Ділдәр Мамырбаева. Жатсырау
10.03.2021
3147
0

Кеудесі еңкіш тартқан мыжық еркекті болат темірдей тегеурінмен желкесінен шеңгелдеп алып, қанын шашып жіберердей сілкілеп жіберді.

– Кешірім сұра деймін, – деді тепсініп.

– Сұрамаймын, өлсем де сұрамаймын, – ернінің сөйлеуге ебі келмей тұрса да, үнемі жасаурап жүретін көзімен жек көре қарады.

– Сұрайсың, сұратамын мен саған, – елеуреп, тепсініп қалды да, алдындағы жасаулы дастарханды төңкеріп жіберді.

Енді ауызға ала берген тамақтың айра-жайрасы шыға төгілді. Нан шашылды. Ыдыс-аяқ қирады.

Қырсығып, қитығып отырған Сәлмен кеудесінде жаны бар демесең, әп-сәтте тірі өлікке айналды. Бет-жүзі дір-дір етіп, аянышты хәлде тұрса да, қитықшылдығына, шақарлығына салынып:

– Сұрамаймын, – деді.

Ашуы мұрнының ұшында тұратын тәйтік бала өкпесі қабына келіп, кеңірдегінен алды.

– Кет, жоғалт көзіңді! – деді көзі аларып, қырылдай бастағанында.

– Кетсем, тыныш кетпеймін, үйді өртеп, сені өлтіріп кетемін.

– Қане, өртеші, еркек болсаң орында, айтқан сөзіңді, – өн  бойы ішіне жынын жиып, тісін қайрап жүретін баласы екіленіп кетті. Біреуі бойына күші сыймай қалшылдаса, екіншісі миына дейін кіріп, қақ құсап тұрып алған, жүрегіне қонақтаған әлсіздігінен қалшылдады.

Екеуінің арасындағы кикілжің түкке тұрғысыз боқжеме  сөзден басталған. Сөз түртпек жасалып еді, қоламтасы бықсыған, жан дүниелерінің ішіне жиналған өш пен кек аузы-мұрнынан шыға төгілді.

– Сен маған емес, мен сенің қас-қабағыңа бағынып келдім, сенің режиміңе, сенің  көңіл-күйіңе  қызмет еттім.

– Ол сенің қиялыңда жасап алған ойың. Адам құсап, шыдамың жетіп, сөздің аяғын күтіп менің ойымды тыңдап көрдің бе? Әңгіме басталса болды, алдыңда тұрғандарды итере салып, орныңнан апыл-ғұпыл тұрып кететінсің де, сазарып, түнеріп жүретінсің.

– Менің істеген жақсылығымның бәрі сонда құмға сіңген судай болғаны ма? Сен мысық болдың  ғой, жұтып алып көрмедім дейтін, – әкесі тілінің бізін сұқты.

– Жақсылық деп, елдің баласынан қалмасын деп алып берген киімің мен күнделікті қалтама салып беріп жүрген тиын-тебенің бе?

– Тамақтандыру, киіндіру, оқыту тақияңа тар келіп тұр ма? Одан арғысын істеу, істемеу – өз ісім.

– Менің не ойлап, қалай жүргеніме зер салып көрдің бе? Бірдеңе айтсам: «Біз кезінде әкемізден қорқатынбыз, әкеміз не айтса да бетіне келмейтінбіз», – деп өтірік айтатынсың. Әкеңді жек көріп өскенсің. Енді келіп өтірік мәймөңкелейсің. Менің жақсы оқығаныма мақтанатынсың, спорт жарыстарынан озып келсем, мақтанатынсың. Сол кездерде менің ішімде не болып жатқанын түйсігіңмен сезініп көрдің бе? Мен сонда сенің менімен көлгірсімей, өтірік айтпай, шынайы сөйлескеніңді қалайтынмын. Сенің жас кезіңде қандай қателік жібергеніңді, неге өкінетініңді, дұрыс жолды қалай тапқаныңды (егер таба алған болсаң) білгім келетін.

–  Есіл еңбегім-ай. Күні-түні  көз ілмей кім үшін істеп жүр екенмін мен сонда? Сенімен қатындарша  сөйлесіп отыруға уақытым жоқ,  – әкесі кіжініп,  өз басын өзі жұдырықтап жіберді.

– Бос уақытым жоқ дейсің, ә. Күштеусіз, түртпектеусіз бір іске аяқ басып көрдің бе?  Арбаға жегілуге арналған ат секілдісің. Бетіңе келіп, бірнәрсені дұрыс істемедің десең, болды: «Бұдан  гөрі өліп қалғаным жақсы», – деп, жіп алып, қораға қарай жүгіретінсің. Кішкентай баладан арысың. Құтқарушы өлім ғана деп ойлайсың. Оңай жол осы дейсің. Ондайда шешем мен қарындасымның тағдырына өлім алдында жауап беретінің есіңнен шығып кете ме? Сорайып шығып тұрған өзімшіл мүддеңнің мойны жұлынып қалады бір күні.

Сәлменнің аузына құм құйылды. Ашу-ызасын сездірудің айла-тәсілі қалмаған. Баласы кеңірдегіне сүйек қадап отыр.

Бір кездері Сәлмен соғыс жылдары Германия жағына шығып соғысқан власовшылардың құрамасын мақтап, жаныға әңгіме айтқан. Соғыс аяқталған соң Кеңес одағы оларды  аяусыз жазалағанын сөз еткен. Қиын кезеңде адамгершілікті жоғалтпағандар, құтқарушылар, «Сталин режиміне қарсы шығушылар» деп ақтап сөйлеген. «Бірі  нацистік терроризм болса, бірі – большевиктік террорлық мемлекет» деген. Шындығына келгенде,  Сәлменнің олардан  алты аласы, бес бересі жоқ. Сол сөзі үш әріптің құлағына жетіпті. Қауіпсіздік органы қыдыңдап қыр соңынан қалмайтын болды. Ай сайын жауап алуға шақыратын. Жүйкесін жұқартатын сұрақтармен басын даң қылады. Жынды болудың аз-ақ алдында қалып, үйге келе сала әйелін сабайтын.

Баласы сол кездің суретін қайыра көз алдына тосып тұр. Жазды күні болатын. Сондай бір тергеуден кейін жүйкесі құрып, діңкелеп, қатты шаршап келген. Әйелінің қолында  екі жасар қызы бар, осы баласы төрт жастан асқан, үйге бір кіріп, бір шығып жүр екен. Бұған жаратпай, ұнатпай қарағандай болды. Соңғы кезде болмашыға  терісі тырысатын болып жүр. Әйелінің осы түрі қатты ашуланып, булығып келген мұны жарып жіберердей болды. Себепсізден себепсіз үйді айналдыра қуып жүріп сабады. Жетіп алып, басы мен қолындағы кішкентай қызды отыра қалып қорғаштағанына қарамай тепкіледі. Көзіне қан құйылып, тепкісі ішіне тиіп жатыр ма, басқа жеріне тиіп жатыр ма, қарамады. Ауыл үлкен жолдың бойында. Күндіз-түні ағылып өтіп жатқан машиналарда сан жоқ. Тағы бір тепкіден кейін әйелі  орнынан сүріне-қабына тұрып үлкен жолға қарай қашты. Осы сәтте көшенің бас жағынан көрінген жүк машинасы да жақындап қалып еді. Әйел жанұшыра жүгіріп машинаның астына түсіп кетердей қолын көтерген. Машина кілт тоқтап, кабинаға жармасқан әйелге есігін ашты. Шофер қолындағы кішкентайымен бірге әйелді мінгізіп алды да, келе жатқан бағытымен жүріп кетті. Сәлмен анасының артынан шырылдаған 4 жасар баласын қолына алып, жұдырығын түйіп қала берген.

Араға  ай салып, әйелі қайтып оралмаған соң Сәлмен кішкентай баласын жетектеп іздеп шыққан. Төркін-төс дегеннен әйелінің көрші ауданда әкпе-жездесі ғана бар болатын. Соларға келген. Жүздерін шиыр-шатпақ әжім жапқан жұпыны  үйдің адамдары бұларды  үрке қарап қарсы алды. Әкесін көрген кішкентай қыз шошып қалғандай, булыға жылады да, іле-шала шар етіп шыңғырып жіберді. Ішегі қатып, дем жетпей талып қалды. Әр жер, әр жерінің сыры ұшқан, бүйірі қабысқан ожаумен су бүркіп еді, сәл уақыттан кейін көзін ашты. Кемсеңдеп, иегі дірілдеп, танауы қусырылып барып дем алды. Жүзі – құп-қу шөлмектей, қол-аяғы – шидей.  Анасының көрген қиыншылығы, қайғы-қасыреті титтей сәбидің жүзін мұңдандырып, бейшара қалыпқа түсіріпті. Әйелі күйеуіне еріп келген баласын бауырына басып, маңдайынан иіскегені болмаса, одан арғыға, кең құшақты кісілікке бара қоймады. Әйелі оралмасқа бекінгенін жүзіндегі ызалы ренішпен аңғартты. «Баланы алып қалам» демеді. Сәлмен баласын жетектеп ауылға бос қайтқан.

Кішкентай бала ағайындардың үйінде жүріп ер жетті. Солардың бар тіршілігінің басы-қасында жүрді. Үлкендері жиренетін, кішілері ерінетін жұмыстың бәрін атқарды. Ағайын – туыстың кемсітуін, кемітуін, намысына тиюін  көтере жүріп, анасын ойлаумен болатын. Көршінің сиыры қорасынан шығып кетсе, көріп тұрып қора есігін жаппаған осы кінәлі болып таяқ жейтін.  Көше балаларымен төбелесіп қалса, олардың бақан сүйреткен шешелерінің өлгені келіп басына сырық ойнатып кететін. Сонда сөзін сөйлейтін, қорғайтын бір адам табылмайтын. Көз жасын киімінің сірі болған жеңімен сүрте отырып, шеше  деген ғажайып құбылысты іздейтін. Сағыныш сезімі  тұла бойын кернейтін. Осы бір сәтте  мұңды бір ән  естілсе, қолқа-жүрегі езіліп, «ана қай қиырда жүрсе де сезеді дейді ғой, бүгінгі  менің күйім жүрегіңді  шаншытып  «не болды?» деп бір сәт менің бейнем көз алдына келді ме?» – деп өзі сұрап,  өзі жауап беріп мәңгіріп отырып қалатын. «Мені неге іздемейсің?  Менің қайда қалғанымды білесің ғой. Қазір сен менің жанымда болсаң, сені күнде бір жақсы ісіммен қуантар едім. Даусыңды естігім келеді, қолыңнан сипалай отырып, саған еркелегім келеді. Қарындасымды ойнатып, оған қамқор болар едім. Титтейімнен мейірім көрмесем, қамқорлықты сезінбесем, көргенім зеку, ұрсу болса, мен қалай айналамдағы адамдарды жақсы көре аламын. Қандай азамат боламын? Кейін қандай ұрпақ өсіріп тәрбиелеймін?  Сен соны сезіндің бе, анашым?» – деп мұңданатын.  Ол қанша сағынып тілесе де  шешесі мен қарындасынан ешбір хабар болмады. Олар мұны, бұл оларды іздемеді.

Сәлмен араға бір-екі жыл салып, Алатауды асып барып, бір баласы бар қырғыз келіншекті алып келген. Ол адуынды, тілі ащы кісі болып шықты. Темекісінің түтінін будақтата сорып, есік алдында екі бүйірін таянып тұрып, бүкіл  ауылдың үлкен-кішісіне тіл тигізе шаптығатын. Қалайша екені белгісіз, «атыспақ керек пе, алыспақ керек пе?» деп тұратын  Сәлменнің жүні жығылып, қырғыз әйелінің бетіне тіке қарай алмайтын болған. Қарамақ түгілі таяқ жеп қалатын. Мұны көріп отырған көрші-қолаң, ағайын туыс қой демейтін. Қылығының қылшығын танығаннан кейін сөйтеді де.  Жүрген жерінің астаң-кестеңін шығаратын тәйтік мінезі соғып өткен желдей уысынан сырғыған. Қайрат көрсетуге шамасы жоқ. Баласы әкесінің арқыраған мінезден можантопайлыққа қай кезде, қалай ауысып кеткенін түсінбейтін. «Шешемді допша домалатып тепкілейтін әкемнің күш-қайраты қайда кеткен?» деп таң қалатын.

– Сен желкілдеген   желібастан салиқалы әкеге, пайымды отағасына айнала алмай тұрып, мені тәрбиелегің келеді. Қай мінезіңнен үйренейін, қай өнегеңнен үлгі алайын? – жараның аузын ашып, іріңін ағызып, оның үстіне тұз сепкендей болды.  Жараған бурадай қалшылдағаны басылып, сұлқ түсті.

Әке үнсіз қалды. Сәлден кейін барып:

–  Өмірдің басы да, аяғы да мен емес. «Кейін уақытында көремін» деп жүріп жақсы әке болып  қалыптаса алмағанымды білмеппін. Менің әкем, сенің атаң аузы құрғамай арақ ішетін. Үйде күнде шаң-шұң болатын. Осы бір қылығын иттің етінен жек көретінмін. Содан өзіме «арақ ішпеймін» деп уәде бердім. Ішпедім. Өзімді әкемнен артықпын, ақылдымын деп  ойлап жүрдім. «Мені әкем тәрбиелеген жоқ, өзім жақсымын» дедім іштей. Әке-шешені таңдамайсың. Баланы  да.

Есіңде болсын, алма алма ағашынан алысқа түспейді. Сен де бір күні балаңның алдында осылай мөнді-мөндің шығып отыруың мүмкін. Баланың әке-шешеге аяушылығы қатты бола бермейді ғой. Адам Ата мен Хауа Анада әке-шеше болмағандықтан солай ма екен деп ойлаймын, кейде, – қаны шапшып, айдары қызарғанымен, үлкен қайрат көрсетуге шамасы келмейтін ауладағы әтештей көрінетін әкесінен осындай сөз шығады деп ойламаған ұл таңдана қарады.

– «Атам сондай еді, мен де сондаймын» деп балаңа  әлсіздікті мұра етіп қалдырмау керек шығар. Қолыңдағы арқаның мықты болса, қандай асау жылқы болса да тезге көнбей ме?

–  Ұрпағыңды өмірдегі адамгершілік қарым-қатынасқа жетелеу үшін өзгеруің керек. Менің кінәм – өзгере алмадым. Бір орнымда тұрғандай көрінгем, сөйтсем, артқа кетіппін. Үлкендердің  талап қойғыштығын білгеніммен, міндетін ескермеппін. Бала әкеге шешесінің көзқарасымен қарайтыны рас болса, онда сенің мені жек көруің орынды. Шешеңе жағдайсыз болдым. «Еркек әйелін ұруға болады» деген надандықтың жетегінде кетіппін. Өлім алдындағы өкінішім де сол болмақ.

«Қазақтың әйелінен, баласынан кешірім сұрауы өз  қадірін түсіруі, өзін-өзі мазақ етуі, кем тұтуы» деген ой бекіп алған. Сенің анаңның алдына қайта бара алмауымның да себебі сол. Бір-бірімізбен араласып тұруға, іздеуге жігерсіз болыппын. Ол  сенің көңіліңдегі кірбіңді қалыңдатқанын да аңғармаппын. Бір көрмеге тәп-тәуір болып жүріппіз. Сөйтсек, ар жағымызда ит өліп,  бықсып жатыпты ғой.

«Мен – әкемін» деп өзімді үлкен санаппын, өзімдікін дұрыс деп есептеппін. Сен, «әкем өзгерген дүниені түсінбейді, артта қалған» деп, өзіңді бір саты жоғары қоясың. Осылай ортамызда ортақ әңгіме өрбімепті.

Менің бойымдағы кемшіліктерді  кінә ғып тағып отырғаныңда, өз бойыңда да сол айтқандарыңның кездесетінін аңғармайсың ғой. Әке болу деген өмірдің қысталаңынан өтіп, өмірге, Құдайға, рухқа деген қарым-қатынасты қалыптастыратын ұзақ жол екен. Сол жолдың кейбір бұрылысында  қалып қойғандарымыз  жалғыздыққа, тұйықталуға, ұсақшылдыққа  ұрынамыз. Мен де сенің әкеге деген сеніміңнің қай бұрылыста жоғалғанын, өзімнің шалшықты жолға қашан түскенімді білмейді екенмін.

–  Әке (бұл жолы  баласының даусы жұмсақ шықты және бағанадан бері «сен» деп зіркілдесе, енді «сіз» деген биязы қалыпқа түсті), алтыншы сыныпта оқып жүргенімізде ғой деймін, әдебиет сабағынан «Менің әкем»  деген тақырыпта шығарма жазғанбыз.  Сонда мен: «Менің әкем – ең мықты, ең күшті адам. Қой бағып жүргенімізде отарға тиген қасқырларды жалаңаш қолымен кеңірдегінен алып, қылқындырып өлтірген. Әкемнің адамгершілігі де мол. Көрші-қолаңға, туыстарға көмегі әзір», – деп жазғанмын. Сонда мүғалім мақтаған. Сол күні үйге келсем, сіз бір көршімізбен төбелесіп, сол төбелесте аузыңыздан ұшып кеткен жасанды тісіңізді – «сау тісімді сындырды» деп бұрмалап, сотқа бергенсіз. Сондағы сіз үшін ұялғаным-ай. Шешем кеткеннен кейінгі қатты жек көруімнің бірі сол, – баласының жан дүниесі босап, көзінен тарам-тарам жас ақты.

–  Анаң мен қарындасыңды Алматы жақта деп естимін. Іздеуге батылсызданып  жүр едім. Табайық, табысайық.

Өзгенің кемшілігін жіпке тізіп, арқалап жүре берсең, жан дүниең бүкірейеді. Күн төңірегіндегі кеңістікке ұмтылшы, балам. Бүкіл жарық сол жақта. Әке болудың мейір-шапағатын сол жерден табарсың. Жақсы әке бола алмағаным  үшін,  кешір мені!

–  Жағаңызға қолым тиіп кеткені үшін жерге кіріп кетердей болып отырмын. Дегенмен өмір бойы күткен, іздеген, ойымды шырмаған, қиын болып көрінген түйін шешілгендей. Көңілім орнығып, жаным тыншығандай болып отырмын, әке! Қарым-қатынасты үзетін, сөйлеспеу, қиындығыңмен бөліспеу, ойыңды ашық айтпау екен ғой. Ошағымыздың басына көктем келгендей болды ғой, – баласы әкесінің көк тамыры адырайған қолының үстінен ақырын сипап өтті. – Біз секілді бір-бірімен сөйлескісі келмей, жатсырап жүрген әке мен бала, туыс пен бауыр бар шығар, ә! Сіз де мені кешіріңіз, –   деп орнынан тұрып әкесін  мейірлене құшақтап, ұзақ тұрып қалды.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір