Жұмекен – Эверест

Поэзия да адам секілді… Өзіндік көзқарасы, ұстанымы, ойы, сезімі, танымы, ең басты – таңдауы бар. Жұмыр жердің үстіндегі тіршіліктің көркем көрінісін жұдырықтай жүрегіне сыйдыра білген сөз өнері Падишасының таңдауы бәріне бірдей түсе бермейтіні – эстет әрі ойлы оқырманның олжасы. Кейде өзімшіл, кейде өркөкіректеу Өмір өлең тілінде сөйлей алатыны – сол жоғарыда айтқан «таңдаудың» арқасы деп білеміз. Сөздің киесі қонып, Құдай құрсақта жатқанда-ақ қолына қауырсын қалам ұстатқан сирек ақындардың бірі – Жұмекен Нәжімеденов. Күйінгенде күй болып, өкінгенде өртке айналатын жыр нәзіктік шекарасын кесіп өтіп, дүлей күш, «құдіретті құралға» айналып шыға келуі де ғажап. Абайдың запыран-зарға толы өлеңдері мен Құрманғазының азаттықты аңсаған, елінің амандығына қатты толғанған толғақ-күйлері ақынды бүркіттің қос қанатындай демеп, шабытына шабыт қоса түскені ақиқат. Сұңғыла жырдың сұңқары Жұмекен Нәжімеденов әдебиетіміздің абыздары Әбу, Ғафу, Әбділда, Сырбайлардың батасын алып, әдебиетке ерте араласқанымен, дүниеден де ерте өтті. Қошалақтың құмы мен Ашақтың айшықты табиғаты ақынға еріксіз «мен – далама сіңіп кеткім келедіні» айттырды. Бұл – өмірмен бетпе-бет келгендегі шынайы шығармагердің бұрнағыдан ішіне бүккен сыры, адал сөзі, әділ түйіні. Жұмекен жырларында Құдай, Тағдыр, тәубе, ажал, уақыт туралы ойларын жиі кезіктіреміз. Кей естеліктерде оның «бір жерге асыққандығы» жөнінде де жазылған. Бұның өзі ақынның өз өлімін, талқанының таусылуға жақын екенін болжаушылықпен айта алғанының бір дәлелі. Сирек қасиет! «Осы мен өлгенім жоқ па екен» деп қалам, өйткені, кей мақтаулар некролог секілді» деуінде асқақтықтан гөрі астарлы жымиыс, өзін әспеттеуден гөрі зілді әзіл басым. Оны ескен жел, айлы аспан, шақырайған Күн, тынымсыз түн, ибамен иілген гүл, ақбас тау, өзеуреген өзен, бәрі-бәрі өлең мен өмірді сүюге қуаттандыра түседі. Қолынан қаламы түспейтін ақын үшін аурухана фойесінің өзі бейнебір суық кабинетке айналып үлгерген-ді. Оның шығармашылығынан көп шайырларда кезіге бермейтін поэтикалық интуицияны аңғардық. Түнде жарық, түнекте жол көрсететін де осы – түйсік болды ғой деймін. Жалғыздан-жалғыз отырып Жұмекенді оқығанда «мүмкін біз оның кілтін әлі таппаған шығармыз» деген де ой келеді. Оның өлеңдерінен жүректің баяу ғана соққан лүпілін байқадық. Жұмекен Нәжімеденов инфаркт алған соң жазылған шығармаларында қорқыныш, үрей, ішкі дірілді жеңген жарық сәуле, нұр, келешекке сенім, адамзаттық ардың аяқасты болмайтынына үмітпен қарайтын көзқарас алғашқы планға өткенін аңғардық. «Кеудем – бір үй: Іші – дауыл, сырты – дау, күні-түні бір бұрқырау, бұрқырау». Әдебиетіміздің тарихына «алпысыншы жылдар» деген айдармен енген бұл кезеңдегі саяси ахуал, асау тотали-таризм сезімтал ақын жүйкесі мен жүрегіне жүк болғаны жасырын емес.
Кеудесінің сол жақ тұсына жиі-жиі жармаса беруді әдетке айналдырған шайыр жүрегі – Алматы аспанын найзағай бір тіліп өткен заматта – 1983 жылы, қырық сегізге қараған шағында тоқтады. Нәжімеденовтің өлеңінде өзгеше реңк, түс, бояуға енген «топырақ» та бұйырды. Ол – «Менің топырағым». Ол өзімен бірге әдеби ойларды алып кетсе де, артына роман, повесть, әңгіме, сын, аударма, дастандар қалдырды. Қазақ әдебиетінің Әбіші Жұмекеннің бұл еңбегін «қайсарлыққа» балаған-ды. Сабыр ақсақалдың ұлы туындыларында моральді ту етіп көтергені өз алдына, өлеңін оқи түскен сайын құлағымызға әлі-әлі күмбірлеген күй келетіні біз үшін қызық көрінді…
Жұмекен – жапырақ, елі – тамыр, Жұмекен – жарық, елі – жылу, Жұмекен – шуақ, елі – Темірқазық бола білді. Қалай дегенмен де, шайыр жаңа ғасырға жаңғырық болып оралып, бәйтерек-жырындағы соңғы жапырағы қалғанша ұлт игілігіне жарап, «гүлі болып егіліп, жыры болып төгіле» алды…
Туған күнің құтты болсын, «жұмбақ ақын» – Жұмекен!..
Әлібек Байбол.