Мен – қазақпын!
11.05.2021
1488
0

Бұл азаматпен осыдан үш жыл бұрын бір қысылтаяң шаруаның үстінде таныстым. Мәрттігін, мейірімділігін, бүтін болмысын көрдім. Мақалмен тұздықтап сөйлеген қазақшасымен, адами амалдарымен тәнті еткен еді. Нәсілі орыс болғанымен, жүрегі қазақ екенін түсіндім. Қазақстан Халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы өтіп жатқан тұста әрі Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында осындай арда адамнан сұхбат алуды жөн көрдік. Бүгінгі кейіпкеріміз «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны жұмысшыларының жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Вавилин Вячеслав Дмитрийұлы болмақ.

– Бәке, Жетісу ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған кезіңізде көп балалы отбасының мұқтаждығын айта барғанымда көмек көрсетіп, азаматтық таныттыңыз, сол ізгі амалыңызға риза болғанбыз. Осынау атаулы күнде мынадай сұрағымыз бар… Сіз үшін Отан қандай ұғым?

– «Отан оттан да ыстық» дейміз ғой. Бұдан қасиетті қандай ұғым болуы мүмкін? Өзімді мысалға келтіріп айтсам, қырық жыл бұрын осы әсем қаламыз Алматыда дүниеге келіппін. Өмірім осы шаһармен үндес. Төрт перзент сүйдім осы қалада. Бұл қалада қазақтың жаны жатыр, меніңше. Отан деген қазақтан, қазақылықтан, ұлтқа махаббат пен сүйіспеншіліктен құралады. Біздің Елде ең киелі, баршамыз қастерлейтін түсінік сол ғана болуы керек! Әрбір азамат осындай қағидатпен ғұмыр кешіп, өз қызметін адал атқарса, нұр үстіне нұр болар еді-ау… Сонда ғана Қазақ Елінің көсегесі көгермек!

 Бәрекелді! Өзіңіз жайлы бірекі шарада үлкен ағаларымыздың жақсы пікірлерін естігенім бар. Әсіресе, саңлақ суретші, қажырлы қайраткер Амандос Ақанаев ағамыз үнемі тілге тиек етеді. Сіздерді байланыстырып тұрған қандай құпия бар?

– Еш құпия жоқ, Ереке… Жеті жыл бұрын «Құрмет» орденінің иегері, әскери қызметкер болған аяулы азамат Асхат Қаратабанов суретші көкеміздің студиясына ертіп апарып, Амандос ағамен таныстырды. Өзім де бала күнімнен сурет өнеріне жақын болғандықтан ба, әлде, жайсаң жанның жүрегінің жылуын сезінгеннен бе, ардақты ағамызға інілік ілтипат, бауырлық сүйіспеншілік пайда болды. Ол кісі жасы жетпістен асқан, мемлекеттік сыйлыққа, сан түрлі марапатқа ие болған, Елбасымен де, Президентпен де кездесіп, пікір алмасып жүрген ақсақал ғой. Ең үздік жұмыстары Нью-Йоркте, Еуропада, Мәскеуде тұрған сол шын қазақ ағамызды қалай мақтан тұтпассың? Әкеден ертерек айырылған маған, ол кісі әкемдей қамқорлық қылып жүрген ғажап адам, абзал жанды ағатайым! Өмірде де, өнерде де өнеге көрсетіп, жол сілтеп, үнемі ақылын айтып отырады. Біраз жыл бұрын жұмыстарымды бағалап, өзі негізін қалаған Көркем Академиясының мүшелігіне қабылдады. Бізде тұлға тағылымы арқылы, я, өнер өнегесі арқылы тәрбиелеу деген түсіктер бар. Қазақ кең пейілді халық қой… Өнері де сондай, шексіздікке, кеңістікке бейім келеді. Сурет өнері болсын немесе мүсін өнері болсын, қазақтың ізі көрініп, үні естіліп, иісі шығып тұруы керек. Осындай ұлағатты ағалар аман болсын!…

Екеуіңіздің тізе қосып атқарған бір істеріңіз есімде бар. Жетісу ауданы әкімдігі алдындағы Хакім Абайдың мүсінін айтамын…

– Иә, бұл жобаны басынан аяғына дейін Амандос аға өз бақылауында ұстады. Ескерткіш авторы керемет мүсінші Тілеуберді Бинаш ағамыз іссапарда болғандықтан, ашылу салтанатында кіріспе сөзді де Амандос ағаның өзі айтып еді. Бұл да бір ғанибетті іс болды ғой…

         Қай жерге барсақ та, ел иесіз, жер киесіз емес қой, алдымен сол жергілікті ұлтқа тән белгілері, өзінің төл таңбалары көрініп тұрмай ма?! Мәселен, Қазақ Елінің астанасына ұшақ қонып жатса да алдымен сол белгілер көрінуі шарт! Сырттан келген жат жұрттық қонақтар алдымен осыған назар аударары сөзсіз. Сол аудан әкімдігінде қызметте жүргенімде күрделі жөндеуден кейін бір мектепті белгілі құрылыс компаниясынан қабылдап алатын болдым. Ғимараттың қасбетін түрлі-түсті жолақтармен бояп, әрлеген екен. Бұлары маған мүлдем ұнамады да, басшыларын шақырып алып: «Айналайындар-ау, бұл бағдаршам емес, мектеп қой… Сүйінбай Аронұлындай алыптың атындағы лицей емес пе?! Неге қазақтың ою-өрнегімен әрлемейсіңдер? Ұлттық кескініміз мен мұндалап, өзіміздің дара белгіміздің көрінісін көрсетуі керек. Талғам қайда?» – деп ескерту жасадым. Кейін бұл ғадетке айналды. Бұл мысал ғана… Еліміздің барша негізгі нысандарынан байқалуы керек мұндай белгілер. Амандос аға секілді ақсақалдар осындай сәттерде ізгі істің басынан табылатыны дәтке – қуат, көзге – қуаныш! Биыл Көркем  Академиясының құрылғанына он бес жыл болған екен. Бірнеше елеулі суреттің авторы ретінде Елбасы да осы Көркем  Академиясының құрметті мүшесі…

– Бәке, ағалар жайлы әңгімені жалғастыра берейік. Ақсақалдардың басын қосып, әлеуметтік желілерде жиі жариялап тұрасыз. Қарт генералдармен бірге түскен суреттеріңізді көріп, посттарыңызды оқып тұрамыз…

– Өмірімде болған жағдайды айтайын. Қазақ-Америка Университетінің  төрт жылдық оқуын түгескен соң, бесінші жылы АҚШ-қа барып, оқуды жалғастыруым қажет болды. Ол үшін жиырма бес мың доллар төлеуім керек екен. Апайларымды да, мені де көтерген, асырап, баққан жалғыз анамда ондай қаражат қайдан болсын? Содан әскерге кеттім. Борышымды өтеп келген соң, Жоғарғы Сотқа қызметке тұрып, құқық қорғау саласында үздіксіз жұмыс істеп, 2015 жылы генерал Қайдаровпен таныстым. Құрамында 120 мүшесі бар «Республикалық Генералдар Кеңесі» атты ұйымның мүмкіндігін сол кезде көрдім. Ардагерлер Президиум арқылы шешім шығарып, мемлекеттік мекемелерге, қоғамдық ұйымдарға ұсыныстар жасайды. Осы шешімдердің артында 120 қарт сардардың тәжірибелері тұр. Сол ақсақалдардың өнегесі, тұлғалардың ұлағаты өте маңызды біздің қоғам үшін. Ол кісілерді әртүрлі шараларға шақырып, кеңестерін тыңдап, батасын алуға тырысамыз дәйім. Алматы қаласының аудандарында қызметте болғанымда да осы ұстанымда болдым. Бұл үлкен маңызы бар дүние ғой… Береке бар бұндай ізгі істе!

–  Сіздің кабинетіңізден бірде «Қазақтың салт-дәстүрлері» деген көлемді кітапты көрген едім. Кейін өзіңіз де әлеуметтік желіде сол туралы түсіндірме жарияладыңыз. Ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар бойынша біліміңізді байқап, таңданыс білдіргеніміз жасырын емес… Осы жайлы айтсаңыз…

–  Өткен жылғы Оразада үйде болдық қой баршамыз. Мына зауалдың жаңадан күш алып келе жатқан тұсы еді. Шығармашылық адамына оның пайдасы да болғаны анық. Бұрын қанша адамдарды қозғап, жинап әуреге түсіп жүрсек, қазір қара шаңырағымызда отырып-ақ талай шаруаның басын қайыруға мүмкіндік бар. Сіз айтып отырған кітаптың авторы тамаша этнограф, қаламы қарымды қаламгер Сейіт Кенжеахметов ағамыз… Оған Алла Тағала разы болсын! Тілді бір кісідей білгеніммен, салт-дәстүр жағынан кемшін тұстарымды толықтыру үшін мақсатты түрде осы ерен еңбекті оқыдым. Бұл кітапта терең білім бар. Әр дәстүрдің қалыптасу тарихы, себебі егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Рамазан айында осы кітапты игеріп, түсінбеген жерлерімді белгілеп, тереңірек үңілдім, өзім үшін зерттеу жүргіздім, жадыма түйдім. Ең ұнамды тұстарын көпшілікпен бөлісіп, ұмытылып бара жатқан дәстүрлерге көбірек көңіл бөлдім. Мысалы, ашамайға отырғызу үрдісі туралы біраз әңгіме тарқаттық. Бұларды айтпасақ, күні ертең архаизмге айналады. Қанша жерден қазақпыз деп күпінсек те, тереңде жатқан тамырымызды танымай, ұлтпыз деу бекершілік! Осыдан түйгенімді насихаттадым… Қазақ қана емес, қаны түркіге, Елімізді мекендеген баршаның баласына пайдалы дүниелер ғой бұл айтып отырғандарымыз. Менікі үлгі болсын деген ниет еді…

– Бірен-саран ауылдарда ғана сақталған салт-дәстүрлерді дәріптеп, ерекше ықыласпен еңбектенгеніңізге тәнті болдым…

– Ескі жырдағы «Туырлығын турап бір, тоқым етсем деп едім» деген жолдардан қатты әсерлендім, бәрі содан басталды. Қазақ баршаны бауырына басқан қанша кең халық болса, тілі де соншалықты бай, жомарт, мүмкіндігі шексіз! Құдайға шүкір, ата тілім орыс тілі болғанымен, ана тілім – қазақ тілі. Ағылшын, араб тілдерін де оқыдым. Қазір қайта орысшаға шорқақтау болып жүрген жайым бар… Ал, қазақша сөздің түбін түсіреміз ғой…

– Қазақ тілінде біраз кітап оқыған боларсыз? Әдебиетке қатысты жазғандарыңызды оқып тұрамыз. Мұқағали шығармашылығы жайлы постыңызды көріп, разы болған едік. Сүйікті ақыныңыз да Мұқағали болар деп топшыладық…

– Мені Мұқаңның шығармашылығымен таныстырған «Құлагерде» тұратын ардақты ағамыз, мұқағалитанушы Шаяхмет Имашұлы болатын. Осыдан бес жыл бұрын маған ақиық ақынның таңдамалы жинағын сыйлап, мен мұзбалақтың жырларымен ауырдым. «Отан» атты өлеңі тап жүректің төрінен орын алды… Оқып берейін сізге…

–  Мұқағали мұражайы Қарасаздан Алматы музейіне көшпелі көрме болып келіп жатыр. Ұйымдастырушы ретінде Алматы қаласы Музейлер Бірлестігі өзіңізге арнайы шақыру да дайындап қойған екен…

– Көп рақмет! Ризамын.

– Енді әңгімені кәсіподаққа бұрсақ. Отыз мыңнан астам мүшесі бар саланың бес мың адамдық ұйымын басқарып отырсыз. Қазіргі зауал жағдайы ешкімге оңай соғып тұрған жоқ. Сіздердің тараптарыңыздан өз қызметкерлеріңізге, олардың отбасыларына көмек түрлері қарастырылған ба?

Әрине. Әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерге ұдайы көңіл бөлеміз. Осы қызметке келгелі, төрт айда тоғыз аймақты аралап, танысып үлгердім. Түрлі пікірлерді тыңдап, өз түйгендерім бар. Кәсіподақтың жұмысы біреу туғанда, я, біреу дүние салғанда ақша бөлумен шектелмейді ғой. Әлбетте, жәрдемнің сан түрін жасап жүрміз. Дегенмен ең басты көңіл бөлер тұсымыз ұлттық құндылықтармен біте қайнасып жатуы керек. Осы бағыттағы насихат шаралары кемшін қалмаса екен деймін. Көркем  Академиясымен бірігіп, «Менің әкем – құтқарушы» атты байқау ұйымдастырған едік. Мен ол кезде Шығыс Қазақстан  облыстық филиалын басқаратынмын. Әр бала өз ойында қалыптасқан әке бейнесін сурет арқылы жеткізуінде де терең тәрбие бар. Амандос аталарынан бата алып, мыңдаған бала қатысқан бұл байқау мәресіне жеткенде, қаншама бала жүлдегер болды, сыйлықтарға қол жеткізді. Шығыста Риддер деген кішігірім қала бар. Сол жердің мектебінің төрінде Академияның мақтау қағазы ілініп тұр. Бұл өнер өнегесі арқылы тәрбие деп білемін. Осындай жобаларды Жазушылар Одағымен де бірігіп ұйымдастыруға мүдделіміз. Балаларымызға өте пайдалы, тағылымы мол дүние болары сөзсіз.

– Кезінде кітапты көп оқыған ел болдық. Қазір экономикасы қатты дамыған Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері кітап оқудан ешкімді алдына салмайды екен. Қалай кітап оқытсақ екен жас буынға?

– Бізде насихат бар ма?! Жоқ, әрине. Әлеуметтік желілердің дәурені жүріп тұр… Бір үлкен басшымен ақылдасып, «мынадай басылымдарға жазылайық» десем, «Керек емес!» дейді. Оның түсінігінде, бәрі де желіде бар екен. Баспасөзге жазылмасақ, кітап оқымасақ, қандай деңгейге түсетініміз аян ғой. Осы күнге дейін теледидардан бір де бір кітаптың жарнамасын көрмеппін. Қайсыбір қаламгерлердің парақшасына жазылмасақ, шығармашылығындағы жаңалықтарды да білмес едік. Насихат та, арнайы ақпарат та, жоспарлы іс-шаралар да жоқ бұл бағытта. «Тірідей» оқығанға жетпейтін, телефонда өтіп жатқан ғұмыр болды. Мемлекеттік деңгейдегі бағдарлама жасамай болмайды…

– Президент қолдаған «Бір Ел – бір кітап» жобасы іске асырылып жатыр. Күллі әлем жаһанданып жатқан шақта жұтылып кетпеу үшін, ұлттық рухты, дербес болмысымызды ұстап тұру үшін қандай қадамдарға баруымыз керек?

– Балабақша, мектептен бастап, барлық деңгейде қазақы бояу көрінуі қажет. Ең алдыңғы лекте тіл тақырыбы тұруы керек. Алматыдағы ескерткішке қараңызшы… Әлия мен Мәншүк: «Мен – Қазақпын!» – деп тұр ғой. Қаланың осындай негізгі жерлерінде ұлт мақтаныштары тұрса, ғажап емес пе?! Бигелдинов пен Нұрмағамбетовтың ескерткіштері де осылай қасқайып тұруы заңды болар еді. Алла қаласа, жақын арада бұл сұрақтың да шешілері анық. Көзге түсетін орындардың, қоғамдық көліктің баршасы (ұшақтан таксиге дейін!) осындай қазақы мазмұнмен толықтырылуы керек. Заманауи сәулет өнерінде де, жаңа ғимараттардың бәріне осы талаптар қойылса жөн болар еді. Автобус пен метродаға: «Маскаңызды киіп алыңыз!» – деген сөздердің жанында, үстінгі жағында ұлттың ұлы тұлғаларының ұлағатты сөздері тұрмай ма?! Тіл мәселесі күн тәртібінен түспеуі шарт! Бір тілде білім жинаған адам жалқы гүл болса, мемлекеттік тілді қоса игеріп, бата алған жан гүл шоғына айналмай ма?!

–  Төрт балаңызға да қазақша есімдер бергеніңіз жайлы естіген едік…

– Жігерімді жинап, Елбасының алдында сөйлегенім бар ғой кезінде: «Түрі – сары, көзі – көк, Айтып тұрған сөзі көп» – деп жүрмеңіздер. Нәсілім орыс болса да, Мен – Қазақпын!»

Сол үдеден шығу керек қой! Соның дәлелі осы перзенттерімнің есім-сойлары, қазақы тәрбиесі болмақ. Тұла бойы тұңғышым – Сафийа. Соңынан үш ұл ерді. Мұхаммед атты ұлымды жаңбырлы күні туған соң, үй ішінде Жаңбырбай дейміз. Екінші ұлымның есімі – Адам, оны үйдегілер Жұбаныш атап кетті. Арабтар мұндай екінші ат телуді «күне» дейді екен. Кенжем – Жәди. Қазақтың бәрінен сұраймын осы есімнің мағынасын. Бұл желтоқсан айына ілесе келер амалдың аты ғой. Парсының «жұдай» сөзінің біздің тілдегі түрленуі екен. Ол ұлым ұлтымыздың ең қасиетті күні – 16 желтоқсанда дүниеге келген. Вася, Петя, Саша, Слава емес, қазақтың Жәдиі болып қалады…

– Әңгімемізді «Қазақ әдебиетінің» оқырмандарына айтар тілегіңізбен түйіндесек…

–  Осы мүмкіндікті пайдаланып, айтар тілегім көп еді…

 Иә, Алла Тағала!

Ел тұтқасындағы, дін басындағы жандарды, Отанымызды, отбасымызды, әлемдегі  барша адам  баласын қайғы-қасіреттен, зауал мен нәубеттен сақтай көр! Мың бір пәледен қорғай көр!

 Мына сары қазақ не деп кетті демесін, енді батаны шегеріп, тілек айтайын… Аман жүрейік, есен болайық, барлық шынайы ақ тілектер қабыл болғай! Бірлігі жарасқан Ел болсақ, бөліну де, бүліну де болмас, трайбализм де, басқа дерт те аулақ жүрер бізден… Ел аман, жұрт тыныш болса екен!

Ал  сіздерге үлкен шығармашылық табыстар тілеймін!

– Сұхбатыңызға көп рақмет!

Сұхбаттасқан АЛАШТУҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір