РУХ БҰЛҚЫНЫСЫ
08.02.2021
807
0

Арбаса нәпсі-ыбылыс, 
Алаңдай берем ұлып іш.
Көңілге неге сыймайсың,
Көзіме сыйған құбылыс?!
 

Бүгінге дейінгі ғасырлар шоғыры біздерге нені үйретті? Нені еске салады? Қараңғылық ғасыры, антикалық кезеңдер, ренесанстық кезең, ғылымға бет бұру дәуірі, жылымық, т.б. Мұның бәрі адамзат өркениетінің айшықты көріністері. Ал жиырмасыншы ғасыр ең ұлы тарихи оқиғаларымен адамзат санасына енді. Эйнштейннің салыстырмалылық теориясы жарыққа шықты, бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс өрті шарпыды, Тутанхамонның қабірі ашылды, алғаш дыбысты фильм түсірілді, ішкі ядролық қуаттың жаңалығының әлемге жария болуы, Хиросима және Нагасаки қалаларына атом бомбасының тасталуы, адамзат баласының алғаш ғарышқа ұшуы. Бұл факторлар бір ғана бөлігін қамтиды. Сірә, барлық ғасырларға назар салсақ, нақ XX ғасыр секілді өз ішінде булығып, адамзат баласының катарсис арқылы қайта түлеу кезеңін табу қиын. «Ұлы оқиғалар ұлы адамдарды тудырады». Шынында, әдебиет майданы осы тұста ортақ құндылықтар үшін көптеген ерліктерге һәм құрбандықтарға бара алды. Одан ілгеріректе Ницшенің «асқан адамынан» Абайдың «толық адамына» дейін қаншама ілімдер ортаға шықты. 
Біздің кейіпкеріміз осы ғасыр ішінде өмірге келді. Содан да болар, ақын мінезі кемерінен асқан бұрқасынға, кейде тыныш түнгі теңізге ұқсайды. Еркіндікке ұмтылған, қамаулар қапталынан иен далаға көз қадаған бұғы секілді елестейтіні де бар. Ақын бірде мехнаты мен аздаған шаттығы араласқан ғапыл жалғаннан бой суытып, қазақ сөзінің синонимі секілді данышпан Абайға жүгініп, бар жанымен мұң шағады: 
Абай ағамыз! 
«Қазағым-ау» деп Сіз бізді көп аямаңыз: 
Қатігездікке келгенде қарайып әлі, 
Сабақ алатын жақсыны сабай адамыз. 
Өтірік! Жалған – 
Аспанның астын кернеген, 
Бабаларымыз, меніңше, қасқырды ембеген: 
Қақапанға түссе, тірсегін қиып кететін, 
Бөрінің серті сондықтан дәстүрге енбеген! 
Бір сұраққа жауап іздеп көрелікші: империядан қаулаған іргелі ұғымдар мен қолдан жасалған саяси құндылықтар астасқан тұста бұл процесс ақындардың жүрегіне қылдай дақ түсіре алмағаны қалай? Жалпы өзге елдің отарында бір ғасырдан астам уақыт болған елдер тарих бетінен жойылып кетті. Бірі ұлттық дәстүрін, ділі мен тілін, әдеп-ахлағын жоғалтты. Ал қазақ халқының үш ғасырға жуық уақыт бойы патшалықтың бодандығында болса да рухына сызат түспеді. Отарлық – рухты отарлау. Ал қазақ рухы отарланған жоқ. Әлсіресе де, айбатын ішіне бүкті. Қайратын қанында сақтады.
Ұлытау. 
Ұлық тастар. 
Жасыл дала. 
Қасиет қожыр-қожыр тасында ма, 
Көзіме Ұлытау боп елестейді, 
Кетбұғы құдіретті асыл баба. 
Бұл тауға ішкен асым келді сіңбей, 
Адамды адам сүйе алмас – елді сүймей. 
Ошарылып жатыр ма ошақ тастар, 
Бабаның қойып кеткен белгісіндей. 
Сірә, ұлттың қуанышы мен қайғысы ақынның жүрегінен өтетіні рас. Өйткені көмейін күйдіріп бара жатқан жалынды жасырып, үнсіз қалуға ақынның ешбір хақысы жоқ. 

КҮРЕСКЕР

Тапқанмен табиғаттың натюрмортын, 
Сөз-тұлпар ойнақтамай тақымда еркін.
Құдайдың құдіретіне басын иіп,
Шешеді, ақын бөркін!

 Ақын үнемі өзді-өзімен күресіп жүреді. Күрескерлік һәм қажымас рухты шемен-шерге толы поэзиясынан лезде аңғарасыз. Яғни, Цвейгтің тілімен айтсақ: «нағыз поэзия тағдырға өз үнін естіртеді. Сондықтан кім де кім жеңіл де бір қалыпты өмірден бас тартып, жоғары күштердің ойынына өз еркімен берілсе, нағыз ақын – сол адам». 
Ертеректеу ер жетіппін, 
Өтіп дәурен, озып ғалам. 
Киіс көрген керзі етіктің, 
Жұлығындай тозып барам. 
Уатылып төзім бордай, 
Қайда асығыс алып-ұштық? 
Қасатталып сезім қардай, 
Суынды ерте қаным ыстық. 
Тұлпарын бір тебінуге, 
Қысса жастық тақымын сәл. 
Жігіт болып желігуге, 
Жібермеді ақылым – шал. 
Ақын бейнетті еңбектің ортасында жүріп, шынайы өмірдің сөзімен сөйлейді. Сондықтан да негізсіз сағымнан ада, ақиқатпен бетпе-бет келген өмір шындығы боямасыз, асқақ естіледі. Құдайға мадақ айта жүріп, құдірет пен биік болмысты табиғаттан, қарапайым адамдардан, сұлулық пен адалдықтан іздейді. Сірә, шын мәнінде хас өнердің міндеті адамдардың барлығы білетін, бірақ өздері байқай бермейтін көрінбеген сырларды ашу болса керек. 
Мойындап өмір өкімін, 
Берік болмаққа бекідім. 
…сетінеп кете беремін, 
Біреу емеспін. Екімін. 
Жібектен болса бір тінім, 
Бір тінім – талы шырпының. 
Тұтанып қоя беремін, 
Ойылып отпен жыртығым… 
Жүрсін Ерман жырлары әлдебір дербес топтар мен қауымның сойылын соқпайды. Бірегей пафосқа беріліп, төс қақпайды. Әрісі – өзімен-өзі, өзара булыққан лава іспетті. Бірақ әр өлеңінен ішкі майрылмас қуаттың жоғары күші білінеді. Ақын Ертай Ашықбаев «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Жүрсіннің қолтаңбасы» мақаласында бүй дейді: «Жүрсіннің жырлары – сағы сынып, көкірегі тұмшаланып қалған әсіре әлсіздіктің емес, шырқай шамырқанудың, тұсаусыз мазасыздықтың, азулы алаң көңілдің көшірмесі. Нөсер десеңіз, жай ғана нөсер емес, бұршақ аралас нөсер. Күй десеңіз, сыпайы тербелістің емес, тентек тебіреністің сойы. Бозторғайыңыз қой үстіне баршаға жетерліктей дәрежеде жұмыртқалай қоймаған мына дәуірдің қасіретін қаузап, намысын қайрап жүрген Жүрсіннің бір келбеті – осы». Ақын – адасқақ дәуірдің жараланғыш, алып жүректі перзенті. Найзағайдай ұшқын атып, көктен құлап түсетін жалын тәрізді шамырқанған шабытты ақ қағазға төгуші. Кейде өзін заманнан бөтенсінуі, кейде көзге көрінбейтін бұлдыр мекенді балаша сағынуы – бұл тек миллионнан бір ғана адамның кеудесіне қонатын шын ақынға тән құбылыстар. 

ЭКСТАЗ 

Күн жылы. Күннен түн жылы, 
Сусаймын неге шөл қанбай.
Өмірдің бітіп мың жылы,
Мың біріншісі қалғандай.

 Ұлы Гете Байрон жайлы сыр шерткенде: «Ол өлең жазған кезде ғана ұлы. Ал сараптап ой айтпақ болғанда былдырлаған сәби сияқты», – дейді. Ақын жырлары біріңғай мұң мен қайғыдан тұрмайды, «кейде құмырысқадан әлсіз, кейде Құдайдай құдіретті» жырлар кісіні адамзатты сүюге шақырады. Академик Серік Қирабаев бұл пікірімізді алдын-ала  болжағандай Жүрсін ақын жөнінде жазған мақаласында: «Туған жер махаббаты кім-кімнің болса да жүйкесін билеп жүре береді. Оны ақын басқаларға қарағанда қаттырақ сезінеді. Ол қайғырса да, куанса да, әдеттен тыс оқыс қимылдар жасайды. Табиғаты жағынан ақын – жай адамдардай емес, шындықтың қауіпті жиегіне таяу, не аспанға ұшуға, не жарға құлауға дайын тұратын сезім иесі. Бұл — өмірге құштарлықтың белгісі», –  дейді. Шынында ақын мінезі көпшілікке таныс әрі бейтаныс. Яғни қарапайым тіршілік иелерінің ерекше жаратылғандарды тани алуы өте қиын. Құдіреттілікке де соған қандай да бір қатысы бар адамдар сенеді.   
Осы тұста ақын Ғалым Жайлыбайдың «Ұлытауға бардың ба, Жүрсін аға?» атты өлеңі ойға келеді: 
…Жүрегіңнен көшкенде өлең көші, 
Сендей болар білгенім ел еркесі. 
Қыс ішінде туылған Құлжанбай-да 
Құс ішінде ұлардың көлеңкесі. 
Ақын едік тербеткен ақпан әні, 
Өлең бізді білгенім баққа орады. 
Ұлытаудың ұлыған аш бөрісі 
Ұлытаудың ұлыған ақ бораны… 
Бір адамды талантты етіп тудыру арқылы Жаратушы қаншама тағдырға әсер етіп, ұлттың аңсары мен тілегін орындайды. Бір ғана тұлға нәубетті ғасырлар мен бүгіннің салмағын сезінеді, иығына салып көтереді, жүрегінен өткізеді. Бір ғана тұлға ақын деген жанартауға, азамат деген алып ұғымға айналады. Мен сізді он сегіз жасыңызда немесе отыз жасыңызда кезіктіргенім жоқ. Ол тұста өмірге келмеген де едім. Бірақ сізден түскен сәуле мен жылы алақан бүкіл шығармашылық жолға әсер етті. Жүрекке жиған кәусәр мейірім арнаңыз әлі де талай қазақ баласының намысын қайрап, рухын шыңдайтынына сенемін. Сірә, көбі ақыннан адам бойына тән құбылыстарды молырақ іздейтін болар, бірақ сіздің бойыңыздағы барлық молекуларлар мен тамырлар тек ақындық куәлікпен жаралғандай көрінеді маған.

Батырхан СӘРСЕНХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір