Төлегетай баба
15.02.2021
1711
1

                 /Аңыз бен аңғарым/

Әр дәуірде, әдетте, сол кезеңнің саяси, қоғамдық, экономикалық құрылымдарын жетілдіріп, мемлекетті асқақтататын, өзгелерден оқ бойы озық тұратын Тұлғалар туады. Осындай бабалардың бірі –  Сүгіршіұлы (Сүйініш) Төлегетай. Жарықтықты кіндік төлдері осылай есімдейді. Сыр бойы «Төлек атай» дейді. Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкенұлының және осы мақала авторының Төлегетай баба туралы кітаптары шықты. Дегенмен де біршама толықтырулар қажет болғандықтан, бұл тақырыпқа қайта оралғанды жөн санадық.

         Төлегетай Баба туралы барлық шежірелерден, Ақтайлақ бидің, М.Тынышбаевтың, Шәкәрім қажының жазып қалдырған деректерінен ақпар алынады. Салыстырсаңыз, принцпті ала-құлалық жоқ. Түгендеп, ата таратсақ шежіре мынадай : Өкіреш Шалдан – Белгібай, одан – Сүйініш (Сүгірші), одан – Төлегетай (Төлек атай), одан – Қытай. Қытайдан бүгінгі он бір ата найманның төртеуі – Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл. Жалпы ұраны – «Қаптағай», таңбасы «Ү» – бақан. Шежіре мен шежірелердің ауызекі бізге жеткізген бұл бұтақ бойынша тізбесі осындай. 

 Атамыздың ғұмыр кешкен кезеңі жайлы деректі М.Тынышбаевтан аламыз. Тарихшы Төлегетай бабасы жөнінде: «Менің әкемнің айтуынша, 16-атам», – дейді. (М.Тынышбаев. Материалы к истории киргиз-кайсакского народа. Ташкент, 1925 год, 16 стр.) Сонда, әр атаға 25 жылдан берсек, 16 атамыз тұп- тура 400 жыл. Тынышбаев туған 1879 жылдан 400 жылды алсақ, Төлегетай баба мөлшері 1470 жылдары немесе сәл ертерек өмірге келген деп топшыланады. Бұл – М.Тынышбаевтың әулеті бойынша.  Мен өз шежіреммен есептесем, Төлегетай ата, мөлшері 1485-1495 жылдары жасаған. М.Тынышбаев пен менің ата таратуымдағы айырмашылық – бар-жоғы 15-20 жыл. Сондықтан  шежіреге сай 1450-1470 жылдарды межеге алған дұрыс сияқты. М.Тынышбаев, аңғарсаңыз,  шежірені тарихи факт ретінде емес, «әкемнің айтуынша» деп тарқатады. Мұны әрдайым назарда ұстау қажет. Шежіре – нақтылы тарих бола алмайды.

         Бұл қай кезең? Осы тұста Керей мен Жәнібек хандар Қазақ Хандығын құра бастаған, яғни қазақ халқының тарихындағы ең маңызды мезет. Бұл іске атамыз белсенді араласты деген ойдамыз. Ал Төленің сақайған шағы 1511 жылы  таққа отырған атақты Қасым ханмен тұспа-тұс келеді. Атамыздың жауға да, дауға да төте түсетін, кесіп билік айтатын, ел көзінде жүретін дер шағы. М.Тынышбаев Сыр бойын, Бұхара, Хиуаға қарай созыла қонған Төлегетай атаның жұрты туралы: « 100 жыл, 1500-ден 1600 жылға, тіпті, 1625 жылға дейін… наймандар аса ірі саяси роль атқарды. Олар басқа руларға қарағанда жан санының артықшылығына сүйенді», – деп жазады. (Материалы…17 стр.) Демек, Төленің мемлекеттік істерге араласуының алғы шарттары түгел. Оның үстіне Төле ата жағынан қандай өрлі болса, нағашы жұрты да сондай әлді. Арғы Анасы Ақсұлу да, бергі апасы Тоқсұлу да  – қабырғалы қалың үйсіннен. Ата жұрты – алға аттаса аяғы, нағашы жұрты сүйенсе – таяғы. Бұған әкесі Сүгіршінің асып-төгіліп жатқан байлығын қос.  Мұндай, дәурені жүріп тұрған жұртпен ынтымақты, ағайын-ажын болуға әркім мүдделі еді. Осылайша,  қалыптасқан тарихи жағдай, наймандардың қазақ қоғамындағы саяси-әлеуметтік орны ақпал етіп, тыңғылықты білім алған, аса зерек болып өскен  Төле, сөз жоқ қазақ қоғамын құруға, билікке ынталана араласты.

Ауылдағы қарттарымыз:

– Төлегетай атамыз бала жасынан ел ісіне араласып, Сыр бойының қазысы, елназары, датқасы болыпты. Әділдігімен аты шығыпты, – деп отырушы еді.

Өкініштісі, сонда «елназары» дегеннің мағынасын сұрап алмаппыз.

         Сонау замандардан бала Төле туралы аңыз көп жетіпті. Төле отбасында  жалғыз ұл десек те, Сүгірші байдың қыздары баршылық екен. Қолы жомарт, бай нағашы атасының үйіне жиендері топырлап келе беретін көрінеді. Бірде Төле осының себебін сұрапты. Сонда әкесі Сүгірші бай:

         – Әй, балам-ай! Жиен серкелерінің санын алып жүреді де! – деп жауап береді.

         – Онысы қанша еді?

         – Жиендерің серке орнына түйе алса – келең мен үлең азаймайды, ат сұраса – үйірің ортаймайды. Мөңіре мен маңырамадан қолдарын қақпа. Сенің сиыр мен қой-ешкің көп пе, әлде Сырдың салпаң құлақ қояны мен жортқан сәйгегі көп пе, біліп жатқан ешкім жоқ. Жиендер нәсібін қалап ала берсін. Ырзықты бөліп жеңдер. 

         Сөз түйінін түсінген Төле бала нақ осы кезде артында қалған аталы сөздерінің алғашқысын айтыпты. Арада 4-5 ғасыр өткенмен, елбастар, жалын атқан жастың сөзі бізге тұтастай жетіпті:

         – Ұқтым, әке! Қарты ортақтың – қазаны да ортақ екен!

         Әңгімеге куә жұрт мынадай тапқырлыққа таңдай қағып, бата берісіпті. Қазаққа ғана тән, алатыны да, қосатыны да жоқ, бас-аяғы бүтін ғажайып нақылдарын атамыз осылай бастапты. Төле ұстаз алдына қаршадайынан барыпты. 

Шәкірт кезіндегі мына аңызды тыңдаңызшы. Сүгірші бай ақсақал- қарасақалдарды жиі жинап, дастарханға шақырады екен. Әңгіме мол. Сондай сәтте үйретуші-қожа:

         – Өткенде Төле менің малымнан он марқаны бөліп әкетіпті. Себебін білгеніңіз бар ма? – дейді.

         Әке хабарсыз екен. Қанша жерден байдың, бардың баласы десе де, Төле қатар-құрбылары секілді қозы бағып, далада ойнайтын.  Шақыртады.

         – Алдым!  Алдым. Әнеу  кезде дарияны жағалай жұтаң ауыл келіп қонды. Талғажулары жоқ, көш үстінде екен. Содан шәкірттер ақылдасып, қожалардың қозысынан таңдап-таңдап, ерулікке онын бердік. Қожаға:  «Қозыларыңыз қой болып, өсіп жатыр», – дегенмін. Бұл – он. Ал рұхсатсыз алған айыбымды әкем өтесе – он үш, –дейді өзіне-өзі билік айтып, келіспей істеген айыбын үш қойға бағалап.

Төлегетай бабаның, оның аталастарының Сыр бойында аса бедел иесі болғанын Мұхаммед Салихтың «Шайбани намесі»  мен Әбілғазының «Хандар шежіресінен» оқимыз. Осы тарихшылардың еш күдік туғызбайтын деректері мынадай: 1508 жылы Қобыз Найман Марының және оның маңының датқасы болған. Бұл сол тұстағы аса ерекше жағдай. Хан, төре емес, қарадан-көптен шығып, халық басқарған аздың бірі осы – Қобыз баба екен. Бұл жарықтықты да зерттеу қажет. Қобыз датқа салған жол кейін әбден дәстүрге айналады. Сол Марыны 1530-1550 жылдары Найман Жолым би басқарады. Айырмашылығы «датқа» енді қазақыланып «би» деп аталыпты. 1570-1580 жылдары Түркіменнің бар билігін Найман Құлмұхаммет ұстап отыр. Осы тұста Балхта да наймандар мәртебелі болды. Датқалары – Найман Назар би. Есіл-Нұра мен Ұлытау арасындағы бар билік Балталы-Бағаналы наймандарға тиесілі. Самархан өзбегінің, қырғыз, ноғайдың біріккен қолы найман Жалмұхамбеттің Туы астында.

Осы нақтылы тарихи деректерден Белгібайұлы Сүгірші, Сүгіршіұлы Төле ғұмыр кешкен кезеңдерде олардың аталастары – Наймандардың мемлекет ісінде алатын орны, қуатты саяси күші, малды, шелді ру екені анық. Айтқандайын, Н.А.Аристов ХІІІ ғасырдың басында – 1220 жылдары  Жошы әскерінің  бір бөлігінің Шайбандардың қолбасшылығымен  бүгінгі Сырды бойлай, одан әрі Хорезм, Бұхараға жазыла қоныстанғаны тұрғысында былай дейді: «Шейбандармен келіп қоныстанған негізгі рулар – ұяс, дүрмен, қият, қоңырат, уйсін, найман» (Н.А.Аристов. Усуни и киргизы или кара-кигизы. Бишкек, 2001 г. 370 стр.) Бұл мәселеге жан-жақты тоқталуымыздың себебі, Төлегетай баба, оның арғы жағы туралы Сыр бойында адам сенгісіз өтіріктер ойдан құрастырылып айтылып қалады. Мысалы, біздің дәуірімізден бұрын жазба тарихқа енген найманды қожалар шежіресінде Бөкейқожа дегеннен таратыпты. Бірақ ол тұста Пайғамбарымыз тууына әлі мың жарым жылдай уақыт бар еді. Қайдағы қожа? Найман қожаны Пайғамбар дүниеден өткен соң жеті жүз жылдан соң естиді. Тіпті қисынсыз өтірік. 

«Төле баба айтыпты» деген аталы сөздер бүгінге көптеп жетті. Мысалы, дүниеден өтерін ертерек біліп, төрт немересін жинап алып:

– Төрт көзің түгел болсын. Көштерің қатар түзілсін. Түтіндерің қосылып, бір- біріңнен от сұрай жүріңдер. Ұмытпаңдар, өз ошағының отын жақпаған ел, өзгенің күлін шығарады. Қара қазандарыңды тоқ ұстаңдар, – деген екен. 

Қандай көрегендік! Бес ғасыр өтсе де мән-мағынасын жоймаған, қай уақытта да керек өсиет! Бұл немерелерінің Сырдан Арқаға көшуіне берілген рұхсаты да, ажырамауды тапсырған аманаты да болса керек. Онан соң:

– Не біліп, не ұққыларың келеді? – деп сұрапты.

Немерелері ойланып, ертесіне жиналып: 

– Қазылығыңыз қиын болды ма, датқалығыңыз қиын болды ма? – депті.

Баба былай жауап қатыпты сонда:

– Қазының алдына дау қуған екеу жүгінеді. Ары кетсе – екі топ. Бірінің көзі айтып түрады, «Тәуекел» деп отырады. Ол – арамза. Екіншісі, Жаратушыдан жәрдем сұрап келеді. Ол –  ақ. Екеуінің арасын ажыратсаң,  жетіп жатыр. Өзің де адалсың. Қазылық түк емес, жүрегің тазада.

Қиыны – датқалық. Қазы – елдің арқасында күн көреді. Ел – датқаның бел- беделімен, ақылымен көжесі қатықты болады. Қазыны ел асыраса, датқа елді асырайды. Қазы айтқан билігіне, төрелігіне жауапкер. Ал  датқа жұртына, жеріне жауапкер, – деген екен.

Атамыздың қазы болуы Исламды, исламның билік айту шарттарын өзгелерден жетік білгенінің нақты айғағы.

Ойымыз Төле баба ғұмырының кейбір тұстарын кейінгі ұрпағына таныстыру еді. Үдеден шыға алсақ – олжалымыз. Сөз басында ескерткеніміздей, сол замандағы барлық оқиғалар топтамасын саралай отырып, пікір түйдік. Сізге де ой салдық.

Дау-шарға емес, берекеге арнап жаздық.

Камал Әбдірахман ҚУАТОВ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 11.04.2021 | 09:54

Наймандардың көп бөлігі қолдаған. Шайбани ханды Оның әскеріндегі негізгі тайпалардың бірі болған. Мақалада айтылған Хорезм, Бұхара, Хиуа, Мары, Балх және т.б, Шайбани ханның иелігіндегі қалалар. Сондықтан найманда Қазақ хандығын құруға қатысты деу жаңсақ пікір. Керісінше олар Шайбанидің әскерінің құрамында осы қазақ хандығымен үздіксіз соғысып жүрген

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір