Кәдірбек Сегізбаев. Щшаған бүлігі
08.02.2021
3201
2

(деректі әңгіме)

 Шығармадағы негізгі кейіпкерім орақ ауыз, от тілді би Сегізбай Машанұлы Зайсан өңіріндегі танымал тұлғалардың бірі болған. Екі ғасырға жуық уақыт бұрын ғұмыр кешкен атақты азаматтай болсын деген ырыммен менің әкеме сол кісінің есімін еншілесе керек.

Автор

Екі-үш күннің мәулетінде ешкіммен көп тілдеспей өзімен-өзі томаға-тұйық болып жүрген би кіші бесін кезінде кенже ұлын жіберіп, әрі көмекшісі, әрі көп жылдан бері үзеңгі досы болған Құттыбайды шақыртқан.

– Құтеке, жігіттерді жина, қазір жол жүреміз. Менің Көкқасқа жорғамды ерт­терсің. Бүгін жануарға соңғы рет ер сал­мақпын… Менің Ақбурылымды жайдақ­тай жетекке аларсың, – деп сөзді қысқа қайыр­ған.

«Екі кештің арасында би ағамыз қай той, қай қызыққа бармақшы екен? Ес­ік пен төрдей Көкқасқа бидің ғана емес, ауылдың, ол аз болса рулы елдің мақ­та­ны­шы сияқты ақпа жорға және сұлу мүсін­ді мал болғандықтан, би оны айтулы ас пен торқалы той немесе ел жақсылары бас қосар жесір дауы, жер дауы сияқты алқалы жиындарға болмаса ауыл арасына міне бермеуші еді ғой» деген сауалдарды кеудесіне тұншықтырған күйі Құттыбай есіктен шыға берген. Оның: «Бүгін жануарға соңғы рет ер салмақпын» деген сөзіне жіп таға алмады. Ол аздай, бас иесі сияқты Сегізбай бидің неге мұнша жабығып, қандай түйткілге жауап таба алмай жүргенін ол ойша жобалайды. Бидің мұны Боқатай есімді қарт биге арнайы аттандырып ақыл сұрағанын, қарт бидің жұмбақты жауабын естіген соң бар кесірдің әлгі бір Ошаған дейтін міскіннің тағдырына келіп тірелгенінен-ау деп бағамдайды.

Сол екі-үш күннен бері қабағы ашыл­май, жауар бұлттай түнеріп жүрген отаға­сы­ның сұраған сусар бөркін көгілдір бат­сайы­­мен астарланған жеңіл тайжақы және оюлы күдері шалбарын кигізіп, беліне сары мойын сапысы қынымен бекітіл­ген, күмістелген жалпақ белбеуін байлап берген сұлу тоқалы Қамқа да «Қай жаққа барасыз?» деп сұрай алмаған.

Қай сапарға шықса да Құттыбай бастаған төрт-бес нөкері әрі сойылдасу сияқты ел ішінде сирек болса да болып тұратын ұсақ-түйек жанжалдарға араласатын және иелерін қорғай алатын өңкей әлекедей жаланған қарулы жігіттер де аттарына мінді. Олар да «Қайда барамыз?» деген артық сауал қойып әдеттенбеген. Жұрт «Көкқасқа» атап кеткен бидің астындағы боз айғыры аттарды желдіртетін ақпа жорғасымен жел қайықтай сумаңдап, оқ бойы алда кетіп барады.

– Би ағамыз бұлайша түнеріп, бұлайша жортуылдамаушы еді ғой. Не білгенің бар? Сізді де екі күн бұрын Боқатай биге жұм­сапты дейді ғой, – деп, жігіттердің бірі Құттыбайдың бетіне қараған. – Қалайда би ағамыздың көңілін күпті ғып жүрген кептің бір ұшығы өзіңізді сол қарт биге аттандыруында болар деп ойлаймын.

– Сендерді сөзбуаз ғып қайтейін, – деп Құттыбай атының тізгінін тежеген. Онымен қатарласа суыт желе жортып келе жатқан бас­­қа нөкерлер де әңгімеге құлақтарын түрді. – Секең би ағамыздың Құлеке төре­нің қызын ұзату тойының алғашқы күнгі қызығына қатысып қайтқаннан кейін қабағының келіспегенін байқаған едім. Оның себебін өзімді Боқатай қартқа жіберіп, ақыл-кеңес сұратқаннан білдім. Дау дейтін дау емес, жау дейтін жау емес, бар кесел Ошаған дейтін төлеңгітіне Құлеке төренің істеп отырған кесірлі қиянатынан басталған сыңайлы. Би ағамыздың қарт биден сұратқан ақылы: «Атам қазақ дәстү­рінде ұзатылар бойжеткеннің шаңырағына мінгізіп, біреудің ұлын құл, қызын күң етіп жіберу деген үрдіс бар ма еді? Болмаса тәуекел деп тас жұтып, төрені жазалап, ұл мен қызды құтқарып алсақ, төрелердің тегеу­рініне шыдас бере алармыз ба? «Ел на­мысы – ер намысы» деп тәуекел десек, бұ­ған қарт би қандай ақыл айтар?» – деп сәлем жолдаған еді. Мен би ағамыздың сөзін Боқатай қартқа айтқанда сексеннің сеңгірінен асып кеткен абыз сақалын сауып отырып, мырс етіп езу тартты.

– Бидің «Ел намысы – ер намысы» дегеніне қарасам, Ошағаныңыз бөтен-бөгде адам болмағаны ғой? – деп сұрады.

– Иә, Биата, – дедім ол кісіге өзім біле­тін жайды толықтай баяндауға тырысып. – Ошаған дейтін азамат баяғы Зайсан өлкесінен жоңғарларды қазақ батырлары қуып шыққан соң Қалбаны мекендеп отырған Төртуылдың Жетіеміл атасының Жақау тайпасынан тарайтын ұрпағы да осы өлкеге келіп орныққандардың бірі екен. Ол шіркін осындағы Құлеке төре­нің төлеңгіттерінің бірі көрінеді. Төре шіркіндердің Тәңірден басқаны та­ны­майтын оспадарлығы бар емес пе? Біз­дің би ағамыз Сегізбай мырза мен Тұзақ­шы­дан шыққан Назар би той кезінде бір оңашада жаңағы Ошаған дейтін тө­лең­­гіт көз жасын көлдетіп, екеуінің ал­дына келіп: «О, қалың Төртуылдың на­мысын жыртып, сөзін ұстаған қос биім, сүйекке түскен таңбаны жазатын, адам естіп көрмеген төренің зорлығы мен қорлы­ғы­нан арашалап алар жан бар ма? Қос жана­рымдай қарашықтарымды, әлі өз қолдары өз ауыздарына жетпеген ұл мен қызымды ұзатылғалы отырған Құлекенің бойжеткенінің шаңырағына мінгізіп, бірін құл, бірін күң етіп аттандырмақшы», – десе керек. Қос би Қамбар төре өлген соң толайым Байжігіт, алты Жұмыққа билікті жүргізіп отырған оның оспадар ұлы Шотан мен оның кайын атасы Құлеке төрелерге жолығып, құлдық пен күңдікке кісі ұстау дейтін үрдістің қазақ жұртында ешқашан болмағанын, сондықтан райларынан қай­туларын майдалап айтып көрсе ке­рек. Алайда қос төре: «Айттық – бітті, кес­тік – үзілді» десіп, оларды аяқтарына отыр­ғыз­бапты. Төрелер адамша айтылған сөзді құлақтарына қыстырмаған соң, екі би тойды тастап шығып, бір тәуекелге бел буған сияқты».

Би атам екі көзін тарс жұмып біраз отырды да, былай деді: «Назар мен Сегізім барда ел намысын жүдетпес егізім бар, аталы сөзден айнымас негізім бар» деп жүрмін. Екеуінің сені аттандырғаны ақыл сұрағаннан емес, тәуекелшіл істері үшін ұзын жасымды, ақшаңқан басымды сыйлап, алдымнан өткендері деп біліп отырмын. Төре балалары Тәңірдің төлтумасы дейтін түсінік жоқ. Түпкі аталары Шыңғыс хан да ақылымен айтағасын бақ қондырған, алтындаған тақ болдырған жұмыр басты, жалқы жұлынды адамның баласы. Бүгінгі төрелер шанақтарынан асып бара жатса, тасып бара жатса, Қара Ертіс те қар суымен буырқанатын, бұлқынатын. Қарғын су қайтқанда ол да сабасына түсетін. Қалың қазақта төрелердің асып-тасқанын басар қауқар таусылмаса керек еді. Мен білсем, бұл бір Төртуылдың емес, қалың қазақтың намысын жыртар іс болар. Басқа айтарым жоқ, – деп жастығына қисайған.

– Е, бәсе, би ағамыздың ішіне шемен боп байланған кеп осы екен ғой. Маңырақта жатқан Назар бидің де Құлекенің тойынан кейін би ағаның үйіне қона жатып, екеуі оңашаланып, ұзақ сырласқанда Шотан мен Құлеке төрелерді келеге келтіруді ойла­ған екен ғой, – деп нөкерлердің бірі өз болжамын айтқан.

– Жә, жігіттер, би ағам ұзаңқырап кетті, жақындайық. Менің айтқанымды іштеріңе қамап ұстаңдар, – деп Құттыбай Ақжонның бір биік құм төбесіне қарай өрлеп бара жатқан Сегізбай биді қуып жетпек болып, аттарына қамшы басқан.

Би ағалары Көкқасқасынан түсіп, еңкейіп бара жатқан күнге қарап тұрған.

– Құттыбай, Көкқасқаның ертоқымын алып, жетегіңдегі Ақбурылды ерттей қой­шы, – деп көмекшісі айтқанын орындап болған соң, ол қолын жайып, дауыстап үн қатқан. Бұл кісі бата бергелі тұр ма деп нөкерлері де қол жайысты.

– О, Жаратушы ием, Алла-Тағала, сегіз ұл бердің, сегіз мың жылқы бердің. Жұр­тымның сөзін ұстайтын тіл де бердің. Айтар назым да, базынам да жоқ. Жұртымның намысы үшін бір тәуекелге белімді бекем будым. Егер қылған ісім қате болса менің жазамды бер, төренің ісі қате болса, оның жазасын бер! Осы қадамымның жолына шалдым құрбандыққа жан серігім, жазығы жоқ Көкқасқамды, – деп қынынан сапысын шығарып, жануардың тамағын орып жіберді. Өзін баласындай бағып, мәпелеп қана жүретін иесінен мұндай қатыгездікті күтпеген Көкқасқа тамағынан қызыл қаны шапшыған күйі шыңғырған бір жабайылау үн шығарды да, кеудесін көтеріп, тік шап­шып барып, гүрс етіп құлап түсті. Қантала­ған қос жанары шатынап, басын құшақтап, көз жасы сақалына тамшылап отырған иесіне соңғы рет қадалған күйі бір қорқырап барып, қимылсыз қалды.

– Көп жылдар бойы жан серігім, адал дос, әрі бөркімді шекелете кигізіп, мақта­ны­шым болған жазықсыз жануарым, Көк­қасқам, ең қымбат қазынамдай болсаң да нартәуекелмен бастағалы отырған ісімнің жолында құрбандыққа қидым сені. Түліктің киесі Қамбар ата кеше көр мен жазғанды, – деп ол жиектері қызғылт тартқан жанарын нөкерлерінің біріне бұрған. – Жануардың көзін қарға-құзғын шұ­қы­масын. Жігіттерді жіберіп, құмды терең қазып, көмдір. Үстіндегі құмын жел суыр­мау үшін үстіне тас жинасын.

Ол енді Құттыбайға жанар аударды.

– Сен, Құттыбай, ертең мына нөкерле­ріңді ертіп аңға шығасыңдар. Аң болғанды адамды қойып, Құдайын танығысы келмей жүрген «аңның» нағыз содыр-сойқаны – Шотан төре – Құлекенің қызын алуға келіп жатқан күйеу жігіт. «Қарадан қыз алмаймыз» дейтін төре шіркіндердің қиямпұрыс әдеттері бойынша Қамбардың ұлы, Байжігіт елінің төресі Шотан мырза да үш-төрт атадан қосылатын өз қарындасын алмақшы. Оны осы қазақтың ата-бабадан ұстанып келе жатқан тәртібін бұзғаны үшін де жазалау ойымда бар. Сол Шотан төре Ертіс жағалап, екі-үш күннен бері қаз-үйрекке құс салып жүр дейтін. Соны менің алдыма алып келіңдер. Күш көрсетіп, қол тигізуші болмаңдар және оңаша шыққан кезін аңдып тұрып, ың-жыңсыз әкелерсіңдер.

Би осымен әңгіме бітті дегендей атына мініп, ауылға бет бұрды.

Сол күннен бастап жазықсыз пышаққа ілінген желмая жорға көмілген Ақжондағы ең биік құм төбе «Бозайғыр төбесі» деп аталып кетіп еді.

 

* * *

Ертеңіне-ақ түске таяу Шотан төренің атын жетекке алып, оны Сегізбай бидің алдына алып келіп, үйге кіргізген. Үлкенді-кішінің бәрі тек өзіне сәлем беріп үйренген жас төре сырмақтың үстіне жайылған аю терісін жамбасына басып, қос құс жастықта жантайып жатқан бидің бетіне шақшия қарағаны болмаса, сәлем беруді ойына да алған жоқ. Төре сәлем берудің орнына қың­ыр сөйлеп, билікшіл айбарын көрсет­кен.

– Айдың-күннің аманында мені ай­дауыл­датып алған қай қылығың, би?! Әлде төре баласы сенің қолжаулығың ба еді? Бұл жауласқаныңның басы болса, оныңды ашып айт. Сүйекке салған бұл таңбаңды өлсем де де ұмытпаспын.

Сегізбай асықпай басын көтеріп отырды.

– Төрем, шаптықпай тізеңді бүк. Түре­геп тұрған кісіге отырған адамның сөзі қонбас болар. Төреміз деп төрге шығарып едік, төріміз аз болғандай төбемізге шығып болдыңдар. Шыдамның да шегі бар. Түп төркінің хан тұқымы болғанмен, бізді «қа­ра» атандырғаныңмен, өздеріңнің де қазақ екендеріңді ұмытып, халқымның салтын бұзып, немерелес қарындасыңды алғалы отырсың. Туғаныңды алсаң да ерік өзіңде. Тек бұл ісің өзгелеріңе сабақ болсын деп жа­залаймын. Бір деп қой. Екіншіден, бәріміз де адамның емес, Алланың құлымыз. Біреу­дің екі бірдей перзентін алатын қа­лың­ды­ғыңның құлақкесті құлы мен күңі ғып әкеткелі отырғаның үшін де жаза кесемін. Үшіншіден, осы елдің екі тізгін, бір шылбырын ұстаған қос бірдей бидің сөзін болашақ атаң Құлеке екеуің қаперлеріңе де алмадыңдар. Һәм Ошағандай төлеңгітің көз жасын төгіп, аяқтарыңа жығылса да, асқандарың соншама, оны адам ғұрлы көрмей, үйлеріңнен қуып шығыпсыңдар. – Ол құс аулап, жүзін жел қаққан, одан айдауылға түсіп, әбден шөлдеген төреге қасақана істегендей бәйбішесіне бір тостақ қымыз алдырып, асықпай дәмін алып, ішті де, әлі босағада қаздиып тік тұрған төреге тағы тіктеп қараған. – Қазақ үйге кірген жыланның басына да ақ құйып шығаратын. Қымыз ішкің келсе, тізеңді бүк.

– Ішпеймін! Сенің қымызыңды іш­кен­ше, зәрімді әшейін, – деген төре де қасарысып. – Осы қылығың үшін мені тұтқындап келген мына жандай­шап­та­рың­мен қоса сазайыңды таттырармын, Сегіз­байым.

– Е, кімнің кім сазайын тартқызарын бір Алла білер. Бәйбіше, – деп ол зайыбына мойын бұрған. Мына адам аулап келген жігіттерге дастарқан жайып, қымыз құй. – Ол тым сабырлы еді. Дәл бір көңілді мәжіліс үстінде отырғандай дауыс көтермей жайдары күйін өзгертпеді. – Төрем, әкең Қамбар жарықтықтың халқына көрсеткен кейбір ағат харакеттері болғанмен, жасаған жақсылықтары басым деп білуші едім. «Жаманнан жақсы туар, адам айтса нанғы­сыз, жақсыдан жаман туар, бір теріге алғы­сыз» деуші еді атам қазақ. Сен соның қай­сы­сына жатасың? Әй, мен білсем, осы­ның екіншісі боларсың…

Жә, жігіттер, төреге арнап «сый» дайын­дап, жуан-жуан алты сырғауылды орманнан кестіріп қойғанмын. Соларды төреге өң­гертіп, болашақ атасының ауылына жеткізіп салыңдар. Сырғауылдардың бір де біреуін жол-жөнекей түсіріп алса, ұмытпастай ғып сабаңдар. Жауабын өзім беремін. Би жі­гіттеріне «айтқанды орындаңдар» дегендей иек қағып қана белгі берді де, Құттыбайға «сен қала тұр» деген.

– Құтеке, бір іске тәуекел еттім. Мұның соңы таңдайласар ұзақ дауға, бәлкім маң­дайла­сар майданға ұласар. Қашанғы бұға береміз. Біздің де қабырғалы қалың ел екенімізді бұлардың естеріне салып қою керек болып тұр. Шотан төреге қайын жұртының ауылына сырғауыл өңгертіп жібергеніміз де ғұмыр бойы ұмытылмас жаза болар. Әңгіме мұнымен бітпейді. Бүгін түн жамылып барып, Ошағанды бала-шағасымен осында көшіріп алып кел. Құлеке мықты болса, менің қолымнан алып көрсін құл мен күң ғып аттандыратын ұл мен қызды, – деп негізгі тапсырмасын берді.

Кештетіп оралған төре жігіттері құс ау­лау­ға кетіп, ұшты-күйлі жоғалған күйеу­ба­ланы іздеп, алашапқын болып жүргенде бір топ аттылы азаматтың алдына түсіп, алты сырғауылды өңгеріп келген төрелерін көреді ғой.

– Төренің өзінше желке жүнін күдірей­тіп, ызбарланып жүретіні болмаса, жаны тым тәтті екен. Сырғауылдардың бір де бірін түсіріп алмай, атасының есігінің алдына апарып бір-ақ түсірді ғой, – деп күлді Айда­бол деген жігіт. – Тек қайын жұрты мен нөкерлерін көрген соң арқаланды білем: «Сендерге Сегізбайларыңның сүйегін өңгертермін. Осыны айта барыңдар», – дегенді айтты.

– Е, төренің тіреп тұрған аспанын төбе­мізге тастап жібергісі келсе, оны да көріп алар­мыз, – деп би қысқа қайырған.

Сол күні таң сыз бере жалғыз түйесіне қарақосын арттырып, жігіттер Ошағанды көшіріп әкелген.

– Енді зорлық-зомбылық көре қоймас­сың. «Бөтенмін-бөгдемін» деп ойлама. Екеуіміз де Төртуылдың ұлы, біздің жетінші бабамыз Андабарақтың жайыла өскен алып дарағының бір-бір өскіні екенбіз. Бауыр деп бауырыма тарттым. Бұл ауылда қамсыз-мұңсыз тұра бер. Кем-кетігің болса, мына Құт­ты­бай замандасың толықтырып берер, – деп би бас нөкеріне мойын бұрған.

– Құтеке, менің малымнан екі құлынды бие, екі сауын сиыр, екі жарамды мініс атын өзіне атап-түстеп берерсің. Балалары қызылсырап қалмасын, өзіңнің қалауыңша он бес-жиырмадан кем емес, ұсақ жандыққа ен салып берерсің. «Өзімдікі деген басын ұстайды». Қатарға қосылып, қамсыз тіршілік етсін.

– Биаға, мен не дейін?! Бұл жақсылы­ғыңыз тек Алладан қайтсын. Өле-өлгенше өзіңізді пірім деп өтермін, – деп Ошаған жылап жіберген.

 

* * *

Сегізбай бидің төрелермен шармаяқ­тас­уы бір бұл емес болатын. Шотанның әкесі Қамбар төренің көзі тірі кез еді. Маңырақтың Қарақойынын, Кішкентаудың біраз жерін иемденіп, Тарбағатайдағы Байжігіт елін билеп отырған ол қол астына тартқан әр­түрлі тайпаның адамдарынан әкесі Са­ния­з­дың атындағы ру жасап, болып-толып, жал­ғыз Найман емес, Абақ Керейдің арасына да сөзі жүріп, бедел толтырып тұрған кезі еді.

Ақжонда отырған Секеңе Қамбардың бір төлеңгіті келіп шағым айтады. Төренің өзі болмаса да төңірегіндегі жандайшаптары оны отырса опақ, тұрса сопақ қылып өзіне ғана емес, бала-шағасына да күн көр­сет­­пей­ді екен. Оның сөзін жерге тастай алмаған би өзін жарым патшадай көретін төреге қандай уәж айтарын білмей, тағы да Құттыбайды Маңырақтағы Назар төреге жіберіп, ақыл сұратқан.

Жанақұлы Назар би бала кезден екі иы­ғын жұлып жеген жұлымыр, бұзық бо­лып өскен жігіт екен. Алайда әкесі де, атасы да сөзден таяқ таянған би болса керек. Қанмен келер қасиет бір көрінбей тұра ма? Оны бұзықтығымен қоштасып, әке жолымен сөз ұстай бастағанына ғұмырында жауырыны жерге тимеген тоқсан жасар балуан әрі қара сөзге де шешен Бұланбай қарт себепші болыпты деседі. Жеткіншек Назар ел қыдырып жүргенде бір келе түйе­нің қасынан өтіп бара жатқанда өзіне қа­рай шабынып келе жатқан жараған бураны көреді. Жотаның басында қалқайып тұрған кісі: «Балам, бері қарай шап», – деп айғайлайды. Алайда бура таяп қалғанда Назар қасқайып тұра қалып, атының жалына ауыз сала берген бураны дырау қамшымен қақ маңдайдан тартып қалып, мұрттай ұшырады. Енді қарақшыдай қалқайып тұрған түйешіні кісіге шабатын бурасы үшін қағып тастап, малын алысқа айдап тастайын деген оймен жалғыз жаяу­дың қасына тебітіп келіп, қамшысын сілтей бергенде, ол жігітті ат үстінен жұлып алып, тізесімен басып отыра қалады да:

– Қарғыс жейсің бе, қамшы жейсің бе? – дейді.

– Ақсақал, қарт кісі екеніңізді қалың киім­мен тұрған соң байқамай қалдым. Кешу жасаңыз. Бураңызды өлтірдім. Сақа­лыңыз­ды сыйламай сізге қол көтердім. Айы­бым­ды кешіңіз, кешпесеңіз өз қолыңызбен басым­ды кесіңіз, – деп өзінің сапысын суырып алып, қартқа ұсынады.

– Ныспың кім? Қай туған боласың?

– Атым – Назар. Әкем – Жанақ.

– Е, Тұзақшы Жанақ бидің бір жұлымыр ұлы бар деуші еді. Сол екенсің ғой.

– Иә, сол – менмін, ата. Ешкім бетімнен қақпаған, аузымды ешкім бақпаған бей­бас­тақ, ауыздықсыз өскен байдың ер­ке­сі­мін. Енді өлтіре беріңіз.

– Жоқ, балам, жас жаныңның, бос мойныңның обалына қалып қайтермін? Жай қолыңды. Батамды берейін: «Жеткіншектік, желкөбік мінезіңді таста. Азаматқа тән жөн­дем ісіңді баста. «Бай баласы бір жығыл­май жер танымас», жығылғаным жер­дің жары емес, қарт адамның зоры деп біл. Атың Назар екен, көпшіліктің базары бол. Қолыңның қарындағы күштен гөрі, көзіңнің қырындағы іске ден қой. Айтұяқтының асылы, әділдік жолдың жа­сы­ны бол. Жақсылыққа жақ бол, жа­ман­дықтан сақ бол! Әумин!» Ал, балам, атыңа мін, жолың болсын, – деп Назарды ат­тандырыпты. Сол Назар қарияның сөзінен кейін мүлде өзгеріп, ел қамын жеген би атан­ған екен…

Құттыбайдан Сегізбай бидің сәлемін естіген соң Назар жауабын жұмбақтап қайырыпты.

– Інім, сиыр малының ішінде атқа жеткізбейтін жүйрік «қара тіл» деген ерек­ше туатын текті тұқымы болады екен. Сол жануар тұқымдастарына қосылмай, үне­мі жылқылармен бірге жайылып, бірге жусайды екен. Жылқылар оны ал­ды­на келсе тістеп, артына барса теуіп, маңай­ла­рына жолатпаса керек. Бірақ қос мүйіздің арқа­сында айғырлардың өздерін ықтырып алады деседі. Секеңе осы сөзді айта барсаң жетеді, – депті. Сегізбай бұл жауапты ұзақ ойла­нып, бір шешімге келеді де, Қамбар төре­нің алдына өзі барады. Төре биді құр­мет­пен қарсы алып, кетерінде бұйымтай сұрайды ғой.

Би қиялап келіп:

– Төрем, жоқ іздеп келіп едім, ізі осы сіздің ауылға келіп тірелді. «Аққу көлінде, дуадақ шөлінде қамсыз» деген. Менің бір азаматымды отбасымен еркінен тыс ай­дап әкеліп, төлеңгіттеріңіз мал соңына сал­ғандарымен қоймай, «Жалғыздың үні шықпас…» деп тізе батыратын көрінеді. Олар іздеуші елі – қалың Төртуыл тұрғанын неге білмейді? Білсе де, «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деп бәрімізді басынғаны ма, төрем?! Іздеп келген «жоғым» осы еді, – дейді ғой.

Төре түсін суытып:

– Кім деген кісі еді ол? Мен неге одан хабарсызбын? Шақырыңдар маған шабар­ма­нымды? – деп нөкерлерінің біріне бұйрық береді.

– Ол Ахмет дейтін жігіт. Жалғыз үйлі отырған жерінен еркінен тыс көшіріп әкетіпті.

Қамбар төренің пәрменімен Ахмет те алдарына келтіріліп, би­­дің дау-дамайсыз сөзінің шын­дығына көз жеткізген соң биге де, Ахметке де айып-ша­мын төлеп, жігітті Ақжонға кө­шір­тіп апартыпты. Ол жолы іс дау-дамайсыз Назар айтқан «мүйіз­дің» ұшын ғана көрсетіп, Қамбар төренің әділдігімен іс байыр­қаласа, бұл жолғы шаруаның әлі жарыла қоймаған бітеу жараға айналған түрі бар.

Шотан алты сырғауылды өңгеріп барып, қайын жұртына масқара бол­ған­нан кейін ай өтпей, ақыры «бітеу жара» жарылып тынды. Жас төренің масқара болғанынан, жалғыз қайын жұрты ғана емес, өзіне қарасты исі Байжігіт жұрты да құлағдар болып, көбі іштей «шоқ-шоқ» десіп отырған. Төрелерінің Сегізбай бидің ауылын шабу үшін оның өзіне көрсеткен қорлығын еселеп қайтару мақсатында жігіт­тердің көптеп атқа қонуын сұрап жар салғ­а­нымен, «Шатақ қайда, ұрыс қайда?!» деп тұратын бірлі-жарымы болмаса, көбі бұл жортуылға ілесе қомаған. Дегенмен, Санияз атты қырық рудан құралған құрама рудың жігіттері мен төлеңгіттерден отыздай жігіт шоқпар-сойылдарын алып, қырардай болып атқа мінген.

Әрине, Сегізбай би де қамсыз емес еді. «Айтпан, айтқанымнан қайтпан» дей­тін жас төренің бір бұрқанып, бұлқына­рын біліп отырған. «Ел құлағы – елу» дегендей, оның Байжігіттердің жігіттерін де атқа қондырмақ болғанынан құлағдар болып отырған. Қарақойынға «мал ізде­ген» шолғыншы жіберіп, олардың азамат­тарының сәрсенбінің сәтінде атқа мінгелі отырғандарын да біліп алған. Ол да алдын-ала қамданып, Төртуылдың өңкей сен тұр, мен атайын дейтін сіңіртақым барымташының шайқастарында әбден әккі болған сайлауыт жігіттерін жинап, дұшмандары келер жолдағы екі-үш төбенің қалқасына алдын-ала апарып байырқалатқан. Талма түстің шағында Шотан төренің өзі бастап келген жаугерлердің алды тақап қалған. Сол кезде бір төбенің басына барып жатқан шолғыншы жігіттің: «Қапта! Жау!» – деген дауысы шығысымен, үш төбенің қалқасына жасырынған самсаған тосқауылшылар ат ойнатып шыға келген. Әне-міне дегенше екі жақтың адамдары миша араласып кеткен. Үш жағынан қоршай тиіскен би­дің сайлауыттары қарсыластары естерін жинап үлгергенше олардың бес-алтауын аттан аударып түсірген. Би ағаларының өзі бұл майданға шықпаса да: «Шоқпар ұстамаңдар, бата тисе де, қате тиіп жүрер». Жоқ жерден жауласқанымызбен, олар – жау емес, төренің айдап саларлары ғана. Талмау тұс деп тізеден ұрсаңдар, өздері де аттарынан сыпырылып түсер. Қаза қылу­дан сақ болыңдар. Мұның арты бітімі қиын дауға айналар. Ал Шотан төрені жаяу жетелеп алдыма әкелерсіңдер, – деп қапысыз тапсырған болатын.

Төренің шұбыртып ертіп келген сай­лауыт­тары біраз жігіттерінің ат көтінен сы­пы­рылып қалғанын көріп, олар қаша ұрыс салуға кіріскен. Шай қайнатым уа­қытқа жетпей-ақ арнайы жасанып келген шапқыншыларды тосқауылшылар жайпап-ақ жіберді. Бидің жігіттерінің екеу-үшеуі жараланып, аттан аунап түскен кезде шабуылшылардың оннан астамы ойбайлап-байбайлап, әр жерде аунап жатқан. Қашқан жауды қуалай жәукемдеп жүрген жігіттердің ішіндегі Сегізбайдың ұлы Шөгенді бір жуан қара ту сыртынан келіп, бұжыр бас шоқпармен қарақұсынан салып өткенде, жас жігіт дыбыс шығаруға да шамасы келмей, ат жалын құшып, сұлап түскен. Құттыбай жігіттерінің біріне: «Шөгенді алып шық!» – деп бұйырды да, астындағы атын тебініп қалып, дәу қараның да шүйдесінен сойылмен ұрып өтті. Сойыл да жуан ортасынан қақ бөлінген. Ол енді Шотан төренің соңына түскен. Ашулана, долдана білгенмен, майдандасуға ебі жоқ төре қолындағы шоқпарын көтеремін дегенше шолақ сойылымен білектен бір ұрып, қаруын жерге түсірген.

– Төре, тоқтат мына шапқын­шы­лы­ғыңды. Қан ішуге келіп пе едің?! Тоқтат­па­саң, өзіңді де қанға тойдырам. Әне бір әумесерің Сегізбай бидің ұлын өлтірді. Мыналарыңа айт, жер құшып жатқандарын жинап алсын да, қайқайсын. Ал негізгі құныкерім сенсің. Қазір ат құйрығына бай­лап, биге алып барамын, баласының қанын сенің қаныңмен жуа ма, оны өзі шешеді.

– Төремізді бермейміз, – деді ұрысты тоқтатып, анталап тұрған екі жақтың жігіттерінің ішінен төренің төлеңгіттерінің бірі.

– Бермей көріңдер. Бәріңді де осы жерде жайратып саламыз. Айтқаным айт­қан. Бастарыңды олжа ғып, анау сұлап жат­қан «батырларыңды» жинап алып кетіңдер.

– Жібермеңіз, Құтеке. Пәле іздеген жігіт­тер ғой. Пәленің қандай болатынын көрсетіп, бәрін де жусатып салайық, – деп қызынып алған жігіттеріне: «Болды!» – деп қысқа қайырған соң төре жігіттері де жара­дар болып жатқандарын аттарына мінгізіп, жолға түскен.

– Осы арада өлтіре сал! – деп екі қолы да салбырап, атының үстінде сұлық отырған Шотан төре де соңғы айбарын көрсеткен. Құттыбай оны ат үстінен жұлып алып, өз көлігінің шылбырымен екі қолын байлап, дедектетіп, ауылға қарай жаяулатып сүйрей жөнелген.

Бұл кезде Шөгеннің мәйіті ауылға жеткізіліп, олар азан-қазан болып, жоқтау айтып жатқан. Би ағаларының қос жанары қызарғанымен, беті-жүзі қудай болып есік алдында тұр екен.

– Би аға, Алланың жазуы шығар. Шө­гені­мізден айырылып қалдық. Иманы жол­дас болсын! Мына құныкеріңізді байлап-матап алып келдім, – деген Құттыбай бұ­рын­ғы адуындығы әдіре қалып, өңі оң­ған шүберектей сүлкиіп тұрған Шотанды нұсқап. – Мұның өзі болмаса да бір әумесері Шөгенді ту сыртынан келіп, ата жауын көргендей шоқпармен ұрып, жазым қылды.

Би жауына көз қиығын салған да жоқ.

– «Жайлауымды жау алды, ойлауымды өрт алды», «Түнеріп басқа түн түсті, жанды жеген іс түсті» деген заман осы болар. «Ылди­дан шауып, өр менікі, есіктен кіріп, төр менікі» деген Шотаным, шолтаңдап жүріп жампозымды жайраттың. Санасыз басыңды алсам да жаным жай таппас, – деп ол біраз түйіліп тұрды да, жігіттеріне қарап шешімін айтқан. – Бұл қасиетсіз неменің аяғына кісен, қолына бұғау салып, мұнаралы мазарға апарып қамаңдар. Өз иттігі өз түбіне жеткенін білсін, – деп ордасына кіріп кетті.

Екі күннен кейін Төртуылдың игі жақ­сылары мен Шотанның қайын атасы Құ­леке келіп, «Айып Шотаннан, қалай болғанда да бір елдің төресі ғой. Кімнің қаншалықты кінәсі барын билер сотына салайық, солар шешсін», – деген. Олар әзір­ге Сегізбай биге айып-ажындарын тө­леп, аяқ-қолы байлаулы қалпында екі-үш күннен бері нәр сызбай, тірі өлік болып жатқан Шотанды тұтқыннан алып шыққан.

 

* * *

Арада бірер ай өтер-өтпестен кейін би­лер соты Қаракерей Мұрын Тананы төбе би сайлап, Ақсуат маңындағы жайлауда билер сотын өткізіп еді. Бұл елдің тарихында төре баласы мен қарапайым қазақтың арасын­дағы күрмеуі қиын күрделі даудың қалай шешілерін білмекке сол өңірдегі бүкіл Най­ман, Абақ Керейдің игі жақсылары келіп нұраған. Қонақтарға ту бие сойылып, біраз ақшаңқан үйлер тігілген.

Жұрт асыға күткен билер соты сиыр түс­те басталып, түс ауа төбе бидің бітімі ай­тылды. Төренің биі етжеңді келген төртбақ Хасен дейтін шоқша сақал сөзін қирағаттап, сабырлы бастағанмен, аяқ жағында өзінен өзі қызынып, зілдене сөйледі.

– Түбіміз бірге туысқан едік, ата жолын қуысқан едік. Төртуылдың екі тізгін, бір шыл­бырын ұстасып жүрген жұртына уәлі сөзі бар, ғаділетті ісі бар дейтін сенген қойым Сегізбай бидің осынау әрекетін «мал құлағы саңырау», кім естіп-білген? Ел бо­лайық, еңсемізді тік ұстайық, жұрттың тентегі мен телісін жөнге салып отыратын, әжік-күжік жанжал мен жосықсыз істердің әділ төрелігін айтып, халыққа басие бол­сын деп, хандар алдына жүгініп, бұрынғылар қалап-сұрап, беттерінің мөрін салып, көшіріп әкелген тектілерім емес пе еді бұл төрелер. «Ит көзі түтін танымастық» көрсетіп, төре баласын соншама қорлап, сырғауыл өңгертті деген не сұмдық! Ол аздай, Шотанның атасы Құлекенің тө­леңгі­тін рұқсатсыз түн жамылып келіп, қа­рақ­шылықпен көшіріп әкетіпті деген не қылығы? Бұдан да сорақысы оны тұтқын ғып, аяқ-қолын матап, аузына су тамызбай, екі-үш күн қамаған сұмдықты бұрын-соңды естіп-білген кім бар? Мен бірдеңе білсем, төре баласына мұндай зорлық-зомбылық көрсеткен қазақ болған емес. Сондықтан, Секе, – деп ол үнсіз отырған «айыпкеріне» ажы­рая қараған. – Бойыңнан биікке секір­сең, белің кетер, бимін деп ағайынды алыс­тыра берсең, сенен елің кетер. Менің төбе биден сұрарым, Алланың ақ жолымен жақсылап жазасын берсе екен ауыздықсыз бидің, – деп ортаға тастаған қамшысын көтерген. Онысы «мен болдым» дегені еді.

Сегізбайдың даугері Назар би Тананың алдына қамшысын тастаған.

– Сөйле, Назар би, – деген төбе би оған қарап.

– Хасен би, «Түбі бір туысқан едік» де­діңіз. Бәрекелді! Жөн-ақ сөз. «Жұрттың тен­тегі мен телісін жөнге салып отыратын, әжік-күжік жанжал мен жосықсыз істердің әділін айтып отыратын»… – дедіңіз төре ба­ла­сы туралы. Бұл сөзіңізді де қате дей алмас­пын. «Құстай қондырып, оқтай төндіріп-ақ» сөйледіңіз. Алайда, ағайын-ау, әдіптеп айтқан сөзіңіз бен әңгүдікке бергісіз әрекетіңіздің арасы жер мен көктей емес пе?! Рас, аталарымыз бен әкелеріміздің әділ сөзді айтып, кісілікпен жұртқа басие болсын деп төрелерді қалап-сұрап әкелгені де шындық. Кешегі өткен Қамбар мен он­ың әкесі Санияз төрелер, болмаса осы елге басие болған Дайыр, Көгедай төре­лер туралы «Мұнысы қалай?» – деген сөзді естімеппіз. Олар жұртына «Қыста қал­қа, жазда сая» да бола біліп еді. Ал бүгін­гі төрелер – Шотан мен Құлекелердің іс-әрекеттерін әділдік дей алармыз ба?! Құле­кеңнің өз төлеңгіттері де емес, басқа рудың адамы Ошаған дейтін азаматтың көз жасына қарамай, қос құлыншағын қызының шаңырағына мінгізіп, бірін құл, бірін күң ғып жібермек болғаны қалай? Бұл жазғандардың «Сары ізіне шөп салғандай» кінәсі бар ма еді, әлде? Қай қазақ қай ықы­лым заманда құл мен күң ұстапты? Шота­ныңыз болса, атасы Құлекемен бірге ел аға­ларының ұл мен қызға азаттық бер деген өтініштерін құлаққа ілмей өктем сөйлеп: «Де­геніміз болады», – деп келеге келіп, ата­лы сөзге тоқтамауларын кісілік деуге келе ме? Сегізбайдың оны ұрмай-соқпай алдына алты сырғауылды өңгертіп жіберуі – төре болсаң алты Алаштың біреуін жолда қалдырмай тең көр, алалама дегені емес пе еді?.. Сол тұспал үшін кектеніп, қол жинап, сіз «айыпкер» санап отырған Сегізбайдың ауылына келіп, тал түсте майдан ашуын еш себеппен ақтап алуға болмас, ағайын. «Шотанды мазарға қамады» деп кінә таға­сыз. Шоқпармен қаруланып, ата жауына шапқандай Шотанның бір содыры Се­гізбайдың ұлын өлтіріп кеткен соң көзі жасты, көңілі қаралы болып тұрған Секеңнің «Қанға – қан, жанға – жан» деп тентек басты қиялай шаппай, қаматып, тастағанына қайта алғыс айтыңыздар. Төре болса – ол Құдайдың ұлы емес. Қалың қазақ баласы «Досынан асын аямайтын, жауынан басын аямайтын» жұрт екенін ұмытып, бұл төре баласы өктем сөйлеп, сота­сын асыра сілтейтін болды. «Тоғыз ата, тоқсан тобырлы» Найман баласы еркін­сі­ген еркелігіңе енді төзе алмас, төре баласы», «Садақтан шошынған құс ағаштың бұтағына қона алмас», шошынар болсаң – аяғыңды аңдып бас, төрем. «Сом темірге балға бар, зорсынғанға Алла бар», кімнің ісі ақ, кімнің ісі қара екенін өздеріңіз де біліп отырған боларсыздар, ағайын? – деп Назар да қамшысын қолына алған.

– Қане, кім қандай пікір айтады, жи­нал­ған қауым? – деп төбе би көпшілік­ке қарағанда кейбір Шотанның «жанашырла­ры» әлі де сол төре баласын сыйламау, оның қандай қылығы болса да кішілік, шыдам­ды­лық көрсету қажет еді дегенмен, көпшілік Сегізбайдың қылығын жақтап, Назар бидің сөзі – әділ сөз дегенге ден қойған. Төбе би Тана да қысқа қайырған. Ол ел бірлігі, жұрт тыныштығы игі жақсылар ұстанар басты міндет екенін, қос төренің бұл қылықтары бі­рігу­ден гөрі іріту екенін, олардың шектен асып, арнадан тасып бара жатқандарын айта келіп: «Ұл-қызын құлдыққа, күңдікке бермек болып, сау басына сақина салған айыбы үшін Ошағанға екі құлынды бие берсін», – деген кесімін айтқан.

– Ал Шотанға үш түрлі айып тағамын, – деді ол. – Біріншіден, өз жұрты емес, бөтен елдің балаларын құлдық пен күңдікке алмақ болғаны үшін Ошағанның балаларының «ұл боп туып, құл боп құру» маңдайларына жазылмаған-дүр; екіншіден, тыныш жатқан елге қарулы қол жинап келіп, майдан ашқаны үшін. «Жарын жауға, ұясын ұрыға алдырмас» ел барын ұмытпасын; үшіншіден, ең ауыр күнә – азаматтың қанын жүктегені. Бұл ісіңмен «Ағайын арасы ала болды, кереге басы пәле болдыға» жолықтың. Осы үшінші күнәсі үшін Сегізбай биге ердің құнын және алғашқы екі жазығы үшін бас тоғыз айыпты Төртуылға төлесін. Және бұл шешім сөзбұйдаға салынбай, күні ертең келген жігіттердің алдына салынсын.

Осынау шешімге «Мұнысы тым ауырлау болды ғой» дегендер болғанмен, «бәрекелді» дегендер көп еді. Тана би осымен сөз тәмамдалды дегендей бата жасап, орнынан қозғалған.

 

* * *

Біраз уақытқа дейін созылып, билер сотынан кейін осынау айтулы оқиғаға ол кісінің себепші екені ғана белгілі болса да елдің есінде «Ошаған бүлігі» деген атпен қалып еді.

Төрелердің ғасырларға созылған билі­гіне алғаш рет ақау түсіріп бағынбаған Тобықты, кейін Найманның Төртуылдары, Қаратайлары өз биліктерін осылайша өз қолдарына алып еді.

 

Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ, жазушы:

ӘҢГІМЕНІҢ ЖАЗЫЛУЫНА «АҚБОЗ АЙҒЫР» ЖОТАСЫ СЕБЕП БОЛДЫ

– Аға, бұл әңгімеңіз тарихтан тамыр тартқан туынды екен. Шығарма идеясы қалай туды?

– Өскемендік досым, марқұм Мүсілім Құмарбекұлы туған жері туралы: «Біздің Шымқораның әр бұта-бүргенінің түбінде жазылмаған әңгіме, очерктер бұғып жатыр», –  деп әзілдейтін. Сол айтқандай, әр қаламгер өскен өңіріне, туған еліне зерделеп  назар салса,  тарих қалтарысында қалған айтулы оқиғалар мен ірі тұлғалардың  көп  екені шындық. Менің туған өлкем Зайсан топырағында да от ауызды, орақ тілді билер, XIX ғасырдың басында  орыстың А.А.Ивановский деген жиһанкез ғалымы өзі кездесіп: «Мұндай суырыпсалма ақынды, нағыз бұлбұл үнді әншіні кездестірмедім», – деп таңқалған, 1937 жылы Алматыда ақындар айтысы өткенде Жамбылдың өзі: «Араларыңда Ноғайбайдың өлеңдерін, әндерін білетін біреулерің бар ма?» – деп сұраған дүлдүл  ақын, әнші Ноғайбай, Пржевольскийге жол бастаушы ғана емес, сонымен қатар батыр атанған Мырзаш, Қытайдың қызыл аяқ  басқыншыларының  біразын қол бастап  қырып салған он сегіз жастағы батыр қыз Жәнделі, тағы басқа толып жатқан тұлғаларды ұмыттырмау, мүмкіндігінше оларды жұрт жадында жаңғырта беру тарихшылар мен қаламгерлердің міндеті. Азаматтық, кісілік қасиеті мен аярлығы тең түсіп тұрған Қамбар төре туралы, 1928 жылы  тәркілеу, атып-асу зұлматынан жан сауғалап,  Қытай асып бара жатқан жұртты қырып салған шекарашылардың жиырма шақтысын оққа байлап кек алған Әлібай мерген туралы «Тағдыр толқыны» (жуырда жарық көрді) романым және басқа бірнеше  әңгіме, хикаяларым – осынау парызды орындау жолында жазылған дүниелер.  «Ошаған бүлігі» де ел тағдырын шешуге  бар күш-жігерімен атсалысып, ұйымдастырушылық, шешендік шеберлігімен төрелердің ғасырлар бойы жүргізген  билігін алғашқылардың бірі болып тоқтата  білген әкем аттас Сегізбай бидің ерлікке бергісіз әрекетін ұрпағына үлгі ету, ондай адамдарды ұмыттырмай еске салу мақсатында дүниеге келген. Жұрты үшін жаны қиылып кетсе де тәуекелге бару, меніңше, шығарманың басты идеясы  – осы.

–  Әңгімедегі әр деталь тарихта шынайы болған оқиғалар желісімен жазылған ба?

– Әңгіме желісі, ондағы оқиғалар мен әр деталь – өмірде болған тарихи шындық. Шығарма  көнесалтыкөз қариялардың ұмытпай жалғастырып келе жатқан әңгімелері мен ауылымыздағы көзі ашық, көкірегі ояу Баттал Құранбаев ақсақалдың жазбалары, тағы басқа мұрағат құжаттары негізінде жазылды. Бұл оқиғаның ізіне түсуіме Ертістің шекараға жақын маңында орналасқан  Ақжондағы бір құм жотасының «Ақбоз айғыр жотасы» деп аталуы себеп болды.

–  Құлеке мен Шотан төрелердің шығармаға арқау болған әрекеттері расымен өз ғұрыптарына лайық па?

– Құлеке мен Шотан төренің қылықтары дұрыс па, бұрыс па, оны уақыттың өзі, содан кейін Сегізбай би мен Назар бидің іс-әрекеттері таразыға тартып берді деп ойлаймын. «Беласқандағы» басты кейіпкер – Қамбар өзі билеп  отырған Байжігіт елімен  ғана емес, іргелес отырған торғауыт (қалмақ) жұртымен де саналы саясат, көбіне әділ әрекет жүргізген билеуші болса, «Әкеге тартып  ұл тумас» дегендей, оның ұлы Шотан мен оның аталас құдасы Құлекенің шолақ ойлы, алкеуделеу әрекеттерімен  халық алдында ұятты болулары өз алдына, ең бастысы төрелер билігінің құрдымға кетуіне себепші болғандары тағы бар.

Ал төрелердің «сүйегіміз жасиды» деп қарадан қыз алмауға тырысқан ғұрыптары, тіпті аталастарымен құдаласу ғұрыптары қазақ салты бойынша  қолдауға еш болмайтын үрдіс болса, өздері (төрелер) үшін қалыпты жағдай. Оны біздің бүгінгі күні «дұрыс», «дұрыс емес» деп бағалайтын жөніміз жоқ. Өздерін қараша бағыныштыларының алдында өктем ұстап, әр істі «тізеге басып» отырып шешу – бабаларынан бермен қарай қалыптасқан жағдай.

–  Сегізбай бидің үлкен тәуекелге бел байладым деп, Көкқасқасын құрбандыққа шалуы қаншалықты жөн болуы мүмкін?

– Ол заманда кез келген үлкен де жауапты іс-әрекет жасар алдында құрбан шалып, Жаратушының алдында серт байлау – ежелден бар дәстүр. Ол – ең қымбатты малын ұрбан шалу арқылы бастаған ісін аяқтамай тынбау үшін өз-өзіне серт беру, екіншіден, қасына ерген серіктерінің сенімін арттыру үшін, ең бастысы Алланың қолдауы үшін жасалатын үрдіс. Әрине, бұл – сенім, әйтпесе жазығы жоқ айтулы ақбоз айғырдың (Көкқасқа) өліміне жазып отырған менің де жаным ашыған.

–  Оқырман тарапынан «Билер соты арқылы шығармаға арқау болған шапқыншылықтың   алдын алуға болмас па еді?»  деген сұрақ туатындай.

– Ол кезде «Құдай емеспіз, Құдайдан былай емеспіз» деп жүрген төрелер тек өздерінің  әрекеттерін жөн деп біліп, Ошағанның ұл-қызын ұзатылған бойжеткеннің  «шаңырағына мінгізіп» құл мен күң ғып жіберудің дұрыс еместігін қос би төрелердің алдынан өткен кезде де олар сөз тыңдар болмаған. «Тұқы балықтың тұмсығы тасқа тимей тоқтамас» дегендей, олардың бұл әрекеттерін «Тіс көрсеткенге күш көрсету» арқылы ғана шешуге боларын Сегізбай би біліп, әрекетке көшкен ғой. Билер сотын   ғана емес, кесек қимыл арқылы қалың қазақтың қаһарының шын буырқанса қатты боларын көрсету арқылы-ақ биліктегі төрелерді тәубасына келтіру керектігі де басты мақсат болатын. Ол мақсат орындалды да.

–  Әр рудың өз билігін өз қолына алуына, расымен, тап осы «Ошаған бүлігі»  себеп болған ба?

– Әрине, осы «Ошаған бүлігіне» байланысты Мұрын елінде өткен билер сотынан  кейін барлық қазақ рулары төрелер билігінен азат болды деу оғаш болар. Төрелер билігін бұрын да мойындамаған Тобықты елі сияқты осы оқиғадан  кейін Шотан билеген Қаракерейдің бір бұтағы  – Жұмық руының, бүкіл Төртуылдың төрелік айтуды билердің қолына  бергендері, Шотан, Құлекелердің төре деген аттары ғана қалып, билік дейтін «даттарынан» айрылғандары шындық. Тағы бір айта кетер мәселе, бұл әңгімедегі кейіпкерлердің бәрі де өмірде болған кісілер.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Әңгімелескен

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

 

ПІКІРЛЕР2
Аноним 20.03.2021 | 09:50

Әңгімеңізге рахмет! Бұндай шығармалар аз.

Аноним 02.06.2021 | 10:59

Әңгімеңіз өте ұнады, бірақ сайтқа жауап беретін әкімшіге ұсыныс — әңгіменің атауында тұрған қателікті түзеңіз. «О» әрпінің орнына «Щ» әрпі орын алып тұр. Ошаған бүлігі емес басқа бір бүлік шығып тұр.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір