Жанкешті
«Жанкешті» дегенге өзін-өзі жарып жіберетін бейбақ елестер көз алдыңызға. Жоқ, ол емес. Дегенмен, әр саланың өз жанкештісі болады екен. Менің бір ақын танысым бар. Жылына екі кітаптан шығарып отырады. Сіз де танитын шығарсыз. Есіңізге түсіріңізші. Немене, танымадым дейсіз бе? Хас талантты танымасаңыз, ол – сіздің кінәңіз, надан-көрбалалығыңыз немесе көрмеске салынған қызғаншақтығыңыз. Әйтпесе, «Жанымның жапырағы», «Тәнімнің тамыры», «Жүрегімнің дүрсілі», «Көзімнің қарашығы», «Басымның сақинасы», «Бауырымның сыздамасы», «Бүйрегімнің бүлкілі» деген көп сериялы томдарды сіз қалай оқымадыңыз? Сонша кітапты оқуға уақыт қайда дейсіз бе? О, оған қиналмаңыз. Біреуін оқысаңыз болды, қалғанын да оқыдым деп есептеңіз. Сырты басқа болғанмен, іші бірдей.
Суретті салған Нұрлан ТАЗАБЕКОВ
Бір күні жанкешті танысым келді. Көңілді. «Одақта Пәленшекеңнің мерейтойы өткелі жатқанын интернеттен көрдім. Көрінетін жер осы ғой. Отыра ғап бір арнауды жаза салдым да бардым. Ой, өңкей ығай мен сығайлар екен. Бәрі маған амандасып жатыр. Сөйтсем, олар мені баяғыдан сыртымнан танып жүреді екен ғой. Мен оны қайдан білейін».
– Кімдер сонда?
– Сіз танымайсыз оларды, – деген Жанкешті әңгімесін ары жалғады. Содан не керек, бірінші басшыдан кейін 2 адамнан соң мен шықтым. Арнауымды арқыратып оқыдым. Зал тым-тырыс. Бір кезде дүркірей соғылған қолдан есімді жидым. Образға кіріп кеткем ғой. Кеш иесі риза болып, мені кеш соңынан өтетін дастарханға шақырмасы бар ма. Әне, танылу деген сол, сізге таң қалам. Бүйтіп аядай бөлмеңізде отыра бергеннен сізді кім таниды? Жүру керек, интернетке беру керек өлеңді, интернеттен талай керек «материалдар» табасыз.
– Ой, жаным-ау, интернет түгілі соткама келген хабарламаны оқи алам ба десеңші…
– Пәлі, заманнан қалғансыз. Бұлай сізді кім танысын,– деп, мүсіркей қарады маған.
Тағы бір күні Жанкешті келді. Танауы қусырылып, өңі сұрланып кеткен. Қолында умаждалған белгілі әдеби газет. Түңілдім мынау әділетсіз қоғамнан, адамнан,– деді,– Мұқағали, Қасымдардың зарын енді түсіндім.
– Не болды?
– Мынаған, – деді ол қолындағы газетке өшіге қарап, – арнауларымды бергеніме қанша ай өтті. Шықпайды. Шығармай отыр. Нағыз ақынды, нағыз талантты кім бағалайды қазір? Мынадан, – деді газеттегі өлеңі жарияланған ақынды сұқ саусағымен шұқып,– менің қай жерім кем, өлеңімнің қай жері кем? Жақсының бағы жанбаған заман ғой бұл. Бәрі тамыр-таныс, коррупция… Жоқ, өзіңіз оқыңызшы, сіз де сыншымын дейсіз ғой. Сыншы болсаңыз айтыңызшы, ақша бұлт, жапырақ, жұлдыз да өлең болып па? Жауыр болған тақырып қой. Ал менің «Пәленшеге» деген арнауым қандай? Мен тірі адамды жазып отырмын ғой. Міне, оқыңызшы, – деп, дір-дір етті.
– Құтты болсын, ағажан, алпыс жасың.
Қадірлі ғой әр кезде ғазиз басың,–
деп басталатын өлеңді оқып шықтым.
– Қандай? – деді Жанкешті қадалып.
– Жақсы ғой, – дегенді басымды көтерместен міңгірледім.
– Сіз көрген жоқсыз ғой,– деп әңгімесін жалғады Жанкешті,– мен анау әлгі «Басымның сақинасы» деген жаңа жинағымды шығарып бер деп аудан әкіміне үш рет кірдім. Түк ұқпайды. Әдебиет пен өнерден хабары жоқ мәңгүртті кім әкім қойды екен. Бұрынғы әкім жақсы еді, екі кітабымды шығарттырып берген. Мынаны қой. Содан облыс әкіміне бардым. Одан да қайран болмады. Беті қайтатын адамды тапқан екен. Тура Министрге хат жаздым. Бірақ қайтейін, қайран болмады. Қаражат жоқ дейді. Ау, қаражат жоқ болса, Мұқағалидың
17 томын, Қабдештің 12 томын, тіпті анау Есенқұлдың үш томын қалай шығарды? Әділет жоқ, әділет… Ақыры қайтейін, кредит алып, өзім шығардым. Енді мұнша кітапты қайда қоярымды білмей есім шығып тұр. Біразын тамыр-танысқа өзім тараттым. Әй, қазіргі адамдардың да ниеті жаман ғой. Көбі көрімдік те бермеді. (Осы арада сол «ниеті жаманның» бірі өзім екенім есіме түсіп, қипыжықтап кеттім). Содан, қайдан шықса одан шықсын, әкімнің кабинетіне үйдім де тастадым. «Шығарып бермедің, енді сатып бер», – дедім.
– Ойбай-ау, мен сатушы емеспін ғой, – дейді.
– Сатушы болмасаң, әкімсің. Мектеп-мектебіңе бөліп таста. Әкім ал деді десе, мұғалімдердің жандары шығады? Мұны да алады, – деп, әкімнің сөзін тыңдамастан шығып кеттім.
– Бұл да бір біткен іс болды, – деп Жанкешті риза кейіппен жымиды.
Айтпақшы, таяуда туған жерге телефон соқтым. Мәдениет бөліміне. Менімен кездесу өткізулерін сұрадым. Бұл да мәдени шараның бір түрі емес пе. Өкіметтің қаражатын итке де, битке де шашқанша, біз сияқты ақындармен кездессін.
– Олар не деді?
– Уәде бергендей болды, бермесіне қоям ба?
– Апырай, ә!..
– Ал енді айтпады демеңіз. Айтқан деген осы. Кездесу өтіп жатса, Сіз де келіңіз.
Арада біраз уақыт өткен. Жанкештім тағы келді. Өте көңілді. Қолында бір жаңа кітабы.
– Келмей кеттің ғой.
– Ойбай-ау, менде уақыт бар ма. Қанша жұмыс бітірдім десеңізші! «Ұра берсе, Құдай да өледі» деген рас екен. Мазасын ала берсең әкім де көнеді екен. Қайта-қайта барып жүріп өзіме музей ашуға келісімін алып, қолын қойдыртып алдым.
– Апыр-ай, ә, тірі адамға…
– Ой, қазір бәрі болады. Тірі кезімізде керек қылмаған бұлар бізді өлгенде керек ете ме. Сондықтан нені болсын адам тірі кезінде істеп кетуі керек. Өзің үшін өзің жүгіру керек бұл заманда. Содан не керек, менің музейім ашылатын болды. Соған қою үшін өзім қолданған мүлік ретінде төсек-орын, киім-кешек, кесе-қасығымды апара жатырмын. Кітаптарым, құдайға шүкір, баршылық. Кезінде қолымнан фотоаппаратымды тастамай алып жүргенім мұндай абырой болар ма. Бірқанша атақтылармен сәтін аңдып суретке түсіп алғанмын. Аудандық, облыстық бір-екі мақтау қағаз да бар… Қысқасы, музейім толық. Алла қаласа, ендігі бір үлкен шаруа– қала орталығы тимесе, шетіне болса да ескерткіш-мүсінімді қойдырсам деймін. Е, тірі кезімде өзім қойдырмасам, өлген соң кім қояды? Енді соған кіріспекпін.
Жанкештінің әңгімесі осы жерге келгенде тұла бойым түршігіп кетті. Орнымнан ақырын жылыстай бердім. Ол маған өне бойын сірестіріп бомба құрсаулаған нағыз жанкештінің өзі болып көрінді. Әне-міне, жарылатын сияқты. Е, Алла, пендеңе сана бере гөр!
Әмина Құрманғалиқызы.