Хай ибн Якзан мен Робинзон Крузо
19.11.2020
623
0

«Еуропалық өркендеу қай тұстан басталды?» деген сұрақ жиі алдымыздан шығады. Моржантопай жауап ішінен «әрине, Андалусиядан» деген нұсқаны естуіңіз әбден мүмкін. Шынында, ғылым салаларының дамуына Мұхиддин ибн Араби, Ибн Рушд, Ибн Туфейль сынды жан-жақты ғалымдар біршама ықпал етті.

Ғалым, ойшыл, астроном, математик, емші және мемлекет қайраткері Абу Бакр Мухаммед ибн Абд ал-Малик Ибн Туфейль қазіргі Испанияның Гуадикс қаласында дүниеге келді. Ғалымның өмірі жайлы мағлұматтар аз болғанымен, оның Гранада қаласында емші болып қызмет еткені жайлы айтылады. Ал 1154 жылы Абу Саида Танжера әмірінің хатшысы болып сайланады. Сол бір асқақ та тәкаппар өлкенің тумасы ақын Федерико Лорка Гранада жайлы не деуші еді?
Тапжылмас түнекті аңсары,
мұңдарын түгескен жол қарар.
Тұздалған шынылы таңсәрі,
ериді әуеде арналар… (еркін аударма)
Гранада, расында, табиғаты «Ауасы дертке дауа, жұпар иісін, көкірек қанша жұтса, тоясың ба?» – деп таңырқай көз қадар жер еді. Ғалымның ойлау жүйе­сіне осы бір алуан түсті тастар мен жаң­ғырықты шатқалдар әсер еткен де болса керек.
Еуропаға танымал Шығыстың он кітабының тізіміне енетін және «Құран» мен «Мың бір түннен» кейінгі әлем тіл­де­ріне ең көп аударылған кітап – «Хай ибн Якзан» (Оянғанның ұлы). Шы­ғар­мада белгісіз аралда туған және киік­тің қамқорлығымен ер жеткен бала (Қырғыз аңызына ұқсай ма, қалай?) жайлы баяндалады. Бала елу жыл жат аралда ғұмыр кешеді. Алғашқы жеті жылда астрономия, зоология сынды әртүрлі ғылым салаларын меңгереді. Сенім мен құлшылық, Құдай мен адам, жасыл мен қоңыр турасында ұзақ ойға батады. Құс тілін, аң тілін, табиғат тілін меңгереді. Біздің білуімізше, ғалым мұнда өз жал­ғыздығы мен таным жолын баян етеді. Кейіпкер жан сала дүние сырларын ұғуға талпынады. Әр құбылысқа алғаш көргендей таңданыспен қарайды. Тіпті жануарлардың ішін үшкір таспен жарып, ішінде нендей мүшелер барына назар салады. Шығармада келетіндей: «Сонымен, бір хайуанды ұстап алып, дәл баяғы елік секілді сойып, жүрегіне жетті. Назарын алдымен сол жақ қуысқа аударды, тілік салып, оның бу тәріздес ауаға толып тұрғанын көрді. Саусағын жүгіртіп еді, қолын ыстық шарпыды, хайуан сол сәтінде өліп қалды. Сонда хайуанды қимылға келтіріп тұрған осы бу екені, мұндай будың әр хайуанда болуы және ол ұшқан сәтте хайуанның өлетіні мәлім болды. Осыдан кейін құрылысын, орналасу реті мен тәсілдерін, жалпы санын білмек үшін, хайуанның барлық мүшелерін тексеруге ынтасы ауды. Олардың бәрі осы будың арқасында тіршілікте болса, буды қалай пайдаланады, ол денеге қалай таралып, қалай сақталады, күш-қуатты қайдан алады, оның жылуы неден таусылмайды? Ол ұшырасқан өлі және тірі хайуандарды сойып, осының бәрін зерттеді, қашан білікті табиғат зерттеушілері дәрежесіне жеткенге дейін бар ойын, бар назарын осыған жұмылдырды».
Мұнан ары кейіпкердің түйген ойына назар салыңыз: «Хайуан рухы да біртұтас. Ол көз қаруын пайдаланғанда, көру әрекеті мүмкін болады, құлақ қаруын пайдаланса, есту әрекетіне ие болады, мұрны арқылы иіс сезеді, тілімен дәм біледі, терісімен және етімен сыртқы әсерді сезеді, егер әлдебір мүшесін пайдаланса, қимыл пайда болады, бүйрегі іске қосылса, азықтану және оны қорыту мүмкін болады. Әр жеке мүшеге жеке-жеке жерлері бағынышты етілген. Бірақ әр қозғалыс жүйке аталатын жолдар арқылы осы рухтың бір бөлігі мүшеге келіп жеткенде ғана орындалады»
Ибн Туфейлдің тікелей ғаламды, табиғат пен әртүрлі салаларды қызығып, мейірлене іздеу графигі шығармада шынайы, күрделі, шытырман оқиғалармен көрініс табады. Ал біз білетін «Рабинзон Крузода» философиялық түйіндерге тереңдеп бармайды. Керісінше ертегі секілді жеңіл, тартымды тілмен әңгімеленеді. Содан да болар (адамзатты әу бастан жеңілге әуестігі мәлім) Крузо жаһанға тезірек таралып, шығарма желісімен көптеген фильмдер түсірілді, зерттеу еңбектер жазылды. Ал іші астрономиялық, медицияналық, окульттық, мистикалық сырларға толы «Хай ибн Якзан» интеллектуалды оқырманның ғылым жолына шырақ жағар темірқазығына айналды. Ғалымдар пайымдауынша, сол тұста Англияда атақты болған Ибн Туфейль еңбегімен жазушы Даниэл Дефо, философ Жан-Жак Руссо сынды тұлғалар жақсы таныс болған. Еуропа ағартушыларын жалт қаратқан бұл қордалы еңбекке бөгелмеген ойшыл аз. Кей тұстарда «Крузоны» «Хай ибн Якзанның» тікелей көшірмесі деп кінәлаушы әдебиеттанушылар мен сыншылар табылады. Шынында, сюжеттік тұрғыдан екі шығармадан көптеген ұқсастықтар табуға болады. Бірақ бірі жетілу жолын, кемелдік жолын іздесе, «Робинзон Крузода» қалайда құрлыққа жету мен күнелту жолын іздейді. Шығарма соңында Туфейль мырза: «Мен болсам, осы жолдарды оқып отырған қарындастарымнан түсіндіруімдегі ұшқарылығым және пайымдауларымның жалпыламалығы үшін кешірім сұраймын. Мен мұны көз жанарын талдыратын қияндарға көтерілуім себепті және ондағы көргендерімді сендердің қиялдарыңды оятып, осы жолға түсуге ынталарыңды тудыру мақсатымен тұспалдап жеткізу мақсатымен жасадым», – дейді. Бұл сөздерден ғалымның еңбекті жазудағы түпкі мақсаты қылаң береді. Қорыта айтқанда, Еуропаның бастау бұлағына үңілсек, Шығыс өркениетінің, Азия құрлығының алма ағашына кезігу – бүгінде қалыпты құбылыс іспетті. Тек шұңғыма жықпыл жартастарға дендей білсек болғаны. «Тіршіліктің несі сән, тереңге бет қоймаса?»

Батырхан  СӘРСЕНХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір