Регина
15.01.2021
1334
0

«ЖАҺАН ЖЫРЫ» өзгеше өлшемдегі жаңа топтама болғанымен, «ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ. АЛПАУЫТ АҚЫНДАР» айдарының мұраты зор мұрагері, заңды жалғасы екені сөзсіз. Біз бұл ізденіс барысында бітімі бөлек, арынды ақындардың өмірлеріне шолу жасап, өлеңдерін таныстырумен шектелмей, майталман­дардың өздерімен, яки ең жақын жандарымен сұхбатты қоса ұсынбақпыз. Бүгінгі шайыры­мыз­дың ғұмыры ғайыпқа, тағдыры тауқыметке толы еді. Сонымен…

Регина Дериева 1949 жылдың ақпан айының жетісі күні Украинаның Одесса қаласында дүниеге келген, есім-сойы алтын әріптермен әлемдік әдебиет тақтасына таңбаланған арқалы ақын, аса білікті аудармашы, қаламы құтты прозаик болатын. Он бір жасында ата-анасымен бірге Қазақстанға қоныс аударып, Ақмолаға тұрақтаған екен. Бес жылдан соң Қарағандыға көшіп, жергілікті музыка училищесінде білім алып, көп жылдар бойы фортепианодан дәріс берген. Қарағанды Мемлекеттік Университетінің филология факультетін отыз жасында ғана тәмамдап, қырық жасында КСРО Жазушылар Одағының мүшелініне қабылданған.

Отыз кітабының төртеуі Қазақстанда, «Жазушы» баспасынан басылып шыққан («Қолтаңба», 1978 ж., «Өмір түйіні», 1980 ж., «Бағыт бастауы», 1985 ж.,«Екі аспан», 1990 ж.).
Әр кезеңдерде «Василий Скобкин», «Синокрот», «Малик Джамал» псевдонимдерімен жарияланған.

Иосиф Бродский сынды сайыпқыран шығармашылығын: «Бұл жерде поэзия мен еркіндік рухының туындыгерлігі басым», – деп бағалап, Америкаға көшуге кеңес берген соң, Регина мен күйеуі Александр 1991 жылы Израиль еліне көшуге мәжбүр болады. 1989 жылы Католик шіркеуінде шоқынған ақынға Израильдің атышулы «Қайтып келу туралы» заңы бойынша азаматтық берілмеген екен. Тоғыз жыл сергелдеңнен соң Скандинавиядағы Швед мемлекетіне сапарлап барған оған Израиль қақпасы біржолата жабылған болатын.
Швеция азаматтығын алғаннан кейін, сол елдің Жазушылар Одағына мүше болған Регина Дериева поэзия мен прозада өнімді еңбек етіп, жиырмадан астам кітаптарын жарыққа шығарған. Көптеген туындылары бірнеше тілде Дэниел Уайссборт, Питер Франс, Алан Шоу, Бенгт Янгфельдт, Джим Кейтс, Роберт Рид, Вероника Лосская, Бенгт Самуэльсон, Хокан Сандель секілді танымал тұлғалардың аудармасында жарияланған.

Екі кітабы Ұлыбританияда компакт-диск күйінде шығып, италиян композиторы Армандо Пьеруччи екі жинағын музыкаға түсірген екен.
Ресейлік «Текст» баспа үйі «Жарыместер жер-жерде жетерлік» («Придурков всюду хватает») прозалық туындыларын 2002 жылы басып шығарыпты. «Жолдардың жиыны» кітабын 2006 жылы «Алетейя» баспасы дайындаған. Оның шығармашылығына Тадеуш Ружевич, Юнна Мориц, Томас Венцлов, Давид Самойлов, Леонид Зорин, Арис Фиоретос, Лес Маррей қатарлы әлем мойындаған қаламгерлер жоғары баға берген екен.

Тим Лиардет: «Регина Дериеваның жырлары жаныңа қаншалықты жайлы болса, соншалықты бірегей, бояуы қанық һәм қарапайым, дербес әрі жүйелі. Санаулы ақындар ғана аз сөзбен сонша құбылыстарға қол жеткізе алады», – деп пікір білдіргенде, Австралия алпауыты Лес Маррей: «Ғылым Жаһандардың сексен пайызы «қара материялардың» қосындарынан тұратындығын дәлелдеген. Регина Дериева қатыгез ғұмыр мектебінен өтсе де мойымаған, түнектерде түңілмеген. Ол әрқайсымыздың ішіміздегі ащы шындықты біледі және оның аса қырағы, жайма-шуақ жырлары бұл бағытынан танған емес», – деп түйіндепті.
Аяулы ақын 2013 жылы желтоқсан айының 11 күні көз жұмып, Стокгольмдегі Норра Бевравнингсплатсен қорымында жерленген.

ОЖИДАНИЕ

Слёз кладовая — глаз,
на что впотьмах глядишь?
Последний ищешь лаз,
где затаилась мышь?

Ни лепета в ночи,
ни шороха пера.
Так смерть, входя, молчит,
перед сказать: пора.

Вокруг опять ни зги,
уже душа без пут.
Теки, слеза, беги
и оставайся тут.

КҮТУ

Жас қоймасы – жанар,
түнекте не қарар?
Соңғы қуыс табар,
тышқан қайда барар?

Былдырламас түн мен
сыбдырламас қалам.
Ажал, үнсіз, кірген,
Бол! – деп, басар қадам.

Әз айнала тағы,
жоқ құрсауы жанның.
Қаш, көз жасы, ағып
һәм осында қалғын.

УСТОЙЧИВОЕ РАВНОВЕСИЕ

Новый мир начну с четверга,
третью жизнь, в какой уже век.
Разминает ноги пурга,
рой за роем движется снег.
То он был пчелой, а теперь
стал стрелой и метит зрачки.
Если есть какая-то дверь,
смысл, что распахнут сквозняки,

я войду, считая слои:
чёрный, жёлтый, красный, рябой.
Отслоилась боль моя, и
бой проигран, выигран бой.

ТҰРАҚТЫ ТЕПЕ -ТЕҢДІК

Бейсенбіден ойым бар, жаңа дүние бастамақ,
ғұмырымды үшінші, қанша ғасыр растамақ.
Бой жаздырар бұл боран, аяқ алу қиындар,
үйірден соң үздіксіз үдеп жатыр үйір қар.

Арасында ара еді, осынау қар адасып
жебе болды және енді көздегені — қарашық.
Мағынасы бар мұның, бар болса егер бір есік,
айқара ашса өтпе жел, кедергімен күресіп,

кіре сала, санармын қабаттарын ретімен:
қара, сары, қызылын, шұбар түсті шетінен.
Сырғып түсті бар дертім, сыздағанын сылғандай,
ұтылып қап ұрыста, жеңіп шығып тұрғандай.

НАЛОЖЕНИЕ

Какой там лад использовал Орфей?
Наверно, тот, что слух не переносит,
как непрерывный плач грудных детей,
как ветра вой, когда уходит осень.

Была ли хороша Елена так,
как миф передаёт. Она, пожалуй,
день радовала менее, чем мрак,
и требовала всюду Книгу жалоб.

И совершал ли подвиги Геракл?
Или, вино водою разбавляя,
считал своим убежищем кабак
и на соломе спал в чужих сараях.
Мы ничего не ведаем о тех
богах, царях, злопамятных героях,
кто добывал в Колхиде редкий мех,
Итаку прославлял и Трою строил.

Мы судим по себе в своей тщете.
И только ночью, открывая звёзды,
изгой один, оставшись в пустоте,
Элладу вспомнит, чтоб подумать:
«Поздно!»

ЖҮКТЕМЕ

Қай күй еді саз үлгісі, Орфей әлгі
көрсеткен?
Құлаққа естір түк жағымсыз,
түрі болар, құрыған,
еш толассыз жылауындай
айырмаған емшектен
сәбилердің, күз кетерде,
бейне желдей ұлыған.

Елена да шынымен-ақ, ғажап па еді ең нұрлы,
аңыздарда айтылғандай. Шамасы, ол да шатақ-ты,
түңілдірер түнектен де, сүйіндірді-ау кем күнді,
Дау Кітабын талап еткен арызқойдай атақты.

Ал, Геракл жасады ма ерліктерді рас, кілең?
Әлде аралас шарапқа су, сапырды ма, құйып, тап
шарапжайды паналаған болды ма екен маскүнем,
базбіреудің қорадағы сабанында ұйықтап.

Хабарсызбыз, бізге мүлде
беймәлім ғой өмірі
құдайлардың, патшалардың,
ерлердің, кек сақтаған,
Колхидадан олжалаған аса сирек теріні,
Итаканы даңққа бөлеп,
Троя тасын қаттаған.

Өзімізбен өлшейміз біз,
құр бекерге малданып.
Түнде ғана, ашып жаңа жұлдыздарды көргенде,
қуғын көрген жалқы бейбақ
бір қуыста қарманып,
Элладаны есіне алар: «Кеш!» –
деген ой келгенде.

АҚЫННЫҢ ӨМІРЛІК СЕРІГІМЕН СҰХБАТ

Алаштуған:
– Александр, сұхбат беруге келіскеніңізге алғыс айтқым келеді. Даңқты жерлесіміздің жырларына бозбала күнімнен қанықпын. «Қазақ әдебиеті» басылымының оқырмандарын да ғұмырының тең жартысын біздің елде өткерген айбоз ақынның ғұмырымен, туындыларымен таныстырсақ деп едік…

Александр Дериев:
– Сіз мені үлкен қуанышқа бөледіңіз! Регинаның шығармаларының қазақ тілінде жарық көргенін білудің өзі бақыт қой! Оның поэзиясы мен прозасы әлемнің ондаған тілдеріне аударылса да (ағылшын тілінде 7 жинағы, швед тілінде 5 жинағы, араб және қытай тілдерінде қос-қостан, т. т.), бірде бір рет қазақ тіліне тәржімаланбаған екен. Қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты сізге Регинаның кітаптарын жіберу қиындау, әрине. Дегенмен 2015 жылы жарық көрген екі томдығының электронды нұсқасын жібермекпін. Бірінші томына оның ең кейінгі өлеңдері топтастырылған. Регинаның «ең сүйікті ісі» өз өлеңдері мен прозасын өртеу болатын (әсіресе, ертеректе дүниеге келген туындыларын…Кейде бертіндегі дүниелерін де аямайтын!). Вивисекциядан қорғап қала алғанымның көпшілігін осы екі томдығы қамтыған. Әлі де біршама туындылары жарық көрмеді.

Алаштуған:
– Лес Маррей шығармашылығына арналған мақаладан соң оқырмандардың Регина жайлы ақпарат күтуі заңды болар. Өзімді ерекше мазалайтын бір сұрақ бар… Регина екеуіңіздің Одақтан кетулеріңізге не себеп болды?

Александр:
– КСРО жерінен кетуіміздің Иосиф Бродскийдің «тезірек Америкаға қоныс аудару» туралы кеңесінен бөлек те себептері жетіп артылады. Сондай себептің бірі 1990 жылы дайындалған «Екі аспан» кітапшасының «шашылып» тынуы…

Алаштуған:
– Неге Израиль жерінде тұрақтай алмағандарыңызды білуге бола ма?

Александр:
– Израиль о бастан Америкаға барар бағыттағы аралық аялдама болуы керек еді. Израиль визаларына Регинаның сенімді өкілі — Андрей Сергеевтің (ақын, аудармашы, прозаик) көмегімен қол жеткізе алғанбыз. Алайда ол жақтағы уақытша аялдауымыз (біз Израильде емес, «азаматтығы жоқ тұлғалар» санатында Палестина жерлерінде тұрдық) тоғыз жылға созылды. Бірақ осы уақыт аралығында Регина өте өнімді, бұрын-соңды болмаған қарқынмен еңбектенген еді. Ол осы жылдарды «маңдайымызға Жаратушының өзі жазған іссапар» деп бағалайтын-ды.

Алаштуған:
– Швецияда, жалпы Европада Регинаның өз аудиториясы болды ма? Оқырмандарын айтамын…

Александр:
– Әрине. Европада, әсіресе, Швецияда Регинаның негізгі оқырмандарының қалың ортасы қалыптасты. Кітаптарының жиі жарық көруінің және басылымдарда шығармалары ізін суытпай жариялануының арқасында осы жағдайға қол жеткізе алған еді. Денсаулығына байланысты әртүрлі жыр додаларына, көркем оқуларға қатысуы сирек болғанымен, 1999 – 2010 жылдар аралығында Швеция, АҚШ, Сингапур, Кипр мемлекеттерінде өткен осындай іс-шараларға қатысып жүрді…

Алаштуған:
– Иосиф Бродскийдің Регинаның шығармаларын аса жоғары бағалағанын білеміз… Басқа кімдер оның поэзиясын қадірлеп, бағалай білді? Регина кімдермен сыйласты, кімдермен достық қарым-қатынаста болды?

Александр:
– Регина өзі шынымен құрметтеген ақындарын ғана аударушы еді. Бұлардың арасында бірқатар швед, поляк шайырлары бар. Олардан бөлек, ағылшын тілінде жазатын ақындар да болды: австралиялықтардан — Лес Маррей мен Джон Кинселл; британдықтардан — Дэниел Уайссборт, америкалықтардан — Томас Мертон мен Фредерик Смок. Бұлар жеке жинақтарының аудармалары жарық көргендері ғана. Ал әртүрлі басылымдар үшін аударылған авторлардың қатары өте көп…
КСРО мен шет елдерде оның шығармашылығын кімдер, қалай бағалағандығын Регина көз жұмған соң «Звезда» басылымында жарық көрген туындыларының алғысөзінде Валентина Полужина ауқымды түрде атап айтқан болатын.
Ең қатты араласып, сыйласқан адамы Томас Венцлов еді. «Дос болды» деу артық болар, бірақ олар жиі бас қосатын. Шығыс Иерусалимде, Коннектикутте, Стокгольмде кездескен жарқын сәттері әлі есімде. Ол Регинаның өлеңдерін литва тіліне тәржімаласа да, оның жырларының аудармасын Регина ақыры жасамады.

Алаштуған:
– Қазақстандағы жерлестеріңізге, «Қазақ әдебиетінің» оқырмандарына айтар тілегіңіз…

Александр:
– «Қазақ әдебиеті» басылымының оқырмандарына жаңа поэтикалық табыстар тілей отырып, Қазақстанда өткізген жылдардың қандай қиын болғандығына қарамастан, Регина соңғы демі таусылғанша, өзі оқыған Ақмоласы мен, жиі жолы түсіп, қатынап тұрған Алматыны аса бір ыстық ықыласпен еске алып тұрғандығына сендіргім келеді.

АЛАШТУҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір