ӨЗ ДРАМАТУРГИЯМЫЗДЫ ӨСІРЕ АЛМАСАҚ… ӨЗГЕГЕ ТЕЛМІРЕМІЗ
01.12.2020
916
0

Ахметжан Ашири

«Қазақ әдебиеті» газеті «Драмтугиясы дамымаған әдебиеттің болашағы бұлыңғыр» деген тақырыпта келелі «Алқа» отырысын ұйымдастырған екен. Кезекті бұл жиын драматургияның бүгінгі ахуалына тоқталып, өте маңызды мәселені көтеріпті. Пікір талқыға драматургияның қыры-сырына қанық бола бастаған бір топ жас таланттар Ж.Әлікен, Ы.Шалғынбай, Қ.Мұрат, Х.Асанов қатынасып, сөз желісі театртанушы А.Қадыралиеваның байыпты пікірлерімен тұжырымдалып отырыпты.

Жастар сөздің басын Мұхтар Әуезовтің «Қиын жанр, ең жауапты жанр және сәті келген шағында ең бір көптік жанр – драма жанры» деген ұлағатты лебізімен бастапты. Осы сұхбатқа қатысқан жастардың бәрі менің балаларым секілді талаптанып жүрген қаламгерлер екен. Сіздер сөзін цитата етіп келтірген Мұхтар Омарханұлына келер болсам, сіздер ол кісінің кескінін экраннан көріп, сөзін кітаптан оқып жүрсіздер. Ал мен болсам, ардақты ұстазымыз Әуезовтің алдында отырып, лекциясын тыңдап, университетте қатар жүріп едік. Ардақты ғұламаның жылы пікірлерін тыңдап, тәлімін алдық. Тікелей ықпалына ұшырап разы болған шәкіртерінің біріне айналып едік. Сондықтан да шығар, қолымызға қалам алған алпыс жылдан бері драматургияға да ден қойып ,осы кезге дейін он неше пьесам сахнада қойылып, көрерменге жол тартты. Біздің «Әуезов мектебінің түлектеріміз» деп айтуға толық құқымыз бар.

Жастардың пайымына қарап отырып, артымыздан еріп келе жатқан жас буын драматургтердің барына қуанып отырмын. Олар айтқандай, драматугияның жазылуының өзі – қиямет. Кез-келген қаламгер әдеби білімі бола тұра, пьеса жаза алмайды. Онда жоғары дәрежелі әдеби шеберлік болудан бөлек, ұстанатын нақты принциптер бар. Драмада өзіне лайықты өлшемді қалып бар. Жазушының қиялы, стилі өз алдына – сахнаның мүмкіндігі, кейіпкерлердің диалогы, оқиғаның қойылу тәсілі жағынан қатаң ережелер мен жоғары талап болады. Соның бәрі алдын-ала ескеріліп, қағазға түседі, сарапталып ең ыңғайлы нұсқа таңдалады. Ал пьеса даяр болған соң, режиссер, музыка, сурет, әртіс секілді көп жақты қамтылған ұжымдық жұмыс жүреді. Осы аталғандардың біреуінен ақау байқалса, ол спектакль болмай қалады. Музыкасы шуыл, кейіпкерлері тобыр, диалогы бос, мылжың сөз, қойылымы дүрліккен шоу болып жұртты мезі ететін бірдеңеге айналып кетеді.

Әдебиетте прозалық, поэзиялық жанрлар пайда болудан бұрын, драматургиялық жанрдың алғашқы өркені өмірге келген секілді. Өйткені жазба әдебиеттің ныспысы жоқ кезде театрдың жүйесі жасалғаны анық. Оған дәлел қазірге дейін тарихи мұра ретінде құрылысының қалдықтары сақталып қалған әр жердегі «Анфитеатр» құрылыстары, оның ашық алаңдары соны көрсетеді. Демек, театр болған екен, ендеше оның қойылымы, сөзінің, орындаушы әртістерінің болғаны да анық. Арғы жағында міндетті түрде жазушысы (драматургі) болатыны – табиғи. Сондықтан да театр өте ескі өнер, драматургия өте ежелгі жанр. Оны сондай-ақ ең жаңа деуге болады. Олай дейтініміз, театрда қойылатын шығарма – уақыттың жемісі, дәуірдің тынысы, заманның талабы. Ол жасарып, жаңаланып отырады. Осы күнге дейін оның тарихы терең классикалық мектебі қалыптасқан. Заман қалай құбылса да, ауытқымайтын арнасы, бұзылмайтын дәстүрі сақталуға тиіс. Жаңалықтар мен даму сол бәйтеректің бұтағы ретінде туындап отырғаны абзал. Соңғы кезде «Бояушы, бояушы десе, сақалын бояйтын» кейбір әуесқойлар драматургияны эксперименттік жолға салғысы келеді. Ол дұрыс емес.

Әңгіме, роман, ұзақ дастандар тек кітап бетінен ғана оқылады. Кім қалай қабылдайды, ол оның жеке талғам-таразысы бойынша жабық күйінде қалады. Драма топтық ортада, көпшілік арасында орындалып, көрерменге әсері тікелей өтеді. Бір спектакльдің жасайтын ықпалы ондаған романнан да өткір, берер эстетикалық құны әлдеқайда қуатты болар еді. Сол үшін де қай елдің әдебиеті мықты болса, сол елдің драматургиясы озық болады. Жалпы, бұл жанрға мән бере алмаған ел – оны дамытуға шарасыз ел, әдебиеті нашар ел болып қала береді. Ол туралы сұхбатқа қатынасқан жастар тұшымды ойларды ортаға салыпты. Әсіресе, қаламақы мәселесін жақсы көтергенін баса айтқым келеді. «Өз әскеріне тамақ бере алмаған мемлекет, бөтен елдің әскерін бағатын болады» деген даналыққа сай, өзіміздің драматургиямызды өсіре алмасақ, өмір бойы өзгенің спектакліне телміріп, сахнамызда тайраңдататын боламыз.

Ахметжан АШИРИ, жазушы-драматург,

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет» орденінің иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір