Құлтөлу Мұқаш. Нәуірзекті көп күттім
19.03.2021
3771
0

 

(Әңгіме)

 Аппақ қар құрсауында бұйыққан алақандай ғана қыстақ екен. Ұзынбұлақ дейді. Айнала төңіректегі күнге шағылысқан іркес-тіркес белдер ұсақ маржан шашып тастағандай жарқырап, көз қаймықтырады. Бет шымшыған шыңылтыр аяз бен саф ауада да күміс әуен бар; шаңқай түсте сіре қарды сықырлата басып келіп, анадайдағы қалың қырау бүркенген сида бұта арасына аңтарыла қарар едім. Бір сәт ойға шомған секілденіп мүлги қалған тал-шілік түбінде түлкі-қарсақ жылтыңдап жүреді.

Одан мұржаларынан көкпеңбек аспан айдынындағы жырым-жырым сұйық бұлттарға қарай көгілжім түтін көлеңдеген үй жаққа көз тастаймын. Жатағандау шоқы тасасындағы ұзынша тоқал там сыңғырлаған шетсіз-шексіз ақ әлем құшағында сонша қоңырая көрінеді. Саман кірпіштен соққан ескі барақта төрт-бес отбасы отыр. Әрқайсына ұядай бір-бір бөлмеден тиіпті.

Етегінде Бидайық, Қарасай өзендерінің тарамдалған жіңішке сағалары қатып жататын Бесшоқы, Қаратоғанбай таулары ығындағы алақандай орын жым-жырт сияқтанғанымен, Ұзынбұлақтың күйбең тірлігі бір тынбайды. Кемінде жетпіс-сексен сиыры бар әжептәуір ферма. Тастан тұрғызған үлкен базда күйсеп тұратын сол жүзге жуық құнажын-дөнежінге қоса ірілі-ұсақты біршама жекеменшік малды жемдеу, суару, қора тазалау сияқты шаруа ғұмыры бітер ме.

Ауыл үлкендері – Есімбек, Жуасбай ақса­қалдар. Есекең мен бәйбішесі Күлтайдың Қанаткүл есімді қызы бар. Жуасекеңнің кемпірі ертерек қайтқандай; жиырмадан асқан ұлы Сәулебек пен оның жас келіншегі Тілеутай және бұлардың екі жасар ұлы Оңғарбек төртеуі бірге отырады. Қасила дейтін шешеміз мектеп жасына жете қоймаған қос перзентімен бізбен іргелес бөлмеде орналасқан.

Анау Қанаткүл, мына Бақ, Ырыс деген қыздар менен біраз ересек, ал Оңғарбек – кіші. Сондықтан ешқайсы ілесе бермейді. Ескілеу шағын қара тоным мен қоңыр малақайымды, тұмсығы қырқыла бастаған кішкене көң етігім­ді киіп алып, зыр жүгіріп, көбіне жал­ғыз жүремін. Қырға шыққанда Қойөсер, Жай­лау дейтін иттерімді де кейде ертіп, кейде ерт­пеймін; себебі, әсіресе, Жайлаудың қоян көрсе жұлқынып тұра қуып, ауылдың өзге де үш-төрт итін қоса еліктіріп, айдалаға безіп, бірталай алаңдатып қоятыны жоқ емес. Тау арасында әлденеге ұрына ма деп үрейленесің. Өзіне тиісті жұмысын атқарып, тырбанып, қиналыңқырап жататын үлкендер де «осы бала бұ хайуандарды несіне дүрліктіре берді», – деп іштей ренжуі мүмкін…

Қолды-аяққа тұрмай ерсілі-қарсылы до­малаңдап жүргенде ер адамдардың бір қап­та­лын қалың мұз көмкерген маядан шөп суырып, жайдақ шанаға тиеуге кіріскенін, ал әйелдердің күректерін тықырлатып, баз тазалауды бастағанын көресің. Шелек ұстаған әлдекім қар бетінде көлеңкесі қараңдап бұлақ басына беттеп бара жатады.

Әкем – ұста. Сағат деген кісі. Есімбек пен Жуасбайдан едәуір жас. Арасында оның да ұядай дүкеніне бас сұғып үлгеремін. Кіріп барған кезіңде от ұшқындаған көрік жалыны бетке ұрып, көмір шоғы мен қызған темірдің уытты, қышқылтым иісі қолқа қабады. Алаулаған металды төске салып әбден шыңдаған соң быжылдатып суарған кездегі ирелеңдеп, булана көтерілетін күлгін, жасыл-көк, қызылкүрең, сарғыш толқынды көру де бір әсерлі сәт. Сондағы саналуан бояу өзгеріске түскен темірдің ғана емес, қым-қуыт өмірдің де мәнін аңғартар-ау…

Одан көзеуіш, қысқаш секілді оны-мұны құрал-сайманды шұқылап байқап біраз тұрған соң қайта шығамын. Ұзақ бөгелсең, ұстахана ішін кернеген қож тозаңы үсті-басыңды қауып қалатыны анық. Ал осынау қапырық, күйік ауаға әбден дағдыланған әкем ештеңені елең қылмай өз ісін ыждаһаттана жалғастыра береді. Аттың тағасы, қақпа топсалары, шананың темір табаны… пышақ, балға, балта дейсіз бе… қыстаққа керек-жарақ бұйым біткен өзім «аға» деп атайтын осы кісінің қолынан шығады.

Ағаммен қысқа ғана тіл қатысып, тысқа аяңдаймын. Мойын бұрып, соңымнан қалың бурыл мұрт астынан ірі тістері ақсиып, аялай қараған әкем жымиып қала береді. «Шіркін, сенің қамсыз күйіңді маған берсе» деп ойлай ма екен, кім білсін.

Бұл көріністердің бәрі, әлбетте, сәл кешірек айқындалған.

Бір күні… анығырағы, іңір мезгілінде көз алдым жарқ ете түскендей бір ғажайып сәт болды. Екі тұстан қойылған білте шамның жарығы мен пеш жалынының қызғылт сәуле­сі жүздерінде ойнап, аласа дөңгелек үстел ба­сында бес-алты адам алқа-қотан отыр екен. Ағам қараторы өңі бусанып, нұрланып алыпты; тықырлау шашын бір сипап қойып, кең маңдайы жарқырап, аялы көзі от шаша, қоңыр даусы күмбірлей, әлденені толғана баяндайтындай.

Табақтағы ет желініп бітуге айналған се­кілді, дастархан жиегінде бір-екі шөлмек мой­ны жылтырайды. Менің де алдымдағы титтей стақанға шарап құйылыпты.

– Әкесінің орнында отырған бала ғой, – деді әлдекім.

Үстелдің қарсы бетіндегі пеш түбінде бет-бәдені албыраған апам ақ жаулығы қылаңы­тып, маған ойлана, елегзи қарайды. Мен де оған аңтарыла бұрылғанымда көзіміз түйісіп, қапелімде абдырап, қозғалақтап, жасыл түсті барқыт камзолының темір түймелері мен сауса­ғындағы жүзіктері жалт-жұлт етті.

Сөйтсем, бұл – есімді анық біле түскен кез екен. Үш жарым жасқа келіппін.

– Иә, әкесінің көзі ғой… Аман болса ертең­дері-ақ оңалып, жетіліп кетеді. Жаратқан жар босын…

– Тағдырдың салғанына не шара. Дегенмен, өкініші кетпейді-ау. Отыз тоғыз деген немене, өмірді енді ғана бастаған тұсы еді…

Кезектесе сөйлеген үш ер адам өзге жақтан келген меймандар секілді. Тани қоймаймын.

Өз әкем өліпті. Қырыққа да жетпеген… Ал мынау арада екі жылдай өткенде соны еске алған кеш көрінеді.

Сағат – әкемнің ең үлкен ағасы болып шықты. Үлкен өндіріс орны – Ақшатаудағы жаназадан қайтарында шешеме: «Кішкене естеріңді жиғанша азырақ бізде жүре тұрсын» деп, мені тұлыбына орап қыстағына ала кеткендей. Әкемнің қырқына қарай кері тапсырғысы келгенімен, бірталай бауыр басып қалған бәйбішесі Зақия қайтаруға құлшына қоймаған сияқты.

Ақшатаудың Ұзынбұлақтан қырық ша­қырым­дай төменде орналасқанын беріде білдім. Ал жиырма километрдей сол жақ қиыстағы бүйірде Батыстау фермасы жатыр. О тұстан Қарағандыға апаратын күре жол өтеді. Бірақ сол арқылы ерсілі-қарсылы жүйткіп жүрген жолаушылар төрт-бес қыр тасасындағы сан қилы тағдыр иелерінің тірлігі бүлкілдей қайнаған біздің бір уыс «ғаламшарымызды» біле бермесе керек. Ара-тұра зеңгір көкте соңы­нан ақ түтінін шұбыртып, үстімізден олай-бұлай самғайтын ұшақтар да көзге іле қоймайтын шығар.

Бір ғажабы, айдаладағы осынау елеусіз, момақан мүйістің адуын мінезі де бар-ды. Тып-тыныш тұрған ауа райы арагідік аяқ астынан бұзылып, буырқана бастайды. Жақұттай мөл­діре­ген көкжиек кенет түнере қалады да, ақырын ұйытқыған жаяу бұрқасын біртіндеп ат құлағы көрінбейтін боранға ұласады. Одан құтырына долданып, үйіріп, жұлқына соққан ақ түтектің аяғы аптаға созылуы ғажап емес.

Иттерімнің сыртқа ұзауынан сақтануым­ның да жөні бар – тау ішінде қасқыр көп. Тіпті тұңғиық түн түнегінен көздері оттай жанып, ауыл төңіректеген түз тағыларын бір-екі рет өзім де көрдім.

Сол серекқұлақтар кей-кейде сай-сайдың астынан үздіксіз ұлуға көшеді.

– Ау-у-у-у-у… Уа-а-а-а… У-у-уу-у-у…

Төбе құйқаңды шымырлатар осы үрейлі уіл арасында өксіп-өксіп жылағандай аянышты қыңсылға ұласады. Бір кезде ана тұс-мына тұстан өзге үйірлестері қосарласып, ішегі үзілер­дей ұзақ күңіренеді. Сай-сүйекті сыр­қы­ра­та­тын жылаңқы үн ызыңдай гулеген үскірік жел әуенімен астасып, ес шығарады. Бұған арпылдаған ауыл иттерінің дабылы қабаттасып, береке қашыратыны рас.

Осындайда жүйкесі шыдамаған Есімбек әкеміздің:

– Өй, зар қақсаған зәдіңді с-с-с… Қақсап қал! Өзіңе көрінсін өзіңе көрінгір! – деп кіжінгенін аңдап қаламыз.

О кісіні мұндағылар «батыр» деп баптар еді. Кеудесі талыстай, денелі адам. Гүмпілдеп, асыңқырап-тасыңқырап сөйлеп отырады. Боқтанғанында «үй-и, жатырыңды» деп те құлатып жіберетіні ұшырасады.

Тегінде, Ұзынбұлақтың әйелі де, ері де қайырымды жандар. Қыстақтағы балалардың ешқайсын жатсынбай, жуыса қалған кезіңде көл-көсір мейірімге бөлейді. Дегенмен, көңілі дариядай осы адамдардың ілу-шалуда сонау табиғаттың өзіндей ашу шақыратын кезін де байқар едің. Сырт кескінінен көп ештеңе көрінбесе де, әрқайсының аялаған арма­ны, жүрегін сыздатқан мұң-қайғысы бар; өмір күнде той-думан емес, қысқа жіп күрмеуге келмеген тұрмыс ауыртпалығы да қажытпай қоймас. Және әлгі бөрілердің қора торығанындай, ағайын арасындағы шытырман тартыстың өзі бір тыйылмайтын секілденеді. Күнделікті тірлікте кейбір жәйттер шамына тиіп, қорынуы ықтимал.

Негізі, апам да қатқылдау адам. Мейірленетін кезі сирек. Елжіреуіктігі жоқ…

Далаға шыққанында дедектеп жүрген мені көріп:

– Әй, үйге кірсейші бір мезгіл! Үсіп қалдың ғой әбден! – деп зілдене дауыстайды.

Тыстың шаруасына араласпайтын осы кісі ғана болар. Буындары қақсап ауыратыны бар, аяғын ақсап басады. Бірақ үйде бос отыратын күні жоқ. Әлімсақтан келе жатқан «Зингер» іс машинасын зырылдатып, кешке дейін іс тігеді. Көйлек-көншек өз алдына, шапан… ішік… түлкі тымаққа алыс-жақыннан үздіксіз түсіп жататын тапсырыс көп. Өзімдегі тон мен етік те ағаларымнан қалған киім екен. Кезінде етікті Сағат әкем тіксе, тон – апамның қолынан шыққан бұйым көрінеді.

Санасы тұнық, сергек кісі. Жинақы. Дәл өлшеп, нақпа-нақ кесу – қолы шебер адамның әдеті болуы кәдік. Басы артық сөзді де жаратпайды. Туралықты ұнатады.

Жаланған аяздан бет-аузым қып-қызыл болып үйге кіремін. Қолғабым да жоқ-ау. Апам дастарханға құрт қосқан ыстық сорпа мен тоқтының тоңазыған бір кесек омыртқасын қойып тұрып:

– Әкең тамаққа қашан келер екен? – деп сұрайды. – Ол да жұмыстан бір бас алмайды…

 Мен ернімді жымырып, иығымды қушитамын. Шалын жақсы көреді. Оқта-текте оның солдат гимнастеркасымен түскен қабырғадағы суретіне еміне қарап:

– Мынау құлындай ойнап жүрген кездері ғой, шіркін! – деп сүйсінеді.

Шешініп, қол шайған соң кездік ұшымен етті кертіп жей бастаймын.

Мұндағы жұртта аста-төк жағдай жоқ. Құбатөбел ғана ахуал. Бес үй соғымды да бас-басына соймай, бірер қараның жілігін бөлісіп алса керек. Қажет кезде көже-қатыққа деп ұсақ мал шалады.

Бір кезде апам анадай жерден:

– Сүйекті әбден тазалап мүжі. Әйелің әдемі болады, – деп күлімдейді.

Сөз мағынасын түсінбей, көзімді ежірейтіп, қайдағы әйел, және сұлулықтың сүйек тазал­ығына қатысы қанша деп ошарылам-ау.

Қыстақта қызықты жәйттер де кездеспей қалмайтын.

Апақ-сапақ, кешкілік мезгіл еді. Ойнап жүріп, үйге кіруді енді ғана ойлап тұрғанмын. Тамның сыртынан әлдененің алапат дүріліне қоса:

– Ойбай-ай, ойбай! Әй, Күлтай! Күлтай-й! Күл-т-тай! – деп ышқынған дауыс шықты.

Геологтардыкі ме екен, әлдеқалай келе қалған үйдей тікұшақтың дауыл тұрғызған алып қалақтарының сұрапыл екпіні шапанын желбегей жамылып, дәрет сындыруға шыққан Есімбек ақсақалды өрден етекке қарай домалатып түсіріпті. Ойда жоқта дәрменсіздеу хал кешіп, қарға аунаған денесі ауыр, етжеңділеу жан тұралап, қарманып жатыр екен.

Әйтеуір, алып машина таудай болып үйілген қар тасасындағы үйді соға жаздап барып, қызыл-жасыл шамдары жыпылықтап, құлақ тұндырған гүрілі жер-әлемді тітірете, қайқайып қайта көтеріліп кетті.

Сонда тікұшақ дегенді алғаш көруім ғой. Бірақ, неге екенін, оған емес, «Апырай, ба­тыр адам да қорқа ма!» деп, Есағаңның абдыра­ғанына көбірек таңданған секілдімін.

Әлгі кеште тікұшақ доңғалағы борып, тозып тұрған үй төбесінің шетін сырып, бұ­рыш­ты сәл қопарып кетті ме екен, түнде жұды­рық басындай ғана тесіктен жауған ұлпа қар Сәулебек пен Тілеутайдың ортасында жат­қан баланың кеудесін жауып қалыпты. Ал таңертең үстіне бір қабат мұз қатқан Оңғарбек түк болмағандай күліп оянады. Мұны естіген әйелдер:

– Астапыралла!.. Денсаулығы керемет қой… Тфә-тфә! Жүз жасайды. Ой, Алла-ай, шіркін, жастық-ай! Сендерде де ес жоқ па, қалай сезбегенсіңдер?! Қайта, Құдай сақтапты! – деп бас шайқап күлісіп, шулап жүрді.

Тағы бір тамашасы, әрбір бөлменің арасындағы қабырғалардың шүберекпен үнемі бекітулі тұратын алақандай дөңгелек тесігі бар. Көршілер қажет кезде мата тығынды жұлып алып, өзара тілдеседі. Шаруа шешіліп, сөз біткен соң қуыс қайта бекітіледі. Кәдімгі «әлеуметтік желі». Әлгі оқиғалар осы арқылы да екі-үш күндей әңгімеге арқау болып, қауымды бір серпілтті.

Жуасбай әкеміз де – керемет зергер адам. Қолының епсектігі сонша, әйелдердің шаш бекітетін түйреуішіне дейін зауыттан шық­қандай жұтындырып жасап береді. Жарықтық ырсиып күліп қана жүретін үндеместеу кісі-тін. Ертеңіне оның да тұңғыш немересін кеудесіне қыса түсіп, жымыңдап отырғанын көрдік.

Бір жетідейден соң Ақшатауға аттанғанбыз. Түске қарай ағам екеуміз есік пен төрдей қара­гер айғырды кішірек қара шанаға жегіп алып жөнеп бердік. Баласын «тартып» алғаны үшін келінінің алдында өзін аздап айыпты сезініп, мені анда-санда апарып, мауқын басып тұруды парыз санағандай.

Ұста адамның шанасы да қасықтай ықшам, ыңғайлы, жеп-жеңіл дүние еді. Тұрықты қарагер бесті шана салмағын бұйым көрмей, қаңғалақ қақтыра, лыпылдатып ала жөнеледі. Көліктің артқы жақтауына шалқалай сүйеніп, қара тұлыптың биік жағасынан бетім ғана көрі­ніп, суық ауамен рахаттана тыныстап келемін. Ә дегенде жұлқына қозғалып, жүйтки ызғытқан жануар біртіндеп жал-құйрығын жел тарап, ырғақты бөкен желіске ауысады.

Бірақ Ақшатауға дейін де сайрап жатқан жол жоқ. Алдыдағы Боқайдың Қарашілігі сияқты қыстақтар тұсында ат-шанаға қауіпті тік қайқаңдардан асуға тура келмекші.

Кенет қырау жұққан түгінен бу бұрқырап, жылдамдық үдеткен Қарагер кілт тежеліп, бір бүйірге қарай серпілді. Құлағын жымырып, әлденеден қатты тіксініп, үріккенін аңдаймын. Көзі ақиып, пыр-пыр етеді.

Сөйтсек, сонадайда бір көкжал қасқыр маң-маң басып барады. Өзі ешбір сасар емес, сәл бұрыла, маңқиып қарап қояды. Тайын­ша­дай ірі хайуан. Мен де бойым тітіреп, жүрегім аузыма тығылды.

– Қорықпа. Бұлар кісіге тимейді, – деген ағам қабағы қатулана, ұзын божыны қос қолдап қағып қалғанда Қарагер бесті алға қарай бір-ақ ырғыды.

Әйткенмен, жота асып кеткен әлгі қасқыр келесі кезеңде бес-алты серігімен алдымыздан шығып, қайта оралған.

Жыртқыштың аты – жыртқыш; топырлап, ештеңеден қаймықпай, екпіндей ұмтыла түсіп, үш-ақ ырғып бас салатындай, лезде арқан бойы межеге тақалды да, екі қапталдан ойнақтап тиіп-қашып, бұрқырата қар шашып, айналаны қолма-қол боранға айналдырды. Жемтігіне шабар алдындағы әрекеті. Апшыны қуырып, көз байлап, оңтайлы сәтте пышақтай азумен алқымнан ала түспекші. Әдетте бұлар көбіне осындай тар жерде, қысылтаяң тұста қамайды дегенді құлағым шалған-ды.

– Абыржыма, дәнеңе қылмайды!

Осылай деген ағамның өзінің де түрі сұрлан­ып кеткендей. Небір аяздарда шолақ күпәйкемен жүріп үйренген адам еді, лып етіп еңкейіп, табанының астында оқтаулы жат­қан он алтыншы калибрлі мылтығын шап беріп, сырт еткізіп шүріппені қайырады. Енді гүрсілдетіп атуға кірісе ме дегенмін. Оқшантайда тізілген оқ жетерлік. Жоқ, топ қасқыр осы кезде дереу кейін серпіліп, бірінің үстінен бірі аттағандай орғып секіріп, қалың қарды кеудеден жалдап, тым-тырақай безе қашты. Сезгір тағылар оқ-дәрі иісін аңдап үлгерген сияқты.

Көзім жайнап, шатқал арасын жаңғырық­тырып, сақылдап ұзақ күлдім. Даусыма жалт қарап, шанадан ұшып кетердей елпілдеген түрім­ді көрген ағам ат тізгінін тартып, тоқтай қалды.

– Әй, аналар сенен қорқып қашты-ау осы! – деп жымиған. – Күлкіңнен айналдым! – деді сосын сусып түскен тұлыппен денемді қайтадан қымтап жатып.

Расында, неге шаттанғанымды өзім де білмеймін. Зәресі ұшқан бөрілердің алды-артқа қарамай зытқанын қызық көрдім бе, әсілі, қасқыр шабуылынан қатты сескеніп, жүйкем ширыққандықтан да күлген секілдімін.

Ағам шанадан түсіп, қалтасынан шүберек шығарып, жылқының суланған кірпігі мен кеңсірігін, тер жуған құлақ түбін мұқият сүртті. Одан жануарды қинағаны үшін өзін кінәлі санап кешірім сұрағандай, жалынан құшақтап, маңдайына басын тіреп біраз тұрды. Қарагер бесті де иесінің ықыласына үн қатқандай ақырын пысқырынып, тостағандай жанары жарқырай қарайды.

– Межелі жерге жеткенше мынандай кезеңдердің әлі бес-алтауынан асамыз. Атқа обал, – деді әкем шанаға қайта келіп жайғасқан соң.

Аспан шайдай ашық еді. Күн сәулесінің мың-сан инесі көз қарықтыратын әппақ далада қыбырлаған қара ноқаттай сырғып келеміз. Қарға малтығып жанұшыраған қасқырлар көрінісінің әсеріне елтіп, құлама бесін мезгілінде кеніш орнына қалай жеткенімізді байқамай да қалыппын.

 Қақпа алдында малақайымды шешіп, үнсіз егіліп, маңдайымнан иіскеген қызылшырайлы, талдырмаш әйелдің шешем екенін ұқтым. Сағынған екен. Қапсыра құшқанында, тұншығып қала жаздағандаймын.

Бір ғана түнедік. Мұнда ағамды да сарғая күткен жұрт баршылық тәрізді. Кешкісін шахтаның моншасына түсіп келіп, екі-үш үйге қонақ болып үлгеріп, жақын-жуықпен қауқылдасып, жақсы тынықтық. Шаңқай түс шамасында көшеге шығып, үлкен поселкенің дүкендеріне соғып, ауылдағы көршілердің де тапсырған оны-мұны заттарын артып алған соң Ұзынбұлаққа қайта жортқанбыз. Шарбақ түбінде жәутеңдеген шешеме жалт етіп бір қарап, ұзай бердік.

Мен қайтып келгенде апам ақ дидары алабұртып, керемет қуанды. «Шешесі жібермей алып қала ма?» деп бірталай дегбірсізденген-ау. Өзі бала таппаған кісі екен. Ғұмыр бойы жалғыз перзентке зар болған адамның жан күйзелісіне кім тереңдей қояр. Кей-кейде: «Жаратқан жақсы көрген пендесін бір жерден қысып қояды», – деп өз-өзін жұбатар еді. Үлкен абысынының бұл күйін, оған ең асылын жүрегінен жұлып бергендей болып, шешем түсінген сияқты. Осыны апам да іштей лайықты бағалағандай. Алайда естіртіп дәнеңе айтпайды. Жалғыз-ақ, қыстыға булығып отырып:

– Ризамын Күләндаға! – деді.

(Көп ұзамай ағам ауылдық кеңес төрағасына арнайы барып, мені өз атына жазғызып алды).

Ақшатау сапарынан едәуір есейіп оралғандай едім. Әйтеуір, айналаға өзгеше қарай бастағанымды аңғарамын. Тірліктің әлемет арпалыс екенін түйсінетіндеймін. Желді-боранды күндері апамның қасында отырып қағаз-қаламмен оймақтай Ұзынбұлақ әлемінің кескінін бейнелеуге талпына бастап, Қойөсер мен Жайлаудың тау арасында бір топ қасқырды тырқырата қуып бара жатқан суретін саламын. Бірі – дәу қара төбет те, екіншісі жұқалтаң сұр дүрегей-ді. Осы бейнелерге қарап отырып, езуге күлкі үйіріледі. «Шынында, бұл екеуінің жалақтаған көп бөріге шамасы келер ме еді?..» деп қиялдаймын. Жайлауды қайдам, ызаланса, Қойөсердің бір қасқырды тулақша сілкілейтіні анық. Бұл итімнің дүлейлігін талай көргенмін.

Арасында іс машинасын зырылдатқан апамның ыңылдап, сыңсып салған әніне елегзіп қоямын. Көзіме қызғалдақ, сарғалдағы жайқалған гүлжазира алқап елестейді. Үп еткен жел жоқ… Көкорай шалғында домаланған бақ-бақ басын біртіндеп үрлеп ұшырып, шекеңді күнге қыздырып, маужырап жатсаң, шіркін!.. Бірақ оған дейін әлі қайда?! Арқаның сарытабан қары сәуірдің орта тұсына дейін сіресіп жатып алады!

Бір кезде апама:

– Күн қашан жылынар екен? – деп қала­мын.

Жер аяғы кеңісе елдің де арқасы жазылып, қабақтары ашыла түсіп, ғажайып жарқын күндер бастала ма деп үміттенесің.

– Е-е, көктем нәуірзектің қанатымен жете­ді ғой, балам, – дейді апам әлден соң ғана мен жаққа назар аударып.

Енді «нәуірзек деген не нәрсе» деп аңтарыл­дым.

Сөйтсем, бұл ­­­– қанатының сусылымен көктемді ала келетін жыл құсы… сары шымшық көрінеді. Қайран қалдым. Құлағыма сонау алыста-н-н оның әлсіз шырылы талып жете­тіндей. Титтей торғай қауырсыны лебімен жететін сол құдыретті сарыла тосатындаймын…

Ұзамай совхозға көштік. Ондағы басшылар ағама еңселі үй беріп, орталықтағы ұсталық жұмысқа ауыстыруды ұйғарыпты. Бұл аралық­та КПСС Орталық Комитетінің Бірінші секре­тары Хрущев қызметтен кетіп, орнына Брежнев келді. Үйге аялдағандар бұрынғы жетекшіні сөгіп, жаңа көсемді мақтап отырады. Алған жайымыз кеңсенің тура іргесінде-тін, бұ­зақы балалар ма, кім екені белгісіз біреулер Хрущевтің сыртқы тақтада тұрған суретін мылжалап, көзін тесіп ­­тастапты. Соны естіген апам:

– Құдай-ау, онда несі бар, кетер адам кетті емес пе! О байғұс аржанайы болса да, мәгезін біткенді нанға толтырып қойып еді ғой! ­– деп ренжіді. («Аржанайы» – «ржаной хлеб» дегені екен).

Өзім Брежневті қолпаштайтындай-ақ бар ма деп ойлап ем; ол басқа жаңалығын айт­пағанда, сенбі күнін демалыс қылып, елге аз да болсын еркіндік беріп, тыныс кеңейт­ті. Әйтпесе, совет өкіметі орнағалы жарты ғасыр­дан бері бұл жұмыс күні көрінеді.

– Әй, не жақсылық істесе де, мұныңды да аспандатпай қоя тұршы, айналайын. Осылар­дың қайсы келсе де, қазақ кешкен тақсырет қашан азайып еді?! – дейді әлдекім.

– Жо… Қарасайшы, келе сала қаншама істі еңсеріп тастады емес пе…

Әлден уақытта үлкендер даурығып, өзара дауласып кетеді.

Бір күні Сағат әкем жұмыстан қабаржып қайтқан. Түтігіп, көзінен от ұшқындап, әлде­неге ызаланып келгені байқалды. Көңілін ауламаққа ұмсына беріп ем, алақан сыртымен қа­ғып жіберіп өте шыққаны. Орта бойлы ғана болса да, жастайынан зілбалға соққан қарулы адам ғой, аңдаусызда анадай жерге мұрттай түстім. Жәбірленіп шығып кетіп, үй сыртындағы орындыққа барып бүкшиіп көп отырдым. Жазығым не?

Қорланғаныммен, тістеніп, жыламадым да. Бір мезет, еріксізден, өз әкемнің кескіні елестейді. Бұлар, өзі, төрт ағайынды екен. Ме­нің әкем – кенжесі. Бәрі де – майдангер. Сәкеңді жаппай «аға» дейтініміз солардан қалған үрдіс сияқты. Ата-бабаның жан азап, күйініш-қайғысы да ұрпағына қанмен беріледі дейтін әңгімені естуші едік. Ағамның әкесі мен атасы бастан кешкен сұмдық тартыстар туралы, бұлардың, тіпті, кейбірінің қуғынға ұшырап, абақтыға қамалғаны жайларынан да хабардармыз-ды. Осы сәтте өз бабаларым жөнінде алғаш рет толғандым. Сағаттың әскери билетін көргенім есіме түседі. Қол пулеметшісі екен. Әлгі құжатта қаруының салмағы он алты кило тартқаны, өзінің майданда жеті рет жараланғаны… бәрі жазылыпты. Демек, ылғи алғы шепте жүрген болып тұр. Соғыстан кейінгі әр жылдарда інілерінен біртіндеп айырылған…

Кенет Ұзынбұлақта әкемді еске алған сәтте алдыма қойылған шарапты татқан-татпағанымды ойлаймын. Жадымда жоқ. Соны құйған аға кім еді? Есін білер-білмес балаға ішімдік ұсынғаны қалай… «Ақыры тататын тіршіліктің кермек дәмін осы бастан-ақ көре берсін дегені ме…» екен деп… топшылаймын.

Қыстақтан көшерде жалтақтап, көршілерді қимай аттанған едім. Солардың да өмірі сырттай қарапайым, бүп-бүтін көрінгенімен, ішкі бұлқыныс иірімдері тым тереңде жататы­нын, қалтарыс-бұлтарысының көптігін аңдамайтынмын. Мәселен, сонау Қанаткүл де Есімбек­тің інісінің қызы екен. Қасила шешеміз де ерте жесір қалғандай. Жуасбай болса менің ше­шем­нің өгей әкесі болып шықты. Яғни, Күлән­даның анасы Бөлтейге үйленген. Ал Сәулебек – сол кісіден туған шешемнің жалғыз інісі…

Қарап отырсаң, жүздеген жылдар бойы небір зобалаңды өткеріп, тағдыр тауқыметімен талмай арпалысып, бір-бірін аялап, өз баласын да, өзгенің ұрпағын да асырап, сүйреп жеткізіп келе жатқан қарға тамырлы қазақ көксеген шуақты күндер қашан келеді?! Расында да, бойға заманалар бойғы сіңген ызғар, сыз табы әлі тарқамапты…

Әкем де жұмысында әлденеге жанын ауыр­тып, жабырқаған шығар. Әлдебір әділетсіз­дікке кезікті ме… Ашуым біртіндеп өз-өзінен басылғанын сеземін. Бір кезде қасыма ағам да келді. Көзі боталап, кеудесіне қысады. Үнде­медім.

Тек әкемнің құшағында отырып, көктем белгісі көрініп қалардай елеңдеп, көкжиекке көз тігемін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір