Музей – мәдениеттің қоймасы
21.04.2021
20081
0

Құрамына жеті музей кіретін «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» қызметінің негізгі мақсаты – еліміздің экономикасы мен мәдениетін дамытуда негізгі позициялардың бірін алатын ірі мегаполистің тарихын қайта құру және жүйелеу, қазіргі ұрпаққа өткеннің материалдық және рухани көрінісімен танысуға мүмкіндік жасау. Осыған орай мекемеде атқарылып жатқан негізгі шаралар түгелдей дерлік аталған мақсаттың үдесінен шығуға жоспарланып, сол бағытта жүргізіледі.

Жалпы айтқанда, музей – мәдениеттің қоймасы. Көпшілік арасында «Музейлер тек бағзыдан жеткен жәдігерлерді сақтап, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізумен айналысады» деген қасаң түсінік қалыптасқан. Шындығында, бұл мекемелерде одан да басқа сан тарау бағыттар бар. Сырт көзге томаға-тұйық көрініп, бір сарынды жұмыс атқаратындай сезілетін музейлердің ішкі шаруасы бір сәтке де толастамай, үнемі қазандай қайнап жатады. Мысалы, біздің бірлестікті айтар болсақ, былтырғы жылы тарихи-мәдени мұраны зерттеу және толықтыру, есепке алу, сақталуын қамтамасыз ету мақсатымен  бірлестік музейлері жинақтау және ғылыми-зерттеу жұмыстарын одан ары жалғастырып, нәтижесінде 1720 жәдігер жиналды. «Жылтырағанның бәрі – алтын емес» дегендей, бұл жәдігерлер – ел арасынан іздестірілген немесе жеке тұлғалардың өздері алып келген бұйымдардың ішінен арнайы талаптар бойынша іріктеп алынғандары ғана. Оларды іріктеу үшін ай сайын бірлестіктің ғылыми қызметкерлері жиналыс өткізіп, сараптау комиссиясының мақұлдауымен ғана қабылданады.

Музей қызметін насихаттау ісінде көрме жұмыстарын кеңейтудің де маңызы зор. Былтыр бірлестікте 40 көрме өткізілсе, биыл да сол деңгейден көрінеміз деп жоспарлап отырмыз. Мысалы, осы жылдың 19 ақпанында қазақтан шыққан тұңғыш диктор Зұлқия Жұматованың қатысуымен «Қазақ телевизиясының қарлығашы» атты көрме, 2 наурызда ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінің лауреаты, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мұхамбетқали Самратұлы Дүйсембаевтың «Кестелі тарих – сырлы әлем» атты сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ашылды. Ал 1984 жылдан бері 18 сәуірде атап өтілетін Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай 15 сәуірде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Әбішевтің «Әбішев әлемі» атты мүсіндер көрмесі ашылды. Зұлымдық пен әділдік, жамандық пен жақсылық, ақ пен қара арасындағы күрес, талас-тартыста шындық пен шынайылықтың жеңіске жететініне сенімді болып өткен Б.Әбішев күреспен келген шындықты, әділдікті бағалай білуді насихаттаумен өтті. Тәуелсіздікке қолы жетіп, халықтың рухы көтеріле бастаған сәтін жұмысында көрсетуге тырысқан скульптордың «Құлагердің» сызбасын жасай бастағанда  тылсымға кезіккен сәті қайран қалдырады. Б.Әбішев ол туралы: «Біз мүсінді жасамас бұрын оның макетін сызып алатынымыз бар. Құлагердің суретін сызғанда алғаш мен не сызғанымды білген жоқпын. Әйтеуір белгісіз бір күш қаламымды өзі жетелей берді. Өзімнен әлдеқайда көп бұрын өмір сүрген сақ мүсіншілерінің жұмыстарын кездейсоқ көргеннен кейін ғана не сызғанымды түсіндім. Менің жұмысыма олардікі соншалықты ұқсас еді. Яғни, мен үрдісті жалғастырыппын. Бұл – кездейсоқ құбылыс, әрине. Мұндай құбылыстарға мен бір емес, бірнеше рет кездестім. Оны мен арнайы іздемеймін, тылсым бір күш соған мені еріксіз тартып тұрады», – дейді.

«Өткенсіз болашақ жоқ, мақсатым – өткеніміз бен бүгінімізді байланыстыратын сабақтастықтың дәнекері болу», – деген Б.Әбішевтің көрмесі көпшіліктің көңілінен шығатынына  сенімдіміз.

Мұнымен қоса, қордағы жиналған материалдарды қазіргі заман талабына сай цифрландыру, сөйтіп сайттар арқылы музей жәдігерлерін әлемдік дәрежеде көрермен назарына ұсыну мәселесі де – бірлестік қолға алып, біртіндеп атқарып жатқан шаруалардың бірі. 2017 жылдан бастау алған бұл игі істің нәтижесінде музейдегі 62693 жәдігердің 46671 бірлігі цифрландырылды, бұл – жалпы экспонаттар санының 74,4 пайызы.

Қорыта айтқанда, «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК қаламыздағы эпидемиологиялық ахуалдың нашарлығына қарамастан шаһар мәдениетінің дамуына, қала тұрғындары мен қонақтарының мәдени демалысын өткізуіне жоғары деңгейде атсалысып келеді. Бірлестік басшылығы қаламыздағы өзге мәдени, білім беру ошақтарымен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойып, кәсіпорынға қарасты музейлер дөңгелек үстелдер, түрлі тақырыптағы көрмелер, онлайн экскурсиялар, танымал тұлғалармен кездесулер ұйымдастырды. Заманауи технологиялармен жабдықталған музейлер халықтың барлық тобына қызмет көрсете алатынын да мақтанышпен айта аламыз. Алматы қаласы тарихының шырақшысындай болып отырған Музейлер бірлестігінің есігі Сіздер үшін қашанда айқара ашық!

Әнуар ҮМБЕТАЛИЕВ,

«Алматы қаласы музейлер

бірлестігі» КМҚК директоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір