БАУКЕҢ…
11.12.2020
1508
0

Бозбаланың көзін жаңа ашқан күшіктей әр нәрсеге әуестене қарайтын кезі болады. Басқаны қайдам, біз сондай болдық. Ол күй қазіргі Құрманғазы атындағы консервато­рияның театр факульте­іне оқуға түсу туралы арманнан туған. Ал онда оқуға түсу Алатау­дың басына жүк арқа­лап жаяу шыққан­мен бірдейтін.
Абитуриент кезден бірге тұрып, бірге дайындалған Мұса екеуміз (Мұсақожа Әджібеков – қазіргі Б.Римова атындағы Алматы облыстық драма театрының дарынды актері) көбінде бірге жүреміз. Алғашқы стипендия, студенттік билет, сынақ кітапшасы сияқты қуаныштарға куә болған шақтарды бірге өткізе бастаған кезіміз. Сосын, қолымыз қалт етсе, театрға барамыз. Көбінде «әкемтеатр» деп атап кеткен М.Әуезов театрына, қала берді ТЮЗ бен опера театрына да із суытпай келіп тұрамыз. Осылай екі ай зу ете қалды. Алдымызда – 7 қараша. 7 ноябрь. Ең аз дегенде бір жеті демалатын Ұлы Октябрьдің пәленше жылына арналған мейрам. Ол кездегі бүкіл система, идеология, газет-журнал, телевидение, радиолар күндіз-түні сол мерекеге жанын да, барын да салады. Әсіресе парадты айтсаңызшы. Әуелеген духовой оркестрмен мінбенің жанынан айқайлап өтуші едік. Көздері жайнап, беттері бал-бұл жанған жастар жалған идеологияға сендік-ау.
Осындай күндерде қайдан, кімнен естігенін білмеймін, Мұса бір күні ентігіп жетіп келді. «Массовкаға, телевидениеге шақырып жатыр. Ақша төлейді екен», – деді. Айтқан уақытында Бейбітшілік көшесіндегі телевидениеге бардық. Өзіміз басты рөлге түсетін жандай сәл-пәл қобалжу да бар. Және бұл ғимаратқа кірер жерде әншейіндегі вахтер «Баба Зина», болмаса «тетя Шура» емес, милиционерлер отырғанын көргенде есіміз шыққан. Редактор не болмаса режиссердің көмекшісі ме, бір әйелден ұққанымыз – бұл хабардың бүгін түсіріліп, мейрамға қарсы көрсетілетіндігі еді. Яғни Қазақстанға Кеңес өкіметінің қалай келгенін, қандай қиындық болса да Лениншіл большевиктердің жеңіске жететіндігін көрсететін телеспектакль екен. Ақыры не керек, үстімізге сұр шинель, басымызға қызыл жолақты папах, аяғымызға етік киіп, қолымызға винтовка алғанымызға мәз болдық… Аяқ астынан «артист» болу бақыты бұйырып төбеміз көкке екі елі жетпей қалды. Режиссер Ыдырыс Қасымов деген кісі екен. Біздің актер бөлімінде 1-курс­та Асқар Тоқпановтың тобында оқитынымызды естігенде риза болып қалды. Әсіресе, студенттердің қарны ашпау керек… Сендерге 3 рубльден береміз дегенге әбден мәзбіз… Әсіресе мен, телевидение­дегі нұрға бөленген жарықтардан, әрі-бері қозғалатын телекамералар мен студияға арнайы дайындалған декорациядан «шәпкім» айналып кеткен. Әрі қарап тұрмай қазақ телевидениесіне қол ұшымды бергім келіп тұр. Біресе реквизиттен оны-мұны әкеліп беріп, режиссер біреуді іздесе, танымасам да сол іздеген адамды тапқанша тыным таппай жүгіріп жүрмін. Біз түсіріп жатқан студия 1-қабатта, ал реквизит бөлмесі астыңғы подвалда… Аяғымдағы кеңдеу солдат етігімен әрі-бері зырлаймын. Ұзын дәліздегі ағаш есік дәл менің мұрнымның астынан ашылғанда селк ете қалдым. Іштен костюм-шалбар, ақ көйлек, галстук таққан үш адам шықты. Шамасы, менің далаң-далаң етіп жүгіргенімді біреуі байқап қалса керек…
– Әй, бала, – деді ол. – Шулама… Кәне, тыныш…
Мен тоқтай қалдым. Әлгі үш кісі күбірлесіп әлі тұр. Бір кезде қолында графин, подносқа салған стакан, қант, шәйнек көтерген қыз ішке кірді. Мен қарап тұрмай ана қызға көмектесіп ауыр есікті ашып үлгерген едім, анадайда аласа журнал үстелінің басында отырған ер адамды байқап қалдым. Таныс кісі сияқты. Дауысы гүр-гүр етіп естіліп тұр… «Апырмай, мына кісі кім болды екен? Суретін көрген сияқтымын ғой…» деген ой санамда жарқ ете қалды… Осы кезде манағы үш кісі жанымнан өтіп ішке қайта кірді. Дауыстары естілер-естілместей, сыбырласып өтті… Құлағым шалғаны… «Бауке»… «Баукең» болды. Қай Бауке? Бәсе, бәсе… Қайдан көрдім десем? Бауыржан… Кәдімгі Бауыржан Момышұлы екен-ау… Мына отырған сол кісі… Аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы! Мелшиіп тұрып қалдым. Бұл кісіні біздің үй – отбасымыз қатты сыйлайтын, білетін. Себебі біз, үйдегілер, Александр Бектің «Волоколамск тасжолын» оқып өскен отбасымыз. «Артымызда, Москва» фильмін көріп, Баукеңнің кітаптарын жастана жатып ер жеткен жандармыз. Менің әкем де соғысқа қатысқан. Курск дугасындағы оқ пен өрттен жарадар болса да, аман шыққан майдангер. Және әкемнің бас иетін, құрметтейтін екі-ақ адамы болатын. Ол – Жуков. Маршал, Георгий Жуков. Сосын біздің Баукең. Бауыржан Момышұлы…
Мен енді мына сиқырлы студияға байланған жандай кете алмай қалдым. Айналсоқтап жаңағы есікке бара бергім келеді. Осы кез­де ауыр есік тағы ашылып, ішке қолында кішкентай қобдишасы бар гример қыз кірді. Жыланға арбалған торғай сияқты ана студияға қалай кіргенімді өзім де байқамай қалдым. Анықтап қарадым. Баукеңнің үстінде – жағасында оюы бар қара шапан, басы – жалаңбас. Бурыл тартқан шашы артқа қайырылыпты. Аузына түскен қалың мұрты жоғарғы ернін түгел жапқан. Баукең аласа үстелдің үстінде құз жартастың басындағы кәрі бүркіттей қайқайып отыр. Шалдыққан, шаршаған, баршын болмысы шөгіл бүркіт емес, керісінше қызыл көрсе – шаңқ ететін мұзбалаң бүркіт іспетті. Жанында отырған журналист әйел де сасып-салбырап тұрған сыңайда. Бір сәт Баукең терлеген сияқты болды. Маңдайын алдында жатқан салфеткамен сүртті. Шапанының алдын ашты да, гүрр ете қалды. Орысша сөйлеп отыр. Баукең бір сәт алдындағы журнал үстелін бір ұрды ма, болмаса саусағы тиіп кетті ме, стақан ішіндегі суымен еденге құлап түсті. Оған қараған Баукең жоқ, сөзін жалғастыра берді.
«Я полковник в отставке, но не гражданин в отставке», – дегенін бәрі естіді. Елім деп, жерім деп, жанын шүберекке түйген тұлғаның мына жүйеден, мына қоғамнан көрген әділетсіздігі мен теперіші есіне түсіп кеткендей – Баукеңнің мұрты жыбырлап кетті.
Иә, мен ол кезде баламын… Көп нәрсені білмеген, естімеген, ессіз кезім. Ал мына аңыз адам, генерал Иван Панфиловтың қолас­тында 316-атқыштар дивизиясында командир болған кісі. Сан рет қоршауда қалған полкын аман-есен алып шыққан тұлға. Есіме түсті… Оны 1942 жылы Кеңес Одағының батыры атағына ұсынған. Алайда капитан Момышұлына ол атақ бұйырмапты. Соғыстан соң Ворошилов атындағы әскери академияны бітірген 250 адамнан генерал майор шенін тек Бауыржан Момышұлы алған жоқ. Баукеңе батыр атағын беру туралы ұсынысты естіген Совет одағының маршалы Андрей Гришко деген бейшара: «Только черезь мой труп!» – деген дейді. Иә, сол Баукең, міне, осы Қазақ телевидениесінде. Бұл әңгіме-аңыздың көбін мен әкемнен, болмаса 9 мамырда жиналған, соғысқа қатысқан, соғыстан келген солдат­тар менің әкемнің құрдастарының ауыздарынан естідім. Кейбіреулерін сол кездегі газет-журналдардан оқығанын әкем жарықтық айтып отыратын. Баукең, міне, телевидениеде, сондықтан да ол кісі үнсіз қалды. «Барады үнсіз түнеріп, соғыстан қайтқан солдаттар» деп Сырбай ақын айтқандай, Баукең үнсіз түнеріп отырып қалды. Студиядағы операторлар да, жарық берушілер де, журналист те, тіпті әлгі әдемі киінген үш кісі де ләм-мим деген жоқ. Біреу білегімнен тартқылағанда есімді жисам, Мұса екен. Мені іздеп әрең тауыпты.
Біз сол кеште бір көріністі қайта-қайта түсіріп, түнгі 2-ден кете жатақханаға келдік. Абырой болғанда телевидениенің машинасы бізді әкеліп тастады. Өзіміз аш болсақ та, көңіліміз тоқ. Ертесінде құжаттарымызды берсек, үш рубльден гонорар алатын болдық. Ең негізгісі мен аңыз адам – ұлы Бауыржан Момышұлын көрдім және көпке дейін ұйықтай алмай жаттым. Демалысқа барғанда әкеме Бауыржанды қалай көргенімді айтып берем деп талықсып жатып ұйықтап кетіппін. Баукең айтқан әлгі сөз бір орнында айнала беретін пластинка сияқты көпке дейін құлағымда, көкейімде қалып қалды.
«Я полковник в отставке, но не гражданин в отставке». 

Талғат ТЕМЕНОВ,
Қазақстанның халық әртісі,
Театр және кинорежиссері

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір