ӘДІЛДІКТІҢ ТӨРЕСІ
19.02.2021
1172
0

Алмағайып замандар өтті. Аштық та, соғыс та, өрлеу де, рухани тоқырау да. Әр заманның ішкі мазмұнына сол дәуірдегі тұлғалардың ықпалы қашан да зор. Олардың ұстанымы көп мәселені шешеді. Бүгінгідей әділдіктің тағдыры талқыға түскен заманда, өз дәуірінде әділ істердің төресіндей болған театр сыншысы Әшірбек Сығай сияқты тұлғалардың сирегені өкінішті. Осы ерекше тұлғаның өмірлік ұстанымын, болмысын, өнегелі істерін тұжырымдау маңызды деп есептеймін.

Гүлзат КӨБЕК, кинотанушы, Өнертану PhD докторы, «Тұран» университетінің профессоры

ҮЛГІЛІ ҰСТАЗ

Ол кісімен бірге аудиторияға жарық сәулесі кіріп келгендей әсер сыйлайтын. Жарқын бейнелі тұлғалардың әсері осындай болады екен. Ашық. Батыл. Еркін. Ерекше. Ешкімді жат тұтпайтын.
Әшірбек ағайдың сахнаға шыққан сәтін ерекше әсермен қабылдайтынбыз. Жандырып жіберетін. Жан беретін. Тосыннан ойыңды сілкіп тастайтын. Шабыттандыра білетін. Сөздерінде сиқыр болатын. Мойындататын.
Шәкірттерге ерекше қамқорлық жасайтын. Бала демейді, бөтенсің демейді, «дәрісімді оқып қана тыныш кетейін» дейтін ұстаздардың қатарынан емес, үнемі жағдайымызды сұрайтын. Әр іске әділ қарайтын. Адасып жүрген жанды байқаса, дұрыс бағыт-бағдар көрсететін. Қабілетіңді бақылайтын. Баға беретін. Ұқыптылыққа үйрететін. Жазған дүниелеріңе жинақы қарауды ескертіп отыратын. «Өмірдегі ісіңе, жүріс-тұрысыңа, әдебіңе де есеп беріп жүр», – дегенді баса айтатын. Сөзің мен ісіңнің сай болуы – сыншы үшін маңызды ұстаным.
Қазір Әшірбек ағайдай ұстанымдары берік ұстаздар тым аз. Ол кісілердің ортасы берекелі болатын. Істерінде, өмірлерінде, жүрген орталарында ерекше мазмұн бар еді. Қазір Әшірбек ағайдың бейнесімен бірге бір дәуірдің берекесі көшіп кеткендей көрінеді бізге.

ЫҚПАЛДЫ КӨШБАСШЫ

Әшірбек ағай ықпалды болатын. Ерекше әсер сыйлайтын. Қыры тисе, сойып түсіретін алмаздай өткір еді. Сөздері де сүйектен өтетіндей жанды болатын. Сөз өнерінің құдіретін сезінесің. Әділ сөйлейтін.
Жалтақтау ол кісіге тән емес. Қандай жағдайда да өзіндік ұстанымынан айнымайтын. Жағдайға қарай жағымпаздану дегенді білмейтін.
Көшбасшы болатын. Әшірбек ағай отырған жерде биліктің тізгіні сол кісіге қарай өздігінен еріксіз ығысатын. Құрметтейтін. Именетін. Мойындайтын. Бағынатын.
Сығай – бренд. Осы комплимент ол кісіге жиі айтылатын. Есімге салмақ берудің үлгісін үйрендік. Әшірбек аға дәрістерінде үнемі: «Барлығы еңбекпен келеді, 99 пайыз – еңбегің, 1 ғана пайыз – талантың», – дейтін.
Қамқорлық жасаудың өнегесін, шапшаң­дықпен шешім жасаудың үлгісін, қиындықты өткерудің жолдарын көрсетті.
Әлі есімде, елдегі туындаған бір саяси ахуалға қатысты студенттерді алауыздықтың ықпалына түспеуге шақырып, шапшаңдықпен шұғыл жиып алып, ерекше қамқорлықпен «Бұл дүниенің берекесі – бейбітшілікте!» екендігін түсіндіре білді.

ШЕШЕНДІКТІҢ ШЕБЕРІ

Шешендік өнері туралы сөз болса, көз алдыма бірден Әшірбек ағайдың бейнесі келеді. Шешен, сөз тапқыш болатын. Нысананы дәлдеп тұрып, шебер ататын мергендей дөп түсетін. Сөздері өтімді еді. Ойын әзілмен шебер жеткізетін. Әңгімелерінен шабыттанатынбыз. Әр сөзі – жігер сыйлайтын. Қалжыңдасқанда, өмір сүруге деген құштарлығың артатын. Осынша сөз қай жақтан шығып жатады деп таңқалатынбыз. Көп тұлғалар жиналыстарда дәл Әшірбек ағайдай даралана алмайтын.
Сыншы маманы үшін ең маңызды қасиет – ойыңды шебер жеткізе білу… Жүйелі. Айқын. Кейде астарлап. Әдемі әзілмен шымшылап… Әшірбек ағайда осы қасиеттің бәрі болатын.
Сөзді жетеге жеткізе білу де – өнер. Қарапайым тілмен. Әшірбек ағай теориялық ілімнің жаттанды, өмірге жарамсыз пәлсапасын соғатындарға: «Адам түсінбейтін тілде сөйлегендеріңді қойыңдаршы, қарақтарым!» – дейтін. Орынды да әділ ескертпелеріне риза болатынбыз.
Сөз – алапат күш. Сөз – қару. Сөз – сиқыр. Сөз – төңкеріліс. Санама зор төңкеріс жасаған сөз шебері болса, дәл осы ұстазымыз Әшірбек Сығай болатын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір