ҮҢГІРДЕГІ СЭЛИНДЖЕР
14.05.2021
1891
0

Әдебиет түпсіз терең, шеті мен шегі көз ілестірмейтін ғажайыпқа толы әлем. Бұл кеңістікке кімнің қандай із қалдыратыны да жұмбақ. Әдебиеттанушы, сыншы Ақерке Асанның төмендегі мақаласы қаламға серт берген қауымды түрлі ойға жетелеп, қиюы қиын әртүрлі стильдік ерекшеліктерге бастайтыны сөзсіз.

Ақерке АСАН, әдебиеттанушы


Әлқисса, ежелгі Грек әлемінде дүниені жарыққа бөлеген Апполонның сүйікті ұлы Орфей саусағынан бал тамған күйші болған екен. Күндердің бір күнінде шаршы топты шалқыған сазға бөлеген Орфей ай десе аузы, күн десе көзі бар, үріп ауызға салғандай хас сұлу Эвридикаға үйленеді. Бір өкініштісі, ғашықтардың қуанышы бір көш бойына жетпей, орманда серуендеп жүрген Эвридиканың аяғынан жылан шағып, байғұс ару бірден ажал құшады. Ендігі өмір Орфей үшін өлімнен бетер. Ол белін бекем буып, жер асты патшасы Аидтың алдында тізе бүгіп, түңілген көңіліне түнектен медеу іздейді. Орфейдің зарға толы күйін тыңдаған Аид бір жолға оған сүйіктісін қайтаруға сөз береді. Бірақ бір ғана шартты орындау қажет. Орфей соңынан ерген Эвридикаға қарайламастан, оны жер асты патшалығынан жарыққа апарар үңгір арқылы артына мойын бұрмай алып шығу керек. «Міне, ғажап» деп жас ғашықтың жүрегі алып-ұшқандай болды. Сөйтіп жер астынан алыстап, үңгірден өте бере Орфейдің көңілін бір күдік жайлай бастайды: Эвридиканың дауысы түгілі басқан ізі де сезілмей келеді. Ақырында өзін алданғандай сезінген Орфей шыдамай артына бұрылып қалғанда, соңынан көлеңке болып еріп келе жатқан әйелі Эвридика мәңгілік түнекке сіңіп жоғалады. Жарыққа сәл ғана қалғанда Эвридика да көлеңке қалпынан адамға айналар еді, егер сәл шыдаса… Орфей бұдан кейін өмір бойы өліммен қауыша алмай, ұзақ һәм бақытсыз ғұмыр кешкен деседі…

Америка әдебиетінің белді өкілі Джером Сэлинджер жайлы не білеміз? 1951 жылы әлем әдебиетін дүрліктірген «The Catcher in the Rye»  романы әлі күнге дейін баспадан шыққан бойда  бірден таратылып келеді. Бестселлерден асып лонгселлерге айналған шығарманың авторына бұдан артық қандай атақ, қандай даңқ керек? Алайда дүниедегі ең танымал жазушының осы романнан кейін отбасынан, қоғамнан алыстап, жұмбақ кейіпкерге айналып кеткені қалай?!

Сонымен, Сэлинджер жайлы не білеміз?

1919 жылы дүниеге келген екен. Манхэттендегі жасөспірім кезінде кейбір әңгімелері басылып жүрген. 40-50 жылдары Американың ең беделді «The New Yorker»  басылымында ең сәтті шығармалары жарық көреді. Дәл сол кезде Сэлинджер замандастарының арасында топ жарып, бәрінің алдына шыға бастайды. Оның ең танымал романындағы басты кейіпкер Холден Колфилд жер шарының түкпір-түкпіріне жетіп, барлық оқырмандардың жүрегіне ұялаған. Миллиондаған басылымнан кейін өзін Колфилдқа ұқсатқан оқырмандардан тонналап хат келе бастайды. Әлі күнге дейін «The Catcher in the Rye» романын оқыған адамдар оның басты кейіпкерінен айна қатесіз өзін көреді. Бір ғана кейіпкердің әр оқырманнан өз егізін табуы мүмкін бе? Меніңше, мүмкін емес. Түсінбедім. Әрі қарай жылжиық.

1965 жылдан кейін, атағы әбден шарықтау шағына жеткен кезде Сэлинджер шығармаларын басудан бас тартып, адамдардан алыстап, жалғыздықта өмір сүруге шешім қабылдайды. Өмірінің соңына дейін (2010 жылға дейін) бұл антынан қайтқан емес. Маргарет есімді қызы кейін әкесі туралы естелік кітап жазады. Ол кітап та бірден бестселлерге айналады.  Сэлинджер әке ретінде онша емес болған екен, қызына керегінше көңіл аудармаған, балмұздақ сатып әпермеген, Пол Маккартнимен таныстыруға уәде беріп, сөзінде тұрмаған және т.с.с. Кітапты қарап шығып, жасөспірім қыздың өкпелерінен басқа, Сэлинджер туралы түртіп алуға тұрарлық бір дәйек таба алмадым. Бір де бір нақты сұхбат та жоқ.

Толық танып білмек үшін Сэлинджерді бірнеше қайталап оқымасқа болмады. Алғаш рет бір демде әдемі оқып шықтым. Еркін ескен самал жел іспеттес – ғажап! Қайта оқыдым. Қайталап тағы оқыдым. Қолымда – қарындаш, қайта-қайта оқи беремін. Бір авторды осынша ұзақ түсіндіре алмауым сергелдеңге салды. Неге Сэлинджер? Неге дәл оның шығармашылығы талдауға бағынбады?…

   The New Yorker газетінің бетінде ешқашан өткінші дүние жарияланбаған. Әлі күнге дейін әлем әдебиеті осы баспаның аузына қарап отыратыны рас. ХХ-ХХІ ғасырдың үздік қаламгерлері алғашқы қадамдарын осы баспадан бастады. Оның ішінде, мәселен, Джон ЧиверЭлис МанроТрумэн КапотеХаруки МуракамиВладимир Набоков, Джон О’Хара, Джон АпдайкСтивен КингИосиф Бродский және Сергей Довлатовтар бар. Сэлинджер де кейіннен «Тоғыз әңгіме» (Nine Stories) атты хикаялар жинағы болып шыққан  шығармаларының тұсауын осы апталықтың бетінде кескен екен. Меніңше, Сэлинджер шығармашылығындағы қысқа жанрдың салмағы оның ең танымал романынан басым. Тоғыз әңгіменің тақырыптары жан-жақты болғанымен, оның кейбір бөліктері автордың басқа да шығармаларымен байланыс орнатып, соңында сюжеттер мен түрлі фабула үлкен бір панорамаға айналады. Әңгімелердің басым бөлігі автордың қиялынан туған Гласс жанұясы туралы жазылған. Жинақтың шымылдығын ашатын керемет әңгімелердің бірі «А perfect day for bananafish» («Банан балық үшін мінсіз/ғажап күн» –  Автор; орысшасы: «Хорошо ловится рыбка-бананка» – Р.Коволева аудармасы) әңгімесіне тоқталайық. Ол үшін алғашқы бөлімін аса зейін қойып оқу – парыз:

«THERE WERE ninety-seven New York advertising men in the hotel, and, the way they were monopolizing the long-distance lines, the girl in 507 had to wait from noon till almost two-thirty to get her call through. <…> She took the spot out of the skirt of her beige suit. She moved the button on her Saks blouse. She tweezed out two freshly surfaced hairs in her mole. When the operator finally rang her room, she was sitting on the window seat and had almost finished putting lacquer on the nails of her left hand».

Орысшасы: «В гостинице жили девяносто семь нью-йоркцев, агентов по рекламе, и они так загрузили междугородный телефон, что молодой женщине из 507-го номера пришлось ждать полдня, почти до половины третьего, пока ее соединили <…> Она вывела пятнышко с юбки от бежевого костюма. Она переставила пуговку на готовой блузке. Она выщипнула два волосика, выросшие на родинке. И когда телефонистка наконец позвонила, она, сидя на диванчике у окна, уже кончала покрывать лаком ногти на левой руке».

Осы сәтті көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Қонақ үйде тоқсан жеті адам тұрады екен. Тілге тиек етіп отырған жас келіншек бес жүз жетінші бөлмені жалдаған. Одан кейін ақшыл киім, боялған тырнақ, телефон дауыстары, терезеге жақын отырған келіншек… Сэлинджер әңгімені бірден  өте детальды сипаттамадан бастайды. Жоғарыда жазылған жағдайды елестету қиын емес. Міне – телефон шырылдары, қарбалас адамдар, міне – терезе, міне – тырнақ бояйтын лак. Алайда әңгімеде бір де бір портреттік сипаттама жоқ екенін кейін барып аңғардым: адамның миы детальды сипаттаманы тезірек қабылдайды. Былай қарасаңыз, кинематографиялық бейнелеуге бергісіз сөйлемдер, екінші жағынан сипатталып отырған келіншектің нақты түрі, шашының түсі, мамандығы, жалпы не істеп жүргені туралы бір де бір белгі жоқ. Иә, сөзбен өрнектелген жағдайды елестету қиын емес, бірақ автор сонысымен оқырманды сюжеттің ішіне өзін қоюға амалсыз мәжбүрлейді, ең қызығы  мұны бірден түсіну қиын. Мұндай құбылысты Сэлинджерге дейін, одан кейін де ешкім қолданбаған. Ал классикалық формаларға үйренген оқырманға  тұзаққа түскендей өз ойларымен онаша қалмасқа болмайды. Тұрмыстық қимыл-қозғалыс пен жаттанды іс-әрекеттер – автор жоғалды, сюжетте сіз ғана қалдыңыз деуге болады… Қызық…

Сюжетке арқау болған банан балық туралы әфсананың орны бөлек. Балықтар судың түбінде банандарға толы үңгірге түседі-мыс. Оған дейін қарапайым балық болған жаратылыс үңгірге түскен беті ес-түсінен айырылып, банандарды тоқтаусыз жей бастайды екен. Бір балық солай жетпіс сегіз банан жеп, үңгірден шыға алмай, жарылып өлген. Сэлинджердің әңгімеде қолданған осы бір қысқаша ғана мысалы сіз бен біздің өмірімізден сыр шерткендей емес пе: адам баласы жер бетіне келгеннен кейін өмірінің соңына дейін ішін түрлі дүниелермен толтыра бастайды – ізденеді, адасады, сүйеді, күйеді, ақыры тоймастан, соңында банан балық сияқты «жарылып» өледі. Бұл жердегі «жарылып» өлу дегеніміз – еркіндікке қол жеткізу. Мұндай ойлар Сэлинджерде оны аса қызықтырған Дзен Буддизмнің, яғни Азияда кеңінен таралған діни философиялық ілімнің ықпалынан туындаса керек. Дзен Буддизмдегі маңызды түсініктің бірі: Сатори – өмірдің мәнін табу – тамақ, күлкі, ұйқыдан азат болу туралы түсінік банан балықтың мысалын еске салады. Ал әңгіме желісіндегі  банан балық туралы сөз қозғаған Симор Гласс – соғыстан қайтқан азамат. Ол өзін талай жыл күткен әйелімен бірге демалысқа келген екен. Симор ыстық күндердің бірінде  суға түсіп, бір сергіп алып, банан балық туралы әңгімені кішкентай қызға айтып беріп, баланың аяғынан сүйіп алады. Содан кейін бөлмесіне қайтып, сөмкесінен соғыстан қалған тапаншасымен өзіне қол салады. Әңгіме осы жерден аяқталады.

Кішігірім ғана әңгіменің бір-екі көрінісі осындай. Біріншіден, Сэлинджер фрагменттік және детальдік сипаттама, бейнелеу беру арқылы оқырманды амалсыз сюжетке енгізеді. Автор оқырмандарынан шын өмірде де алыстаған болса, шығармаларында да дәл солай көкжиектен көрінген кешкі елестей күннің қызыл шапағымен еріп, енді жеттім дегенде бірден ғайып болады. Үйреншікті тұрмыстық фрагменттерді көз алдымызға келтіріп, туынды арқауына біздің эмоциямызды қолданады. Сонда біз Сэлинджерді оқымай, Сэлинджер бізді оқып отырғанын түсіне аламыз. Әңгімелердегі қолданылған формалар мен бейнелер қаламның қуатымен иллюзиялық әлемді жандандырған. Оқырмандардың шығармалардан нақты өзін көруінің  мәні де осында жатыр. Бұл тәсіл келесі әңгімелерінде де қолданылады. Симордан басқа Гласстар отбасының өкілдері немесе оларға қатысты кейіпкерлер де Дзен Буддизм сынды Сэлинджердің тылсым әлеміндегі ойлар арқылы  әлсін-әлсін алыстан жаңғырып, тарқатылады. Алайда оның басты кейіпкері СІЗ болып қала бересіз. Ағылшын тілінен аударғанда «Glass» «Шыны» дегенді білдіреді. Тоғыз әңгіме айналасында осы сөз түрленіп,  қолданылады: терезе, шыны, айна, көзілдірік, стақан – қайта-қайта Гласс тегінің атауын қайталай береді. Бұл да сюжеттің айна, шыны іспеттес сіздің алдыңыздан қайта-қайта өзіңізді шығаратынынан бір белгі беретіндей.

Екіншіден, Сэлинджер тоғыз әңгіме айналасында өмірдің мәні, фәнилік әділдік туралы ойларын астарлап жеткізеді. Банан балық туралы оқиғаның орны да басқа әңгімелердегі ойлармен жалғанып, өмірдің мәнін жоққа шығарады. Бірақ өмірдің мәнін жоққа шығарса да,  оның түбінде ұлы ой жатқанын сездіреді.

Сэлинджерді танып, білу, оны зерттеп-зерделеу – Орфейдің сүйіктісі Эвридиканы үңгірден алып шығуы сынды мүмкін емес дүние. Шығармаларында оның тек көлеңкесі бар, өзгесінің барлығы оқырманның мойнында.

Жалпы, Америка әдебиеті осымен ұтымды болып отыр. Кеңес дәуірі жарты әлем әдебиетіне біраз шектеу қойғанын мойындауымыз керек. ТМД елдерінің әдебиеті саясат пен мемлекетке көп былғанды, одан қала берді, біздің прозамыз тапталған шеңбердің шегінен қатты алыстауға шегінеді. Америка – құрақ көрпе сияқты, қайдан келіп, қайда кетіп бара жатқандарын білмейді. Мүмкін содан болар, өмірлік маңызды сұрақтарға мәңгі жауап іздеп келеді. Тамыры терең қазақ үшін, жазам десе  тақырып тұрақсыз Америкадан мың есе көп болса керек. Бізге тек жазу керек…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір