Оқу әдістемесі өзімізде жасалған
16.02.2021
2935
0

Газетіміздің өткен санында жарық көрген «Ептілердің емес, тектілердің тәуелсіздігі болса игі…» атты мақалада қоғамдық өмірімізді дамытудың барлық салаларында батысқа көбірек еліктейтініміз туралы сөз қозғалған еді. Әсіресе, оқу, оқыту, соның ішінде мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін меңгерту ісінде де «Жаңаша оқыту жүйесі бағдарламасын» сылтауратып, «Болон» әдістемелігіне бой ұрып, Алаштың ардақтылары Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев жасаған әдістемелерді соның көлеңкесінде қалдырғанымыз айтылған. Соған орай төмендегі мақаланы оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Баланы оқытуда қолданылатын көп әдістердің «білім берудің төте жолын табуға» қызмет ететіндігін жазып кеткен Ж.Аймауытов біршама ғылыми әдістемелік негіздемелерін жасаған.

Қазақ әдебиетінің оқу жүйесін, әдістемесін тәжірибеге ең алғаш енгізген, яғни, хрестоматиясы арқылы әдебиетті пән ретінде тұңғыш танытқан Ы.Алтынсаринның әдеби материал және оның берілу тәртібі мен әдістемесі туралы ұстанымдарының әлі күнге дейін өз құнын жоймайтыны рас. Әдеби материалдарды балалардың жас ерекшеліктеріне қарай әбден сұрыптап барып оқытуға ұсыну қажеттігін басты қағидаға айналдырған ұлы ұстаздың ол уақытта мектеп жағдайына байланысты бұл мәселені тереңдете қолға ала алмауы да заңдылық еді. Ал ХХ ғасырдың басындағы ұлт зиялылары қазақ балаларының жылдам білім алып, тез жетілуіне көмектесуге ұмтылды.

 Жалпы, қазақ тілі мен әдебиетінің оқыту әдістемесі ғылымы тарихында ХХ ғасырдың басында әдістемелік еңбек жазған Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сынды тұлғаларымыздың орны айрықша. Бұл мақаламызда шағын әңгімені қалай оқыту қажеттігін алғашқы болып жүйелеп берген Жүсіпбек Аймауытовтың ұсынған әдістерін және оның қазіргі білім беру саласында қолданылып жүрген әдістердің түп негізі екенін ашып көрсетпекпіз.

 Ж.Аймауытовтың «Комплексті оқу жолдары» деген зерттеуінде комплекс дегенге берген анықтамасы қазіргі білім беру жүйесіндегі басты қағидат­тың негізі. Нақтылап айтсақ, «Өмірдегі құбылыстарды, нәрселерді, бір тақырыптың, бір пікірдің төңірегіне жинап, қосып, түйдектеп, біріктіріп оқыту» деген пікіріндегі біріктіріп оқытуға назар аударған жөн. Балалардың алған білімін жетілдіруде біріктіріп оқытудың бір түрі – күнделікті өмір тәжірибесін сабақтастыра оқыту мәселесіне үлкен мән береді. Ал оқушылардың функционалды сауаттылықтарын арттыруға негізделген қазіргі жаңартылған білім беру мазмұны аясындағы мектеп бағдарламасында берілген тақырыптар күнделікті өмірде кездесетін құбылыстармен байланыстыра құрылуы қажеттігі бір ғасыр бұрын айтылған тәжірибелердің жиынтығы екені сөзсіз.

Ж.Аймауытов «Ана тілін қалай оқыту керек?» деген еңбегінде оқушылардың күнделікті сабақта қолдануы тиіс «мықты әдісінің» бірін былайша қарапайым тілмен түсіндіріп береді: «Бір нәрсе туралы адамның саңылау мүшелері неғұрлы жапатармағай қызмет етсе, соғұрлы ол нәрсені тезірек, нығырақ меңгеріп алмақ. Білімнің қиқымы бейне бір суда жүзген жеміс: бес бармақты батырып, шеңгелдемесең, уысына түк ілінбейді, іліксе де, аз келеді. Ендеше, білім алуға қармақты тұс-тұсынан салу керек. Ол қармақтар – саңылау мүшелеріміз (көз, құлақ, тіл, мұрын, қол-дене). Балаға сөйлеңіз (тыңдасын!), жазыңыз (көрсін!), айтқызыңыз (тілімен қызмет етсін!), жаздырыңыз (қолымен, денесімен істесін!). Міне, тұс-тұсынан қармақ салған деп осыны айтады. Мүшелері жегілсе, оқушы тез меңгеріп, тоқып алады. Сабақ сайын оқушының есінде болатын бір мықты әдісі осы болу керек». Әдіскер ғалымның пайымдауы қазіргі оқушының сөйлеу әрекетін қалыптастыратын тілдік төрт дағдыны (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) еске түсіреді. Яғни, тыңдалым – «сөйлеңіз (тыңдасын!)», айтылым – «айтқызыңыз (тілімен қызмет етсін!)», жазылым – «жаздырыңыз». Ал оқылым туралы Ж.Аймауытов көркем мәтінді қалай оқу керектігі туралы түсіндірмесінде арнайы тоқталады. Бүгінде сабақты осылайша коммуникативтік әдіспен өткізудің негізін қалаушылар деп шетелдік ғалымдарды асыра насихаттағаннан гөрі өзіміздің әдістеме тарихымызға бір сәт мойын бұрғанымыз абзал.

Оқушының сөйлеу әрекетін қалыптастыратын дағдыға келгенде Ж.Аймауытов «Сөзге төселдіру о дегеннен басталу керек. Бісімілдесі – сұрау, жауап. Дұрыс қойылған сұрау дұрыс жауап алуы керек. Дұрыс жауап бере алмаса, әуелі жолдастары, одан қалса, оқытушы түзетіп отырсын. Оқытушының түзетуі берілген жауаптың мәнісін түзету болмасын, сөйлемнің қырыс, қисынын түзету болсын, тілі жетпей тұрған жерін жөндесін» деген өз тұжырымын айтады. Бұл пікірі де қазіргі оқыту жүйесіндегі жеті модульде қарастырылатын оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдердің бірі «диалог арқылы оқытумен» өзара үндесіп жатыр. Әдетте осы тақырыпты сөз еткен отандық әдіскерлер деңгейлік курстарда қатысушыларға Нейль Мерсердің «Диалог негізінде оқыту және оқу» (Mercer, 1995) еңбегін оқуға кеңес береді. Біздің ойымызша, шетелдік ғалымдардан гөрі ұлттық танымға жақын Ж.Аймауытовтың пікірін басты назарда ұстаған дұрыс.

Мұғалім мен оқушының арасындағы диалогке терең мән берген Жүсіпбек бұл арада дұрыс емес жауапты қалай түзету керектігін саралап көрсетеді. Алдымен жолдастарына түзету – бүгінге дейін қолданып келе жатқан тәсілдің бірі. «Оқытушының түзетуі берілген жауаптың мәнісін түзету болмасын» деген талабынан дұрыс жауапты қалай болғанда да балалардың өздеріне тапқызу мәселесі көтеріліп отыр. Ал әдеби шығармаларға қатысты сауалдың «тілі жетпей тұрған жерін жөндеу» баланың эстетикалық талғамын қалыптастыруға көмектеседі. Сондай-ақ «Қазақ баласының бір әдеті: «бәлен етіп, сонымен кетіп, содан сүйтіп…» деген тәрізді нүктесіз шұбата береді. Сөйлегенде де, жазғанда да қысқа сөйлеуге уағдалана беру керек. Ұзын әңгімені аз сөзбен қысқартып айтқызу – сөзге төселдірудің бір керекті жері» деп сөйлеу мәдениетіне ерекше ден қоя отырып, балалардың ойын жинақы, сөзін нәрлі айтқызуға үйретуді мұғалімдерге міндеттейді.

Сабақта өтілетін жаңа тақырыптың кіріспесіне қатысты да мынадай пікірлері бар: «Танық нәрселердің атын жаздырмай тұрып, өзін, әйтпесе тұрпатын, суретін, үлгісін, жоспарын көрсету керек. Мұның бірі де мүмкін емес екен, ауызша ұқсас нәрсемен салыстырып оқыту керек. Сонда барып миына перне қонады, сонда барып перненің аты көкейінде қалады». Көркем шығарманы қалай оқыту керектігін үйретуде осындай тың әдістерді қолдануға кеңес береді. Қазіргі бастауыш сыныптан бастап тәжірибеде осы әдісті дамыта отырып, молынан қолдануға болады.

Ж.Аймауытов өз заманындағы оқыту әдістерін сөз ете отырып: «Мектепте қысқа әңгімелер қалай оқытылу керек?» – деген үлкен мәселені кеңінен көтерді. Әдіскер ғалымның шағын әңгімелерді қалай оқыту керектігін болжаммен емес, нақты кесіп, пішіп айтуы ойланарлық жайт. Өйткені, бұл әдістердің өміршеңдігін танытады. Шынында да қаралған әдістер кеңес дәуірінде де, кейінгі дәстүрлі жүйеде де қолданыста болып, бүгінгі жаңартылған оқыту жүйесінде де өз құндылығын жоя қойған жоқ. Рет-ретімен жүйелегенімізде, мұнда 14 мәселені талап етеді: Біріншісі, «Салған жерден кітаптан оқыта бастамай, алдын ала сол әңгімеге балаларды даярлап алған жөн» екенін ескертеді. Жаңа сабақты бастамас бұрын кіріспе ретінде қолданылатын бұл әдіс, яғни, оқушыларды даярлап алу бүгін де өз тиімділігін жойған жоқ. Екіншісі ынталандыру (мотивация) әдісі: «Балалардың көргені, естігені жайынан сұрап, сурет көрсетіп, әлдебір оқылған, сөйленген нәрседен, не өмірден алып, әйтеуір оқылатын әңгімеге балаларды төндіріп, ынталандырып алу керек». Бұл да қазіргі уақытта кеңінен қолданысқа енгізіліп жүр. Мұны мектеп мұғалімдері кейде «миға шабуыл» тәсілін пайдалану арқылы да жүзеге асырып отырады. Үшіншісі, шағын әңгімені оқытуға бағытталған. «Содан кейін оқылса, әңгімені балалар құлшынып тыңдайды. Алдымен жақсы оқитын балаға, сонан соң төмендеуіне оқытылсын». Мектепте көркем мәтінді осылайша оқыту, әсіресе, дәстүрлі жүйеде бастауыш сынып пен 5-6 сыныптарда кеңінен қолданылып келеді. Төртіншісі, қазіргі қолданыста бар әдістің бірі – оқушыларды сын тұрғысынан ойлауға баулу: «Әңгіме қандай әсер берді екен, тыңдаушылар ойлансын»; Бесіншісі, «Ұғымсыз, жат сөздер түсіндірілсін». Мәтіндегі түсініксіз сөздермен жұмыс жасау әдісі қазіргі уақытқа дейін әдебиет пәнінде қолданылады. Алтыншысы, «Суреті, көркем сөздері тапқызылсын». Әңгіменің көркемдік ерекшелігіне қарай талдау жүргізу де қазіргі уақытқа дейін әдебиет пәнінде қолданылып жүр. Жетіншісі, «мазмұны қысқаша қайта айтқызылсын». Әңгіменің жалпы мазмұны туралы түсінік қалыптастыру талабы қай уақытта да қолданыстан түспеген. Сегізінші, «Әңгіме бөлшектелінсін». Шығарманың композициялық құрылымы мен оқиғасына қарай бөлімдерге бөлу талабы да үнемі қолданыста бар. Қазіргі уақытта да әңгімені бөлек-бөлек топқа бөліп оқытады.

 Тоғызыншы, «Бөлімдерінен сурет туғызылсын. (Оңай сурет болса, балалардың қолынан келсе, тақтайға салғызылсын; қиын болса, ауызша суреттелсін. Болмаса үйде салып келуге берілсін)». Дәстүрлі жүйеде де, қазір де бастауыш сынып пен 5-7 сыныптарда әңгіме желісіне қарай сурет салғызу кеңінен пайдаланылып келеді. Оныншы, «Сұраулар қойылып, балалармен кеңесілсін». Көркем шығарманы талдаудағы қазіргі уақыттың үлкен талабы да осы. Он бірінші, «Әр бөлімдерін тақырыптатып қарасын». Әр топ немесе әр қатар әңгіменің оқыған бөлімдері бойынша тақырып қоюға жаттықтырылады. Он екінші, «Әңгімедегі қаһармандар атынан сөйлетілсін». Рөлге бөліп оқыту әдісі де сабақта ішінара жүргізіліп келеді. Он үшінші, «Әңгімеден баланың есіне не түсті екен, айтқызылсын». Бұл әдіс баланың сыни ойлауын дамытып қана қоймайды, көркем шығармадан алған әсерін өмірмен байланыстыра айтқызу дүниетанымын кеңейтіп, тіл шеберлігінің жетілуіне ықпал етеді. Он төртінші, «Қорытынды шығартылсын». Бұл арада әңгіменің толық мазмұнын ғана емес, оның басты идеясын, түйінін балаға анық түсіндіру жайы айтылып тұр. Қазіргі уақытта кері байланыс жасау арқылы жаңа сабақты қаншалықты түсінгендігі туралы қорытындылар жасалып жүр.

Ж.Аймауытов шағын әңгімені қалай оқыту керектігін осылайша зерделей келіп, тағы бір арнайы тоқталғаны мектеп балаларына арналған шығармалардың зор талғаммен іріктеліп барып оқытылу керектігі болатын. «Оқылатын әңгіме қандай болу керек?» деген мәселеге айрықша ден қойған әдіскер ғалым: «Оны таңдау үшін, оқыту әдісін ескеру үшін, мұғалім мынадай сұрауларды өзіне қойып алса, дұрыс болар еді: 1) осы әңгіме мектеп мүддесіне, баланың біліміне лайықты ма?» – дейді. Алғашқы сауалы арқылы оқылатын әңгімені мұғалімнің өзі таңдау керектігіне назар аудартады. Сондай-ақ бұл жерде әдіскер ғалым тек нұсқаулық беріп қана қоймай, оның нақты үлгісі ретінде былайша жолын көрсетіп береді: «Бас, аяғы жоқ ұзын әңгіменің бір қиқымын оқыту керек емес, аз да болса бір нәрсе туралы толық айтылған, тұтас нәрсе оқытылу керек (ұзын романдардың әлде бір тақырыпқа жазылған лайықты жерлерін алуға, әрине, болады). Әуелі әлімтеу (описание), содан кейін баяндау (повествование) түріндегі әңгімелер аралас алынғаны жөн. Әңгімелер, өлеңдер үлгілі, әдебиеттен, не балаларға арнаулы кітаптардан алыну керек. Өмірді әр жағынан суреттей алмаған, мақсұты, өнегесі сыңаржақ, анық көрініп тұрған, әйтпесе, ерсі сөздер балаға оқытылмау керек. Тұрмыстың жаратқыштың жанын суреттеген, көңілді ашқандай, ойды түрткендей пернелі, үлгілі сырлы сөздер оқылу керек». Ж.Аймауытовтың осы талабы қазіргі ұзақ мерзімді оқу жоспарын құрастырушылардың назарынан еш уақытта тыс қалмауы тиіс. Бүгінгі мектеп оқулықтарындағы көркем әңгімелердің деңгейіне зер салғанда көңілден шыға бермейтін тұстары да жиі кездесіп жатады. Әрине, кейінірек арнайы мәселе сөз етіледі.

Сонымен, әңгімені оқытуда қолданылатын әдістерге тоқталғанда Жүсіпбек алдымен мұғалімнің өзіне бірнеше сауалдарды қойып барып таңдау қажеттігін негіздейді. Үлгі ретінде ұсынғаны былай берілген: «3) қандай әдіс қолданамын: а) әңгімеде шәкірттерге не таныс, не танық? б) әңгімеге даярлау үшін, алдын ала қандай тұрғыдан қозғау керек? п) әңгіменің басқы пікірі қайсы? Жаңама пікірі қайсы? (қиын сөздері, сөйлемдері, өзгеше жерлері қандай?) балалармен қай түрде кеңесемін? д) бұл әңгімеден дағдыландыруға (жаздыруға) қандай жұмыс мәселе туғызуға болар еді? е) оқытқанда дауысты қай жерінде, қалай құбылту керек?.. Бұл сұраулар тек мысал үшін». Осы сауалдарды оқып отырып бүгінгі жаңа білім беру жүйесінде кеңінен пайдаланып жүрген мұндай тәсілдердің негізі қайда жатқанын түсінуге болады. Тіпті, әр сабақ сайын кері байланыста қолданылып жүрген «Қай әдіс ұнады?» «Оқытуда әдіс-тәсілдердің қайсысы тиімдірек?» деген сияқты сұрақтар біздің санамызға Кембридж университетінің тәсілінен алынған деген ұғым қалыптастырады. Бұл дұрыс емес.

Ж.Аймауытовтың «Шалымды оқытушы әңгіменің түріне қарай, әдісін өзі таңдамақ» деген қағидасын бүгінгі қазақ әдебиеті әдістемесінің төріне алтын әріппен жазылған, бұлжымас ережеге айналдыру қажет. Өйткені әдіс дегеніміз – А.Байтұрсынұлының пайымдауынша, «керекшіліктен шығатын нәрсе. Әдістің жақсы, жаман болмағы жұмсалатын орынның керек қылуына қарай. Мәселен, сауаттау әдісін алсақ бір жұрт­тың сауат­тау әдісіне қолайлы болған әдіс екінші жұрттың да сауаттау ісіне қолайлы болуға тиіс деп айтуға болмайды. Екеуінің тілінің заңы, емлесінің жүйесі бірдей болса, біріне қолайлы болған әдіс екіншісіне де қолайлы болуы мүмкін. Егер де тілдің заңы, емлесінің немесе әрпінің жүйесі басқа болса, онда біріне жақсы болған сауаттау әдісі екіншісіне де жақсы болады деп ешкім айта алмайды». Сонымен қатар Жүсіпбек «Түріне қарай, әңгімелердің оқыту жолдары да өзгеше» болу керектігін ескертеді.

Балаларға көркем әңгімелерді оқытқанда қандай сұрақтардың қойылуы керектігін де назардан тыс қалдырмайды. Әдіскер ғалым қойылатын сұрақтардың үлгісін былайша жасап көрсетеді:

«1) Әңгіменің қаһарманы кімдер?

2) Заманы, орны, уақыты, жағдайы нендей?

3) Басында, ортасында, аяғында айтылмай кеткен, жетпей тұрған сөздер жоқ па?

4) Шығарманың өте маңызды жерлері қайсылар?

5) Қандай сөздер, жолдар, сөйлемдер өте сұлу, жат, күшті келген?

6) Қандай сурет салуға, қай-қайсын айттыруға болар еді?

7) Қай жері күйге келтіріп оқуға, қай жері сымбатқа түсіруге қолайлы?

8) Қай жерлері өте қуаныш, мұң, қауып-қатер, қайғы, шаттық сезім туғызады?».

Мұндай сауалдар балалардың көркем шығарманы талапқа сай толықтай меңгеруіне тікелей ықпал етеді. Сондықтан да әдіскер ғалым әрбір сұрағына ерекше маңыз беріп, әңгімені қалай оқыту керектігін өзі ұсынған бағыт-бағдарымен тығыз байланыста қарастырған.

Түйіндей келе, Ж.Аймауытовтың қазақ әңгімелерін қалай оқыту керектігі туралы жазылған алғашқы әдістемелік еңбегінің бүгінгі күнге дейін өз құндылығын жоймағанына толықтай көз жеткіздік. «Мектепте қысқа әңгімелер қалай оқытылу керек?» деген мәселені көтере отырып, оны түбегейлі нақтылап беруіне әдіскерлік шеберлігімен қоса, өзінің де бірнеше шағын прозаның авторы болғаны тікелей септігін тигізгені сөзсіз. Көркем шығарманың табиғатын терең сезінген Ж.Аймауытов әдістерінде ұлттық нышан толық сақталған. Қазіргі жаңартылған білім беру мазмұны аясындағы мектеп бағдарламасында шағын әңгімелерді оқытуда толығынан пайдалануға болады. Өйткені шағын әңгімені оқытудағы Ж.Аймауытов ұсынған әдістер – дәстүрлі жүйеде де, қазіргі таңда да қолданылып жүрген әдістердің түп негізі.

 

Күнімжан ӘБДІҚАЛЫҚ, профессор

Акерке ЕРМАХАН, Қазақ Ұлттық қыздар

педагогикалық университетінің 2-курс магистранты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір