Жангелді Немеребай. Рұқсатсыз түске енетін сен ғанасың…
21.04.2021
523
1

                 Бір сәт

Мен бүгін өмірден бір сәтті ұрладым,

Мен бүгін «қателіктің» таттым нәрін.

Сананың бұздым солай тыныштығын,

Қаладым біле тұра хақтың барын.

Сол кезде мені іздеген өзге түгіл,

Өзімді өзіме де таптырмадым.

Көңілің бір нәрсені шын қаласа,

Болады екен Тәңірі бір қараса.

Болмайды екен ол шақта үнсіз қалу,

Болмайды екен жүректі тыңдамаса.

Өмірдің сол сәтіне тимес едім,

Сағым күн сабырымды ұрламаса.

О, ғажап!

Бақ-жұлдызым жанды бүгін,

Сепкендей періштелер таңғы нұрын.

Жеткендей қысқа қолым көкте күнге,

Бір үміт мұз-кеудемнен жарды гүлін.

Ал енді осы сәтті ұмытуға,

Жетер ме?

Әй, жетпейді-ау бар ғұмырым…

 

                      ***

Ең алғаш ынтызары ауған жандай,
Ең алғаш сұлулыққа арбалғандай,
Отырмын қара түнде арлы ойменен,
Түсі аппақ қарашада жауған қардай.

Түсі аппақ ең алғашқы жауған қардай,
(Құшақтап, келбетіңе таң қалғандай)
Отырмын қарашада  – оңашада,

Қызарып, әлденеден арланғандай.

Түсіме күз айлары жиі кірген –
Ақ бұлттар –  ақ жібектей иірілген.
Мен жүрмін сол бұлттарға балап сені,
Сен жүрсің аласармай биігіңнен.

Жырымның оқыған сәт ең жаңасын,
Көңілдің сейілтесің шер-наласын.
Қисапсыз мазаңды алған жан емес ем,
Рұқсатсыз түске енетін сен ғанасың.

 

                   Дицентра 

Талықсытып тау самалы бір өпкен,

Құшырланып қыр самалы бір өпкен,

Ресейліктер «Жаралы гүл»  десе де,

Құлпырасың сол жаралы жүрекпен.

 

Бәрібір де таңғажайып жамалың,

Хош иісті ханшайымы даланың.

Ох, Дицентра! 

Сені неге поляктар,

Туфлиі дейді  Құдай ананың?

 

Паң Париждің жырмен тербеп бесігін,

Ақындары ғаламға ашқан есігін.

Француздың бір шайыры өзіңе,

Жаннеттаның берген бәлкім есімін?

 

Ал  немістер «Жүрек гүлі»  дейді екен,

(Жүрек мұңын айтар ма едің сөйлесең?)

Мендельсонның құдіретті сазының,

Кейіпкері сен шығар деп ой кешем. 

 

Әркімдердің қолы жетпес  тау-шыңда,

Бүр жарасың сәуірменен маусымда.

Ох, Дицентра!

Жалғыз өзің  – гүлзарсың,

Жалғыз өзің баусың да.

 

Тәкаппарлау тал бойыңды Түн құшқан,

Жауыннан соң бұлтты жарып, Күн құшқан…

Жыр арнаған алғашқы ақын болсам ғой  ,

Болмасам да сені көрген тұңғыш жан.

 

Жүрегімнің жатқан терең түбінде,

Бір есім бар, гүлім де өзі, күнім де.

Сол бір жанның құрметіне атыңды,

«Айжүрек»  деп қойдым қазақ тілінде…

 

Сурет сыры

 Сияқты қайырмасы тәуір әннің,
барады басымыздан ауып әр күн.
Мен сені жолықтырған кезде түскен,
былтырғы суретімді тауып алдым.

Бұл бейне – сол бір шақпен құрдас екен,
бұл бейне –  мөлдір сәтпен сырлас екен.
Сурет пен сонда туған сезімге де,
дәл бүгін бір жас екен.

 

Өткенді іздеу барда, сұрау барда,

Көңілден болады екен жыр аулауға.

Суретке сен түсірген күн жақсы еді,

Суретке түспегелі жыл ауған ба?!

 

          Ғашықпын!

  (Ж.Жақыпбаевпен сырласу)

 Ғашықпын, о, Жұм-аға,  мен де сендей,
Сол жанға сұлу жоқтай теңдесердей.
Өмірден өрттей жанып өтсем деймін,
Жүректің  ішіндегі сәуле сөнбей.

Ес ауып Ләйлә сынды талдырмашқа,
Риясыз шомыламын жаңбыр-жасқа.
Мен қазір Жұматаймын, кешір, көке!
Болғанмен жаным ұқсас, тағдыр басқа.

«Сүйюдің, – дейді бір дос, – бағынан қаш»,
Алайда  жан емеспін сағына алмас.
Бір өлең сол қызға арнап жаза қалсам,
О, тоба! Ұнатады  жарым алғаш. 

Шабытын алатын тек Күн мен Айдан,
Менің де үйде – Зайдам, түзде  – Ләйләм.
Екеуге бір жүрекпен  жылу шашқан,
Ынтық боп көрмегендер бізге қайран.

 

Ғашықпын пәкзадалық пейілменен,

Ғашықпын, сезім дерті сейілмеген.

Бірақ та атын сендей айта алмадым,

Мен үшін  есімі оның – зейінді Өлең.

Жылжымас менің онсыз көшім жеке,
Ақылмен арпалыстым,  есім кете.
Өзіңе  жетпегенмен  ақындығым,
Кем емес ғашықтығым, 
кешір, көке!

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 21.12.2023 | 10:46

Бәрекелді!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір