Мұратхан Орынтайұлы. Тал шыбықтай майысқақ нәзігім-ай
09.03.2021
562
1

***

Жанарың түпсіз тұңғиық па еді,

Күлімдеп ішті жылатар.

Жүзіңе нұрлы күн ұйып па еді,

Гүл құйып жанға құмартар.

 

Секемшіл дала елігі ме едің,

Елітіп алып, қас керер.

Қылығыңа үнсіз көміліп едім,

Өрімдеп көзге жас келер.

 

Деміңнің жұпар шарабы шалқып,

Мастанып көңіл құлайды.

Қолаң шашыңнан қалампыр аңқып,

Аңсарын жанның улайды.

 

«Айдай бір бейнең басылған көзге»,

Қанатын қаздай жайған ақ.

Құмарым лағыл шашылған жерге,

Құлын мүшеңнен тайғанап.

 

Қаршығадай бір қайырыламын,

Алыстап барып, кете алмай.

Төзімнен тағат айырыламын,

Жақындап тұрып, жете алмай.

 

* **

Жадыраған жайлаудың келбетіндей,

Өңі ашылған кілемнің оң бетіндей,

Жүзі жылы жаныңа сіңіп барам,

Әшекейге басылған өрнек гүлдей.

 

Жымыңдаған жұлдыздың бедеріндей,

Жазылмаған белгісіз өлеңімдей,

Мойыл көзің күлімдеп тартып тұрад(ы),

Қаймықшыған қара су тереңіндей.

 

Тал шыбықтай майысқақ нәзігім-ай,

Жанға жайлы жарасқан әзіліңді-ай.

Өн бойыңнан аңқыған балғын лебің,

Бұрқырайды аққудың мамығындай.

 

Айдай бейнең еркіне көндіреді,

Қыпша белің қиялға ендіреді.

Су төгілмес жорғадай жүрісіңнен,

Шаң жұқпас тұлпар-шабыт, еліреді.

 

Көктем

Бұл көктем өзгеше секілді,

Бұлт маңғақ ылғида аспанда.

Бүр жарып шығатын секілді,

Мөлиген қап-қара тастанда.

 

Бұл көктем-жақыным секілді,

Мейірлі кейіппен қарайтын.

Бұл көктем-ғашығым секілді,

Суықтау көңілмен аяйтын.

 

Бұл көктем жан жарым секілді,

Жылуын тек маған арнаған.

Бұл көктем-арманым секілді,

Ақшағи нұрымен алдаған.

 

Бұл көктем бойжеткен секілді,

Көзінде жасырын мұң тұнған.

Бұл көктем-жүректер секілді,

Күрсініп қалып бір бұлқынған.

 

Бұл көктем — іңкәрлық о, неткен,

Сезімнің отына өртенер,

Сұлудай ертерек ержеткен,

Бір жылап, бір күліп еркелер.

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 31.03.2021 | 22:38

Ақын інім, шығармашылығыңыз шарықтай берсін, өнеріңіз өрге домаласын! Мұқағали атамыздың аруағы қолдасын! Сіз мықтысыз!👏👏👏

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір