Нұрбек Нұржанұлы. А-Z. №15 планета
12.05.2021
3728
0

Редакциядан: Нұрбек Нұржанұлы 1995 жылы 29 мамырда Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Ақермен ауылында өмірге келді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірді. Түркиядағы Ардахан университетінің магистранты. «Мұң Ай» атты жыр жинақтың авторы. Өзгеше ойлап, күтпеген шешімдер қабылдайтын жас қаламгерге зор үміт арта отырып, бір туындысын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

А-Z. №15 атты шағын планетада менен басқа ешбір пенденің қарасы көрінбейді. Бұл планетаға қалай, қашан келгенім қаперімде жоқ. Тек көзімді ашқанымда сансыз жұлдыздар менмұндалап, маған аялай қарап тұрғаны есімде. Бұл планетада бес-алты адым аттасам болғаны, тұрған жеріме қайтып ораламын. Сондай кішкентай. Құдды бір адамға ғана арналған ба дерсің. Планетамда – асулы тұрған жалғыз қоңыр щам, теледидар, орындық және телефон бар. Теледидар күндіз-түні қосулы тұрғанына қарамастан мен оған көп мән берген емеспін. Бар есіл-дертім ана-а-а-ау көктегі алқызыл реңкке боялған жолақтар. Олардың құшағындағы терең де сыршыл, құпияға толы бір әлем маған әлдене айтқысы келетін сияқты. Мен орындығымның үстіне шығып алып ұшқым кеп секірген сайын, олар одан бетер алыстап бара жатқандай болады да тұрады. Тым алыстағы жұлдыздарды да мендегі аспашамның бірі шығар деп ойлаймын. Оларда да мен сияқты тұрғындар мекен ететін болар, кім білсін? Жалғыздықты сезінген сайын сол шамшырақтарға қарап қолымды бұлғаймын да тұрамын. Ол аз десеңіз, дауысым қарлыққанша айқайлаймын: «Әй, жұлдызда-а-а-а-р, мені естисіңдер ме?..» Әттең, еш жауап келмейді. Үнсіздік. Кейде сол жұлдыздардың бірі ертеңгі үйім іспетті елестейді. Ондайда: «Иә, ана бір жұлдыз менікі», – деймін саусағымды Жеті қарақшының жоғарғы жағында жыпылықтап тұрған жұлдызға нұсқап. Планетамның гүлзарын аралап, аспан бақшасын көзбен серуендеп шаршағанымда орындығыма амалсыз қайта жайғасам. Планетамда бір ғана қайың ағашы бар, ал гүлдер әр-әр жерге ретсіз өскен. Аспанға қарағыштаған сайын оларға көп көңіл бөлуді қойдым. Ондайда олар маған ренжіп теріс қарап алады. Тіпті жұпарын да шашпай қояды. Сонда әтірсіз күлімсі иіске тұншығып барып олардың өкпелемеуін жылап тұрып жалына сұраймын. Көзімнен аққан жас тамырына қан жүгіртіп, гүлдер одан бетер құлпыра түседі. Олардың  менің жанымдай нәзік екенін сезем. Арамызда көзге көрінбес көпір барын да білем.

         Орындығымның үстіне шығып аспашамды түн баласы бұрап сөндіріп қоям. Сол кезде теледидар жарық әрі анық көрінеді. Негізі, оны «теледидар» дегеннен гөрі терезе дегенді жөн санаймын. Себебі, ол менің планетамнан тыс басқа әлемді көрсетіп жатады. Мұндайда үйінен аулаға қарап тұрған баладаймын. Алайда менің тереземдегі көріністерді көруді ешбір пендеге жазбасын. Күндіз-түні әйтеуір маған жат, бөгде бір адамдарды көрсетеді. Олардың бір-бірін өлтіргені, таққа таласып, атақ-абырой үшін сатқындыққа барғаны, ештеңеге тоймайтын құлқынға құл болып, соның қамымен күн-түнін өткізгені, т.б. Айта берсем үрейден аяқ-қолым дірілдеп кетеді. Міне, соның бәрін көріп отырып сондай планетада тумағаныма іштей қуанып қалам. Бірақ  ол планетада тек қантөгіс қана бар десем,  қиянат болар. Түрлі-түсті бау-бақтар мен қазық боп қадалған таулар, көздің жауын алатын мұхит-теңіздер баршылық. Әрі аспаны күн, ай, жұлдыздармен безендірілген. Түрлі кейіпке енетін бұлт сәнқой келіншектей іңір түссе болды қызыл шәлісін оранып, алқызыл опа-далапқа бояна қалатынына не дерсің. Алғашында көздің жауын алатын мынандай кереметтерге қарап отырып, мұндай планетада тумағаныма жабырқай бастағам. Артынан әлгіндей зұлымдықтарға куә болған соң қуықтай ғана планетамда шүкірімді айтып отыра бердім. Менің планетамда да төрт мезгіл ауысып отырады. Гүлдер суықта солса, көктемде қайта өсіп, гүлдей бастайды. Ал қайың жапырақтарына планетам көміліп қалады. Күз бойы соларды сыпырумен әлек болам. Жазда жапырақтары майда самалға тербеліп мен түсінбес әлдебір, ғайып сезімдердің жетегіне ертіп әкететін. Сол жапырақтар жанымда тербеліп, жүрегімде сыбдырлап жатқандай болатын да тұратын. Қыста ғой қар күреуден қол босамайды. Арасында тонымды жамылып алып, теледидар алдында мелшиіп отырам. Күн бірер минут қана көрінеді де батып кетеді. Түн ұзақ. Ондайда күннің орнын төбемдегі аспашам алмастырады. Айтпақшы, ұмытып барамын, үстел үстіндегі сымды телефон кей-кейде шырылдап қояды. Мен алам дегенше әлдекім тұтқаны қоя салады. Бірде алып үлгерген едім, ар жағындағы үнсіздік бірер сәтке жалғасты да «дың-дың» етіп байланыс үзіліп кетті. Сосын орындығымды телефонның қасына жақындатып қойып күн ұзақ шырылын күтіп отырдым. Аспанға қарап маған қоңырау соққан анау жұлдыздардың біріндегі әлдекім шығар деп ойға шомамын. Олай болуы мүмкін ғой. Зеріккенде теледидар арналарын тоқтаусыз ауыстырамын. Бірінде су тасқыны туралы хабар болып жатса, тағы бірінде аштық жалмаған елдімекенді көрсетіп жатады. Одан кейінгі арнадан тамақ жеуден жарысқан жұртшылықты көресің. Би билеп, көңіл көтергендердің өмірі жайлы бағдарлама да жетеді. Олардың шифонеріндегі киімдерінің біреуінің өзі бір отбасының жылдық тамағына жететін көрінеді. Соны мақтанышпен айтып, зәулім сарайларын аралатып шығады. Тағы бір арнадағы жаңалықтан биік ғимараттан секірген жас қыз жайында көрсетеді. Себебін сүйген жігіті көзіне шөп салған деп түсіндіреді. Енді бірінде – махаббаттан бастары айналған жігіт пен қыздың алғашқы таныстықтары туралы фильм. Көзім іліне бере пульт тетігін әзер басып, келесі арнаға ауыстырғанымда тікелей эфирде бір бағдарлама болып жатыр екен. Сыңарын іздегендер осы жерден бір-бірін таба алады екен. Бұл мені аса қызықтыра қоймады. Теледидар алдында телміріп отырып шаршаған соң, малтамды езіп отыра бермей маған күн сайын қоңырау соғып жүрген әлдекімге өзім қоңырау шалып көрейінші дедім. Елегізгенім бе, әлде жалғызсырағаным ба кім білсін, әйтеуір біреумен шүйіркелескім келді. Бірақ кіммен? Оны өзім де білмеймін, ойыма келген кез-келген нөмірді тере салдым. Дыңылдап бірнеше гудок барған кезде әлдебір ару тұтқаны көтерді:

– Алло, иә мен сізді тыңдап тұрмын…

–  Алло…

– Алло, өзіңізді таныстырып өтсеңіз… – дегенде ғана әйел дауысы екі жақтан, тұтқаның арғы жағынан және теледидардан шығып тұрғанын байқадым. Экранға жақындағанда шашы иығына төгілген, боянған, қара торы, орта бойлы бикешті көрдім.  – Сіз мені естіп тұрсыз ба?

– Иә…

–  Сұрағыңыз?..

Ойбай-ау, мынау сұрағыңыз дейді ғой, менде нендей сұрақ болушы еді. Десе де, сұрақ көп еді. 

– Сіздердің планеталарыңыз қалай аталады?

– Не… Сіз менімен қалжыңдасып тұрсыз ба? – деді экранның арғы жағындағы бикеш қабағын шытып. – Біздің мына қос үміткерге деген сұрағыңыз… Бұлар бір-біріне лайық деп ойлайсыз ба? Әлде айтар басқа ұсынысыңыз бар ма? Соны айтсаңыз?

– Ханым, сіз мені дұрыс түсінбедіңіз… Мен өзге планетадан хабарласып тұр едім. Алдымен сіздердің планеталарыңыз қалай аталады, соны біліп алайын деген едім…

– Қалай сонда?.. Расымен жат планетадан хабарласып тұрсыз ба? Міне, жаңалық! Міне, эксклюзив!  – деп, бикештің көзі шарасынан шығып кете жаздады. Камераға қайта қарап, – Мінеки, құрметті телекөрермендер, естімеген елде көп дегендей, біздің арнамызға жатпланеталық хабарласып тұр. Бұл – біздің бағдарламаны жер түгілі өзге ғаламшарлықтар да көреді деген сөз. Олай болса, біздің бағдарламадан тыс қалып қоймаңыздар. Әр сенбі, кешкі 18:30-да теледидарыңыз қосулы болсын. Сіздермен бірге  мен… – дей бергенде сөзін бөліп жібердім.

– Менде сұрақ бар…

–  Аа… – деді абдырап қалған ару, қызу сөйлеп жатқанда ойы шашырап. –  Олай болса, біздің құлағымыз сізде… Айтқандай сіз Жер атты планетаға хабарласып тұрсыз… – деді қуаныштан көзі күлімдеп.

– Сіздер неге соғыса бересіздер?

– Түсінбедім? – деді бикеш көзі жыпылықтап.

–  Неге сіздер біріңізді біріңізден үстем көресіздер?

–  Сіз қателестіңіз-ау деймін, ол басқа арнаның мәселесі болар. Біз мұнда жастарға теңін тауып беріп, бастарын қосамыз…

– Сіз мұнда ғашықтардың басын қосасыз, ол ғашықтар келесі арнада ажырасып жатыр, немесе солардың бірі өзіне қол жұмсап жатқанынан хабардарсыз ба? Ол аз десеңіз, солардан туған бала жетімдер үйін паналап жүр.

         – Кешіріңіз, біздің сізбен қоштасуымызға тура келіп тұр, – деді бикештің өңі бұзылып.

– Сіз маған «Қандай сұрағыңыз бар?» дедіңіз ғой. Енді неге жалтарасыз… Сіздер неге табиғаттан алыстап кеттіңіздер? Оны қоя беріңізші, Құдайдан ше? Сіздер жалпы, кімсіздер? Ақырғы мақсаттарыңыз не? Байыдыңыздар, мансаптарыңыз өсті, бәрі сіздердікі болды, қалауларыңыз орындалды, сосын, сосын ше?

– Неге тұтқаны қоймай жатырсыңдар, өшірсеңдерші тезірек! – деп экрандағы бикеш тіпті бозарып кетті.

– Адам ұрпағы, қайда бара жатырсыздар? – дей бергенім сол еді,  байланыс үзіліп кетті; дың-дың… – осы сұрақтарыма жауап?.. – дей беріп мен де тұтқаны қойдым. Ал көк жәшік ішіндегі әлгі бикеш көрермендерден кешірім сұрап, келесі үміткерді шымылдық ішіне шақырып жатты.  

Жаздың бел ортасы болатын. Орындығымды батысқа қаратып қойып аспанда неше жұлдыз бар екенін санап отырған бетім еді. Қатарымен санап келе жатып 3453-ке келгенде, бір жолын қайта санап шатасып кеттім-ау деймін, санымды бір соқтым да қайта санауға көштім. Сол сәтте телефоным әдеттегідей шыр-р ете қалды. Бұл жолы «Бәрібір үлгермеймін» деп асықпастан жақындадым да, тұтқаны көтеріп:

– Алло, – дедім қарсы тараптан бір жауап күтпесем де.

– Алло, мырзам, – деген қартаң ер кісінің қарлыққан дауысы естілді. Мен өз құлағыма өзім сенбестен тағы да:

– Алло… – дедім. Қарсы тараптан әлгі қарлыққан дауыс қайта естілді.

– Сіз мені естіп тұрсыз ба?

– Иә, иә, естіп тұрмын… – дедім басқа не айтарымды білмей.

– Біз сізбен қаншама уақыттан бері байланысқа шыға алмай жүрміз. Қашан қоңырау шалсақ та телефоныңызды көтермейсіз?

– Жоқ, олай емес. Мен телефонды көтере бергенде байланыс үзіліп кетеді. Немесе сіздердің дауыстарыңыз маған жетпей орта жолда қалып қояды, – дедім оны қалайда ренжітіп алмауға тырысып. Себебі  күнде көктен көріп жүрген жап-жарық жұлдыздар тұрғынының бірі болуы мүмкін ғой. Мұндай өзгеріс өмірімде алғаш боп тұрғанын жасыра алмаймын.

– Онда интернет желісі дұрыс болмай тұрса керек. Желі тағы үзіліп кетпей тұрғанда көп сөзді қойып шұғыл түрде хабарлама айтайын…

– Иә, құлағым сізде…

– Біз сізді бүгін алып кетеміз. Заттарыңызды дайындаңыз.

– Қалайша?  Неге?

– Солай болуы керек, мырзам.

– Сонда мені басқа планетаға алып кетпексіздер ме? – дедім нақ төбемдегі жұлдыздардың біріне көз тастап. Дауысым толқып шықса керек.

– Егер әрине сіз қарсы болмасаңыз.

– Жо-жоқ, о не дегеніңіз… – дедім төбемдегі жұлдыздардан әлі де көзімді алмай. – Енді менің басқа үйім болады ғой, солай ма?

– Дәл солай, мырзам. Біз сізге пырақ жібереміз. Одан құлап қалмаңыз. Өйткені ол сіз елестеткеннен әлдеқайда жылдам ұшады. Барынша тақымыңызды қысып ұстаңыз  және көп зат ала көрмеңіз. Ең керек дегендерін ғана алсаңыз жеткілікті.

– Теледидар, орындық, телеф… –  дей беріп едім, қарлыққан дауыс сөзімді бөліп жіберді…

– О, жоқ, айта көрмеңіз. Сізге тағы қайталап айтамын тек керек заттарды ғана. Жылы киімдеріңіз бен сол сияқты майда-шүйде жеткілікті, – деді де телефон тұтқасын қоя салды. Мен не істерімді білмей аңырайып тұрдым да қалдым. Не арыға, не беріге жылжитын шамам жоқ. Жаңа айтылған сөздерді оңайлықпен қорыта алатын емеспін. Сосын, өзімнің шағын планетама қимай көз тастадым. Қайың ағашы орамалын бұлғаған арудай жапырақтарын тербетіп тұр. Жұлдызға тағы бір көз тастадым да: «Кетуім керек», –  дедім өзіме. Іштей қайыңнан кешірім сұрағандаймын. Әлдене деп күбірлеп гүлшанақтарға сөйлеп жүргенімді қайыңды ойлап болған соң ғана аңғардым. Сондағым, «Гүлдерім, солмаңдаршы» дегенім екен. Теледидарды сөндірдім. Шкафтан шабаданымды алып, – жылы киімдерімнің бірнешеуін салдым. Гүлдерімнің бірін топырағымен құмыраға отырғыздым да, оны да алдым. Қайыңның бір жапырағын төсқалтама салып қойдым. Шабаданымды жауып, орындыққа жайғасып, құс жолына үздіге қарап, пырағымды күтіп отырдым. Көп ұзаған жоқ, пырақ ұшып келіп жаныма қонды. Бір қанатының өзі планетамды жауып қаларлықтай үлкен еді. Көзім шарасынан шыға таңырқап тұрдым да қалдым. Ол сөйлегенде талып қалмағаныма қайран қаламын.

– Мен – елшімін. Сізді алып кетуге келдім, мырзам, – деді алдыңғы аяқтарын бүгіп. Онысы арқама отыр дегені болар деп түсіндім.

– Біз анау жұлдызға барамыз ба? – дедім тістей беріп түлеп кеткен саусағымды жоғары нұсқап. Пырақ көзін аударып мен нұсқаған жаққа қарап:

– Иә, біз сонда барамыз, мырзам, – деді басын қайта төмен түсіріп. Қуанышымда шек болмаған шығар, тез-тез заттарымды аттың үстіне өңгердім. Аспашамымды соңғы рет бұрып өшірдім. Торлаған түнектен пырағымды әзер тауып міндім. Ол асықпай орнынан көтеріліп көкке ұша жөнелді. Артыма бұрылып қарағанымда планетам – менің мұңлы қарашығымдай жабырқап қалды. «А-Z. №15» планетасы бағалы заттарым мен жиһаздарымды, көптеген естеліктерімді сақтап мәңгіге қалып қойды. «Аспанда адасып жүрген ғарыш кемелерінің біріне тұрақ болар» деген тәтті үмітпен оған соңғы рет көз тастадым да, болашағыма аттанып кеттім. Біз көп жол жүрдік. Нақты қанша сағат, неше күн екенінен хабарым жоқ. Алғашында санап отырып, ақырында жаңылысып кеттім. «Жолда небір шытырман оқиғаларға кезіксек екен» деген қалау мол болғанымен, ондай жайттардың нышаны да көрінбеді. Тек ұзынсонар аспан жолындағы ұшу ғана.

Қанша ұйықтағаным белгісіз, жан-жағыма керіліп, есінеп көз тастадым. Бәлкім құсұйқы шығар деп ойладым. Жоқ, сөйтсем әжептәуір уақыт ұйықтаған сыңайлымын. Себебі әлгі алыстан «кел де кел» деп тұрған жұлдыздарға жақындап қалғанымызды байқадым. Енді сәл тағат қылсам,  екінші үйіме де жетіп қалармын. Пырақтың жалынан сипалап:

 – Біздің үй осы маңда ма? – деп сұрадым.

– Жоқ, осы аспан денелерінен өткеннен соң ғана.

– Тезірек ұшасыз ба?

– Сәл сабыр етсеңіз жетіп қаламыз, мырзам.

Бірер сағаттан соң мен қаншама уақыттан бері жұлдыз деп ойлаған планеталардың қасынан өтіп бара жаттық.

– Сіздің көзіңіздің жауын алатын кереметтер алдыңыздан ойламаған жерден шығады. Оларға еріп кетпегейсіз. Небір дұшпандар бізді бұл маңда тұтқында ұстап қалу үшін бар амал-айласын істеп бағады. Бұл планеталарда жақсы да, жаман да тұрғындар бар. Сақ болыңыз!

– Олар бізге не үшін қастандық жасасын! Бізде қай әкесінің құны бар?

– Олардың ниеті сізді бара жатқан планетаңызға жеткізбей өз планеталарында тұтқында ұстау. Сондағысы сізді құл қылу, – деді астымдағы пырақ қатаң үнмен. Пырақтың ойламаған жерден бұлай ескертуі  бойымда үрей мен күрес сезімін туғызды. Олардың тұзағына түсіп қалмау үшін өз-өзімді іштей дайындадым. Алайда  үлкенді-кішілі планеталардың маңынан өте бергенімізде ойым сан-саққа жүгіріп, шашырап кетті. Неге десеңіз, көз алдымдағы көріністердің қарапайымдығы соншалық, не үрейленерімді, не күлерімді білмедім. Оң жағымдағы шағын планетада бір әйел асүйінде тамақ әзірлеп жатыр. Ал  еркек (күйеуі болса керек) аяқты аспанға көтеріп газет оқып жатыр. Анау бір планетада бір кісі темекісін шегіп кеңістікке көз тастап тұр. Арғы жағындағы радиодан жүргізушінің жарқын үні естіледі. Осылай тізбектелген менің әлемім іспеттес планеталар түкірігің жететіндей қашықтықта қатар-қатар орналасқаны сонша санап тауыса алмассың. Біреуі шам жарығында дәріске дайындалса, енді бірі кешкі ауқатын ішіп отыр. Қартайған бірі әжімді тарамыс саусақтарын созып пианинода әлдебір күйге бөленуде. Осынау аспан қалашығының кішкене планеталарындағы қарапайым тұрғындар қастарынан өтіп бара жатқаныма еш мән бермеді. Тек қанаты тала бастаған пырағым, жұлдыздар шоғырынан шыға бере бір планетаның үстіне амалсыздан қонды. Мен де үстінен түсіп, айналама бажайлап көз тастай бастадым. Мұнда біреу-міреу мекендей ме деген ой еді сондағым. Алайда ешкімнің қарасы көрінбеген соң шалқамнан жаттым.

– Қатты ұйықтап кетпеңіз, сәлден соң жолға қайта шығамыз, – деді ақылды пырағым. Ол да тынығуға жатты. Мен басымды изеп, жан-жағыма зер салдым да ешкімді байқамаған соң көз шырымын алуды ұйғардым. Көзім іліне бере бейтаныс бір әуенді естідім. Орнымнан асықпай көтеріліп айналама тағы қарадым. Ешкім жоқ. Бірақ сыбызғы үні маза беретін емес. Пырағым болса, ұйықтаған қалпынан қозғалар емес. Ақырын адымдап дауыс естілген жаққа қарай жүре бердім. Алдымнан алма ағашы шықты. Саясында сүттей аппақ, гүлдей жұпарлы, сұлу бикештің отырғанын байқадым. Көзін менен айыратын түрі жоқ. Өне бойымды ішіп-жеп тінте қарайды. Қолында тістелген алма. Жақындай бергенімде, найзадай кірпіктерін қадап:

– Келіңіз, ханзадам! Сізді күткеніме қаншама ғасыр болғанына еш шүбәңіз болмасын, – деді өзі отырған кілемнің шетін нәзік алақанымен отыр дегендей қағып. Ойымда ештеме жоқ қасына жайғастым. – Мына сіз көріп тұрған алып планета – менің патшалығым. Мен – осы планетаның ханшайымымын.

– Мұнда жапан даладан өзге ештеңе көзге ілінбейді ғой, ханшайым?..

– Бұл – шет жағы. Біз қазір алтынмен апталып, күміспен күптелген алып сарайыма барамыз. Соңымнан ілесіңіз, – деді ол орнынан түрегеліп.

– Мен пырағыммен үйімізге жол тартып бара жатыр едім. Шақырғаныңызға рақмет, дегенмен біздің кетуіміз керек.

– Осы мекеннің ханзадасын жібере салу маған жараспас. Жүріңіз, ханзадам, ең болмаса сарайымнан дәм ауыз тиіп кетіңіз.

– Асығыспыз. Сосын, мен ешқандай да ханзада емеспін. Қарапайым «А-Z. №15» планетасының тұрғынымын.

– Сізге бір ұсынысым бар, қаласаңыз, осы планетаны сіз билейтін боласыз, мың құлым сіздің әміріңізде болады. Бар болғаны менің қасымда қалсаңыз екен.   

 – Жоқ, қала алмаймын. Жолға аттануым керек, – деп,  бұрыла бергенім сол еді, әлгі ханшайым жыланға айналып кетті де аяғыма оратыла бастады. Зәрем зәр түбіне кеткені соншалық, қалай алып-ұшып жүгіргенімді өзім де байқамай қалдым. Одан шөл далада олай бір, бұлай бір қашып ұзақ жүгірдім. Пырағымды алыстан көріп қуанғанымнан бар даусыммен айқайлай бастадым. 

– Ыыс-с-с-с, ыс-с-с-с, сіз осында қалуыңыз керек, ханзадам, – дейді әлгі жылан соңымнан қалмай жорғалап келе жатып. Пырағым әлденені сезді-ау деймін, қарсы шауып келді де, мені мінгізе салып көкке самғады. Аяқ астымдағы жылан жалмауыз кемпірге айналып кетті де, сыпырғыға отырып алып соңымызға түсті. Алайда пыраққа жету оңайға соқпаса керек, жарты жолда қалып қойды. Алыстан үздік-создық дауысы естіліп тұрды: «Ме… сізд… күтем, ханз…дам…». Айлакер мыстанды шаң қаптырып кеткенімізге іштей масаттанып қалдым. Іш пыстырарлық планетаның мендей тұрғыны үшін мұндай шытырман оқиға көңіл көтеруден кем түспейтін еді. Дегенмен пырағымның үні көңіл күйімді су сепкендей басты:

– Егер біз одан қашып құтылмағанымызда өмір-бақи құлы болып қалатын едік. Ол бізді өзінің бар айласының құрбаны етіп, сиқырымен ойына келгенін істейтін еді. Құдай сақтады.

– Ол мені алғашында сарайына апарамын деді. Сол сарайдың ханзадасы қыламын деп көндірмекші болды. Алайда ескертуіңізді ескеріп, бұл бір айлакерлік шығар деген оймен сізге тезірек жетуге асықтым.

– Оның ешқандай сарайы да, тағы да жоқ. Ол – ханшайым емес, кәдімгі мыстан кемпір.

Тағы он күншілік жол жүрген соң алып планета көрінді. Әрине мен одан он есе, жүз есе үлкен планеталарды көргенмін. Ал  ол бәрінен өзгеше әрі сұлу болатын. Мұнда қыз-қыз қайнап жатқан өмірдің нышаны білінеді. Тек жақындай бере планетаны жазбай таныдым. Бұл мен ылғи теледидарымнан көріп жүрген қатыгездік пен зұлымдыққа толы Жер еді…

– Міне, біз жақындап қалдық, мырзам. Қонуға дайындала беріңіз. Мұнда жолай көрген планеталардағы жақсы-жаман тұрғындардың бәрі де табылады. Тіпті біз кездестірген мыстан кемпірдің жүзі шығады, айласы одан сан есе асып түсетіндері және бар. Дайын болыңыз.

– Жоқ, мен бұл планетаға бара алмаймын. Кері қайттық, пырақ. Мені өз үйіме апарып таста.

– Сіз не деп тұрсыз, мырзам? – деді ол кісінеп.

– Сізге қайталап айтамын, мен бұл жерге бармаймын. Бұл ылғи теледидардан көріп жүрген үрейге толы планета. Мұндағылар азғындыққа батқаны сонша, сөзбен айтудың өзі қорқынышты. Менің мұндай жерге барғым жоқ.

– Келісім беріп қойдыңыз. Өкінішке қарай, енді бәрі кеш, мырзам.

– Жоқ, кері қайтайықшы, – дедім, көзімнен жас парлап. Көз алдыма теледидардан көрген сәбилерге, жан-жануарларға жасалған қиянаттар елестеп кетті.

– Салыңыз суға кетпесін. Мұнда сіз ойлағандай бәрі жаман емес. Жақсылар да өте көп. Кәдімгі жақсылық пен жамандықтың күресі. Мүмкін сіз келіп бұл әлем одан бетер жақсара түсетін шығар, кім білсін. Бұл жер сізді қажет ететін болар. Бәрі де өзіңізге байланысты. Осы әлемді өзгерткіңіз келмей ме әлде? Планета тек ол емес, нағыз планета мына сізсіз. Нағыз әлем – сіздің жұмыр жүрегіңіз. Әрі  бұл планетадан да кететін күн болады. Оған дейін көп болса, жүз жыл жасарсыз. Содан соң тағы да басқа әлемге сапарға аттанамыз… Оған дейін көп уақыт бар. Әзірге бас қатырмай-ақ қойыңыз, – деді пырағым жерге жақындап қалғанда ары-бері айналып ұшып. Менің екі иінім салбырап амалсыз көндім. Алайда жерге жақындаған сайын жылағым келіп кеңірдегіме өксік тығыла берді. – Жер атты планетаға қош келдіңіз, мырзам, – деді қайтадан ақылды пырақ. Жерге жетер-жетпес бақырып жылап жібердім. Одан кейінгісі есімде жоқ. 

№7 перзентхананың бас дәрігері Досбол Алтынқұлұлы шақалақты анасының кеудесіне қойып жатып, «Сіз ұлды болдыңыз, ханым. Құтты болсын!» – деді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір