ӘРІПТЕСТЕРІНЕ «ӘБЕКЕ»…
13.11.2015
1447
0
383602_396458674_IMG_0054Маңайына мейірім шуағын шашып, айналасына жақсылық тілеп жүретін жаны жайсаң адамдар болады. Өмір бойы жоғарғы мектепте ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеген Абдул-Хамид ағамыз сондай адам еді. Ол өзінің жанашырлығымен, аталы сөздерімен, әдемі әзілдері, орынды юморларымен алдынан өткен мыңдаған шәкірттерінің есінде жақсы адам ретінде қалды. Жасы кіші әріптестері Әбеке деп еркелесе, тұстастары Хама деп сыйлайтын. Жақсы адамның артында жақсы сөздер қалады. «Мархабаев айтқан екен» деген ұшқыр ойлар, ұтымды жауаптар, афоризмдер, еріксіз езу тарттыратын әдемі әзілдер елдің аузында жүр.

Қазақ ғылыми-фантастикасының негізін қалаушы, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Абдул-Хамид Файзоллаұлы Мархабаевтың мәңгілік сапарға аттанғанына жылдың жүзі болып қалыпты. Кеше ғана жарқылдап арамызда жүретін, әзілдесіп, еркелеп отыратын Әбекеңді бір күнде жо­ғалтып алып, қайтпас сапарға кеткенін енді ғана түсін­гендей болып жүрміз. Абдул-Хамид Файзоллаұлы елу жылға жуық қазіргі әл-Фараби атындағы мем­ле­кеттік университеттіндегі Журналистика факультетін­де ұстаз болды. Өмірінің соңғы күніне дейін сол қара ша­ңырақта сабақ берді. Осы уақыттың ішінде Әбе­кеңнен дәріс алған мыңдаған шәкірттері бүгінде рес­публикадағы барлық дерлік бұқаралық ақпарат құралдарында, мемлекеттік қызметтерде еңбек етіп жүр. Олардың арасынан талай танымал мемлекет қай­раткерлері, министрлер, депутаттар, ақын-жазу­шылар шықты. Сол шәкірттерінің барлығы Мархабаевты ақ пейілді жақсы адам, ақылшы аға, қызметіне адал ұстаз ретінде біледі.
Абдул-Хамид Мархабаев 1964 жылы республика­лық «Білім және еңбек» ғылыми-көпшілік журналына ке­ліп, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі қызмет­те­рін атқарды. 1967 жылдан бастап Қазақ мемлекет­тік университеті журналистика факультетінің қазақ жур­налистикасы кафедрасында – ассистент, кейін аға оқытушы, доцент болды. Университеттегі педа­го­ги­калық қызметтен қол үзбей жүріп, 1967-1983 жыл­дар аралығында «Білім және еңбек» журналында Бас редактор болып істеді. 1971 жылы «Қазақ әде­биетіндегі фантастиканың даму және қалыптасуы» де­ген тақырыпта диссертация қорғап, филология ғы­лымдарының кандидаты атанды, 1973 жылы Жазу­шылар одағына мүше болды. А.-Х.Мархабаев – қазақ әдебиетініндегі фантастика жанрының тарихы мен тео­риясын зерттеуші тұңғыш ғалым. Ол ғылыми атақ­қа ерте жеткенмен, докторлық еңбегін кеш қорғады. «Қо­лыңды әкел, Келешек. Қазақ фантастикасы: кеше, бүгін және…» (1978), «Қазақ фантастикалық әдебиеті» (1998), «Қиялгер қисындары» (2002), «Қазақ фантас­ти­­касының поэтикасы» (2008) сияқты докторлық еңбекке тұрарлық көлемді монографиялар авторға зерттеуші мәртебесін бергенмен, ғылыми атақты қорғау үшін қосымша еңбектену керек болды. Осылайша Әбекең жетпіске таянған шағында, 2006 жы­лы филология ғылымдарының докторы дәрежесін алуы үшін «Қазақ әдебиетіндегі фантастика поэтикасы» деген тақырыпта диссертация қорғады.
Сол кездерде маған берген өзінің кітабына жаз­ған қолтаңбасында: «Сендерге үлгі болуға тырысып жүргенімді білсең ғой, Қайрош! Құрметпен, А.-Х.Мархабаев» деп қол қойыпты. Басқалар болса қолын бір сілтер еді, Әбекең ондай емес еді. Ол өмірі­нің соңына дейін еңбек етті және сол табандылығының арқасын­да көп нәрсеге қол жеткізді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, соған қоса әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универси­те­тінің озық оқытушысы атағы мен төс белгілерін иемденді. Жетпістен асқан шағында республикалық жоғары оқу орындары бойынша Жылдың үздік оқытушысы атан­ды. Бертінге дейін оның ғылыми-фантастика жан­рында жазған кітаптары баспадан шығып жатты. «Жазу­шы» баспасынан 2011 жылы шыққан «Қазақ қия­лының «жүріс-тұрыстары» кітабын, «Фантастика жан­ры: тарих және теория» атты жоғары оқу орын­да­рының гуманитарлық факультеттері мен бө­лім­ше­леріне арналған монографиясын студенттер оқу­лық ретінде пайдаланады.
Ардақты ағамыз, әкемдей болған Әбекеңмен мен сек­сенінші жылдардың соңына қарай жақын танысып, етене араласа бастадым. Студенті болдым, көр­ші тұрдық. Әкелі-баладай қарым-қатынаста бол­дық. Мархабаевтар отбасымен осы күнге дейін сый­ластығымыз, байланысымыз үзілген емес. Әбекең ұстаз ретінде білімге тәрбиеледі, аға болып ақылын айтты, құрдасы сияқты жан сырымен бөлісті, ер­келік­терімді әкемдей қабылдап, кейде өзі де ерке­леді. Кей­де маған балаша өкпелейтін кездері де болатын. Арамыздағы жас айырмашылығы жиырма жылдың үстінде болса да, біз осындай дос едік.
Әбекең Арал қаласынан әріректе Көкарал деген жер­де дүниеге келген. Қазір ол арал жоқ, материкпен бірігіп кеткен. «Әкеміз соғыстан оралмады. Мен ол кезде жас баламын, кескіні есімде еміс-еміс қа­лып­ты. Кейіннен Арал қаласына көшіп келдік. Шешем наубай болды. Соғыс кезіндегі қиыншылықтарды се­зініп өстік. Әлі есімде, шешеміз кешкісін жұмыстан кел­генде мұз болып қатқан нанды пештің үстіне жылытуға қоятын. Аштықта талғажау болған қасиетті қара нанның дәмі әлі күнге дейін аузымнан кетпейді» деп есіне алып отыратын марқұм. Соғыс жылдарында ауыртпалықтарды көріп, шынығып өскен Абдул-Ха­мид ағаның денсаулығы мықты болды. «Адам ден­саулығының басты кепілі – сабырлылық. Бүгінгі за­манның адамдары, байқап отырсаң, күйгелек, ашу­ланшақ, өкпешіл. Қартайғыларың келмесе, ашуланба, сабыр сақта. Баяу қартаюдың сыры осында деп білемін. Бәрі де өткінші нәрсе, сондықтан бір-бірімізге кешірімді болуымыз керек. Сонда ұлтымыз, ұрпағымыз күшейеді. «Сабыр түбі – сары алтын» деп қазақ бекер айтпаған» деп отыратын Әбекең. Өзі ешқашан қатты ашуланған адам емес, ашу шақыратын жерде мәселені ойлы әзілге айналдырып, түйінді оңай шеше салатын.
«Ертегілердің бәрі қиялдан туған. Ертегілердегі «Жеті қабат жердің астындағыны еститін Саққұлақ», «аяғына тас байлап жүретін Желаяқтар» бүгінгі күннің техникалары түрінде дүниеден орын алды. Солардың бірі – ауызекі түрде осы күнге дейін жеткен Қорқыт аңы­зы. Су бетіне кілем жайып, Қорқыттың біраз уақыт ажалды жолатпауы жай айтыла салған сөз емес, күндердің күнінде өлімді кідіртетін шараның болатынына сенушілік, соны аңсаушылық», – дегені бар. Бұл фантастика емес пе? Халықтың осы аңсауын жүзеге асыру жолында геронтология ғылымы бүгінде зерделі жұмыстар жасауда екенін білеміз. Демек, күндердің күнінде ғалымдардың оған да қол жеткізуі мүмкін ғой. Соған қарағанда, Қорқыт «көтерген мә­селе» пәлендей негізсіз болмағаны шығар…», – деп еді фан­таст ағамыз бірде. Сол күнге өзі жетпеді, бірақ оның қиялы жетті.
Қиялгер ағамыздың оймен алысты болжайтын, ал­да болатын нәрсені сезетін қасиеті де болды. Зайыбы Мағрифа апай «мұның аспанмен байланысы бар шығар, айтқаны тура келеді» дейтін. Бірде ол «Құдайға шүкір, біршама жасқа келдім, бірақ жасы жетпістен асқан адамның ертемен тұрғанда бір жері ауыруы керек қой. Ал менде ол жоқ, соған қарағанда ақыр­заманның шалдары ауырмай өле салатын шығар» деп әзілдегені есімде. «Қойыңыз, Әбеке, сөйтіп айтуға бола ма екен, Құдайдың құлағына шалынбасын» деймін. Содан біраз уақыт өткеннен кейін немересі Тайыр екеуі келе жатқанда аяғы тайып құлап, Әбекең жамбас ұршығын сындырып алды. Осындай жазым боларын өзі сезген-ау деп ойлаймын. Сөйтіп, ағамыз жоқ жерден бейнет тауып, өмірінің соңғы жылдарында балдақ ұстайтын болды. Оны да мойындағысы келмейді, әзілге айналдырады. Үйі университеттен алыс емес, сабаққа көлікпен ба­рып, лекциясын оқиды да сол көлікпен үйіне қайтып ке­леді. Үйде отырған адам ішқұса болады ғой, телефон шалып күнде үйіне шақырады. Бармағаныма бі­раз күн өтсе керек, бір күні «балдақты тастайтын бол­дым, ортопедиялық орталыққа апарып маған таяқ алып бер» деп телефон соғады. Бардық. Таяқпен жү­руге әлі ерте екен. «Саған еркелегенім ғой, әйтпесе жындымын ба, балдақты таяққа айырбастап» дейді. «Балдақты тастаңыз, аяқты жүруге үйретіңіз!» десем, жұлып алғандай «Неге тастайды екенмін, оны қанша ақшаға алғанымды сен білесің бе?» дейді кейіген болып. Әбекең осындай ауырсынып тұрып күлетін, әзілмен бәрін жеңетін асыл азамат еді.
Осындай ағамыздың жанында жүріп биік адам­гершілік қасиеттерін тереңірек біле түстім, шәкірт кезімдегідей ол кісіден көп нәрсені үйрене бергім келді, өмірлік  ұстаз тұттым. Әбекеңнің айтқанда­ры­ның, берген тағылымдарының ұшығына қазірге дейін жете алмай жүрмін. Білімі ұшан-теңіз, берері әлі де мол асыл жан еді ғой, қайран ағамыз. Кісімен де, кішімен де бірдей бола білетін, тең жүретін, жарықтық. Отба­сы­мызбен араласа жүріп, ағалық мейірімінің шуа­ғына бөленген сол жылдардың енді сағынышқа айналып кеткені жанымды жабырқатады. Әйгілі фан­тастың өзі де қиял-ғажайыпқа айналып кеткендей. «Жақсымен өткізген жарым сағаттың өзі жарты ғұмырға татиды» деуші еді ғой бабалар. Осы Әбекең сияқты аяулы азаматтарды меңзеп айтылған сөз шы­ғар. Ұстанымы жақсы ұстаз, ғибраты мол аға бол­ған Абдул-Хамид Мархабаевтай ағаммен өмір жолында ұшырасқаныма «тәуба» деймін. Кеудемізде жанымыз барда жадымызда жүрерсіз, аяулы аға!

Шәкірті
Қайыржан ТӨРЕЖАНОВ.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір