Әлімқұл Жамбылов
Қазақстанның халық ақыны, жыр алыбы Жамбылдың ұрпағы Әлімқұлдың дүниеден озғанын естіген жұртшылық Алматыға тиіп тұрған ауылға қарай тоқтаусыз ағылды. Бұл өлең мен өнерге деген риясыз құрмет еді.
Халық арасынан тамырын үзбей ағайындық мейірім жолын ұстаған Әлімқұлдың қарапайым жаратылысы өзінің өлімі арқылы көз алдымызда асқақтай жөнелді.
Ол тұтас дәуірдің жүгін көтерген ұлы жырау Жамбылдың ізін жалғастырған асылдың сынығы, алып бәйтеректің мәуелі бір бұтағы екенін дәлелдеп кетті.
Жастайынан Сүйінбайдың, Жамбылдың, Үмбетәлінің жырларын жаттап, көңіл қойып, көкейіне түйіп өскен Әлімқұл қолына атасының ақ домбырасын ұстап, жыр төкті, айтысқа шықты.
Ұзақ жылдар бойы мәдениет, баспасөз саласының дамуына қосқан үлесі үшін Әлімқұл Жамбыловқа 1979 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағы берілді. Ал 1996 жылы Қазақстанның халық ақыны атанды. Кеудесіне «Құрмет белгісі» ордені тағылды. Алматы облысының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы болды.
Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы, сұңқардың қанаты Әлімқұл Жамбыловтың жарқын бейнесі жадымыздан өшпей сақталады.
«Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымы.
ӘН МЕН ЖЫРҒА ӘУЕСТІГІМІЗДІ ОЯТҚАН
«Күні біткен күнде кетіп жатыр» деп отыратын кемпір-шалдардың сөздері мірдің оғындай-ау тегі. Қоржын-қоржын кітап-журналдарын екі қоржын басына толтырып жайлауға да шығып кететін әдеби-мәдени әлемінің Әлімқұлы сонау жылдары жұрттың көзін шырадай ашатын автоклуб меңгерушісі болғанын кімдер ұмытсын. Жыл он екі ай қарапайым халыққа тынбай қызмет ететін Жамбыл – жәкемнің ұрпағын тыңдай-тыңдай біз де өнерге, жыр-хиссаға құмарттық қой. Баяғыда Әлекеңе ризалық белгі ретінде «Лениншіл жас» газетіне «Сом алтынның сынығы» деп эссе жазғаным бар. Сонда редакторымыз Сейдахмет Бердіқұлов: «Сүйінбай, Жамбылдың айтыс мақамдарын осы Әлімқұл ел құлағына құйып жүр», – деп марқайыс білдірген-ді. Сол Әлекеңнің артынан қаншама өнерқұмарлар еріп, ізін басты. Есенқұл, Ермек, Ақан, Әуелбек деп санамалай берсек, тізім ұзаққа созылады. «Есенқұлым бір төбе, Рәтбегім бөлекше», – дегенді жиі айтатын ғой, жарықтық…
Ақындар дауысын ұлан далаға жеткізіп, айтыс аламанында да жүзі жарқырап отыратын Жамбылов Әлімқұл жайлы толғап кетсек жыр да, сыр да таусылмайды. Бабалардан қалған балдай шырын сарқыттай еді, енді сағынышқа айналары қинайды-ау!
«Жамбылдың мөлтек нұсқасы дерлік, Кейіпке кіру, қысқасы ерлік! Әлекең мерген сонау көз ұшындағы Атқаны құрттай құсқа тиерлік! Көшірмесі жыр – Жамбыл жәкесінің, Ныспысын алған теліп жеке есімін», – дегенбіз кезінде. Сол ойымызға лайық қайран ақын, батагөй ағамыз ұстаздық тұғырынан түспей жарық дүниені Жамбыл-жырға бөледі. Содан сусындағандар Әлекеңді еш уақытта ұмыта қоймас! Жатқан жері жарық болғай!
Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ.
Жәкеңнің өзіндей, көзіндей еді…
Қазақтың атақты абыз ақсақалдары аз емес. Олар дүниеден өткенде бүкіл қазақ аза тұтады. Бұқаралық ақпарат құралдарында, фейсбук парақшаларында Ұлы Жамбылдың немересі Әлімқұл Жамбылов «дүниеден өтті» деген хабар жарияланысымен облыстардан телефон шалып, маған да көңіл айтушылар көбейді. Жарықтықтың қасиеті шығар.
Әлімқұл Жамбылов Ұлы жыраудың тәрбиесін ғана емес, домбырасын да, мақамын да алып қалған жыр дүлдүлі еді. Жәкеңнің көп өлең мұрасын Әлімқұл аға жадына көп тоқыған еді. Айтыс өнерінің насихатшысы болды. Сонау бір жылдары автоклуб меңгерушісі болып ауыл-ауылды аралап, Жетісу ақындарының мұрасын насихаттады. Жәкеңнің айтыстарын таратып, өзі де осындай жыр додасына араласып кететін.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін айтыс өнерінің қайта жандануына көп еңбек сіңірді. Дара мінезді, жүрегі кең тұлға еді.
…Жамбыл бабамыздың 150 жылдық ұлан-асыр тойы Мәскеуде, Калонна залында өткен. Сол шуақты күндер көз алдымда тұр. Қызыл алаңда, Калонна залы дәлізінде: «О, Жамбыл, Жамбыл», – деп ағылып келіп мәскеуліктер амандасып жатты. Әйелдері бетінен сүйіп, еркектері қолын қысып, бірге суретке түсіп жатты.
Ақындар мен батырлар елі – Жамбыл ауданына бүкіл Республика жұрты көшіп келгендей болды. Облыстардан делегациялар келіп, елге көңіл айтты, бір уыс топырақ салды, құранға қол жайды. Міне, қазақы қасиет деген осы!
Қазақстанның халық ақыны Манап Көкенов дүниеден өткенде Әлімқұл Жамбылов ағамның жоқтауын тындап едім. Енді Әлекеңді де халқы арулап, мәңгілік әлемге жөнелтті. Нұрыңыз пейіште шалқысын, Ақын аға, Абыз аға! Енді «айналайын» деп алдыңнан құшағын ашып шығатын ағаңның жоқ екенін сезіну қандай қиын. Хош болыңыз, бақұл болыңыз, ақын аға!
Уәлихан Қалижан,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Арғы дәуірдің жалғасы
Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы Әлімқұл Жамбылов біздің заманға аман жеткен, аталардан аманат арқалап жеткізген асқар таудай ағамыз еді.
Әлімқұл аға, кешегі Әсемхан, Көкен, Көпбай, Қалихан, Тәушен, Кеңес сынды нар тұлғалы айтыс ақындары маған көне дүниеден келген, ерекше бір рухты жеткізіп тұрған, өзгеше бір әлем, аңыздың адамдары сияқты болып көрінетін. Бұл кісілер арғы бабаларымызды көрген, ескі үлгі, есті сөзін тыңдап, өнегесін алған, енді қайтып келмейтін ежелгі дәуір мен бүгінгі ұрпақтың арасын жалғастырған алтын көпір, сарқылмас қазына еді ғой. Қаһарлы саясаттың ызғарынан қазақтың асыл сөзін, айшықты өнерін сақтап қалуға тырысып, жүрек тереңіне жасырып, өшіріп алмай, өлтіріп алмай, жан шуағымен жылытып, кейінгі ұрпаққа аман-есен табыстаған да осы абыздарымыз емес пе?! Жүздерінен шуақ, көздерінен мейір төгіліп, аппақ сақалдары жарқырап, шапан-бөркі жарасып, сөйлеп кетсе «айналайыннан» бір жазбайтын жарықтықтар сап түзеп шыға келгенде, қазақ рухани әлемінің айдынын шалқытып, айбынын асырып тұрушы еді, шіркін!
Әлімқұл ағамызбен 1982 жылы Қармақшыда, Тұрмағамбеттің туғанына 100 жыл толу мерейтойында алғаш рет жүздескенбіз. Шәкәрім Құдайбердиевтің баласы Ахат, Совет Одағының Батыры Тайымбет Көмекбаев сынды ардагер ақсақалдар, ғалымдар Мардан Байділдаев, Шәрібек Алдашев, айтыс ақыны Надежда Лушникова, даңғайыр жыраулар және басқа да айтулы адамдар бас қосқан алқалы жиында әңгіме-жырдың тиегі ағытылып еді. Сонда жұртшылық Әлімқұл ағаны Жамбыл атамыздың немересі деп ерекше құрметтеп отырды. Ол кісі оған мастанбай, қарапайым, нағыз ауыл қазағының аңқылдақ мінезінен бір жаңылмай, үлкенге іні, кішіге аға бола білді. Қазақтың тойы белгілі ғой, қонақтан қонақ, мәжілістен мәжіліс, өлең-жыр. Сонда Әлекең бір шаршауды білмейді. Ал сөйле десе, сөйлеп береді, өлең айтуын қолқаласа, өлеңді де соғады. «Менің қарлықпайтын, қажымайтын керзіби даусым бар,шаршап қалады екен деп қорықпаңдар!», – деп күлдіріп қойып, тамағын бір кенеп алып, жосылта жөнелетін. Сол сапарда біз сырлас болып, аға-інідей сыйласып кеттік. Одан бергі уақытта талай айтыстарда , үлкен-үлкен елдік тойларда кездесіп , әңгімелесіп, пікірлесіп жүрдік. Соңғы жылдарда ол кіші баласы Бекмұраттың қолында, Алматыдағы менің бажам, әнші Сүлеймен Ибрагимовпен көрші тұрды. Дәм жазғанда кездесіп, сәлемдесіп тұратынбыз.
Өмірі сыйластығынан жаңылмай өтті.
Жарықтық Әлімқұл ағамыздың жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болсын!
Баянғали Әлімжанов.
АҒА ЖОЛЫ
Жыр алыбы Жамбылдың ұлы Абайға берген осы бағасын Жамбылдың ауылында туып-өссем де, өткен ғасырдың сексенінші жылдарында он жылдай Жамбыл музейінде жұмыс істесем де тоқсаныншы жылдардың басында, ұмытпасам, Ғалым Доскен деген азаматтан естіп едім.
Өмірден енді өткен, елі арулап ақтық сапарына шығарып салған Әлімқұл Жамбылов кластас досымыз Әділбек Кемелханұлының туған нағашысы еді.
Жамбылдың әкесі Жапанның бауыры Тәйті ауқатты адам болған, қажылыққа барған екінші сапарынан қайтпаған. Жамбылдың «Шыбыл шалға» өлеңі осы тақырыпта. Тәйті қажылыққа екінші аттанғанда ұлы Сатышты Жамбылға тапсырып кетеді. Жамбыл қартайған шағында жетім қалған Әлімқұл мен қарындасы Сәтбаланы Сатышқа табыстайды.
Әкесі ертеде кеткен жалғыз ағасы соғыста өлген Кемелхан Сәтбаланы сол Жамбылдың ауылынан алған. Бұл ауылдағы кісіні білмейтін, әкім-қараға жіктемейтін мінезді Әлімқұл аға да өмір бойы ұстанды. Қой аузынан шөп алмайтын өте момын жалғыз жиенін жақсы көретін, тірісінде де, қайтқаннан кейін де (Әділбек өмірден ертерек озды) қол үзбей араласып тұрды. Оншақты жыл бұрын жиенінің қайтқан күніне берілген дастарқанға келіп, әлі тың, әңгіме айтып отырды. «43 жылы тәтемнің (Жамбылдың) үйінің алдына дүр етіп келіп қара мәшине тоқтады. Ішінен Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов түсті. (Қазір музей болып тұрған 12 бөлмелі үй 1938 жылы Жамбыл ақындығының 75 жылдығына орай салынған. Жәкеңе потологы төрт метрдей үйге кіргізіп көрсеткенде: «Әй, мынауыңның ауасы бар ма, қалай?!», – деген көрінеді).
Жамбыл таудағы жайлауда екен. Колхоздың бастығы Мыржиев Тұрап мені шақырып алып «жылқы пермеге барып үш жуас ат ерттетіп әкел, қонақтарды жайлауға шығар», – деді. Жайлауда, киіз үйде отырған тәтем қонақтарды қуана қарсы алды. Жазушылардың ішінен Мұхтарды өте жақсы көруші еді. Жігіттерге мал союды тапсырып, жақсы әңгімелесіп отырды. Бір кезде Мұхаң: «Жәке, Абайды білесіз бе», – деді. Тәтем «білем» деді. Мұхаң қуанып кетіп: «Жәке, Абай қандай ақын», – деді. Тәтем аз ойланып отырды да: «Абай ақын емес», – деді. Мұхаңның жүзі күрең тартып, қабағы шытылып кетті. Содан кейін тәтем: «Ақын – біз», – деді. Мұхаңның түрі қап-қара болып кетті. Тәтем терең ойға батып біраз отырды да: «Абай ақындардың пайғамбары ғой», – деді. Мұхаң бірден қуана жадырап, орнынан тұрып барып Жәкеңнің бетінен сүйді. Дәл қай өлеңдері екені есімде жоқ, тәтем Абайдың біраз өлеңдерін жатқа оқығанда Мұхаң одан ары нұрлана түсіп, жақсы отырды. Тамақ желінді. Тәтем Тәйтінің Меккеге барған бірінші сапарынан қайтқанда орта жүзден Құнанбай деген, кіші жүзден тағы бір кісімен бірге болғанын «Тәкие» салғандарын айтушы еді. Құнанбай балаларымның ішінен Абай деген баламнан үміт етем дейді екен. Кейін «бір баласына Абай деп ат қойды», – деп бір әңгіме айтып еді.
Үстіміздегі жылдың жазында Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жыл толу мерейтойына орай деректер іздестіріп, Әлімқұл ағаның үйіне барып едім. Сүйінбай, Жамбыл, Мақыш, Өтеп т.б. ақындар жайында біраз әңгімелер айтты. Кішкене шаршаңқырап қалған кезі. Соған қарамай жоғарыдағы Мұхтар Әуезовке арналған әңгімені қайта сұрадым. Дәлме-дәл сол күйінде айтып берді. Біраз қысқартып айтып отырмын.
Әлімқұл аға елдің кісісі еді. Елді алаламайтын. Құдай өзі кешірсін, кеңес кезінде ауданда бір молда болды. Адамдар қайтыс болғанда көлікпен соған бірнеше рет жұмсаушы еді. Ол: «Кім, балалары бар ма, ауқатты ма?», – деп сұрайтын. Жағдайы жақсы десең өзі тұра шабатын, әйтпесе көмекшілерін жіберетін. Әлімқұл аға тура осындайдың антиподы еді.
Кеңес өкіметі кезінде, өткен ғасырдың 80 жылдардың басы болуы керек, Жамбыл ауданының ауылдарын аралап ел ішіндегі өнерпаздарды жинау жұмысы жүргізілді. Марқұм Есенқұл Жақыпбеков, Надежда Лушникова, Әлімқұл аға бастаған үш топ құрылды. Сол кезде Жамбыл музейінде жұмыс істейтін мені атқосшы-шофер ретінде Әлімқұл ағаның жанына қосты. Бір аптадай ауданның батыс бөлігіндегі ауылдарды аралап, әнші, күйші, термеші, бишілерді тауып тізімдедік, бірер рет шеткі ауылдарда қонып қалдық. Ұзақ түн өлең, жыр, әңгіме айтатын. Қалай таусылмайды деп талай таңқалғаным есімде. Әттең, қазақы салақтық-ай, талай қазына іште кетті. Әлімқұл ағаны ғана аттандырып отырған жоқпыз, қазақтың есі, тарихи, ақ көңілі де кетті деп көңіл құлазитыны рас.
Рафат ӘБДІҒҰЛОВ.
Алыптың соңы еді
Әлімқұл ақын өмірден озды деген қаралы хабарды Нарынқолда отауызды орақ тілді Оразәлі ақынды Тегістік ауылында еске алу кешінде отырып естідім. «Жалған дүние-ай!», жасты да жасамысты да өмір бетінен көшіріп жатқан. Амал бар ма? Айтыс өнерінің абызы, Жамбылдың өзі болған, көзі болған Әлімқұл атам да бақиға сапар шекті. Әлемді жырымен аузына қаратқан Жамбыл Жабаев дүниеден өткенде, қара жамылған қараша қауым сабырға жүгініп: «Е, ғасыр жасаған Жәкем кетсе, артында өлеңінің қара жорғасы Үмбетәлі Кәрібаев бар ғой», – деп алданған-ды. Үмбетәлі ақынның ақтық демі таусылғанда, өмірдің заңы, тағдырдың жазуы деп, жұбанып, артында Әсемхан Қосбасаров бар ғой дескен. Дүние кезек дегендей, Алатау ақындарының барлық мақамын, жырын, қиссасын, дастанын жадына тоқыған Әсемхан атамыз бақилық болғанда: «Уа, Тәңір, енді Әлімқұлға ғұмыр бере гөр»,– деп Алладан сұрағанбыз. «Айы біткен айында, күні біткен күнінде» деген осы, асылдың тұяғы, тұлпардың тұқымы, серілердің соңғы серпіні Әлімқұл атам пәни дүниеден бақи дүниеге аттанды. Артында өшпес өнегесі қалды.
Ақсақалмен мен 1987 жылы Алматыда Талдықорған, Шымкент, Алматы және бұрынғы Гурьев облыстарының мәдени күндерінде алғаш көргем-ді. Қайыстай қатқан қара торы кісі: «Колбин менің құрдасым, Колбин менің сырласым», – деп жырлаған үні әлі құлағымда. «Бес жасымда Жамбылдың тізесінде еркелеп отырдым» деген ақсақал 1995 жылдың күзінде аудан әкімі болған Тоққожа Естенов бастаған бір топ қазақ делегациясымен бірге Ленинградқа барып, Жамбыл Жабаевқа арнайы қойылған ескерткіш алаңында күллі орыс қауымының өкілдеріне «Міне, Жамбылдың немересі келді» дегенде Әлімқұлды құшақтап, Жамбылды көрдік, «Наш Жамбул» деп қуаныпты орыстың кемпірлері. Соғыс кезінде, аш-жалаңаш Жамбылдың «Ленин-градтық өренім» деген өлеңін оқып, жылайтынбыз, «наш дедушка» деп мақтан тұтатынбыз депті. Қайран атам-ай, Жамбылдың салған сара жолын жалғап, кішіпейіл қалпынан бір танбай кеттің-ау! Топырағың торқа, жатқан жерің жәннатта болсын, ата!
Айтақын БҰЛҒАҚОВ.