ЖАРЫҚШАҚТАР
21.01.2021
986
0


Әрқандай ойлар сана түкпірінде жалт етіп, құлаған жұлдыздай лезде мәңгілікке сөніп жатады. Олардың әрбірін қағазға түсіргенімде ғой, көп жайдың нүктесі мен диаметрін ертерек тапқан болар едім. Бірі ғайыптан құйылған, бірі ізденіс шиырынан түзілген маңғақ ойларды өздеріңізбен бөлісіп отыруды жөн көрдім, қадірлі оқырман.

1.ІНЖІЛ

Інжілдің «Жаңа өсиетінде» Иса пайғамбардың өмірі жөнінде баян етіледі. Толстой ақсақалды таң-тамаша қалдырған «Таулы өсиеттегі» мына бір даналықтарға назар салыңыз. «Қазынаңыз қайда болса, жүрегіңіз сонда», «Тәніңіздің шамшырағы – көзіңіз. Егер көзіңіз таза болса, кеудеңіз де жарық болғаны, егер көзіңіз таза болмаса, кеудеңіз де көмескі тартады», «Ертеңгі күнге қам жемеңіз, өйткені ертеңгі күннің өзі сіздің қамыңызды ойлайды, адамға әрбір күннің өз қамқорлығы жеткілікті», «Бауырыңның көзіндегі бөренені көре тұра, өзіңнің көзіңдегі бөренені неге көрмейсің? Өз көзіңде бөрене бола тұра, бауырыңа «Көзіңдегі бөренені алып берейін!» деп қалай айтпақсың?», «Тар жолға түсіңіз, өйткені кең жол әрқашан көпшілікке арналған…». Інжілдегі мысалдар мен тәмсілдер арқылы астарлы даналықтарға кезігуге болады. Иса пайғамбардың кембағалдарды емдеуі, ғажайыптар көрсетуі хикмет есігінің біз ойлағаннан әлдеқайда кең екенін сездіреді. Пайғамбардың соңынан он екі апостол (мұсылманша хауари) ергені жазылады. Ал басқа адамдар ше? Жалпы, неге ежелден ақымақ көп, ақылды аз? Қараңыз, Тәуратта жазылған Нұх пайғамбар өз қауымын мың жыл ізгілік жолына шақырғанда соңынан ергендер отыз адам ғана делінеді. Ал Мұса, Мұхаммед пайғамбардың түйенің жемтігіне көмілгені не Перғауынның зұлматына ұшырағаны сөзімізге айғақ. Неге өмір мәніне үңілген әлдебір философ: «Адамдар – өзінен аумайтын ақымақ ұрпақ тудырушылар» деді, неге Абай «мыңмен жалғыз алыстым» деп зар төкті? Меніңше, ізгілік жолы адамға жоғары жауапкершілік жүктейді. Содан да мехнатты һәм шәрбатты жауапкершіліктен бойын ала қашушылар шаш етектен. Өйткені ерік қақпасы ашық.

2. ЧЕХОВ

Сіз Чеховты 17 не 18 жасыңызда оқыған сәтте ондағы кейіпкерлердің тек осы кітапта болатынына, өмірдегі адамдардың идеалға жақын екеніне сенесіз. Содан да Паскаль «Ақымақ адамға адамдардың бәрі бірдей болып көрінеді, ал ақылды адамға әр адамның ерекшелігі (сауаттылығы не ақымақтығы) көзге ұрғандай көрініп тұрады» деді. Өсе келе, егер ізденіс жолыңызды одан әрі жалғаған болсаңыз, баяғы Чеховтың кейіпкерлері кітаптан шығып, күнделікті өмірде алдыңыздан кезігіп, сізге қол ұсынады. Таң қаласыз. «Апыр-ай, қарапайым ғана шындықтарды білмейтін, білуге талпынбайтын, Құдайды Канттың қорапшасымен ғана өлшейтін мұндай адамдар өмірді қалай сүреді?» деген ойға қаласыз. Аз күннен соң әлгі кейіпкерлер сізді өзі секілді болмағаныңыз үшін бейсауат сөздер айтып, ренжіте бастайды. Сіз тағы дербес ойларға еніп, адам баласы басына тақия киіп, иегіне сақал өсірсе де, тіпті жасы 87-ге келсе де ешқашан жаны (егер ілім ізденбесе) есемейтінін, сондықтан қартайған теріден шыққан дыбыстың бәрі шындық емес екенін бағамдайсыз. Сол сәтте еліктеумен ғана өмірі таусылған, рухы үшін еш мирас қалдырмаған тәндерге жаныңыз ашып, оларға жол нұсқамақ боласыз. Ақыры бұл ниеттен өз еркіңізбен қайтып, жеке ғалам әйнегіңіздің пердесін түріп, оңаша қаласыз. Чеховты біршама жылдардан соң қайта парақтайсыз. Әрбір сөзі өмірлік тәжірибемен бірге сүйегіңізге еніп, не тағы терең мұңға көмілесіз, не қыран-топан күлкіге батасыз.

3. ДОСТОЕВСКИЙ

Семей қаласы, Достоевский мұражайы. Мұражай іші қыстың күнінде даладан суық тартады. Әнтек солға бұрылсаңыз, жазушының қойын-қонышына тығып жүріп оқыған алақандай ғана кітапшаларға кезігесіз. Бүкіл өмірі «аттың жалында, түйенің қомында» өткен жазушы қолы қалт еткенде осы бір кітаптарға үңілген деседі. Шекспир, Гете, Гофман, Гюге, Шиллер секілді есімдер көзге ұрады. Расында, Гете мен Шекспир табиғаты жазушыға етене жақын, ұқсас. Гюгоның қызықты әрі шытырман тілі де. Мұражайдың қақ ортасында Шоқан мен Достоевскийдің суреті ілінген. Алмас көз, сымбаты келіскен данышпан Шоқанның жағы суалып, Қашғариядан құрт ауруына шалдығып оралған мезеті екен. Бірі Мәскеуде, бірі Құсмұрында туған қос тұлғаны қай құдірет жолықтырды? Қызық. Мұражайдың кірер тұсындағы тақтаға жазушының ағасына жазған хатынан үзінді қиып алынған. Аудармасы былайша өрбиді: «Адамда үлкен жұмбақ бар. Оны шешу керек. Осы жұмбақты шешуге бүкіл ғұмырыңды арнасаң да, мұны бос өткен уақытқа балай көрме. Мен осы жұмбақты шешумен айналысамын, өйткені адам болғым келеді…». Шынында, адам баласы өмір бойы өзінің бастапқы тұма болмысына үздіксіз талпынушы, Руми тілімен жеткізсек, өмір бойы атамекенін аңсаған түбірінен кесілген қамыс іспетті. Анадан соншалық пәк, кіршіксіз болып туған сәби санасын ақымақ адамдардың сөзі мен мазмұнсыз кітаптардан қорғап тұрар құдірет болса ғой! Барлық жаратылысты дәл өзіндей көріп, жүрегін айқара ашып ұмтылған 17 жасар студент баланың алғаш рет ергежейлі ұстазсымақтан ауыр сөз естіген көңілін елестетіп көріңізші? Қаншама бейкүнә балалар маскүнем әкенің қатігез сөздерін естуі себепті өмір бойы комплекстен арыла алмай, өзін өзгелерден кем санап, шаршы топқа жайраңдап кіре алмай, рухани мүгедекке айналатынын бағамдап көрелікші? Бір ғана адамның қателігінен өзге бауыры бүкіл саналы ғұмырында кемтарлық азабын тартуы ақыл-санаға сияр ма еді? Сірә, Тәңірдің барлық хақыны кешсе де, адам хақысын кешпейтінінде үлкен мән болса керек…

Батырхан СӘРСЕНХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір