЖЖАААААССС!..
14.05.2021
2077
1

(эссе)

 

«Аз и Я»

1975 жылы Олжас Сүлейменовтың ғылыми-танымдық «Аз и Я» кітабы жарыққа шықты. Бүкіл Совет Одағы дүр сілкінді. Бостандық аңсаған интеллигенция қалпақтарын аспанға лақтырды. Совет Одағы орнағанына 58 жыл өткенде барып, социализм орнатуға жан салған елде, тұңғыш рет Ақиқат арқалаған сөздің шашуы шашылды. Ақиқат арқалаған ой түу көкке биіктей көтеріле жөнелген.

  Естерін әзер жиған билік, жарыққа шыққан «Аз и Я»-ны, зынданға салды. Жүз мың тиражбен шыққан кітапты туратты, өртеді. Озық ойды  озбыр билік барын салып тұншықтырды. Бірақ озық ой, ойлы адамдардың санасына еніп үлгеріп еді. Енді оны тұншықтыру мүмкін емес болатын.

Ақиқат ескен жалау жығылмады.

Ақын Олжас Сүлейменов «Аз и Я» кітабының оқырмандарынан он мыңнан астам хат алды. Әлемде ақын көп, бірақ кітабына он мың хат алған ақын – Олжас ақын ғана. Сол хаттардың көбін Мәскеуде Олжекеге өз қолымнан тапсырғанмын.

Бұл Олжас Сүлейменовтың жеңісі болатын.

Қазақ ұлтының да.

Озық ойлы Адамзаттың да.

 

«МЕН БІРІНШІ ҒАСЫРДА ОТЫРМЫН»

         Мен Қазақстаннан Мәскеуге оқуға әм ҚСРО жазушылар Одағында жауапты хатшы қызметін атқаруға жиырма тоғыз жасымда аттандым. Сол жерде  жиырма жыл жұмыс істедім.

         Қадірлі Ленин кітапханасында демалыс күндерінде тапжылмай отырушы едім. Қарапайым адамдар кіре алмайтын жабық залдарды аштым, айтылмайтын, жазуға рұхсат жоқ қанды сырлар толған залдардағы қолжазбаларды қопардым.

         О, ол ғажап жылдар еді. Халқымның қанды балақ тағдыры, түркі әлемінің Сталин тас-талқан қылған тарихи тізбегі мен ерлікке, адалдыққа, әділдікке толы сыры ескі қолжазбаларда сайрап жататын. Тек ол ғажайып шындық жазылмайтын. Қызылдар түркі мәдениетін, әдеп-ғұрпын, әдебиетін, ерлікке толы өмірлерін құрдымға жіберген. Рух тулаған қазанның қақпағына қорғасын құйған.

«Түркі дүниесін келмеске жібердік» деп күмпиген.

«Орыс дүниесіне жол аштық»  деп ұрандаған.

Ал бүгін түркі дүниесінің тарихы ақырын-ақырын ашылуда. Енді сол ақиқатты жазу, әлемге таныту ғана қалды. Ақиқатты қанша атқыласа да, Ақиқаттың өлмейтінін олар білмейтін. Орыстың Патшалары, кейінгі 70 жылда әлемді билемек болған қызылдар түркі дүниесімен үш ғасыр майдандасты. Әдет-ғұрыптарын, дүниетанымдарын, мәдениеттерін, тілдерін құртуға барын салды. Бұл майданда олар айтулы жеңіске де жетті. Жиырма бірінші ғасырдағы қазақтар әлі күнге дейін өз тілдерінен жеріп, өзге тілде  – орыс тілінде сөйлейді. Ең үлкен қазақ қасыреті – қазақ Аналарының жатырында нәрестелер жат тілде сөйлеп тууында жатыр.

         Қазақ дербестік алған отыз жылда, жоғалып кетуге шақ қалған ана тілдеріне жан бітіре алмады. Қазақтың, қорлыққа оранған тағдыры туған тілдеріне көрсеткен сатқындықтарынан-ақ көрініп тұрған жоқ па?!.

         Ленин кітапханасында халқымның тарихына ендей кіріп, терең ізденіске түстім. Халқымның, Түркі дүниесінің өткенін білгім келді.

Кітапханаға таңғы онда бойыма барлық күш-қуатымды жиып кіргеніммен, кешкі тоғызда Ата-Бабаларым көрген қорлықтан қан жылап шығатынмын.

         Жатар алдында Фатиха сүресін жеті рет оқитынмын. Содан жаным қуат, еркіндік, тылсым тыныштық алатын. Мәскеу сағаты бойынша таңғы алтыда тұратынмын. Төсектен тұрмай жатып, Тәңірге табынатынмын. «Алаулаған таңды атырдың. Менің әлі де көретін күнім бар екенін білдірдің. Өмір сыйладың. Мың да бір рақмет, ардақты Тәңірім», – деп дұға оқитынмын.

Ал бұл кезде Қазақстанда таңғы тоғыз. Қазақ елі еңбекке отырған шақ. Мен де қолыма қалам алып, ақ қағазға төнетінмін. Халқыммен бірге болғым келетін.

Адам үшін халқымен бірге болу, бірге тыныстау, бірге еңбекке шығу өлшеусіз бақыт қой. Менің  бойыма бұл түйсік пен түсінік Мәскеуде жиырма жыл қызмет жасағанымда келген. Мәскеуден соң да, мен шет елдерде көп жылдар өмір кештім. Бірақ әдетімді бұзған жоқпын. Бұл менің өмірлік қағидам болып қалыптасты. Қазақияның тарихын сонша мол зерттегеніммен тарих туралы көп шығарма жазғам жоқ. 

         Менің шығармашылық әлемім жиырмасыншы, жиырма бірінші ғасырларда күн кешті. Қызылдардың қанды қыспағында «өмір» сүрген қазақтар туралы шындық жаздым. Бұл қатерлі жол еді. Бұл қатерлі жолға мені түсірген Тәңір болатын. Сонан да мен адам қолынан түзілген қатерден қорыққам жоқ. Қайта сол қатерлі жолмен жүріп өтуді өзіме парыз санадым.

         Атам қазақ даласын еңіреткен аштық туралы көп айтушы еді. Оны айтқанда көзі жасқа толатын. Барлық туғандары сол аштықтың құрбаны болған. Әйелін ертіп екі ұлын арқалап, Жидебайдан Семейге жаяу жеткен. Екі ұлды асырауға шамалары жетпей, үш жастағы үлкен ұлын, сол кезде ашылып жатқан балалар үйіне береді. Түні бойы еңіреген әйелі, ұлды қайтып алуға таңертең барғанда, балалар үйі түнде Сібірге көшіп кетіпті. Сол құсадан әйелі қайтыс болады. Үлкен Семей қаласында, атам емшектегі баласымен – менің әкеммен жалғыз қалады.

         Аштықтан қырылып жатқан қалада әке мен бала аштықпен күреседі.

         Атам айтушы еді: «Жидебайдан Семейге дейін екі жүз шақырымдай жолда, өлген адамдардың сүйектері шашылып жататын. Оларды жерге көмуге кімнің шамасы жетпек. Сол сүйектер күндіз де, түнде де ағараңдап көрініп жатушы еді. Жауын, қар, жел, сол ағараңдаған сүйектерді отыз-қырық жылда әзер «жеңді» ғой»…

         Бұндай қайғылы уақиғаларды Атам маған даладағы ұзақ жолда айтатын.

         Сегіз миллион қазақтың тең жартысы, сол отызыншы жылдардағы аштықтың құрбаны болды. Тоқсан жыл өткен соң барып, халқымыздың санын он миллионға өліп-талып жеткізген болдық.

Ленин кітапханасындағы құпия зал да, далада ғұмыр кешкен Атам да, өтірік айтпайтын. Олжас та өтірік айтқан емес.

Ал Аштық Ана-Жердің төсінде ақиқат тосып әлі үнсіз жатыр.  

         Украинада да Голодомор өтті. Қазір туыс елдің әр қаласында аштықтан өлген адамдарға бір-бірін қайталамайтын мықты ескерткіштер тұр. Ал Қазақстанда Астана қаласында, «Турист» қонақ үйінің қуысында байғұс бір бала мен бір шалдың сүлбесі тұр. Намыссыз, арсыз биліктен не күтуге болады?!.

Если прав, будь с гордым горд,

он не отец пророка.

Будь с робким робок, он тебе не раб.

Я так и поступал, клянусь, дорога,

не всем, кто ждал, помог,

ведь я не Бог,

что в силах одинокого поэта?

На все вопросы не нашел ответа,

но людям я не лгал,

Хотя и мог.

Сексенінші жылдары Олжас поэзия кітаптарын шығарғысы келіп алқынып-жұлқынған жоқ. Ол бүтіндей тіл туралы трилогиясы «Жазбалар тіліне» сапар шегіп кеткен. Мәскеуде кітаптары мүлдем шықпай қалған кез. Ал Кеңестер Одағындағы оқырмандар ақынның кітаптарын сұрап жататын.

Мен Мәскеудің «Художественная Литература» баспасымен Олжастың үлкен поэзия кітабын шығаруды келістім.

Қоңыр кеште Мәскеуден Алматыға Олжекеңе телефон соқтым. Кітап жөнінде айттым.

– Сол керек пе?.. – деп,  сұрады Олжас.

– Мәскеуде Сіздің кітабыңыз шықпағалы талай болды, – дедім.

– Сенің ойың қалай?..

– Шығару керек. Оқырман тосып отыр.

– Өзің біл, – деді Олжас. – Кітапты дайында, кейін мазмұнын көрсетерсің.

– Болсын. Бұл кітапқа алғысөз керек. Кімге жаздырамыз? – деп сұрадым.

– Старик, Алматыда түн, ал қазір мен Бірінші ғасырда отырмын. Ал сен Мәскеуде жиырмасыншы ғасырда тұрсың.

Бұл әңгіме оған ұнамағанын сездім.

– Евгений Сидоровқа айтайын.

– Дұрыс. Сен оған дайын қолжазбаны апарып бер. Ал мен мына бірінші ғасырдың тақсыретінен құтылған соң, оған телефон соғамын. Ол досымыз ғой, – деді.

– Келістік, – дедім.

– Сау бол, – деді баритон дауыс. Ол қайтадан бірінші ғасырдың құмдарына белшесінен батып, Алматыда жалғыз қала берді.  

Мен де Мәскеу деген шулы тас қалада жалғыз едім.

«ҚЫШ КІТАП» – ҰЛЫ ПОЭМА

         Бір аптадан соң, Мәскеудің әдебиет Институтына бардым. Бұл Институт қырық жастағы талантты жазушылар Анатолий Кимге, Владимир Личутинге және маған жеке әдеби шеберхана ашып берген. Бұл шеберханаларда прозашыларды оқытатынбыз. Менің шеберханамда прозашылар да, ақындар да, аудармашылар да тәлім алды. Олардың бәрі Сібір халықтарының өкілдері еді. Өте қабілетті жастар болатын. Олар өз тілдерінде де, орыс тілінде де жаза беретін.

         Шеберханадағы сабақ біткен соң, Институт ректоры Евгений Сидоровқа кірдім. Өте талантты, өте сабырлы, өте білімді адам еді.

         – Сөйле, Роллан.

         – «Художественная Литература» баспасында Олжас Сүлейменовтың бір томдығын шығармақпыз. Сол кітапқа Сіз алғысөз жазсаңыз…

         – Құда түсе келген екенсің ғой…

         – Солай…

         – Олжас қалай?

         – Алматыда, бәрі жақсы.

         – Кітапқа не кіреді?

         – Таңдамалы өлеңдері мен «Қыш Кітап» поэмасы.

         Евгений Александрович хатшы қызын шақырды.

         – Бізге шәй дайында. Коньяк бар ма?..

         – Бар, Евгений Александрович.

         – Онда әкел бәрін. – Маған бұрыла қарап: –  «Қыш кітап» дұрыс таңдау. Әлемде жүз ұлы поэма болса, «Қыш кітап» соның бірі. Әлем дүлдүлдерінің құрамына енген дүлдүл жыр. Ол поэмасын Олжас қай жасында жазды?!. – деп сұрады.

         – Отыз жасында.

         – Отыз жаста біздің мықтылардың қайсысы ұлы поэма жаза алды, а?.. Олжас Адам ғой! Кел, «Қыш Кітап» үшін ішейік.

         – Ішейік, Евгений Александрович.

         – Маған он күн уақыт бер.

         – Қолжазбаны қалдырайын ба?

         – Керек емес. Менің кітап сөрелерімде Олжастың барлық кітаптары бар. «Аз и Я»-ны өзі сыйлаған. Қолтаңбасы бар. Мен сенің шеберханаңа бірінші курстың үш студентін жібермекпін. Олардың біреуі Ленинградтан, екеуі Мәскеуден. Түркі жырларымен, түркі дүниесімен айналыспақ.

Бұл ұмтылысты да дүниеге әкелген Олжас досымыз. Біздер, орыстар, Олжастың шығармашылық қуаты мен қасиетін танығымыз келмейді. Бұл – өте қате пікір. Әрине бұл – саясат. Дүниеде ең басты нәрсе Ақиқат пен Өнер. Біздің санамыз өркендемесе, біз Ақиқатты да, Өнерді де жоғалтамыз.

         – Ар-ұжданды өлтірдік қой.

         Евгений Александрович маған сынай қарады, бірақ үндеген жоқ. Бұндай кабинетте бұндай оқыс ойларды айтуға болмаса керек.

         – Сен әлі жассың ғой, – деді ректор. – Олжасқа сәлем айт. Маған сенім артқанына рақмет. Мен саған Олжастың өзім жақсы көретін бір өлеңін оқиын.

 

Андрей! Мы с тобой кочевники,

нас разделяют пространства

                             культур и эпох,

мы бродяжим по разным маршрутам,

как бог и религия.

Я хочу испытать своим знанием

веры великие,

о которых мой гордый рубака

и ведать не мог.

Я пишу по-этрусски о будущем,

ты расшифруй

голоса и значенья

в стены вонзаемых рун,

невегласам учёным доверь

                    истолкованный бред,

да мудреют они,

узнавая познания вред.

Я брожу по степям не сгибаясь,

как указательный палец

(указательный палец сгибается

                           только курком).

Это кажется мне : Аз и Я — Азия,

                                      Ошибаюсь,

мы кочуем навстречу себе,

                         узнаваясь в другом.

Соңғы жолда Олжастың ұлылығы жатыр. Терең білімі жатыр. Ата-бабаларының Даналығы жатыр. Кемеңгерлікке жол тартқан Олжас досым үшін ішіп қояйық! Салют!..

 

«БІЗДІҢ ҚҰЛ БОЛУЫМЫЗДЫ ҚАЛАЙДЫ»

Мәскеудегі Колонный Залда КСРО Жазушылар Одағы Мұхтар Әуезовтың  90 жылдық мерейтойын өткізді. Баяндамашы Олжас Сүлейменов болатын. Баяндама тың тынысты ойларға, салмақты, салиқалы, бірақ оқыс пікірлерге құрылған еді. Артық-ауыс сөз болған жоқ. Президиум разы. Жұрт Қазақ әншілерінің концертіне қалды.

Олжаспен екеуміз «Мәскеу» қонақ үйіне келдік. Жол бойы ағамыз үндеген жоқ. «Баяндама қалай болды?» деп сұраған жоқ. Кемеңгер адам оны өзі де біледі. Елден сұрап не қылады?!. Баяндама туралы мен де ешнәрсе айтпадым. Олжекең әлдебір ойлардың тұңғиығына түсіп кеткен. Үнсіз.

Бөлмеге кірген соң, сәл отырды да:

– Мұхтар Омарханұлы Әуезов туралы көңілімде жүрген бір ойды айта алмадым. Әлі де уақыты келмей жатыр, білем, – деді де, қайтадан сигарет қорабын ұстады. Мен жылдам зажигалканы жақтым.

– Сен рестораннан тамақ алдыр.

– Коньяк аламыз ба?

– Жоқ, қызыл шарап алдыр. Мен жуынайын. Телефонды көтерме. Бүгін ешкіммен сөйлескім келмейді, – деді.

Сол кеште телефонға тыным болмады. Бірақ Олжекең телефон трубкасын көтерген жоқ.

Ақынның көңілін аулау үшін мен көптеген сұрақтар қойдым. Бұл сұрақтар әдебиет, өнер жөнінде болатын. Ара-арасында Олжекең текті қазақтар туралы, Бабалары туралы, өз өмірі туралы да сыр пұшпағын ашып қойып отырды.

Олжас Сүлейменовтың қасында жиырма жыл жүргенімде, дәл сол кештегідей кең, еркін отырған сәттеріміз көп болды ғой. Қаншама сұрақтар қойдым. Қаншама оқиғалар өтті, қаншама әңгімелер айтылды. Сұрақ аясын  небір тақырыптарға бөліп тастап, бірнеше кітаптар жазуға болар еді-ау. Уақыт тапшылық етті ме, өмір легі солай болды ма, әлде қазақы құнтсыздық бөгет етті ме, әлде жалқаулық бөгет жасады ма, білмедім?!. Бүгін ойласам, кешірілмейтін кінә, дұрысы Күнә. Кешірілмес Күнә.

– Сен енді үйіңе қайта бер. Жақсы отырдық. Ертең мен демаламын. Мен үшін алаңдама. Жұмысқа бармай-ақ қой. Үйде жазуыңды жаза бер, – деді.

– Мұқаң туралы баяндамаңыз керемет болды, Олжас Омарович.

– Бір тілекті ойды айта алмадым. Айтуым керек еді, – деп мүдірді. – Пенде – уақыттың құлы… Ал нағыз Адам құл болмауы керек. Біздің Қоғамдық Құрылым біздің құл болуымызды қалайды.

Сәл үнсіз отырып барып қайта темекі тартты.

– Әдебиет тарихында Автордың аты емес, ол жазған кітаптың аты қалуы тиіс. Ақиқат сонда жатыр, бауырым. «Война и Мир», «Гамлет», «Мадам Бовари», «Қарасөз», «Абай жолы»… «Жүз жылдық жалғыздық», «Старик и море»…

Мен үйге келген соң, Олжекең атаған ұлы кітаптардың аттарын жалғастырдым.

«Илиада», «Махабхарата», «Бесы», «Шум и ярость», «Великий Гэтсби», «Қыш Кітап»…

Бұл ұзақ тізім еді…

Ойшыл батыр-жазушылардың уақыт пен кеңістік аясында тұңғиыққа батпайтын, адам баласы тіріде  өлмейтін кітаптарының жанды тізімі…

 

 ЕВГЕНИЙ ЕВТУШЕНКО «ПРОЩАЙ, АЗИЯ!»  – ДЕП АЙҚАЙЛАДЫ

КСРО Жазушылар одағының кезекті бір пленумында, Мәскеудегі атақты әдебиетшілер үйінің үлкен ресторанының  ортадағы столында Олжас Сүлейменов, Мумин Каноат – Тәжікстанның Жазушылар одағының бірінші хатшысы, Әнуар Әлімжанов – Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы және мен отырғам.

Пленум енді ғана біткен, тамақ ішуге келген адамдар шірет тосып қалып еді. Сол шіретте тәжіктің атақты ақыны, Мұхтар Әуезовтың досы Мирзо Турсын-заде, қырғыздың ақсақалы Аолы Тоқамбаев, елге әйгілі Расул Ғамзатов пен Қайсын Кулиев бар еді.

– Мирзо Муалим шіретте тұрып қалыпты. Орын босатайық, – деді Олжас. Бәріміз орнымыздан тұрдық. Олжас тәжіктің ақсақалына басын изеп амандасты да;

– Муалим, жүріңіз, біздің орнымызға отырыңыз, – деді.

– Бекер әуре болдыңдар ғой.

Қашанда қалжың айтатын, Расул Ғамзатов:

– Олжас, ішетін дүниені атап па едіңдер?.. – деді орындыққа отырып жатып.

– Екі бөтелке коняьк айтқанбыз.

– Көргенді жастарды дайындаған екенбіз, – деді Расул Мирза Турсын-Задеға қарап. – Сендерге үшеуін қалдырамыз, Олжас.

Біздің ақсақалдарға орын бергенімізді көрген орыстың атақты ақыны Евгений Евтушенко қатты дауыстады:

– Азия ақсақалдарына орын беріп жатыр. Орыс шалдары шіретте тұр. Ал көсемсіген біздер отырмыз. Шығыс – көне халық. Көне мәдениет, ілгері салт-дәстүр… Құр арақ ішкенше, мыналардан үйрену керек қой, – деді де,  стақанына толтыра арақ құйып, аузына төңкере салды.

Біз рестораннан шыға бергенде, соңымызға Грузия Жазушылар одағының бірінші хатшысы Нодар Думбадзе ілескен.

Евгений Евтушенко бізге қолын көтеріп:

– Прощай, Азия! – деп дауыстады.

Сонда Нодар Думбадзе ойланбастан, артына да бұрылмастан:

– Прощай, не мытая Россия! – деп рестораннан шыға берді.

Ресторандағы халық ду күлді.

Сол күні, Мәскеудегі жазушылардың ресторанында бұрын-соңды болмаған арақ ішілді деседі.

Сол күн Совет жазушыларының кезекті пленумы ретінде емес, ерен жазушы шалдар үшін арақ ішкен күн болыпты. Тарих қолдан тұрғызылмайды. Бұны айтатындар – алжыған патшалар. Тарихтың Анасы – Ақиқат.

– Мырзалар, дана Ақсақалдар үшін тұрып ішейік!

 

АДАМЗАТТЫҢ ОЛЖАСЫ

         ХХ ғасырдағы қазақ жырының Арғымағы – Олжас Сүлейменов.

         «Қыш кітап» әлемнің ең үздік дастандарының қатарына жатады.

         «Аз и Я», «Жазбалар тілі» – ғасырлар Ақиқатын арқалаған Алып кітаптар.

         Олжас Сүлейменов – адамзат баласының ой-толғамындағы теңдесі жоқ құбылыс.

         Олжас Сүлейменов – менің өмірдегі де, өнердегі де ұстазым!

Олжас Сүлейменов – өмірін де, өнерін де, өзгені де сатпаған қазақ.

Олжас Сүлейменов – жан баласының алдында бас имеген қазақ. Жалынбады. Жалбарынбады. Тура сөйледі. Тура тіршілік жасады. Сабырлы, салмақты, от жүректі тұлға боп өмір сүрді.

         Оның Адами, Әдеби мектебі Дешті-Қыпшақ даласында жоғалмасын!

         Түркі әлемі үшін, үзілуге еш хақысы жоқ, түркі руханиятына жол салған Асқақ Ақынның өмірі ұзақ болуын тілеймін.

         Қазақтың өз-өзін іздеген рухани сапары да таусылмасын!

         Дешті-Қыпшақтың Жанартаулары, қазақтың қанын ойнатсын, жанын өркендетсін, намысын көтерсін, рухын аспандатсын.

         Жанартауларымыз жанып тұрсын!

         Жанып тұрған Жанартауларымызды, Қазақ елі көруге, тануға, ұғуға, бағалауға жандарын салсын!

         Дара болсаң, Олжастай бол!

         Дана болсаң, Олжастай бол!

         ОЛЛЖЖЖАААААСССС!..

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 02.06.2021 | 10:48

Роллан аға, «Олжасқа табын, адамзат!» десем қате емес па?
Ғалымжан.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір