Кезбеліктен құтылған күн
19.03.2021
5239
29

Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА

Таң қылаң беріп, күн ұясына кіргенше бес қабатты үйлердің іргесіндегі қоқыс жәшікті «иттерше» торуылдап, әркімнің сілімтірін теріп жеп, құлқын тамақтың, күнелтістің күйін күйттейтін үш кезбе бүгін тағы боқтан өзгеге керілдесіп қалды.
– Әкелші, анау, бошлакты! Мұны да өзім киемін, – деп, Шойнақ таяғын шошайтып, алау-далауы шығып, қасында маужырап отырған Башарға бұйыра сөйледі.
– Жаңа ғана әлгі шал әкеп тастаған күрткені айтамысың? «Аяғы жоқ қой!» деп аяған сайын ескі-құсқыны иемденгіш екенсің! Жыртық-жамаудың бәрін үстіңе іліп, қырық қабат капуста құсаған түрің – мынау! Ормандағы қара аюдай, хе-хе-хе, – деп бөтелкелес дошайын Башар мен дударбас Пәтөк кекетіп-мұқатты.
– Өздерің оңып тұрғандай, оттауларыңды-ай, ә?! Жә, алыңдаршы, күндерің осыған қарап тұрса! Байқауымша, сол шал үйіндегі ескі-құсқыларын мына маған бола әкеледі, білем. Оны қайдан көргенімді білмеймін. Бірақ сыртынан әлдекімге ұқсатамын. Кім білсін, оның да ағаш-шұғашын кесіп, бақшасының картобын қазған шығармын, – деп Шойнақ көңілсіздеу тіл қатты.
Сөзінің жаны бар. Жауырыны қақпақтай Шойнақты тап осы күл-қоқыс үйілген теректің тасасынан алғаш көргенде Боря атай аңтарылып тұрып қалған. Саяжайына су жүретін арық қазып берген қолы шебер, епті Шынболаттың ­екі-үш жылдың жүзі болмай Шойнақ атанып, адам нанғысыз күйге енгенін қайдан білсін. Беті-қолына су тимеген, үсті-басы алба-жұлба болып бөтелкені өзегіне төңкере тыққылаған мұны сыртынан шаққа шырамытқан.
– Сол шал бұл арадан күн сайын өтеді. Ескі танысың болса бір жарты сұрайық. Шекем солқылдап, қақ жарылып барады. Шақырайған күн де ысып, төбемді тесуі жақын, – деп, Башар әлдене дәметкендей жалаңдап, жан-жағына қарады.
– Жұрттың бәрін бездіргеніміз аздай, енді оған да қол жаямыз ба? Онсыз да киім-кешегін, ас-суын әкеліп жүр ғой. Мына бошлакты да алмас едім. Қайтейін, күнім осыған қарап тұрса… Былтырғыдай емес, жаздың биылғы түні суық. Бүгін тағы қалтырап, тоңып шықтым. Мына біреу пәлтөнің де сау-тамтығы қалмады. Бір жеңінен жел үріп, бір жағынан сыз өтеді. Тіземе қолымды жылытып жатар едім. Жұт жалмағандай, қол-аяқтан да жұрдаймын. Бейшара түріме кімді кінәлайын. Бәріне өзім айыптымын, – деп мүләйімси кетті.
Шойнақтың кескін-келбеті, өңі тым аянышты көрінді. Көңіл-күйі бұлттай түнеріп, еркек кіндік бола тұра жасып, масылдықтан түңілгендей. Екі жағында білектерін тас төбесіне тіреп, бостан-бос отырған қос кезбе оған сұраулы жүзбен таңырқай қарады.
– Шүке, қит етсе зарлай жөнелесің. О, неге? Әлде бұл, қарттықтың белгісі ме?
– Мүмкін, Пәтөк, бәрі де мүмкін. Қыстай суық өтті ме, денем былжырап, дел-сал боламын. Шыжыған жазда қалтырап тоңамын. Қимылдап жүрмеген соң қаным да айналмайды. Сендер жассыңдар. Денсау­лықтың қадірін білмейсіңдер. Оның үстіне қол-аяқтарың түгел. Ал мен, мен бейшара… Түнде қойныма кеп тығылатын әлгі мысық та көрінбейді. Ұшты-күйлі жойылды. Бошлагымның ішіне кіріп қор ете қалғанда денем өздігінен жылынушы еді. Кейде мына бұтақтарға шығып алып мияулайтыны есіме әлденені түсіреді. Сүтке тоймаған сәби құсап жылағаны өте аянышты!
– Туу, не деп кеттің. Бос мылжыңды тағы бастадың ба? Жасың нешеде осы?
Қасындағы қос қылжақбас ештеңенің байыбына бармай піскен бастай ыржиды.
– Е, оны кім санапты. Жасым түгіл, атымды ұмытуым жақын. Ащы сумен ойнап жүріп «от бастым». Аңдаусызда оң аяғымды жарақаттап, шойнақтап жүрдім. Елдің аузына қақпақ қоям ба. Содан жұрттың бәрі Шойнақ деп атап кетті. Бұл аздай, беріректе екі аяқты қатар кестірдім. Қазір алпыстың о жақ, бұ жағына келген шығармын. Кәрілік жеңіп, құлдырап бара жатқаным өзіме аян.
– Саспа, Шүке! Көрер қызығың әлі алда.
– Қайдам. Тұла-бойымды бекерге уладым. Қырғын келгір қу арақ түзу жолдан тайдырып, бар қызықтан құр қалдырды. Жұрт қатарлы тіршіліктен айырды. Ешкімге опа бермегенін біле тұра, босқа ішіппін. Ақ құйқам шығып, ақыл-естен адастым. Ұяттан жұрдай етті. Анау үйлерге қараған сайын көңілім зілдей бұзылады. Менің де тап сондай тым-тәуір баспанам бар еді. Жып-жылы үйімді, әйел-баламды шөлмекке айырбастап, кезбе атандым. Енді, құр өкініштен не пайда?!
Шойнақтың шүңірейген көздеріне тостақанға құйылған судай мөлтілдеген жас тығылды. Жаңбырдың тамшысындай домаланған көз жасы иістенген ескі бошлактың кеуде тұсын айғыздап жуа түсті. Қайта-қайта аһылап-уһілеп күңіренді. Алағай да, бұлағай күй кешті. Оның дәл бұлай күйзелгенін бұрын-соңды көрмеген екі кезбе сасып-пысып басу айтқансыды. Бір кездері оқымысты әке-шешенің еркесі әрі серкесі болған Башар өткен өмірін амалсыз еске алды.
– Шүке, сенің бала-шағаң бар ғой. Ал менің жолымды тосар ешкім жоқ. Қалайда оқытып, адам етем деп тау-тасқа сүйреген әке-шешені тірісінде жерге қараттым. Олардан мұраға қалған жер үйді жын-ойнаққа айналдырып, ақыры өртеп тындым. Қазір барар жерім, басар тауым қалмады. Тіпті, өзімді атарға оғым болса-шы! – деп ішінде бұғып жатқан өкінішін сәл-пәл сыртқа шығарды. Осы жүргенде төбесінде бір тал шаш жоқ, жасына жетпей қартайып, азып-тозған Башардың шынымен де шыққан жері, өскен ұясы тым тәуір еді. Қайтерсің. Өз бағын өзі байлады. Иттің құйрығындай таралмаған сабалақ-сабалақ сары шаштары желкесіне түсіп жалбыраған, жалқау Пәтөк те осылардың «бір сорты». Азынаған үйде тұрып жатқан шешесін жылатқан жетесіз! Қысы-жазы саяжайдағы суық қыстауды паналайтын кейуана осы Пәтөктен өлердей қорқады. Кеш батса есік-терезесін қымтап, есуас баласының жеті түнде жетіп келіп мазасын алмауын Жаратқаннан жалбарына сұрайды. Сонда да іштен шыққан шұбар жыланын жамандыққа қимай, «түбі түзелер» деген жылы үмітпен жүреді.
– Кім жетісіп жүр дейсіңдер. Жарайды, бос сөзді доғарайықшы. Манадан ішім шұрылдап шаққа отырмын шыдап. Келіңдер, одан да бүгінгі олжамызды жуайық!– деп азан шақырып қойған аты Фазыл болғанмен, лақап аты «Пәтөк» өзі туралы айтқысы келмей, теріс айналды. Сосын бір-бірімен таластырып қойған манағы күрткені Шойнақтың иығына сылтауратып іле салды.
– О, табылған ақыл! Осы бізге туған жылымызды санап, өткенді қазбалаудың қажеті не. Босқа көңіл күйді бұзып. Егер шейт боп кетсек, шұңқырға тастай салар… Болары болған соң, туғаның мен өлгеніңді жіпке тізіп, қураған тақтайды топыраққа қонжитқаннан не пайда. Одан да осы күнімізге шүкір етейік,– деп екі ақымақ арзан ойын-күлкіге ауысты қайтадан.
– Әй, жігіттер-ай, тағы зарлады демеңдер. Айдың аманында азып-тозғаннан өткен азап жоқ екен! Қиындықты жеңемін деп жүріп, кәпірдің суына босқа алдандым. Ол ақыры мені жеңді. Оңдырмай улады.
– Өй, Шүке, пластинка құсап, ескі әуенді тағы бастадың ба? Түсіңе әйелің енгендей соншама егіліп не болды. Салың суға кетіп, шаршағаннан не пайда. Енді бәрі де кеш. Шегінерге жол жоқ. Мысықтар мияуласа мұңаясың. Олардың бізге кәнкурент екенін білмеймісің. Әлгінде айыға алмай жатсам, бұралқы иттер қоқыс жәшікті қопарып, сыбағамызды жеп тұр. Ол, ол ма, тап мына жерде майонездің пакетін тұмсығымен шұқылап бір сауысқан отыр. Бал сорғандай сорпылдата жөнелгенін көріп, жағамды ұстадым,– деп Пәтөк алагөбе шақта көргенін жайып салды.
– Туһ! Сенде айдаладағы сауысқанға өкпелеп?! Мен бұдан да сорақысын көремін күнде. Анау тұрған мейрамхананың аспазшылары шетінен арамтамақ. Той мен садақадан қалған асты ұрлап үйлеріне тасиды. Әбден дәнігіп алған. Күнде қақпаның астынан екі-үш пәкетті ытқытады да отырады. Кеше де қарны салақтаған бір еркек әйелі жымқырған дәу пәкетті ілезде алып, көлігімен тайып тұрды. Сонда, жас еттің мүңкіген иісі мұрнымды жарып әкетті. Шіркін, бір күн тойып ет жесек қой! Сүйек-саяқтан бізге де садақа берсе, несі кетер еді, – деген Башардың аузының сілекейі езуіне қарай шұбырды.
– Берместің асына көзіңді қызартып жын ұрды ма, ей! Одан да кешегі қалған-құтқанмен жүрек жалғайық. Айттым ғой, ішім шұрылдап барады деп. Мана қарғалар түрткілеп кеткен жәшіктің ішінен күйген кәртөп шығып еді. Соны тездетіп жей қояйық. Әйтпесе торғайлар талап әкетер, – деп Пәтөк қомағайлана түсті.
– Мінекей, түннен қалған «сыбаға» осы. Ішімізді шәйіп жіберейік.
Башар қолтығының астынан орталанып қалған жынды суды суырып алып, әуелі өзі ұрттады. Сосын Шойнаққа ұсынды. Тек бүгін ғана емес, көптен іштен тынып, алай-дүлей сезімге беріліп, ұнжырғасы түскен Шүкең шөлмекке ернін тигізер-тигізбестен «тартпай» тұрғанын айтып, кері итерді.
– Ойбай, мұның қай сасқаның? Шикі астан тартынсаң да, бұдан жери көрме. Ұшынып кетерсің, хе-хе-хе. Бір ұрттап, зәкускіден алып жібер.
Екеуі шеті жүндеп, былжыраған помидорды аузына тосты. – Мана бір әйел қоқыстың қасына қойып кеткенде өлердей қуанғам. Бізге қай оңған ас бұйырсын. Бұзылғанын әкеліпті.
– Мейлі ғой, ішімізге ел қонса жарар…
Пәтөк пен Башар мәз. Аш қарынға не жесе де бәрібір, майдай жағып барады.
– Е, ей, несін айтайын. Кемпірім де осындай банкі жабудан алдына қара салмайтын. Жаз шықса қияр мен қызанақ тұздаудан қолы емге босамайтын. Оның қысқыға дайындағанын сыртқа тасып, шетінен құртатын едім. Әй, мына қу арақ не істетпеді?! Адам емес, азғын болыппын, азғын!
– Өй, Шүке, қай-қайдағыны тағы бастадың ба? Осы сені бір түлен түртіп жүр-ау деймін. Бас жазбай тұрып, әйеліңнің жылы-жұмсағын айтып! Бүйтіп өкінетінің бар, бәлністе жатқанда «әкелеп» келген балаңның көңілін неге қалдырдың? «Екі аяғымды кестіргенімді естіп, ұлым іздеп келді» деп күнде қақсайсың ғой, құлақтың құрышын жеп!
– Иә, сол кезде баламның іздеп келгені рас. Обалы нешік. Бірақ қойған шартыма көнбеді ғой. Сосын мен де қырсықтым. Қате істеппін. «Ескі әуежай жақтан жер үй салдым. Ауласы кең. Бәрімізге жетеді» деген.
– Сонымен оған қандай шарт қойдың?
– Барсам да, сендерден бөлек сыртқы сарайда тұрамын дедім.
– Өй, сирақтан бүйрек шығаруыңды-ай?! Біреудің шұрық-тесік қыстауына зар боп жүріп?! Балаңның өкпелеуі жөн. Өзің екен ғой бәрін бүлдірген.
– Жоқ, мені дұрыс түсінбедіңдер. Бәлен жылдан теріме сіңген сасық иісім моншаға қамап қойса да кетпейтін шығар. Ол аздай, жабайы аңға ұқсаған түрімді көріп үйдегілер әбден шошыр. Кемпірім де баяғыдай іш тарта қоймас. Оның мені кешіруі екіталай. Оның үстіне үйде келін бар. Кішкентайлар да өсіп қалды. Осының бәрін айтып едім, балам көнбеді. Үстіңді жуатын, мұртыңды қыратын, арбаңды сүйрейтін күтуші табамын. Қалған өміріңді азып-тозбай дұрыс сүр. Сен сыртта, біз іште, қайтіп тұрамыз. Немерелеріңнің көзінше қызара бөртіп сарайда жатпақпысың? – деп кейіді.
– Бұл соңғы шешімің бе, еді?
– Иә. Екі аяқтан айырылсам да ешкімге масыл болмай, өз күнімді көрейін дегенмін. Қатын-баланың қармағына түспей, бой тасалағым келген. Дегенмен, ет-сүйегің үйренген тәуір тірлікті іштей қалап тұрады екенсің. Бәрін кеш түсініп, енді ұқтым. Есейген сайын кім-кім де «өз үйі – өлең төсегін» уайымдап, жоқтайды білем.
Шойнақ тағы күрсінуін үдетті. Бұл жолы тамағынан қара су да өтпей, күйген картоптың шетінен жартылай тістеп қоя салды. Әдеттегідей теректің маңын көлеңкелеп, саялаған үшеуі қалған-құтқанмен өзектерін жалғап, уақытты ұзарта түсті.
– Бұл әңгіменің де айтылғанына екі-үш жыл болып қалды. Менен көңілі қалды ма, соңғы уақта хабарсыз кетті. Ұмытпасам, бәлністен шығарда дәрігер қолыма тілдей қағазды ұстатып, «балаң берді» деген. Қай қалтама салғанымды білмеймін. Оқымақ түгіл, ішін ашып та қарамаппын. Ендігі жоғалып қалған шығар.
– Қане, ендеше, денеңді тінтіп көрейік. Бәлки, хаттың арасында бір жартыға жетерлік тиын-тебен жатқан шығар. Ақылы болса, әкесінің қамын әріден ойлауы тиіс,– деп Башар қу түлкідей қутыңдай қалды. Сосын екеулеп доптай домаланған Шойнақтың үсті-басын тінти жөнелді. Жыртық-жамау­дың бәрін үстіне қымтаған оның кірі бес батпан шалбарының қалтасынан тілдей қағазды тапты ақыры. Төртке бүктетіліп, мыжырайған хатты ашып, қыртысын күс-күс қолдарымен тездетіп жазған екеуі ішінде бас жазарлық ештеңе болмаған соң тақыр жерге тастай салды. Қағаздағы жазуға үңілген Шойнақ: «Не жазыпты, оқыңдаршы» деп өтінді.
– Мен дұрыс ғаріп танымаймын. Мектептен қуылған қояншықпын, – деп шынын айтқан Башар шекесін қасыды.
– Менің де оңып тұрғаным шамалы. Балаңның жазуы біз жейтін ботқадай ірі екен, хе, хе, хе. Түсінсем оқып көрейін, – деп ақыры Пәтөк сарғыш қағазға саусақтарын тигізді.
«Әке, бұл өмірге адам болып туылдың ғой. Сол адам қалпыңда қалуыңды Алладан және бір өзіңнен әлі күнге тілеумен келемін. «Адам ата Хауа анадан» жаралған Адам екеніңді есіңнен шығарма! Сенің осындай бейшара хәлге жеткеніңе әлі сенер емеспін. Әу бастан кезбе атанып, біреулерге масыл болып жаралмадың! Көше кезіп, әркімге алақан жайған босқын болмадың! Сау басыңды опасыз араққа саудалап, қайыршы атанып, жан-тәніңді қорлағаның, қайткенің?! Бәлен жыл, бәлен ай жылы үйіңнен безіп, сенделіп бос жүргеннен не таптың?! Бұдан былай тезірек есіңді жиып, адам қатарына қосылады деп үміттенемін. Өмірді жаңадан бастап, түзу жолға түсетініңе сенемін. Ақылға келіп, ойланып көрші, әке?! Қайталап айтам, әке, сен Адамнан туған-Адамның баласысың! Осыны қаперіңнен ешқашан шығарма!» Сәлеммен Ниязың.
– Ойпырмай, Шүке, қазіргі жастар секілді балаң да ұңғыт қой! Әттең, таңдайымыз қаталап жатқан хәлімізді ескеріп, арасына мың теңге қыстырып жібергенде, амандығы үшін алып қояр едік. Құр сөзге бата жүрмейді, амал не? – деп жетесіз Башар әзілге айналдырды тағы да.
– Қане, хатты бүктеп қалтама салшы. Сақтап қояйын. Ақыл айтты екен деп баламды сөкпеңдер сыртынан. Қайтсін, менің осындай хәлге түскенім оның да жанын жеп бітті-ау!
Қиянатқа қимаған бір ауыз сөз жүрегін қинап жіберді ме, әлде шерін ішіне сыйдыра алмады ма, аяқ астынан бақырып қоя берді. Еңгезердей еркектің айналаны әп-сәтте күңірентіп, дауыстап жылағанын бірінші рет естіп-көрген Пәтөк пен Башар тіптен шошып кетті. «Қой, Шүке! Сабыр ет, Шүке!»– дегеннен басқа сөз таппады.
– Бойға сіңген жаман әдет орға жықпай қоймайды екен. Енді өкінген түрім құрысын! Азып-тоздым, қор болдым! Айрандай ұйыған отбасымды әзәзілге айырбастаған мен пақырға ауыр жаза кессе де мейлі. Істеген ісімді мойныммен көтеремін! – деп Шойнақ өгіздей өкірді. Көз жасын көл қылған бөтелкелесіне таңқалған әлгі екеу іштен тынып, үнсіздіктен тұншыға жаздады. Кешкі салқынмен Шойнақты сылтауратып, садақа сұрайтын әдеттері бар еді. Бұл жолы одан да сап тиылды. Көңілдері пәс болды. Тіпті, маңайдағы қоқыс жәшікке белден төмен еңкейіп, «тіске басар» да іздемеді. Күндегідей темір қойманың тасасын паналаған Шойнақ жетім шалдай қорланған күйі бүк түсіп жатып қалды. Тап сол жердегі жалаңаш тақтайлардың үстіне Пәтөк пен Башар да жантая кетті. Нияздың хаты жүректерін шымшылап, ар-ұяттарын түрткілеп оятты ма, екеуі де алма-кезек дөңбекшумен болды. Түн ортасы ауған шақта бұтақтың басына қарғып шыққан мысықтар да бұрынғыдан бетер мияулап, ыр-ыр етті. Содан ба, мұз боп қатқан жүректеріне қорқыныш пен үрей ұялады. Әсіресе, Шойнақ байғұс саусақтан жұрдай қолдарымен бетін басып, солқ-солқ етті. Түні бойы бір-біріне тыржиып, ырылдасқан мысықтар үш қайыршының қабыршақтанған бет терісін тырнақтарымен тырнап, намыстарын осып-осып қанатқандай еді… Дәл осы түннің бозамықтануын тілеген үшеуі үш жаққа қарап құлазып, «адамдықтың ар-ожданымен» арпалысты. Іштерінен қыпылықтап, Тәңірін ұмыттырған тәйтік мінездерінен қуыстанды. Жатып ішер арамтамақ кезбеліктің жолын таңдаған, масылдыққа мойынсұнған сараңдау саналарын соттағандай шым-шытырық күй кешті. Алтын алмастың сабындай жарқ-жұрқ етіп өте шығар өмірден жеңілгенін, жем болғанын іштей мойындаған Шойнақ қатардан қалған құр далбаса тірлігіне қатты ызаланды. Кім көрінгеннің көңілін жықпай желпілдеп жүргенде жеткен жері, жетіскені осы болғанына өкінді. Жолшыбай жолыққан кезбелермен бірге боққа таласқан қарғадай күл-қоқыстың қасында көңіл көтергеннен басқа түк бітірмегеніне қапаланды.

* * *

Ертесіне басын жалаңаш тақтайдан сұлық көтерген Шойнақ біржолата соңғы шешімге келгенін кесіп айтты. Бұдан былай адам атаулының тізімінен сызылып, әркімнің қуыс-мүйісін, жертөлесін ықтап, итаяғын жалап, құр босқа шапата тоздырғаннан түк өнбейтінін, мұндай бәтуәсыз тірлікке енді төзбейтінін бөтелкелестеріне ашына айтты. Алдамшы масылдықтан арылып, құбылаға қарай бет бұратынын, бүгіннен бастап кезбелікпен біржолата қоштасатынын қадап айтты. Алғашында Пәтөк пен Башар ертегі тыңдағандай сеніңкіремей, оған оқырая қарады. Өздері де түні бойы қиналып, аласапыран сәтті бастарынан өткеріп, толғанып шыққандарын мойындады.
– Жігіттер, мен мағынасыз, мәнсіз күндерден титықтадым. «Мың күндік қапастан, бір күндік өмір артық» екен. Астаң-кестеңі шыққан, босқа рәсуә болған қайран жылдарым-ай! Енді ол күндердің бір минөтін кері қайтара алмаспын. Бірақ «арам суға» енді жем болмаспын. Мені күн ашықта үйіме жеткізіп салыңдар. Тым болмаса, баламмен көздестіріңдер. Тегершігі сынық арбамен өзімнің жетуім екіталай, – деді Шойнақ.
– Апыр-ай, Шүке, бізді де ойландырып тастадың ғой. Саған үйреніп қалып едік, енді қайтпекпіз? – деп Пәтөк пен Башар одан бетер абыржыды.
Талай түн бастарын қу тақтайда түйістіріп бірге ұйықтаған естияр «дошайдың» дегеніне еріксіз көндіккен екі кезбе шиқылдаған арбаны сүйрелеп, қаланың шет жағындағы ақ шатырлы биік үйлерге қарай бет алды. Сол күні әдеттегідей «ескі танысын» аяп, соған бола біресе бошлагын, терісі қураған етігін әкелгіштеп жүретін мейірімді қария кемпірі құтыға құйып берген борщтың қалдығын мана бір әзірде теректің түбіне қойып кеткен еді. Алайда шөп-шөңке қосылған сұйық сорпаға ит те, құс та тұмсығын тыға қоймады. «Базарға тиын-тебен сұрауға кеткен шығар» деп топшылаған ол «көшедегі үйреншікті көршілерін» қараумен болды. Сол күні кезбеліктен біржолата құтылған Шойнақтың үй-ішімен қайта қауышып, адам қалпына оралып, баянды өмір бастағанын Боря атай қайдан білсін. Ал Башар пен Пәтөк те Шойнақ секілді өмірлерін жаңартуға асығып, кезбеліктен құтылар «жол» іздеп кеткен еді.

ПІКІРЛЕР29
Аноним 15.03.2021 | 22:55

Керемет омирден алынган макала.

Аноним 15.03.2021 | 23:02

Керемет!

Аноним 15.03.2021 | 23:11

Әсерлі

Аноним 15.03.2021 | 23:22

Ойланбай өмірін қорлықпен өткізіп жүргенге,ой тастайтын жағдай.

Аноним 15.03.2021 | 23:24

Керемет, әр адамға ой салатын мақала!

Аноним 16.03.2021 | 00:10

Керемет..Əр адамды ойландыратындай

Аноним 16.03.2021 | 03:35

Өте әсерлі,керемет мақала.Ойы жоқ , ерік жігері жоқ адамның өмірі аз ғана уақытта быт-шыт болуы мүмкін екендігі туралы.

Аноним 16.03.2021 | 09:47

Ассалаумағалайкум, тамаша…

Аноним 16.03.2021 | 10:45

тақырыбы заманның көрінісіне сай болғанмен, әңгіменің тілін керемет дей алмас едім.

Аноним 16.03.2021 | 12:09

Мира Шуйншалиева деген жазушынын китаптарын Оңтүстіктегі тумаларым тугел оқып шықты. Оралда туратын агайындар аркылы бул жазушыны жаксы билемиз. Ол өте талантты, іші мен сырты сулу жазушы .

Аноним 16.03.2021 | 12:23

Өте әсерлі, ой тудырартын мақала. Керемет👏🏻👏🏻👏🏻

Аноним 16.03.2021 | 12:24

Керемет

Аноним 16.03.2021 | 12:25

Қазіргі заманда осындай туындылардың барына қуанамын

Аноним 16.03.2021 | 12:37

Автордын жазушылык шеберлигине тамсанамын.Оте мыкты, тилге бай, онеге алатын шыгарма

Аноним 16.03.2021 | 14:12

Байсалды шыгарма! Жазушыга мын алгыс! Атыраулыктар олип окимыз Мира кызымыздын дуниелерин.

Аноним 16.03.2021 | 15:34

шебер жазылған.

Аноним 16.03.2021 | 16:45

солай-ақ бола қойсын

Аноним 16.03.2021 | 16:49

Мира тілі өткір тілімен осы замандағы қаңғыбастардың өмірін сөзбен суреттеген. Суреткер жазушы екені өзінің адресіне де айтылып жүр. Бір-бірін қызғанудан әрі аса алмайтын қазақтармыз ғой. Дұрыс! Іштерің күйгесін қолдан басқа не келеді?! Кекетіп қалыңдар!

Аноним 16.03.2021 | 17:04

Прекрасное произведение, люблю читать рассказы, повести Миры Хамзиевны. Коллекционирую ее книги, вся семья с удовольствием читает. Спасибо что вы есть!🙏

Аноним 16.03.2021 | 17:21

Мыкты жазылган шыгарма, барине окуга кенес беремин

Аноним 16.03.2021 | 19:50

Кезбеліктен құтылған күн. Әңгіменің тақырыбы айқайлап тұр! Түнде оқып, төңекшіп шықтым. Менің де ет-жақын ағайым Шойнақ, Пәтөк, Башар секілді үйден безді. Отбасынан ащы суды қалады. Ақыры далада үсіп өлді! Шойнаққа ақыл кіргеніне риза болдым. Кезбелердің бәрі Шынболаттай елі барда есін жиса екен деп тілеймін!

Аноним 16.03.2021 | 20:47

Тұшына оқыдық!

Аноним 16.03.2021 | 21:52

Батыстағы Ең сүйкті, ардақты, жазушым Мира ару! Ойларыңыз маған қатты ұнайды, әсіресе осы мақала!

Аноним 16.03.2021 | 22:29

Қазіргі қоғамдағы еркіншек, масыл адамдардың образын көркем әдебиетпен әшкерелеген Мира жазушыға рахмет айтамын. Сіздің әігіме, повесть, пьессаларыңыздың бәрі адамның жүрегін қозғайды. Жеңіл оқылады. Сізді жақсы көреміз. Қызым Оралда қазақ мектебінде оқиды. Өлең жазады. Өскенде Мира апамдай ақылды әрі көрікті боламын дейді. Жастарға қай жағынан да үлгісіз! Аман болыңыз, әпке!

Аноним 16.03.2021 | 23:50

Рекомендую к чтению, мне очень понравилось

Аноним 17.03.2021 | 18:44

Мира қалыптасқан, қазақ әдебиетіне өз талантымен ойлы шығармалар әкелген жазушы! Оның тілі құнарлы! Жатық! Мына әңгімесін де күшті жазған. Әйел заты бола тұра, сыртта азып-тозып жүрген кещбелердің өмірін әсерлі суреттепті. Өте ауыр тақырыты аша білген! Мен Семейлік мұғаліммін.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. 10-12 сыныпта оқитын Оқушыларым М. Шүйіншәлиеваның «Шүберек қуыршақ» повесінен зерттеу мақала жазып жүр. Мира батысқа емес, республика оқушыларына танылып үлгерді. Тіл-көзден аман жүр, халықтың сүйікті жазушы қызы!

Аноним 18.03.2021 | 00:14

Оте жаксы шыгарма

Аноним 18.03.2021 | 13:04

Маган катты унады, керемет жазылган.

Аноним 21.03.2021 | 19:39

Конак: ойдеп айтпаныз, ар адамнын тагдыры ар турли болады. Шыгарма озимеде, айналамдагы адамдарга катты унады. Жазушыга тантимин.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір