ӘҢГІЛ ҚАРТТЫҢ ӘҢГІМЕСІ
22.11.2020
911
1

Жаһандану мен қалалану дәуірінде қазақтың руханиятынан жоғалып бара жатқан өнердің бірі – әңгімешілдік. Әңгімешілдік – өнер. Ғажап өнер! Шешендік өнермен бір қатарда тұруға лайық өнер. Қазақтың, қала берді әлемнің таңғажайып оқиғалары, әдеби мұрасы, тарихы әңгімешіл қарттардың әсерлі әңгімелерінің арқасында бүгінгі күнге жетті. Бір өзі бір театрдың жүгін арқалап, жиылған алқалы топты аузына қаратып, таңды таңға жалғайтын қазыналы қариялардың, кеудесі алтын сандық ақсақалдардың қатары қазір тым сиреп кетті.

Нұрболат ӘЛМЕНОВ

Біздің Әңгіл есімді көршіміз болды. «Азан шақырып қойған аты Жангелді» деп еститінбіз. Бірақ, ешкім олай атаған емес. Не себепті Әңгіл атанғаны да маған жұмбақ. Сол Әңгіл қарт керемет әңгімешіл кісі еді. Ауыл тұрғындары өңірдің арғы-бергі тарихын, өткенін, қызық оқиғасын сол кісінің аузынан естуші еді. Ұзынша бойлы, жарғақ құлақты, ақсары келген келбетті адам болатын. Көздері үлкен әрі өткір-ді. Қалың әйнекті көзілдірік тағып жүреді. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Орнықты, байсалды, еңсесін тік ұстайтын, болмысында бір бекзаттығы бар жан болатын. Дауыс көтеріп сөйлемейтін. Әңгіме айтқанда асықпай, баппен айтады. Құлаққа жағымды қоңыр дауысы мен тембрі тыңдаушының ішкі дүниесіне мамыражай тыныштық орнатып тастайтын. Жыланға арбалған жемтіктей аузына қарап отыра бересің. Соғысты суреттеп жатса да байыппен әңгімелеп, майдан қыл суырғандай етіп ала жөнелуші еді. Ол кісінің көмейінен шыққан сөз биязы келіншектің ожаудағы қымызды тостағанға сыздықтата құйғанындай ғана болып құлағыңа сіңіп кететін. Тілі бай және мысқыл, сарказмды орнымен, жөнімен қолданады. Кейіпкерінің кем тұсын да, артық жерін де соқырға таяқ ұстатқандай етіп сөзімен сипаттап беретін. Сондықтан болса керек, көпшілік оны «Сары жорға» деп атайтын.

«Бір бойдақтың қалыңдығын алып келуге бардық» – деп, бірде Әңгіл қарт сөз бастады. «Ырғалып-жырғалып, сырнай тартып, керней шалып жүретін кең заман емес. Соғыстан кейінгі қиын шақ. Ауылдың үйленбей жүрген салт басты, сабау қамшылы бір жігіті бар-ды. Соның жалғызбасты шешесі келіп бір күні жағдайын айтты. Көрші ауылда бір қыздың әкесімен ауызша келісіп қойыпты әлгі кейуана. «Қызымды ұлың жалғыз кеп жетектеп кетпесін, дос бар, дұшпан бар дегендей… Ауылыңда жол білетін, сөз сөйлей алатын үлкендер бар шығар? Солардың ең құрығанда біреуі құда орнына құда боп келіп, жөн-жоралғысы болмаса да ырымын жасап кетсін», – депті құдасы. Жазған құлда шаршау жоқ демекші, келістім. Күйеу жігіт әзілге жоқ, ымды ұқпайтын, дымды түсінбейтін қиын адам. Сазарып отыра береді. Әрі қисай десең бері домалайтын қисықтығы және бар. Ол аз дегендей Құдай басына бір тал шашты да қимаған таз. Басының сол кемшілігінен қатты қысылатын.

…Содан келіскен күні күйеу жігітті ертіп, қалыңдықтың ауылына тартып отырдық. Қыс мезгілі еді. Құданың үйін тауып алып кіріп бардық. Қонақ күтуге дайын отырған үй екені көрініп тұр. Келетінімізді алдын ала хабарлап қойғанбыз. Қазан толы ет қайнап жатыр. Үй ыстық екен. Төрге оздық. Сырт киімді шешіп, дастарханға жайғастық. Сөз бастап, аман-саулық сұрастық, келген мақсатымызды айтып, өзімді таныстырдым. Енді күйеу жігітті таныстырайын деп бұрылсам, әлгі неме сауыс-сауыс болған құлақшынымен әлі отыр. Басқа киімін шешкен. «Басыңдағыны шеш» дейін десем менен алыс жайғасыпты. Қас-қабақтың ымын екібастан ұқпайды. Бір ыңғайын тауып төбемді шұқып көрсетіп едім, басын шайқап міз бақпай отыра берді. Шешуге ұялып отыр екен сабазың.

– Күйеудің басы қатты тоңған-ау? – деп, ыдыс-аяқ тасып жүрген бір әйел тілімен түйреп өтті.

– Ә, иә, бас терісі тым жұқа еді, – дедім мен де қалыспай.

Буы бұрқырап алдымызға ет келді. Ләм деместен ет соғып отыр күйеу жігіт. Қарап қоямын, самайдан шып-шып тер біліне бастады. Енді шыдамассың, шешерсің басыңдағыны деп мен отырмын. Жоқ, олай болмады. Басына қарға ұялағандай қалқиып отырды да қойды. Ет артынан сорпа келді. Құрт салып оны сораптасын-ай келіп. Енді тер маңдайдан шүмектеп ақты. Саусағының сыртымен сүртіп үлгіре алмай жатыр. Оған мұрын қосылды. Сорпаны бір ұрттайды, мұрынды бір тартады, маңдайды бір сүртеді. Бірінен кейін бірін қайталап отырады, жаңылыспай. Кәдімгі сағаттың бір механизмі сияқты.

Ас қайырып болып, тер басылам дегенше шай да дайын болды. Екі иінінен демалған жез самаурын сарқылғанша мына сормаңдай не болар екен деп тағы ойлап отырмын. Қолда бар тәттіні алдымызға әкепті. Жент қойыпты. Бірақ, күйеу шайды көп ішпеді. Екі кеседен соң кесесіне қасықты көлденең қойып, дастарханнан сәл шегініп отырды. Шай ішіліп болған соң қалыңдықты алып біз де жөнелдік. Үн-түнсіз келе жатырмыз. Қыздың ауылынан ұзап шыққан соң әлгім құлақшынын басынан жұлып алып санына бір-ақ соқты.

– Әй, не қылды?

– Шай ішкім кеп тұр.

– Жаңа неге қанып ішпедің?

– Сіздің алдыңызға жент қойып, менің алдыма қоймапты. Жентпен ішкім келген…

«О, тоба» дедім. Қалыңсыз қыз алғанына қуанып шай батпай отыр екен десем, тәтті жей алмай бұртиып отыр екен. Сөйткен адам кейін үбірлі-шүбірлі үй боп кетті», – деп әңгімесін аяқтап еді Әңгіл қарт.

Әңгіл Сәрсенбайұлы, ұмытпасам, 1995 жылы Арқалық ауруханасында науқастан қайтыс болды. Жаратқан иеміз құлының қазына мен шежіреге толы кеудесінен өз аманатын күздің қыспен алмасатын өліара шағында қайтып алыпты. Қар түспеген қара суық еді. Біз мектептен қайтып келе жатсақ, аулада көршілер торы биені сойып жатыр екен. Ертесіне қазақтың кең сахарасын сахна еткен даланың дип­ломсыз өнерпазы торы биесіне мініп, мәңгілік мекеніне аттанды.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 04.11.2023 | 22:02

Қайран, шежіре кеуде қазақтың қарттары-ай…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір