Аттас Байботалар
29.01.2021
633
0

Бүгінгі жас ұрпақтың әке-шешесі, бәлкім қайсыбірінің ата-әжесі «бір кездері ақындардың жырын жатқа оқып, ақын-жазушыларды пір тұтты, соларға еліктеді, соларды ерекеше құрметтеді»,  ­– десек, ғаламторға жұтылып, гаджеттерге есі кеткен елдің ұл-қызы бұл сөзімізге илана қояр ма екен? Оны айтасыз, көңілі ауған аруға ақын болып танысып, ақын атынан сөйлеген, ақындардан ұрлап өлең хаттар жазған ағаларымыз да болған еді. Соның бір әлқиссасы мен ақын Байбота Серікбаевтың (Қошым Ноғай) 1974 жылы студенттік шағында жазған өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз.  

Жасым жиырмадан жаңа ғана асқан. Мына төмендегі суретім мұқабасына қойылып тұңғыш кітабым жарық көрген кез. Есенинге еліктеп, ақ қайыңды құшақтап суретке түсетін шағымыз. Ол кезде бөлмемізде де Есениннің фотолары тұрады. Өзгелерден ертерек таныла бастағандықтан ба, әйтеуір қатарларым мен өкшемді басып келе жатқан студент жастардың көбі өлеңдерімді жатқа оқиды.

Суретте: ақындар – Халиолла Бәйменов пен Мырзабек Бақытов

Ақын Ертай Ашықбаевтың Мырзабек Бақытов деген досы болған. (Марқұм болып кетті). Ақтөбелік. Өзінің тәп-тәуір ақындығы да бар еді. Менің тұңғыш кітабым үнемі қалтасында жүреді. Кейде қыздармен «Байбота Серікбаев» болып таныса салады. Маған ұқсап кекілін маңдайына түсіріп, шашын өсіріп жүретін.

Бірде оны бір жолдасы пәтерде тұратын бірнеше қызбен таныстыруға алып барады ғой. Бұлар бір шоқ гүлі мен көк шыныдағы шараптарын сыңғырлатып қыздардың үйіне келсе, төрде бір қара жігіт отыр дейді. Қыздардың бірі:

– Танысып қойыңдар! – деп ұсыныс жасайды. Төрде отырған жігіт өзінің «Байбота» деген жас ақын екенін айтады. Мырзабек те мырс ете қалып, «Байбота» деп қолын ұсынады. Екі «аттас» біріне бірі «Бәке» деп қойып, шарапты біраз орталап тастап, өлең оқиды. Екеуінің де Байбота емес екенін білетін Мырзабектің жолдас жігіті біраз қызыңқырап қалған соң шыдамсызданып:

– Мырзеке, жөнімізді айтайық та! – деп «ақылға келеді» ғой. Бағанадан бері екі аттас Байботаның өлеңін таң қала тыңдап отырған қыздардың бірі көңіліне күдік кіріп:

– Мырзекесіңдер ме, Байботасыңдар ма – жөндеріңді тауып қайқайыңдар! – депті…

– Бәке, сол күйі сол Байботаның кім екенін білмей кеттім, – деді Мырзабек маған бір кездескен кезінде…

 

 АҚТҰМА БҰЛАҚ

(Төлеген Айбергеновке)

 

Қайран, ақтұма бұлақ,

қоңырау тағып таулардан ақты ма құлап?!.

Жатты ма жылап,

қайран, ақтұма бұлақ?!.

Қайран, ақтұма бұлақ!..

 

Самал ескенде көктемнiң бұлты сыбырлап,

күлегеш қыздың сыңғырлы күлкiсiн ұрлап,

қайран, ақтұма бұлақ,

қоңырау тағып,

таулардан аптыға құлап,

маржандай тiсiн көрсетiп күлетiн едi,

сағағын иiп,

сүйшi деп гүл өтiнедi.

Орманға барса үрiккен елiк iшетiн,

Бетпаққа барса бөкендер келiп iшетiн.

Болмайтын едi осынау қырда су шегi,

даланы кезiп,

киiкпен сырласушы едi.

Ақтұма бұлақ сонан соң рақаттанып,

кететiн едi сол жерден бiр-ақ аттанып.

Құямын дейтiн көгiлдiр теңiзге барып,

жүретiн едi, ей, мұрат, сенi iздеп арып!

Асаудай едi алқынған бiр құрық көрмей,

ағатын едi талпынған жырға ырық бермей,

қағатын едi былдырап бұлдырық керней,

асаудай едi алқынған бiр құрық көрмей.

Ақтұма бұлақ құба жон құлыншақтай-тын,

кiсiнейтұғын,

күмбiрлi үнiн сақтайтын.

Шуақ алатын сиқырлы шын ғашық таңнан,

туа қалатын Ай болып шыңға сұқтанған.

Ындыны кепкен құмайт қыр қанып iшпеген

ақтұма бұлақ едi бiр сағынышты өлең.

Қайран, ақтұма бұлақ,

қоңырау тағып таулардан ақты ма құлап?!.

Қайран, ақтұма бұлақ!

 

Ақтұма бұлақ!

Ол менiң мұңдасым едi,

сенбес ем бiреу десе егер құмға сiңедi.

Ақтұма бұлақ жоқ бүгiн шыңға сұқтанған,

ақтұма бұлақ арнасын құм басып қалған,

құм басып қалған,

мен ендi ақпасын бiлем,

бiлемiн ендi даласын жаппасын кiлем.

Бұл маңда бүгiн құлпырып гүлдер өспейдi,

ғашықтар салған әдемi үндер еспейдi.

…Қаншама келер жаз, көктем, аш боран әлi,

кеппейдi бiрақ бұлттардың жасты орамалы…

 1974 жыл

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір