«Теректер құлаған түн»
01.03.2021
840
0

(Поэма жайлы субъективті пікір)

«Еуропада пандемия жүріп жатқан шақта, адамдарды депрессиядан қорғау шарасы қолға алыныпты» дегенді бір кісіден естігенде, «біз қайтер екенбіз?» деп уайымдап едім. Уайымым күн сайын еселенбесе, қайтар түрі жоқ. Себебі бізде түсіп кететін «тесік» көп қой.

* * *

Миф (сөз) – адамның сенімін сатып алушы құрал (біреу айтқан болуы мүмкін). Көшпелі қазақ қандай мифке сенді екен? Бізді қандай миф қоршап тұр? Кімдердің ойлап тапқан мифінде, яки ертегісінде өмір сүріп жатырмыз? «айтшы…/ күмбезді болашақ па?/ тозған лентадай әуені».

Ата-ана өзіне дейінгі мәдени, рухани құндылықтарды, өзінен кейінгі ұрпағына өткізуші көпір болса, қай көпіріміз опырылған? Әлде, сау ма еді? Сау болса, неге біз өзімізді өзіміз таба алмаймыз?.. Шежіредегі (ата-бабаларымыз, әже-апаларымыз) өз заманының мәдениетін бойына сіңірген кісілерге қолымызды созсақ, неге жетпейді? Олар кім, біз кімбіз? Нақтырақ айтсам, мен кіммін? Кеше ғана отырғызылған көшет болсам, мені қайдан, кімнен жұлып әкелді? Тамырым қайда?

«Көгілдір тұман ішінде,

Көк жасыл бояуын төгіп

бусанған дала,

сен бізді кешір,

өзінің табыты өз иығына батқан

өлі өзен үстінде

үзілген көпір…» – деген поэманың шумағы ойыма түседі осындайда.

***

Менің санамдағы поэзияның мекен-жайы: өң мен түстің шекарасында, сана мен түпсананың қиылысында. Бар сияқты «жоқ» немесе керісінше. Сезесің, бірақ ұстатпайды. Сондықтан бұдан әрмен қарай жазылған дүниенің бәрі дерлік, ұстап үлгергенім немесе ұстадым деп алданғаным. Бірде әлдекіммен сұхбаттасып отырып, былай деп едім: «Мына қоршаған заттар қалай тұр, біз оны солай қабылдаймыз. Мысалы, орындық, дастархан, қалам, ғимарат, т.б. Оған мән дарытатын, қасиетті, киелі, экспонат қылып жіберетін – сөз. Ал сөз ұстайтындар – ақын-жазушылар – солардың екінші жаратушысы. Мұқа­ғалидың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы қанша аққуды мылтық оғынан арашалап қалды, мысалы?»

Ал енді «Теректер құлаған түн» атты сөз­дерден құралған әлемге көз салып көрейік.

***

Ұмтыл Зарыққанның «Теректер құлаған түн» поэмасындағы кейіпкер: «Осынау шаһардың/ күп-күрең уысында/ өзімді-өзім жоғалтқам», – деп бастайды сөз ауанын. Күңгірт, бұлыңғыр бейсана ішінде сананың адасуы… Таныс һәм бейтаныс дыбыстар мен заттар, иістер… Сананы – «Мен» деп, қоғам мүшесі, осы бір тәннің иесі, өмірге келген күннен бастап көрген, естіген, сезген, түйген, ұстаған кездегі сезімдердің, ойлардың, ақпараттардың жиынтығы ретінде алсақ, Түпсананы – «Ол» деп, қанмен келген (ДНК) ақпараттар мен ой-сезімдер, Сана жанасқан әрбір заттың арғы шетіндегі тарих-шежіресі, бүкіл эмоция, реакцияның бастау алар бұлағы делік. Ал енді қаншама ғасырлық ақпараттар бұғып жатқан, шет-қиыры жоқ Түпсанаға қолына шырақ алып Сана саяхаттасын. Автор осы тұста Кейіпкер Санасының образын мынадай сөздер арқылы жеткізеді: «Қанатты ойларым қандалаға жем болған», «қаланың сахарадай қайнаған оттары асқақ армандарымды күйдірген», «қым-қуыт бораны қиялдарымды қиратқан», «әлі көзін ашып үлгермеген үркек сезімдерімді тәрк еткен», «тағдырымды аяп, тайғанап бара жатқан», т.б. Мұның бәрін Кейіпкердің «Мені» (Санасы) айтып жатыр, сөз өзі туралы. «Қаһарлы дала қоңыр бояуын баяу қымтанған сәтте/ Алжир жаққа қарайтыным да бар/ көзімнің алды әнтек/ дымданып,/ бейкүнә аналарымның/ белгісіз бейітінше одырайған». Кейіпкер Алжир жаққа көз тастағанда, бейкүнә аналарын ойлап жанары жасаурайды. Ол жерде бұрын-соңды не болғанын Санасы ақпарат күйінде біледі, бірақ көзіне жас келгені – Түпсананың «сыз керегесі көгеріп, дымқылданып», жанарынан шыққаны. Қап-қара түнектен (хаостан) жас ағады. Сөйтіп келеді де, Сана Түпсанаға сауал жолдайды: «Бізді кешірмейтін шығар» деймін ішімнен». Сонда барып, тас қараңғы Түпсана былай оянады: «Санамның бір бұрышында аңдаусыз оянған беймәлім үрей/ Жан дүниемді шоқтай қарып,/ Мен мұрат тұтқан ең ізгі ойларым/ сүрініп-жығылып құлап бара жататын онда/ Аяз сорған арулар демінде/ ырғалып». Әрмен қарай Түпсананың әуезі:

«Алты мың жыл бұрын осы далада болған

алты қабат аспанның сілкінісіндей

бүрістіргім келетін сонда

бетін теріске беріп

бүк түсіп жатқан қаланы,

есіңде ме?

қарағайлар құлап

бәйтеректер боздаған түн,

жел шайқаған жапырақтай қауқарсыз едім ғой өзім де

жанымның зәузатын

мұншалық

қозғаған кім?..».

Ал мына шумақтар тәпсірімді дәлелдей түседі:

 «Мен осы қалада сан рет болғанмын

мен осы далаға сан рет қонғанмын

мен осы пәниге мың рет келгенмін

мен осы пәниден мың рет кеткенмін

келместей болып».

Осы аралықта өң-түстің арасындағы атмосфераны дәл беретін бірнеше теңеу, кейіптеуді келтірсем болар еді, бірақ өйт­сем, әр тармағын қайталап жазып шығуға тура келеді. Оны поэмамен танысып шыққан болсаңыз, өзіңіз де жақсы білесіз. Маған жалындап жанған от жарығынан пайда болған қою қоңыр көлеңкелі әлем елестейді. Автордың «Өртенген теңізге құлаған күн» өлеңінің осы бір метафорасы санама сіңіп қалып, ықпал етуі ықтимал, десе де, бұл поэмадағы «күп-күрең уысында», «қаланың сахарадай қайнаған оттары асқақ армандарымды күйдірген», «тозған лентадай» (сарғыш), «көнетоз сағат», «қоңыр көлеңке ішінде тұншыққан» т.б. тармақтары оттан тығылған көлеңкелі атмосфераны анық беретін секілді. Әрі сол себепті, қараңғы Түпсананы Сана қолына шырақ ұстап аралап жүр дерсіз… Жарығы жеткен жерден бір-бір белгі – ой, сөз, сезім қылаң береді…

Мына жыр жолдары бізді қайтадан Санаға, Сананың иесі – кейіпкерге, ол тұратын бізге мәлім қалаға әкеледі. Ендігі сөз кезегі Санада:

«Үйшіктей балконымда тұрып ойланамын енді

өмірімнің ең соңғы демі туралы

тірлігімнің ең соңғы сәті туралы

күңгірттік пен жым-жырттықтың құшағында мүлгіген

кәнігі шаһар,

көнетоз сағат…

бәрін де есіме салған,

мен бұл шаһарда тумаппын,

мен бұл шаһарда тұрмаппын…

менің отаным –

құсалы арман,

құсни жалған»

Түпсана қатқан жауаптан соң, кейіпкер өзгереді. Ол өзінің Отанын табады, сәйке­сінше Өзінің кім екені туралы біле бастайды.

«Олар

жазмыш жайлы біздің адами ойларымыз­ды мазақ етеді,

түйсінгісі де келмейді

тағдырдың тезін,

өзіме өзім ту сыртымнан қол салардай

төбе құйқамды шымырлатады

осы бір

үрейлі сезім», – дейді балконнан түсіп, дүңгіршекке барып, темекісін алып келген Кейіпкер. Қайтадан жан-дүниесінде адасады:

«Шығыстың момақан түні

қанталаған тұста

мен сол үрей мен өксік ішінде туған баламын»…

(Осы тармақтар екіұшты ойға қал­дырады. Бұндай ой кейіпкердің (жеке тұл­ғаның) туған жылы мен мекеніне байланысты туындауы ықтимал, яки жалпылама болуы да мүмкін)

«Сенің қандай күнәң бар еді? –

табаны тілік,

жүрегі сүлік

ғұмыр кешетұғын,

тастай қараңғы аулама  бекер-ақ қондың-ау,

бермейді

тыным»

Ары қарай қай сөз кімдікі екенін анық­тап жатудың қажеті болмас. Ескек қайық­пен мұхитқа (Сананың Түпсанаға) саяхат жасағаны онсыз да түсінікті.

Бәйтеректің қазақ ертегілері мен мифтеріндегі орны, мән-мағынасы орасан. Тамыры жер астындағы әлем (лемурия (абайлаңыз! конспирология)), діңі – адамдар әлемі, ұшар басы – рухтар мекені. Сосын жоқтауларда кездесетін – асқар тау, бәйтерек т.б. метафоралық образдарды алайық. Ұлты үшін туған азаматтарды, өресі биік ел ағасын, Ұлт әкесін «бәйтерек» дейтін шығар?.. Асқар тауда өскен алып Бәйтеректер мен Қарағайлардың «боздап», құлаған түнін еске алыңыз… Яғни, ағашты екі түрлі сипатта қарастыруға болады: «Ұлт» деп те, «Ұлт үшін күрескен дара тұлғалар» деп те.

«мүлгиді алып, кәрі ағаштар

өз бұтағына өзі асылып» (Өз бұтағына өзі асылған ағаш қаншама?)

***

«Алып теректер сілкінген түн –

және кебінсіз қалғаны,

шашылған жапырақтары

бір уыс матаға жарамай,

менің ызалы қолдарым мен

долы желдің жұлмап жатқаны

көмерге қалқа таба алмай»

Теректерді сілкіп, шаңырағын шайқағанда, матаға жарымаған, шашылған жапырақ-халық, аштан өлмей ме?.. Тірі қалғаны өліктердің, табыттың ішінде оянады:

«Есіңде ме?..

табытта талықсып оянған түн,

іргеңді алқымдап азынаған дауыл,

осыдан алты мың жыл бұрын

қош деуге хәлі қалмаған

дәуір»…

Кейіпкер өзінің «тартылып қалған Арал теңізі» екенін былай жеткізеді:

«Шешеміз – ағаш,

әкесіз жетім

«жерде туып,

көкте өлген» – олар…

мен сол жасыл теректің түбіне

өзімді-өзім арулап көмгенмін

мүмкін,

осыдан алты мың жыл бұрын болар…

Біздің Түпсанамызда «Қазақтың» мазары бар екен. Арулап көміппіз. Көміп те келеміз. Қураған 4 миллион жапырақ пен құлаған алып бәйтеректердің ортасындағы жетім бейіт те әлдебір кейіпке енетіндей.

«ол өзінің уытты бояуын

шаңыраққа да,

босағаға да,

маңдайымызға да

арылмастай етіп

жаққандай»

 

«Сен бізді баяу үрлегін

алғашқы әуеніңменен…

бақбақ гүлдерін

кербез ұшырғаныңдай

жеп-жеңіл етіп,

жүреді екен дейді ғой

кәнігі әруақтар

өз мүрдесін

өзі күзетіп»,

дейді оған ішіндегі Алып ОЛ.

***

Ешкімге зияны жоқ, өзімен-өзі балконда темекі шегіп тұрған қазақ-кейіпкердің жан-дүниесі осындай. Ештеңе істемесе де, еш жерге қол қойып, жауапкершілік алмаса да, өмірге қазақ болып келгені үшін… Өзімен не болып жатқанын білмейтіндей… Дәл осындай тастүнек Түпсанасында адасып кеткендер, адасып жүргендер, адасатындар қаншама? Адасып жүріп жемқор, маньяк, педофил, қанішер боп кететініміз… Сосын, асылып өлетініміз… Олар не үшін олай болғанын түсінбейді, жауабы жоқ, себебі ол – «пациент». Рухани иммунитетіміздің әлсіздігіне кімді кінәлаймыз?.. Өзімізді-өзіміз жек көретінімізге ше?..

Ал енді өзіңізді сүйіңізші! Осы қалпыңызда! Бұл жараның бетіндегі «патриоттық пропаганда» таңған «лейкопластырьді» алып тастап, іріңін қараңызшы. Неге біздің сүйсінгеніміз де, жек көргеніміз де – пафос пен фальш? Түпнұсқасы жоқ симулякрде симулянт болып… Көшірменің көшірмесі секілді бұлдыр…

Қанға сіңген қауіптен «орыс тілінде сөйлеп» құтыла аламыз ба? Әлде стокгольм синдромына шалдыққан пациент құсап, қолында қаруы бар, билігі бар, жендеттің тілінде сөйлеп, соларды сүйсек, қауіп бізді айналып өте ме? «Прошу прощение» дегенде, Түпсанамызда жасырынған сол бір чекист: «А-а-а киргиз, молодец!» деп, тірі қалдыра ма? Кейде тіпті, орыс тілінде сөйлей алмағанымыз үшін сол тілге қарсы боламыз, ал егер еркін сөйлей алсақ ше… Билік жоқ кезде бәріміз халықшылмыз, сәл мүмкіндік туса… Бәрі жаралы адамдар, сол үшін де тұлғалар мен өз ісінің нақ шеберлері аз. Өйткені кедергі өте көп. Түпсанамызға «жарық тартылмаған»… Ал біз «мақтанайық»! Қазаққа «пародия» жасайық!

Айғайдың бәрі – агрессия. Сондықтан ақырын, ақырын… Гүрс етіп құлаған теректердің жаңғырығын естиік…

Алишер РАХАТ, жазушы, драматург

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір