Айбек Еережеп. Жүрегімді бересіз бе қайтарып…
21.04.2021
507
0

* * *

Самғап жүріп сізді көріп өмірден,

Сезімі оның теңіз болып шайқалып,

Бақшаңызда Мәжнүн құс боп егілген,

Жүрегімді бересіз бе қайтарып…

 

Алатауды қойсаңыз да жолына,

Кедергі ме сезіміне сенделген.

Сізді іздеп кеткен екен тағы да,

Ала таңда ұшып шығып кеудемнен.

 

Лала гүлдің күлтесіндей қанаты,

Қауырсыны сағынышты самалдай.

Жаралысы жаннан нәзік болатын,

Алыстағы айға күйіп қалардай.

 

Ей, перизат, сізді көріп өмірден,

Сезімі өлең теңіз болып шайқалып,

Бақшаңызда Мәжнүн құс боп егілген,

Жүрегімді бересіз бе қайтарып…

 

ЛӘЙЛЕГІМ

Ләйлегімнің қауырсынын суырып,

Жылатпаңдар,

ақша бұлтты сапырсын.

Сүмбіледен тамған сүтке жуынып,

Ерке құсым күнге қанат матырсын.

 

Ақ қанатын кеспеңдерші,

 өтінем,

Аспани жан сыймайды ғой алаңға.

«Махаббат» деп жазып айдың бетіне,

Сепсін нұрын сезімі жоқ ғаламға.

 

Үлпілдетіп жұлдыз тарап мамығын,

Бұлт үстінде қиялымен жарыссын.

Алқа қылып жәй отының жарығын,

Жаны сүйген еркіндікпен табыссын.

 

Ләйлегім-ай,

сезім құйған тұмадай,

Жүрегіңді қанат қылып қаға бер.

Жанарыңнан тамған жасқа шыдамай,

Құсқа айналып кетер ме екен қара жер…

 

***

Арудың ашщы көз жасын ішіп,

Солған гүлдерді көрдім мен.

Сезім көбелек алжасып ұшып,

Сор тауып алды сол гүлден.

Қанаты оның әппақ болатын,

Әсем бақ әппақ түс көрер.

Жүрегі гүлдің тоқтап қалатын,

Қауызын тастап ұшса егер.

Тастамас еді ендігі өмірде,

Айырды тағдыр гүлді одан.

Құмыра сүйеп соңғы демінде,

Әйнектен қарап тұрды оған.

 

Қураған гүлдің дертінен еміп,

Өзі де сөне бастады.

Бұл неткен сезім сертіне берік,

Қанатын жұлып тастады.

ЕЙ, ӘЛЕМНІҢ ҚҰСТАРЫ

Жер-әлемнің құстары, келіңдерші,

Ашайыншы, кеудеме еніңдерші.

Әлімсақтан әкелген әуезбенен,

Сайраңдаршы,

 бір әуен төгіңдерші.

 

Қуаныңдар, сағынып, торығыңдар,

Бұл кеудеде бәріңнің орының бар.

Ұя басып ойымның орманына,

Көңілімнің көліне шомылыңдар!

 

Азан-қазан жасаңдар қызық алуан,

Ардақтылар, аспанда ізі қалған!

Шөліркеген жаныма әкеліңдер,

Бұтағынан бұлттардың үзіп арман.

 

Ей, әлемнің құстары, келіңдерші,

Ашайыншы, кеудеме еніңдерші.

Жүрегімнен берейін ұя жасап,

Шер тарқатар бір әуен төгіңдерші.

 

ЖОЛЫҒУ

Көп жылдан соң мен оны жолықтырдым,

Егізіндей сол қалпы өрік гүлдің.

Сол кезгідей көңілім қайта толқып,

Қайта жүрек атқақтап соғып тұрды.

 

Қайта оралып ғажайып арман әлем,

Біраз үнсіз отырдық, сол дәмемен.

Мен іздедім самала еркелігін,

Есерлікті іздеді ол да менен.

 

Бір кездері мен құлай ғашық болған,

Сұлу қызға тағдыр жол ашыпты алдан.

Тек, жүзінен көктемді көре алмадым

Ол да мені аяды жасып қалған…

 

КӨБЕЛЕК ЖАЗҒАН

Жүрегіне нұр сауып күн төсінен,

Алау байлап сезімнің пілтесіне,

Ақ көбелек жыр жазды көз жасымен,

Үлбіреген гүлдердің күлтесіне.

 

Үлгерді ме ол айтып көңілді әнін,

Айтпақ болды немесе өмір мәнін.

Көрдім сосын тірліктің кірпігінен,

Сырғанаған тамшыға шомылғанын.

 

Қанат қақты соңғы рет гүлді айналып,

Бүкіл әлем ұшқандай күнді айналып.

Аза тұтты жамылып жаздың кешін,

Жүрегіне гүлдердің мұң байланып.

 

Кетті, кетті өмірдің бір керуені,

Сүйді, күйді сол ғана үлгергені.

Тереземнің алдында жырын оқып,

Ұйықтатпады сол түні гүлдер мені.

 

Қандай ауыр ғашықтың тыңдау әнін,

Жазған екен бақытсыз тумағанын.

«Мен не деген бақытты жанмын», – депті,

Көрмей кеткен гүлдердің қурағанын…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір