Мен халқымның болашағына үреймен қараймын
12.05.2021
1323
3

Ақын Сағынбай Ибрагимов Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында дүниеге келген. 1982 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтын бітіріп, мерзімдік басылымдарда, баспада, Қарақалпақстан Жазушылар одағында қызмет еткен. Бірнеше өлеңдер жинағының авторы. Қарақалпақ поэзиясын жаңа көркемдік сатыға көтерген ақын ретінде бағаланады. Өзбекстан және Қарақалпақстан жазушылар одағының мүшесі. Бір жылдан бері Чехияның Брно қаласында тұрып жатыр.

– Егемендік алған соң Қарақалпақстан Жазушылар одағының жәй-күйі қалай болды? Одақты сақтап қала алдыңыздар ма?

– Жазушылар одағы совет шындығы үшін құрылған ұйым болды – сондықтан басқа түзілімде оның бұрынғы идеологиялық дәрежесі мен ықпалын сақтап қалу мүмкін емес еді. Демократиялық елдерде мұндай ұйымдар қоғамдық  маңызға ғана ие. Қарақалпақстан Жазушылар одағы бар. Дегенмен, бұл ұйым қаламгерлердің шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейту бойынша жұмыс істейтін ұйым болып қалыптаса алмады. Мен қаламгер ретінде бұл ұйымнан не күтемін? Одақ өзінің шығармашылық кеңестері әдеби-әлеуметтік маңызға ие деп тауып, баспаға ұсынған шығармаларды мемлекеттік тапсырыс негізінде шығару, жазушыларға мемлекеттік гранттар беру, шығармаларға лайықты қаламақы төлеу,  әдеби сыйлықтар ұйымдастыру сияқты мәселелерді үкіметтік деңгейде шешу бағытында жұмыс атқаруы тиіс-тін. Аталмыш мәселелер бұрынғы советтік республикада оң шешімін тапқан. Ата-бабамыздың «Быламықтың дәмін май келтіреді» деген сөзі бар. Посткеңестік дәуірде жиырма алты жыл бойы менің кітаптарым шықпады – оларды өз есебімнен шығаруым қажет болды. Ақыр аяғында, лажсыз, 2016 жылы, алпыс жылдығыма, таңдамалы өлеңдерімді өз қаржыммен шығардым. Ал, содан бері жазғандарымды кітап етіп шығаруды менің қалтам көтермейді. Қаламгерді осындай жағдайға салып қойған жазушылардың кәсіби одағы – бұл тек қағаз жүзіндегі ұйым деген сөз. Жазушылар одағының дұрыс-бұрыс қызметіне қарамастан, қарақалпақ әдебиетінде ғажайып тұлғалар бар. Әсіресе, поэзия саласындағы қаламдастарым Халила Дәулетназаров, Оразбай Сәтбаев, Бақтияр Генжемуратов, Жұманияз Өтениязовтар халқымызға өздерінің тамаша шығармаларын тарту етуде.

         Қарақалпақ халқының психологиясы мен мінезі Мінайхан Жұманазарова (марқұм), Гүлстан Дәулетова сияқты отжүректі ақын қыздарымыздың  жырларында көрінеді.

— Тәуелсіздік кезеңінде қарақалпақ әдебиеті қай бағытта дамыды? Проза, поэзия, драматургияда қандай өзгерістер, жетістіктер болды?

— Кеңестік кезеңде белгілі бір шығармашылық орта мен рухани атмосфера қалыптасқан еді – біз сол байлықты жоғалтып алдық. Бұл нәрселерді жоғалту оңай да, қайта тіктеу қиын екен. Біз нарықтық экономика жағдайында өмір сүрудеміз – ақшасы, мансабы барлар кітаптарын шығарады. Біз сияқты пақыр бұқараға сан тимейді – жазғандарын ат дорбасында сақтап жүре береді.

Посткеңестік кезеңдегі қарақалпақ әдебиеті – бұл шөлстан. Бүгінгі күні қарақалпақ әдебиетінің арбасын шиқылдатып тартып келе жатқан тұлғалар –  кеңестік дәуірдің қаламгерлері. Айналамыздағы үлкен әдебиеттерде – қазақ және өзбек әдебиеттерінде посткеңестік кезеңнің үлкен қаламгерлер тобы  пайда болды. Бізде осы бағыт болмады – бұл аз сан халықтың өзгешелігі ме… білмедім. Яғни, 1962 жылы туған, 1980 жылдардың басында әдебиетке келген Пәтима Мырзабаевадан соң қарақалпақ әдебиетіне кәсіби жазушы келген жоқ. Әрине, әуесқойлар жетіп артылады, көбі ана тілінде дұрыс сөйлем құрауды білмейді. Бәлкім, бұл трагедия осы ұрпақтың қосәліпбилік (кирилл, латын) орнаған дәуірде мәдени байлықтардан ажырап қалғаны себепті де болуы ықтимал.

— Жалпы сіз айтып отырған рухани кеңістік соңғы төрт жыл әдебиетке не берді?

— Мен өзім 2018-2021 жылдарда «Қарақалпақ әдебиеті» газетінде «Бердақтың «Шежіре» дастаны және қарақалпақтар тарихы» деген көлемді этнотарихи эссемді жарияладым. Бұл үшін осы әдеби газетті өз бастамасымен ашқан және басшылық етіп отырған Қарақалпақстан халық шайыры Гүлстан Мәтяқубова апайға шексіз ризашылығымды білдіремін. Алайда жоғарыда айтып өткенімдей, шығармашылыққа толық қолдау көрсетілмеген жағдайда, сапалы әрі сүйекті дүниелердің жарыққа шығуы қиын. Сананы тұрмыс билейді десек, шығармашылықты да тұрмыс тұсаулайды. Себебі, саф туынды – сана жемісі.

— Жас қаламгерлерге қамқорлық қай деңгейде?

– Жастар өзі жол тауып, телеграм каналдар арқылы шығармаларын жариялап, насихаттауда. Олардың бір-екеуін Жазушылар одағына қабылдап, жинақтарын шығарумен, әдеби жас ұрпақ тәрбиеленбейді. Бұл үшін де жалпы жастардың ақыл-ойын дамытатын басылымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары керек – бұлар бізде жоқ.

         Мәселен, Чехияда кітап дүкендеріне кірген болсаңыз, көркем әдебиеттен көзіңіз шағылысар еді. Адамзат ақыл-ойының жаңа өнімдері жедел түрде чех тіліне аударылып, оқырмандарға ұсынылады. Чех тілінде тұрғындардың барлық тобы үшін көркем әрі мазмұнды журналдар шығарылады – әсіресе, жастар мен студенттерге арналған осындай бірнеше журнал бар. Оларда ежелгі дүние мәдениеті тарихы мен бүгінгі мәдени үдерістерге байланысты маңызды материалдар жарияланады. Осындай еркін әрі бай ақпараттық ортада өспеген ұрпақтың өркениеттік болашағы бар дегенге өз басым сенбеймін.

Жастардың шығармашылығын көбірек қолдау – бұл нағыз дамушы елдер ұстанатын жемісті жоба. Алайда ол жағы бізде өкінішке қарай, әбден кенжелеп қалып отыр. Ең әуелі экономикасы мен руханиятына ден қойған мемлекет қана ілгері қадам алады. Ал тек технократтардың қоғамын құрған жүйе ізгіліктен алшақтай түседі. Жас ақын-жазушыларды осы тұрғыдан ерекше насихаттауымыз, қанаттандыруымыз керек-ақ.

— Аударма мәселесі қалай? Қарақалпақ әдебиетінен шетелге, шет тілдерден қарақалпақ тіліне аударылып жатқан шығармалар бар ма? Жалпы, әлем және Орталық Азия елдерімен әдеби байланыстар орнатылған ба?

–  Әлем көркем әдебиеті мен ақыл-ойының елу шақты ұлы шығармасы бар – Конфуций, Гомер, Платон, Данте, Шекспир, Стендаль, Лев Толстой… Осылардың шығармаларын ана тіліне аудара алған халық – рухани бай халық. Біз советтік кезеңде қарақалпақ тіліне осы ұлы туындылардың кейбіреулерін аударып үлгердік – Төлепберген Мәтмуратов Гетенің «Фаустын», Ұзақбай Піржанов Шекспирдің драмаларын аударды…

         Соңғы жылдарда Қарақалпақстан халық жазушысы Алпысбай Сұлтанов орыс тілінен Шыңғыс Айтматовтың кейінгі шығармалары мен Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романын тәржімалады.

         Алдағы уақытта әлем әдебиетінен қарақалпақ тіліне тәржіма жасайтын мамандар шықпайтын шығар. Себебі, мемлекетте бақалшылық әдеби аудармадан гөрі тиімдірек болса, талантты адам дүкен ашып кетеді – сарылып отырып кітап аудармайды.

         Өзімнің аудармашылық тәжірибемнен бір мысал келтірейін. Мен қырық жыл бойы мұсылмандық Шығыс әдебиетінің бірнеше еңбегін қарақалпақ тіліне аудардым. Бұлар – Низами, Бақырғани, Сағди, Науаи, Бабыр, Мақтымқұлы, Абай шығармалары. Солардың ішіндегі ірі туындылар – Сағдидің «Гүлстан» дастаны мен Абайдың «Ғақлиясы». Бұдан үш жыл бұрын осы аудармаларымды жинастырып, жеке кітап етіп шығару үшін тырысып көрдім. Баспалардың есігін қақтым, жоғары инстанцияларға хаттар жаздым. Бәрінен естігенім бір жауап:  «Ақша тауып шығара бер, мархабат!» Әсіресе, Абайдың қарасөздері – «Ғақлиясын» жеке кітап етіп шығара алмағаным жаныма қатты батты.

         Орталық Азия және әлем елдерімен әдеби байланысымыз кеңестік кезеңде де қарық емес еді, қазір тіпті жоқтың қасы. Бұл нені білдіреді, келесі жүз жылдықта қарақалпақ әдебиеті тіпті тұралайды деген сөз.

— Болашақта қарақалпақ әдебиетінің қай бағытта дамуын қалайсыз?

– Әдебиетті қоя тұрайық. Мен қарақалпақ халқының болашағына үлкен қауіппен әрі қорқынышпен қараймын. Арал экологиялық апатының салдарынан Қарақалпақстан тегіс дімкәстер отанына айналды.

         Біз зайыбымыз екеуміз (жазушы Гүлнара Ибрагимова – Б.Ұ.) Чехия медицинасының онкологиялық ауруларды дер кезінде анықтау және табысты емдеу бағытындағы жетістіктерін көріп, өзімізде денсаулықты сақтау саласының қай деңгейде екенін түсіндік. Шынын айтқанда, бізде дәрігерлер онкологиялық ауруларды соңғы сатыда ғана анықтайды әрі қарай бір-екі жыл химия терапия беріп, қонбайтын еммен үміттендіреді. Ең қорқыныштысы, бұл сала бейшара науқастың қолындағы бар-жоғын түгел сыпырып алып, тіпті  баспанасын да саттыратын қылмыстық бизнеске айналып барады.

         Өз қадірін білетін адамдардан құралған саяси элита өз халқын сапалы білім мен жақсы медициналық қызметпен қамтамасыз етуді ұйымдастырады. Егер мұны істей алмаса, мұндай басқарушы топтың аты басқаша аталмақ.

         Қарақалпақ әдебиетінің болашағы туралы мен бүгін ештеңе айта алмаймын. Бірақ, мына нәрсені сөз етуді жөн деп білемін. Қарақалпақтар бар болғаны жарты миллионның о жақ, бұ жағындағы аз санды халық саналады. Мұндай аз санды, жергілікті халықтардың тілі мен мәдениетін сақтау жөнінде БҰҰ-ның арнаулы қаулылары бар. Өйткені, аз санды халықтың тілі мен мәдениетін нарықтық экономиканың еркіне беру – бұл этностың тілі мен әдебиеті үшін өлім деген сөз.

Өзбекстан үкіметі осы жағдайды қаперінде сақтап,  қарақалпақ тілінде әлеуметтік-мәдени маңызға ие әдебиеттерді мемлекеттік тапсырыспен шығаруды қолға алуы тиіс деп санаймын.

— Бір жылдан бері Чехияда тұрып жатырсыз. Ол жерде шығармашылықпен айналысу үшін уақытыңыз жеткілікті болар?

– Әуелі, Еуропаға келу тарихымды айтып өткенім дұрыс. Үлкен қызым Зиба ағылшын тілі және психология маманы, Қарақалпақ мемлекеттік университеті (бакалавр) және АҚШ-тың Гонгаза университетін (магистратура) бітірген. Канадада тұрады. Кіші қызым Элеонора Корея жоғары білім және технология институты (KAIST) мен Нидерланд корольдігінің Делфт технология университетін бітірген. Өндіріс дизайнері, Нидерландта тұрып жатыр. Ұлым Инамжан орыс тілі маманы және бағдарламашы. Қарақалпақ мемлекеттік университеті мен Чехияның Масарик университетін бітірген. Брно қаласының тұрғыны. Балаларға қонаққа келіп, карантинге тап болдық. Сосын зайыбымның ауруы анықталды.

Мен қырық жасымнан кейін өлең жазбай қойғанмын. Еуропаға келіп, жоғалған шабыт періштесін таптым әрі «Брно дәптері» деген атпен жыр кітабымды дайындадым. Сондай-ақ, зайыбымның сұрақтарына жауап беру арқылы «Брно сұхбаттары» тақырыбымен өз өмірімдегі кейбір оқиғалар, әдеби үдерістер жайлы көзқарастарым сәулеленген тағы бір жинақ дүниеге келді. Жалпы, Құдай денсаулық берсе, ойымда жүрген дүниелер баршылық. Бір шетінен жаза берермін.

— Сұхбатыңызға көп рахмет!

                  Әңгімелескен Бегабат ҰЗАҚОВ

ПІКІРЛЕР3
Аноним 13.05.2021 | 08:34

» Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» дегеннің кебі. Қарақалпақ әдебиетінің келешегі не үреймен қараудамыз. Дұп- дұрыс әңгіме. Әдеби тілі әбден шұбарланып барады. Өзбекшеге .бет бұрып бара ма қалай? Қиын ахуал. Айта берсең әңгіме көп. Одан не пайда? Шығар жол бар ма? Оптимист болғым келеді- ақ. Бірақ…

Аноним 13.05.2021 | 09:40

Рахмет бұндай адамдар жеке дарын, алла тағаланың бөлек жаратқан адамдары деп есептеймін.Қарақалпақ халқына амандық, саулық шынайы ғарезсізлік тілеймен

Аноним 13.05.2021 | 14:10

Қарақалпақ елінің бүгінгі тағдырына алаңдаймын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір