ҚАЙТҚАН ҚҰСТАРДЫҢ ҚАНАТТАРЫНА ХАТ БАЙЛАП…
22.11.2020
896
0

Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ
Құснихат
(Қарашада өмір тұр…)

Қарашада бір мұң бар қатпар-қатпар,
Жауын жауып шая алмас қатқан дақты әр.
Жүдеп қалар желегін жел ұшырса,
Жаздан күдер үзбеген жазған бақтар.
Жұрнағы қалмай жазғы салтанаттың,
Басынан бақ көшкендей тал-дарақтың.
Қу бұтақ көңілге үрей ұялатар,
Ербиіп құлағындай жарғанаттың.
Жүктеді жүрекке мұң бұл ай тағы,
Түскісі келетіндей сынай тағы.
Сыбдыры жапырақтың сезім тербеп,
Сылдыры балбұлақтың сыр айтады.
…Менің демім ауырлау күз лебінен,
Айықпас дертке осынау іздедім ем.
Үрниса үмітімді бірге ұшырдым,
Көктегі тырналардың тізбегімен.
Кетті олар қанатынан таратып ән,
(Адасып кетпесе екен. Дала тұман)
Алаңдап аспан жаққа қарай берем,
Хат күтіп ұшқан құстың қанатынан.
Сағыныш
«Адамның заңғар ұлылығын, сен, сағынышымен есепте»
Т.Айбергенов
Сағыныш жайлы сұрама, қарғам, менен сен,
Сағына беріп сәл еңкіш тартқан өр еңсем.
Саған да енер санаңды улар бұл ауру,
Сағынып жүріп сағынтар жаққа жөнелсем.
Сағыныш – түпсіз, тұңғиық, тылсым теңіздей,
Жалықтым мен де жазылмас дертке ем іздей.
Қайтқан құстардың қанаттарына хат байлап,
Жіберсең еді «жолыңды тосты» дегізбей.
Арманшыл қыз ем аспаннан іздер аңсарын,
Түсінбейтіндей, айналам түгел, шаршадым.
Кіршіксіз мендік сезімге неге сенбейді-ей,
Ет-жүректері кеткен бе тас боп баршаның?!
Барар ем тура, бастайтын саған жол қані?
Он орап алды оны да ойдың орманы.
Сәулесін шашып тұратын сұрқай тірлікте,
Сағынтып жүрер бір жанның жақсы-ау болғаны…

***
сергелдеңге салып сезім әлегі,
түсінер деп сырымды айттым құсқа мен.
көбелектің қанатындай әдемі,
көбелектің ғұмырындай қысқа екен.
махаббат.
кәрі қыздың жанарындай нұр сөнген,
ғадауаттан ғаріп болған жандардай.
аспандайын айы туып, күні өлген,
түнереді түнге сіңген армандай.
махаббат.
жетектеген қос баласын жесірдей,
жәутеңдейді жүректердің түбінен.
әйел көрсе “ана” дейтін жетімдей,
мейірім жоқ мәңгүрттерден түңілген.
махаббат!!!

Әлімжан ШӨҢГЕРБАЙ

Бұрымыңнан аумайды сарқырама…

Күндей болып жарқырап шыққан алдан
Сұлулыққа сендегі сұқтана алман.
Дәл өзіңдей еркелеп қарап маған
Тауға иегін сүйейді бұлттар анау.

Нұрлы жүзің – гауҺардай жарқыраған,
Сенен асып тумайды-ау артық адам.
Иығыңнан төгілген төмен қарай
Бұрымыңнан аумайды сарқырама.

Сені көріп көкейге келуде өлең,
Болса – болар осындай керім деген.
Орамалың секілді желбірейді
Қызғалдақтар қырдағы жел үрлеген.

Кезеңдей боп көңілде Ай, Күн сөнген,
Ауырлап бір кеткенде қайғым жерден,
Сені көріп жүрегім шуылдады,
Аққу-қаздар ұшқандай айдын көлден.

Жарылуға жүргенде сәл-ақ қалып
Жұлдызымды жаққандай Жаратқаным.
Енді асығам тек саған сәттер сайын
Көкіректен көгершін қанат қағып.

***

О, қоңыр күз, мұңайдың не себептен?
Жазға өкпелеп қалдың ба кешегі өткен.
Мен де сендей түнеріп жүрем кейде
Жұбата алмай кеткен ед неше көктем…

Сендік әлем жалғыздық тұрағы ма?
Сіңіп кеткім келеді тұманыңа.
Өзің жайлы сыр айтып жеткізеді
Жапырақтар сыбырлап құлағыма.

О, қоңыр күз, өзіңе сыр ақтардым
Үнсіздікті жалғанда ұнатқан кім?
Саған өлең оқып ем, тыңдамадың
Аспанға өлең оқып ем жылап қалды.

***
Алмастырып қайғысы мен шаттығын
Дүние әлі баса алмай тұр аптығын.
Түн шырағы Айды жағып екеуміз
Таңға дейін сырласайық, ақ гүлім.

Бізді сосын бауырына сала ғап
Білдірместен тербетеді Дала Ана.
Сонда екеуміз жұлдыздарды теріп ап,
Алақаннан ұшырайық қалаға.

Әне, әне, айдын көлге қарашы,
Айнадай боп әлемге тұр жарасып.
Ерке самал әрі-бері қуалап
Майда, бұйра толқындары қытықтайды жағасын.

Біздің көркем көңілімізді жаз ұқты
Табиғат та ақын боп жыр жазыпты.
Бірге соққан жүректерді сезіммен
Аймалайды
көбелектің қанатындай нәзіктік.

Айым АЛТАЙҚЫЗЫ
Ғаламға жазған ғазал хат…
Күн батырып келеміз, атырып таң…
Алдымда арымайтын ақ үміт бар.
Көрініс көп мен көріп үлгермеген
Ал қанша қозғалмаған тақырыптар?

Мен білмейтін, дүние-ай, сырың қанша?
Құмарта бер, құнығам ұғынғанша.
Неше түнді өткізем өлең іздеп,
Білмеймін, жазылмаған жырым қанша?

Мен шықпаған шыңдар бар. Құт басында!
Шығуым да неғайбыл, шықпасым да…
Өкпемді өкпек желге тосқым келмей
Отырғым кеп кетеді ықтасында.

Жеткен сайын өсе ме, арман лезде,
Алыс болып кетесің, жақындатсам.
Мен алып боп көрінем аңғал кезде,
Сен алып боп кетесің ақыл тапсам.

Көгің – күмбез, текемет – жер, тұмар – тасың,
Ғазиз ғалам, сен солай құмартасың.
Мен көзсіз ғашықтардай сені сүйіп,
Өлең арнап отырмын түн ортасы.

Сен де мені тарта бер құшағыңа,
Қуаныш та сені іздейді, құсалы да.
Уа, ғалам, адамыңды алып шықшы!
Тірліктің түсіп қалсақ тұсауына.

Бақыт туралы теорема

Күліп қана өмірден шабыттанасың,
Бақыт дегенге жоқ менің анық таласым.
Қарбаласып, жанталасып өткен ғұмыр ғой, –
«Бақытты болу» дегеннің анықтамасы.

Үзілгенше үздігіп уақыт тұмары,
«Бақыт» деген жұлдыз боп жанып тұрамын.
Бір дем алмау, үлгере алмау дегеннің бәрі,
Басында болатын жағдай бақыттылардың.

Бақыт деген бар болса биік мұратың,
Ісің болу керек қой сүйіп тұратын.
Бақты мінберден іздемейсің сен, жерден табасың,
Көп болса жандар өз мүддеңнен де биік тұратын.

– Бақыт деген не? Жауабы таңдайымда тұр.
Жауапты қайтем? Қанатын тағып самғайында бір.
Көшеге шықсам, адасқан бақтар толып жүр екен,
Өз бақытым әйтеуір маңдайымда тұр!

Асылай НИЯЗБАЕВА

Ғасырларға өлең тоқып отырам

Сүйегіме батты үнсіз салмағы
дүниенің әлсіздеу,
Ауасынан жұтып барам көшенің
дымқыл әрі нәрсіздеу.
Бәрінен де жұқарған бұл жүрекке
Ғаламшардың бетін кезіп сізді ылғи
«Барсыз» деу,
Ауыр, ауыр, ауыр тиер ең мөп-мөлдір сезімге.
Жаназасын оқып кеткен өткен шақтың көзінде
Қалып қойған жүректі,
Беймезгілдеу
Тастап тұрған тауқыметке жараланғыш кезім бе?!
Сетінеп тұр солай мендік
бұлтты аспанның қабағы,
Көкке оқыған тілегімнен Тәңірге
назалы үн қалады.
Түн құшағы қойнына а(лы)п жатбауыр,
Жастығыма жанарымнан тырс-тырс жаңбыр тамады.
Күйініштен әуен ойнап нотада
беймәлім бұл салтымен,
Жапырақ жан үзіліп кеп ағаштан
су бетінде қалқып ем.
Мен Құдайдың жалғыздығын аспани
Қасіретті тағдырдың маңдайына артып ем .

***
Мұхит кешкен жанымды,
Өзен жұтқан тәнімді һәм арымды,
Көлшіктерге қимаған сор бағымды,
Жылап жүріп күзеттім,
Аспан шалдан адыра қап үмітім.
Қоқыстардан қаша алмаған күні-түн,
Қиқым ойдың терең кетіп діңі тым…
Жұлдыз санап саусақтарым бүгіле,
Лақтыра сап жолдар үнсіз бүгі менен шігіне.
Қара құстың маңдайынан сипаймын
Қара ойларым тілгілеп.
Жүрегімді ұстап қанша жылаймын?
Шерін жұтып бұл Айдың.
Маңдайына сыймай жүріп тағдырдың
Өлім қалай топырағына құлаймын?..
Қажып біткен қасқа ойларым қасықтай
Құйылардай ми ішіне асықпай.
Балағымды иттер талап кеткен кеш
Қалдым екен опасыздығына жасып қай?
Қара түсім,
Қара үмітім,
Қара арман
Қашып кетсем мен тұратын қаладан.
Ғасырларға өлең тоқып отырам
Уақыттарға сіңіп кетіп қалаған…

Мұрабек САЙЛАУҰЛЫ

Күміс түсті жалғыздық

Жанарымнан жалғыздығым боталап,
Көшкен бұлттың көлеңкесін тасалап,
Жүргенімде жүрегімді қолға ұстап,
Сені кімге ұсынайын, махаббат?

Сенген бақтың аспанынан күн сөніп,
Құстар ұшты қанатынан күй төгіп.
Барғым менің келген емес ешқайда,
Келеді уақыт итеріп…

Аялдашы, ей, апарасың қай маңға?
Өз суретім көрінбейді айнамнан.
Ертеңіме жетер ме едім ертерек,
Қанатымды бұдан бұрын жайғанда…

Аңыраған жанымнан бір жел есті,
Тағы көрдім жол бастаған елесті.
Деді біреу құлағыма сыбырлап:
«Жалғыздығың барда жалғыз емессің».

***
Сен жақсы көруші ең қар гүлін,
Қар гүліне ұқсайтұғын тағдырың.
Жүрегімнің қашып шыққан ішінен,
Күміс түсті жалғызым.

Содан бері болдым мен де қысқа үйір,
Қыста баспас көңілімнің ыстығын.
Сүйгім келді ұстап алып бір-бірден,
Сен сүйетін ақша қардың ұшқынын.

Жер мен аспан бір әлемге өзгеріп,
Өбіседі сеніменен мен болып.
Қонып жатыр құшағыма билеп кеп,
Махаббаттың ақ қанатты сөздері.

Ып-ыстық бір сағынышқа бояулы,
Ең ақырғы минутымдай аяулы.
Сенің бейнең тамшылаған көзінен,
Мен әр жылғы желтоқсанда ояумын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір