Жылым
13.11.2015
2433
0

383307_483062656_full_full_74288bd47947ae243f8696527a8481461(Әңгіме)

Асқар АЛТАЙ,
жазушы

Таң қараңғысы.
Қапалақтап жауған қар тоқтап, із басыл­ған. Қарабүйрек тауының көлге құлаған күн­гей бетіндегі көп саланың бірі – Жетім сайдан шыққан салт аттылар суыт. Тағалы ат­тар қар тоқтағаннан кейінгі жылымық ауаны қаба жұтып, желе-жортып келеді. Бел­де­рі­не салмақ салған екеуді елең құрлы көр­мейтін секілді.
Мығымы – қу мүйіз құлжадай жілікті ер­кек Танаш та, серігі – жұттан шыққан серкедей сіңі­р­лі азамат Ақбөкен. Мосқал адам қа­быр­ғалы да қарулы. Жиырма бестен енді ас­қан жас жігіт сүзектен тұрғандай сы­лың­ғыр. Екеуі де үзеңгі қағысып, шылбыр үзіспей қа­тар ке­леді.
Аткөпір түскен желтоқсан қары тағалы тұяқ­­тан жапырақ-жапырақ  ұшады. Қара­бүй­рек тауы да, Зайсан көлінің беті де, Қызыл Ке­ріш даласы да тып-тыныш. Таң қараңғысы ғана ақ шағала қармен шағылып, бозамық сәулеге бө­гіп қалған. Осы бір бозаң әлемнің көбесін сө­гіп, мазасын алып келе жатқан да қос салт атты.
Әкелі-балалы салт атты үнсіз. Қыран шо­лар, тазы салар қансонар таң да жақын. Бі­рақ қансонар күндер бұл өңірде бұлбұл ұшқалы қа­шан?!
Көл бетіне іліккелі тағалы тұяқтар дүрсілі шақ-шақ етіп, ширыққан жүйкеге де тиіп ке­теді. Оған бірақ сыр алдырар емес. Суыт жү­ріс­тен, суық көзқарастан айнымайды. Бұла бозаң дүниеде жүздері қарауыта шалынады. Алған беттері – Зайсан көлінің ортасы – көл ортасын көк киттей тіліп өтетін Ертіс өзенінің көкшулан ұлы ағысы.
Ақ қар, көк мұз желтоқсанда ұлы ағысты жылымға қарай жеті түнде құлаған қос салт атты сапары сырт көзге жұмбақ…
Бұлар аттанған Қарабүйрек – жазықта жайылып жатқан Зайсан көлінің жағасында жападан жалғыз томпиған бір қызық тау. Алыстан андағайлаған алып бейнесі де сы­ңар бүйректен аумайды. Тау көтерер Толағай алыс­тағы Алтай тауларынан алабөтен бөліп әкеп, тоқ қарындай толқып жатқан көл жие­гі­не қон­дыра салған сияқты. Жел-құз мүжі­ген мүсіні жа­ныған қайрақтай жұп-жұмыр.
Ал Алтайдың ақиық биіктерінен қырандай қалықтап құлайтын мол сулы Қара Ертіс – көл­­дің ұзына бойын кесіп өтетін ұлы ағысқа айналып, алты ай қыста да қатпай, ұйықты жылым боп жататын. Көл ортасында жыландай созылып, шымырлап жататын осы ұлы ұйық Қа­рабүйрек тауына тұспа-тұсты.
Таң қараңғысында ерге қонған екеу бір-бі­­ріне көз қиығын ғана салып қояды. Дем­де­рін іштерінен алып, ата жауларын көргендей ақиып, ат үстінде қаққан қазықтай қақиып алған. Бір-біріне жат. Сырттай сыр бермесе де, іштері алай-түлей екені жүгенді жұмарлай ұстап, тақымды тебіне қысып келе жатқанда­рынан ғана мәлім. Ат басын іркер емес.
Қара күзден тебінде жүріп, күні кеше ға­на белдеріне терлік салынған құр аттар да сулық­тарын шайнайды. Иелерінің ыңғайына жы­ғы­лып, қамшы салдырмайды. Емшек тағалары көл­дің көк мұзын біздей ойып, шешектей шұ­бар­тып келеді. Қиыспастай қатар түскен іздері де соңдарынан созылып, жыраққа сіңіп жатыр.
Белді күліктермен желдіртіп келе жатса да, көздерін құла бозаң әлемге қадаған екеу өзді-өзі өмір белесін желе-жорта шолып, көл бетіндегі желтоқсан ызғарын ұмытып кеткен. Өмір деген ұлы көлдің толқыны тол­қытқан әкелі-балалы азаматтар ұшпа ой сілеміне оқ­та-текте бой алдырып қояды.
Екеуі де жолға жайсыз орыс ері үстінде келеді…

* * *

Орыс ерге таңылған  олар  жылан жұт­қан­дай жабырқау…
Таң асқан тоқжарау аттар оқта-текте пыс­­қырып қалады. Қарабүйрек тауынан ұзап, көл бетіне дендей енгелі таң да Сарытау биігінен сыз берді. Аң-құс ізі әлі түсіп үлгермеген қансо­нар кеңістік бозаң күйден бозмұнар түске боялды.
Жиырманың бесеуіне бел артқан Ақбө­кен әкесіне көз қырын тастап өтті. Елуді ең­серіп кет­кен батыр-шалыс Танаш баяғы бір «банды» атанған кезіндегідей бесатарын жа­уырынына қиыстай асыпты. Қызыл пүліш­пен көмкерілген төрт сайлы түлкі тымағының түгін бозқырау шалыпты.
Құдай-ау, бұл әкесі не көрмеді? Бәрін де көр­­ді, бәрін де бастан кешті… Бәріне де шы­дады!
Ал өзі ше? Иә, не көрді? Неге шыдады?
Ақбөкеннің жүрегіне суық қанжар қадал­ған­­дай тіксініп, тұла бойына болымсыз тол­қын жү­гіріп өтті. Бойы мен ойын дереу жиып ал­ды.
Ат шашасын қапқан көбік қар тақтайдай тегіс мұз бетінде бөгіп жатыр. Ажалға асық­қан­­дай бұлар желе-шоқыта жосылтып ке­леді. Ажалға қарай асығып келе жатқаны да ақи­қат… Ақбөкенді ажал торығалы қа­шан?!
Он жасында ел ішінде «кәмпеске», «тәргі» жүріп, жалпақ жұрт жауынды бұлттай бұзыл­ды. Ертістің бойы сыңсыған мал, толған жан еді… Ағайын-бауыр алапес тигендей бай-ке­дей боп бөлінді. «Тап жауы» деп тескен тау асырды. Бұған шыдамаған белділер шекара асты. Әкесі секілді білектілер бесатарға оқ жүгіртті.
«Банды» деп ұсталған әке Сібірге жер ай­далды. Ал бұл болса, 1932-нің аштығын кө­ріп, жалаңаш-жалпы жетімдікті тартты. Боз­торғай­дай шырылдаған ананың арқа­сында аштық тырнағынан аман қалды. Зай­санның май шабағы құтқарды… Ал он жасында көз жазып, көмескі тартқан әкесін кө­ріп тұрғаны кеше. Арада алмағайып уақыт сынаптай сырғыпты. Әйтеуір, асыл сүйек Ібір-Сібірден аман-есен ора­лыпты елге. Ал бұл… Бұл ұлы қан-қасап май­дан­нан оралды.
Ат басын іркіп қалды. Әкесінен құйысқан аралық қалып қойды. Сонда ғана құла таң­нан құлмерездей міз бақпаған әкесі:
– Шаужайлама! – деп саңқ етті бұрыл­мас­тан.
Салт аттар қайта қатарласты. Темір үзең­гі­лер жанай тиісіп, шақ-шұқ ете түсті.
Ақбөкен ажалдан да айылын жимас адам­нан сескенген жоқ, бірақ дәм-тұзының тау­сылар шағын баяғыда бағамдап қойған. Көңі­лінде көптен артық емеспін, майданда ше­йіт кетер­мін деген ой шердей толқып жүрді… Соғыста екі рет жеңіл жараланды, бірақ тік тұрып кетті. Бірі – Москва түбінде, бірі – Сталинград қор­шауы ішінде. Шпагин автоматын құшақтап, қолма-қол қала ұрысында дұшпанын пы­шақ­тап, шыбын жанын аяған жері жоқ.
Ажалы жоқ екен. Арманы бірақ бар екен. Ол: «Шіркін, туған жерге, аяулы анама бір ор­алсам!» болды. Құдай жар болды, бұл тіле­гіне де жеткізді… Бірақ қатал әкеге кез болып, әке кесімін кесіп өте алмай, анасының жүзін көре алмай, жылымға қарай жылыстап барады.
Сол анасы еді, көлде қабырғасы қайы­сып, құрма ауды білектей тартып, тұз сасыған ба­лық­шы боп жүрген жерінен, «көзіңді аш, Алматы ас, оқу оқы» деп жұмсаған. Сол анасы еді, Танаштың төсегін таза ұстап, некесін бұз­бай, «текті тұяқтың тұқымысың, жақсы атың шық­сын» деп бата берген. Сол анасы еді, «әкеңді түбі сен ақтайсың» деп алқа­ған.
Он тоғызында Алматы аралап, институт сағалап, «Әдебиет және тарих» факультетіне түсті. Төртінші курсты тәмамдап жатқан маусымда батыста соғыс оты тұтанып, алғашқы боздақтардың бірі болып майданға тоғы­тылды. Талай жан қыршынынан қиылды, талай жан мүгедек боп қалды. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген аталар сөзі ақиқат екен, майданда май шабақтай адам аулаған ажал мұны айналып өтіпті.
Бұл ебін тауып Алтайға да жетіпті… Су іш­­кілігі бар екен.
Тағалы тұяқтар мұз жүзін оймақтай ойып, көл ортасына қарай жақындап келе­ді.

* * *

Қар жамылған қансонар өңірге жарық молынан жайылды. Күн бірақ бұлыңғыр. Көл үстін күңгірт бір түс кеулепті.
Танаш қарттың да көңілі күңгірт. Күңгірт­тен­бей қайтсін, жар дегенде жалғызы жерге қаратса… Сүйегіне кетпестей таңба басса.
Көрмегені аз ба еді? Көрем дегені осы ма еді?!
Он алтының ойранында отыз үш жасар Танаш ақ патшаның «майдан қара жұмысына қарусыз қазақ аламыз» дегеніне қарсы дүр­лік­кен көппен қолына қару алған. «Кәмпеске» мен «тәргінің» тұсында да тізе батырғандарға бесатар кезенгені рас. Алтайдың ақ тиінін көз­ден байлап атқандай, қызыл кеңірдек кер­дең­дердің басын ажалға тіккені тағы шын­дық.
Жиырма тоғызыншы жылы қол-аяғы бай­ланып, Сібірге айдалып, бір құдайға жалынып, Сақа жерінде жуан қарағай жықты. Та­лай ер-азаматтың жүзі қалың орман жа­пырағымен жабылып, тәнін тундра батпағы жұтты. Сталин­дік өлім лагерінде бөріше қарысып бақты. Бір құдай жар болып, соғыс басталған жылдың күзін­де жеңілдік беріліп, «тылға керексің» деп елге қайтарылды.
Жарының адалдығына куә, ұлының ұлы сұрапылда мылтық асынып жүргеніне іштей разы болған… Өкіметтің майданға дайындап отырған Марқакөл қылқұйрықтысын шашау шығармай, жылымға жұтқызбай, алаңсыз жылқы қуып, Бас жылқышы атанып жүр еді. Бас уайымы сейіліп, бар уайымы еңіреулі ел мен мал жайы еді.
Жұтпа жылым демекші, осы өткен түн Қа­­ра­бүйрек қуысындағы қоста көзі ілініп кет­кенде, баяғы Шонжырбайдың қалың жыл­қысын көріп еді. Он алтыншы жылғы Қы­зыл Керіштегі опатты айна-қатесіз түсінде көр­ді.
Ақпанның ат құлағы көрінбес аласат боранында ыққан қалың жылқы қамысты қо­­па­ның ішіне дүркірей енген. Бар сұмдық сол сәй­гез қамысты қопаның ішінде болған. Жа­­бағы мен тайдың жұқа шабын кеуіп тұр­ған нар қамыс алдаспанша ақтарып, буаз бие­лердің жер сызған қарындарына найзаша қадалып, қанша жануар жазықсыз құрбан болып еді…
Ал түсінде сол Шонжырбайдың қалың нөпір қылқұйрықтысы Қарабүйректен шығып, кит жонындай көкжолақтана көпсіп жатқан жылымға қарай үркіп барады. Бұл астындағы көкшолақ атпен қуып келеді. Бірақ үріккен мал жеткізер емес. Құландай шошынған қалың жылқы мұз үстімен дүр­кірей жосып, көл ортасында еріп жататын Ертістің ұлы ағысына аран­дай барып тұтыл­ғаны… Арқырай кісінеп құлағаны… Қаншама жүйрік қылқұйрықтыны ұлы жылым жым-жылас жұтқаны…
Жылқының ащы кісінеген үнінен оқыс оя­нып кеткен. Қос іргесінде қаңтарулы көк­шолақ кісінеп, мұны таң алдында тұрғызып жіберген. Қашқын ұлы Ақбөкен болса, қос іргесінде теріс қарап жатыр. Ұйықтап жат­қаны, ояу екені белгісіз.
Далаға шыққан. Қар басылыпты. Қара бо­заң түн қансонар тілеп тұр. Он жеті жасар кө­мекші – бозбала жылқышы түнімен күзет­ке кеткен өріс жақтан да сыбыс жоқ. Кешеден бері жауған қардан кейін бұлаңытқан бо­заң әлем демін ішіне тартып, тым-тырыс күй­де қалғып кетіпті.
Ит жеккен жақтан оралып, жылқы бағуға шыққалы банды болған кезіндегі бесатарын Бөкенбай тауындағы киізге орап тыққан же­­рі­нен алып, түнгі күзетте өрісте ұстайтын. Да­ланың төрт сирақты ит-құсынан гөрі адам­ның екі аяқты «ит-құсы» қауіпті жыртқышқа ай­налған бүгінгі күні «қарусыз жүру – өлім­мен тең» деп санайтын Танаш ымыртта өріс­тен алып келген. Бозбала жылқышыға он алтыншы мылтықты оқтап берген. «Жылқы – жел мен жаудың малы» деген жалқы ой санасына сіңген жұрт емес пе, қаруды иенде серт ұста­ған.
Таң алды аян бергендей кірген түсін тағы да еске алып қойды. Алланың өзі «жылымға қа­рай аяңда» деп ой салғандай болды… Қос­қа бұрылды.
– Тұр! – деген ұлына доңызша қорс етіп, қосқа басын сұғып.
Қаңтарулы көкшолақ атқа өзі мініп, бес­атарды иыққа асынып, бозаң түнді жамыла көл­­ге қарай тартып отырды. Ақбөкеннің ас­тын­­дағы күрең бесті тастақты күтірлете ілес­ті. Көпсіп түскен қар үстінде тұяқтардың пар ізі бадырайып қала берді.
Таң қараңғысында салбурынға аттанған­дай сар желіспен сартылдаған қос салт атты таңды атырып, бұлыңғыр күнді батырардай бебеулетіп келеді. Танаштың беріш жүрегінің бебеулейтін де жөні бар. Белінен шыққан жалғыз ұлы еді Ақбөкен. Орыс кемпір Аня шөп­пен емдеп жазбағанда, осы қу жалғызды ауыр босанып, жатыры қағынған әйелін жер жұтар еді… Аня-баба ажалдан арашалаған-мен, бәйбішесі бедеу боп қалды.
Кейін ел бүлінді, жұрт сөгілді…
Қарындас қақ айырылды, жамағат қақ жарылды. Таудың қарғын суындай қия қуа­лап, жуа талмап кетті. Тоқал алып, ұрпақ кө­бейту былай тұрсын, соқа басы саудаға с­а­лынды. Малы талауға ілікті, жаны қамауға түсті.
Ал Ақбөкені даланың киігіндей жал­ғыз­дық көрді…
Танаш түлкі уақыт пен аю заманның құр­баны болды…
Ал бүгін Ақбөкеннің аяқ астынан алапес­тей алдынан шығуы – сол сұм заман соры­ның соқтасы. Бұл әке болып оған не істеді? Не көр­сетті? Аштық пен жоқшылық. Адасу­шылық… Жо-жоқ! Бұл адасқан жоқ. Адам атса да, еңіре­ген ел үшін, жетім-жесір жұрт үшін! Бөкен­бай­дың бұлан жонында бес жүз үйдің шаңырағын ортасына түсіріп, ошағын өшіргенде өкіметті аяған жері жоқ. Бұл да қанына қарайды.
Астындағы сау желген көкшолақ пысқы­рынды. Кеше де көкшолақ қос басына пыс­қы­рына тоқтағанда, іштен селдір сақал-мұр­ты өсіп кеткен, «зектер» киетін қара құ­лақ­шын астынан сауыс-сауыс шашы са­балақтана иы­ғына түскен албасты атып шыққанда сескеніп те қалып еді.
Сілеусіннің көзіндей сұрғылт жанарын қадаған ұлы:
– Әке! – дегенде селк ете түскен.
Тез есін жиып:
– Жоғал! Әкең емеспін мен… Садаға кет! – деген бұл.
Ойына қара күзде ауылсовет ағайыны келіп, «Ұлың соғыстан, одан Сібірдегі абақ­тыдан қашып кетіпті… Білсең – хабарла!» деген ес­кертуі қамшыдай осып өткен еді… Содан бері санасы сан-саққа бөлініп, ұлына деген қаны сұйылып жүрген.
Ал әке мен баланың осы бір оғаш кез­десуі екеуін де тығырыққа тіреп, тілдерін бай­лап тастады.

* * *

Алпысты алқымдап қалған әкесі арада он төрт жыл өтсе де өзгере қоймапты. Ақбө­кен жазбай таныған. Қақ маңдайдан қам­шымен тартып қалғандай, бір орнында сос­тиып тұрды. Әкесінің сөзі атылған оқтан да ауыр тиді.
Қостан қосанжарласа атып шыққан боз­бала жылқышы да көзі атыздай болып, Та­нашқа тесірейген.
– Қосқа неге енгізесің? – деген әкесі зіл­­мен: – Өлтіріп кетсе қайтесің, қайдағы қаш­қын-пысқын?!
– Мен… аға, сіздің ұлыңызбын деді… Со­сын…
– Қайдағы ұл, әкеңнің аузын?! Мен қу­бас­п­ын… Тіліңді тарт! – деп әкесі жылқышы көмекшісіне зекіп тастаған.
Ақбөкен үндемеген күйі әке сөзінің қор­ға­­сын­дай ауыр зілін түсінген. Өзін әке алдында жел қуған қаңбақтай жеңіл, сорлы күй­де сезінген…
Танаш:
– Тез жылқыға тарт! Біреу-міреу кездессе, мына адам туралы аузыңды ашушы бол­ма! Сот­талып кетесің, – деген сөзіне Ақбөкен мән бе­ре алмай мәңгірген. Ал жылқышы бала ата кеп жөнелген.
Әкесінің соңынан қосқа қаймыға кірген еді.
Қос қабат киізбен жабылған кереге қос іші құрқылтайдың ұясындай жылы еді. Бо­саға көзіндегі қазаннан әкесі жабағының етін алып, жерге жайылған дастарқан үстіне қой­ды. Ол үн-түнсіз тамақтанды. Жылқы сорпасына сарымай қосып ішті.
Мұның бар-жоғын елең құрлы көрмеді. Асқа да шақырмады… Ақбөкен бірақ қоста қалған қосшы баламен кеше кештен бері тоқ еді.
Түнгі жылқы күзетінен келген әкесі төрге озған қалпы киімшең күйде қор ете түсті. Ақ­бө­кен­ді кісімісің, итпісің деген жоқ. Шал­қасынан шалжия жатты.
Ақбөкен әкесінің сыз қабақ, суық сөзін салмақтай алмай сыртқа шықты. Дүние дел-сал тартып, желтоқсан аспаны бұлыңғырлана түсіпті. Қар ұшқындап келеді.
Жетім сайдың шығар аузына тігілген ық­та­сын қостан аулағырақ барды. Әлгінде ұш­қын­да­ған қар молайып, маңайды ақ кіреуке перде тұтты. Жел-желеміксіз жауған аппақ тасқын асты аязсыз. Желтоқсан жылымыққа бөге қалыпты.
Ақбөкеннің бірақ атқалақтаған жүрегін ыз­ғар қариды. Жапырағынан жұрдай боп айырылған көк теректер мен сыңар өскен ақ қайыңның қасына барды. Бұл да мынау көп теректің ортасында қалған сыңар қайыңдай сезінді өзін… Сыңар екені сөзсіз. Жалғыз қал­ға­ны да шындық. Енді мұны ешкім де маңына жуытпас.
Дүниені кезген дуанадай шыр айналып келіп әкесінің қосына тап болмады ма?! Көл жағалап отырған ауылына ат шаптырым қал­ғанда, қара қостың үстінен шықты. Бұл да тағ­дыр­дың жазғаны да… Түн жамылып ауылға енем, анамды көрем деген тілегін қара қос кесті.
Қостағы жылқышы бозбаланы көргенде қуанып та қалған. Одан әкесі туралы хабарды ес­тігенде, бір қызарып, бір бозарған. Қашқын­ды қалай қарсы алады деп ойқы-шарқы ойға бат­қан. Ақыры көңілдегі күдігі ақиқатқа айналды.
Әкесі бетін теріс бұрды…
Алтайдың басындағы Чердояқ қорғасын кенішінен қашып шығып, Құзғындыны бауырлап, Қаражалды сауырлап, Майтерек пен Бө­кен­бай өңірін түн қатып жүріп жеткен тағ­дыр тұйығы бұл. Әкесі үшін Ақбөкен шахтадан емес, майданнан қашқан «қашақ»… Дезертир. Ал Ақбөкен дезертир емес еді ғой.
Сталинградтағы жауды қоршауға алып, азып-тозған тұтқындарды көзбен көріп, жеңіс тойын тойлаған қырық үштің ақпаны күні кеше болатын. Ақбөкенге сыртынан тісін қайрап жүрген кавказдық жүндес политрук: «Ойсылов, тұтқындарға жаны ашиды. Ау­зындағы тушонкасын жырып береді. Мен мұсылманмын деп, қалбырдағы етті же­мейді… Аузынан жырып жауды жарыл­қағанша, ашығып жатқан ленинградтықтарға жіберсін, – деп кекеткен. – Фашистерге бүй­регі бұрып тұрады, «халық жауының» тұқымы болу керек».
Пәле қайдан, жала қайдан деген емес пе? Қолма-қол «ерекше бөлім» офицерлері ке­ліп, тергеуге алынды. Оның соңы әкесінің «банды» болғаны белгілі болып, 58-ші статья­мен сотталып кете барды. «Ата салу – жеңіл өлім. Шах­тада руда қазып, майданға пайдасы тисін… Шахтадан өзі де тірі шықпайды» деп шешіпті.
Көкек айының жер дүниені жібіткен жұ­мақ күнінде бұл темір торлы вагонға то­ғы­тылып, Орал тауларынан асып, ібіліс те ір­гесін аулақ салатын Ібір-Сібірге қарай салып ұрды емес пе?! Өзі секілді істі болғандармен Новосібірге жақындағанда, қарауылдардан «тұтқындар ішінде сібірліктер болса – Қазақ­станға, ал азият­тықтар болса – Сібірге жұ­мыс істеуге барады» екен деген қауесетті ес­тіді.
Сол кезде қасындағы Санал деген сұң­ғыла хақас жігіті: «Сен қазақсың, мен ха­қас­пын. Түріміз ұқсап тұр. Новосібірде бізді әр жаққа бөледі. Сен «Санал Оймауытов» дегенде, сапта «Мен» деп айғайлап, Қазақстанға ба­ратындар сапына бөлін, мен «Ақбөкен Ой­сылов» деп сібірліктер сапына кетейін. Тәңі­рім қолдаса, сен өз жеріңе, мен өз жері­ме тартамыз», – деп ой салғаны.
Құдай бар екен, екеуі екі айырылды. Әл­де бір темір жол бекеті басында бұларды әке­ле жатқан «қызыл жағалылар» ауысып, қарауыл алмасқан кезде пойыздан пойызға көппен бірге «Оймауытов» боп мініп кете барды… Алла тағала алқады, Ақбөкен айда­ладағы хақас азаматы атанып алдымен Рид­дерге, онда жұ­мыс жеңілірек деп, Алтай­дың меңіреу түкпірін­дегі Чердояқ қорғасын кенішіне айдалды.
Міне, Күршім өңіріндей туған жерге тағ­дыр айдап табаны тигенде, шахтада «селехоз» боп аурудан өлгенше, Алтай орманында қашып жүріп өлейін деген ой тұтқиылдан кел­ген. Адамға ой келмесін, ой сені алып жей­ді, бол­ма­са бір-ақ күнде жүзеге асады… Жо­лы болды, Сталиннің тік тұрған алып мү­сіні анда­ғай­ла­ған Чердояқ кенішінен қыр­күйекте қашып кетті.
Қазір қар жапалақтап жауған желтоқ­сан…
Қосқа келді. Суық қармаған соң еріксіз ішке енді. Әкесі оянып кетті.
Ол май шам жарығында үстін қасынып қойып, біраз уақыт үндемей отырды. Ақбөкен де аузына су ұрттап алғандай ләм-мимсіз.
– Неге келдің? – деді кенет әкесі. – Майданда өлмедің бе?!
Ақбөкен де жұлып алғандай:
– Құдай өлімді қимады, – деп қалды.
– Тышқанша қырылып жатқанда, саған ажал құрығы қалай ілінбеді?
– Бәрі сіздің арқаңыз… Бандының баласы деп Сібірге айдады. Қиюуы келіп, қисынын тауып Чердояқтан бір-ақ шықтым, әке!
– «Әке» деме! – деп зілмен айтты Танаш. – Әкесізсің сен!..
Ақбөкен тосылып қалды.
– Өтірік айтасың!.. Чердояққа жіберуі мүмкін емес.
– Ол көп әңгіме… Мен паспорт бойынша қазақ емеспін, хақаспын.
– Хақас… Хақас емес – қашақсың… Кім болсаң, ол бол. Сен өліксің!
– Сіз бандитсіз… Мен сіз секілді қазақты атқаным жоқ. Өлсем де арым таза! – деді ке­нет Ақбөкен де тістеніп.
– Ой, ақымақ! Кімнің қолы қанды, кімнің тағдыры мәнді? Оны құдай біледі… Ар деме, сен! Арсыз!
– Мен енді адам өлтірмеймін, – деді Ақ­бөкен ойланып: – Жауым болса да өлтір­меймін. Дұшпаным мені өлтірсін. Разымын! Дұшпан қолынан өлу де мәртебе ғой. Ол бірақ пешенеме жазылмапты.
– Сендейлерге құдай да пешенеге жазбайды. Соғыс – қасиетті құбылыс… Соғыста да абыроймен өле білу керек. Ал сен – арам­сідік… Жақсы ит те өлімтігін көрсетпейді. Иә, мен өкіметке қарсы шықтым. Бандит атандым. Жеңілдім. Жазамды тарттым. Бірақ елімді сатқам жоқ… Ажалдан қорқып бұққам жоқ. Он екі жыл отын кестім… Өкінбеймін!
– Мен де өкінбеймін. Бір кісідей соғыс­тым… Шындық бар болса, – дей беріп еді Ақ­бөкен.
– Қайдағы шындық? Шындық – қан май­данда шейіт кету. Шындық – елге ақ кө­кі­ре­гіңді ашып оралу. Ал сен қашқынсың… Қа­шақ… Дезертир, – деп ызаланды әкесі.
– Сіз де «банды» атанып, тау паналап қаш­қансыз…
– Қашсам да, қусам да қазақ үшін! Болсам – қазақтың бандысымын… Ақнайманның бес жүз үйін Бөкенбайдың бауырында, қо­жам­­бет­тің қалың түтінін Алқабектің асуы мен Марқа­көлдің жағасында қойша иіріп қыр­ғанда, сә­би­лерді лақша бауыздап тас_тағанда, бе­са­тарды қолға алдым. Банды боп атқа қон­дым. Әгәр ондай күн туса, қаруға қазір де қол саларым хақ. Ал сенікі ұят іс… Сүйекке таңба, арға сын. Бас сауғалап қай­да барам дедің сонда? Алдағы ер-азамат пен арттағы ел-жұрт жауға Совет өкіметі мен Ста­лин көсем үшін емес, біле білсең, елі мен же­рі үшін жанталасып жатыр. Ал сенің тү­рің… Арам без.
Екеуара әңгіме осымен тәмам болған. Екеуі де ымыртта ойға батып отырған.
Жылқышы бозбала кешкі ас ішуге келген соң, әкесі тысқа шығып кеткен еді. Ақбөкен ар­қасын керегеге сүйеген қалпы отырды да қой­ды. Жылқышы жас жігітке де үндемеді… Ол да мұның мұңына ортақтасқандай жақ ашпады.
Әкесі қара түн қанатын керген кезде қос­қа қайтып оралды. Жылқышы жасты өріс­ке қайыра жұмсады да, бұған қарата:
– Біз таңға жолға аттанамыз, – деді. – Мен оралғанша, малға ие бол! Биік басына өр­летпе, сай ішінде болсын. Жел шығып қал­са, жалтаңға шығып кетеді. Сергек жүр, ит-құсқа сақ бол!
Түн тыныштығын ешкім де, ештеңе де бұз­­бады. Әкелі-балалы екеуі теріс қараған күйі жатты. Әркім өз ойымен алысып, өз тағ­дыры­мен тартысып жатты.
Бұл соғыс кімге керек? Танаш пен Ақбө­кен­дей қаймана қазаққа ма? Әлде, азуы алты қарыс орысқа ма? Әлде құйысқаны бес қабат неміске ме? Жоқ. Жалпақ дүниені жалмауыздай жалмап, жыланша жұтқаннан өңгергені он қабат орыс жұртына да, бөк­тер­гені бес қабат неміс ұлтына да керек емес… Қос кө­сем­ге керек болды. Батысқа ауыз салу үшін Германия Сталинге, шығысты шылбырлау үшін Россия Гитлерге керек еді. Сұра­пыл соғыссыз, қанды құрбандықсыз ол мә­се­ле шешілмейтін. Соғыс қана шеше ала­­тын.
Ақбөкен қараңғы қоста осындай бір ой түй­ді.
Түнделетіп жауған қар бүйректей бұлти­ған Қарабүйрек тауы мен бүйен ауыз Зайсан көлін қымтай түсті.
Ақбөкен әкесімен өткен суықбауыр өмі­рін еске алды. Қараңғы қоста қарабауыр тыш­қан­ша төрт бүктеліп, көзі ілінбей-ақ қой­ды. Тұзақ­қа түскен қоян мен құрдың етін жеп, қоңыр күздің шуағы иітіп, Алтайдың ор­­манында қа­шып жүргенде қысатын арам ұйқы да қашып кетті.
Ұйқы қашпай қайтсін?! Әкесінің не ойла­ға­ны бар? Күндізгі әңгіме ауаны ажалға ауыз салып тұр… Бұған енді барар жер, басар тау қал­ған жоқ. Ажал мұны қақпақыл қып ой­нап­ты. Ақыры азулы әкесінің алдына әкеп жы­­ғып­ты.
Жалғыз ұрқы ғой… Бәлкім, ажалға қи­мас!
Ақбөкен бүк түскен күйі ұйықтап кеткен. Жа­нары жұмыла бергені сол еді, әйтеуір бұ­ған солай көрінген, «Тұр!..» деген әкесінің қатқыл да зілді шыққан дауысынан шошына оянған.
Таң қараңғысымен орыс ерге қонған…

* * *

Жамбасқа жайсыз орыс ері үстінде бо­заң дүниеге бет қойған… Жайсыз болса да орыс­қа телініп, орыс ерге мінгелі қашан бі­рақ?!
Алған беттері ауыл болмады. Көл жаға­сын­­дағы бір уыс балықшылар қыстағы «Аманат» қиыс қалды. Ту сыртында сиыр бүйре­гін­дей бөлінген Қарабүйрек тауы қа­рауы­тады. Ол да май басқандай ұлпа қар жамылып, алып ақ бүйрекке айналыпты.
Ақбөкен қатал әкесінің қайырымсыз ке­сі­мін бағамдады. Мейірімсіз сезіміне де тіл­сіз мойынсұнған. «Қылша мойным – талша, күйген арым – арша» деп шешті.
Аспан бұлыңғыр тартып тұрса да, ақ шаң­қан көл беті таң атысымен жарқырап шыға кел­ді. Үкі балапанының мамығындай үлпіл­де­­ген ұлпа көл үстін керген таңғы аязбен тұяқ­қа ілінбей, шашамен көтеріліп, қос салт аттың соңында борандата қалып жатыр.
Биылғы жылымықты желтоқсан Зайсандай ұлан көлді қауындай қақ жарған Ертістің арын­ды ағысына да жайлы тиіп жатқан сыңай­лы. Бұлар жылы ағыс жайлаған жы­лым­ды тұсқа жақындаған сайын арнаны бой­лай кө­те­рілген бозамық бу алыстан көз­ге шалынды. Селдірлеу тұман ағыс бойлай созылып, ұзаған күйі көл бетін кеулей, алыс­қа дендей еніпті.
Зайсанның басын бүрген сабадай тар аузынан арқырай құйылатын Қара Ертіс ағы­ны ғой бұл. Қара Ертіс қашанда қара жолынан жаңыл­ған емес. Қаңтар қысқанша көл бетінде көк кит жүзіп бара жатқандай көк жо­та жонданып жатқаны. Ұлы мұхиттарда да осындай ұлы ағыстар болатынын Ақбөкен Ал­матыда жүріп оқыған. Олар мұхит суын қазанда қай­на­ған сүттей сапырылыстырып, бетінде алапат дауыл тудырып, буландыра тазартып тұрады екен.
Ақиық Алтайдың көксүңгі сеңгірлерінен құлайтын Қара Ертіс ағысы да көл суын бел ор­та­дан алдаспанша айырып ағатыны ақи­қат. Лай-батпағы мен лас-шылаушынын Күр­шімнің қиылысы мен Бұқтырманың бұр­масына үйіріп алып кетеді. Құдайдың өзі көл шеңберін шарана мейірлене шомылатын су толы астаудай тазартып тұрады.
«О, құдірет!..» деп қалды Ақбөкен ат үсті.  Ұлы ағыстар да ұлы соғыстар секілді деген ой орала берді. Ұлы ағыссыз алып мұхит та­зар­майды, ұлы соғыссыз адамзат жаңғыр­майды… Жасармайды. Ұлы соғыс та ұлы ағыс сияқты адам баласы лас-лағынетке бат­қан­да, жер бетіне отты ағыс боп оралады. Әлем­ді ашпа-жалап ажал боп жайлаған мынау ұлы соғыс та адам атаулыны тәубесіне түсі­ре­тін, пенделік былықтан арылтатын ақыр замандық апат. Орыс пен немістің ойраны – құдайдың екеуіне жіберген зауалы… Адамзат көзімен көрсін деген қаһары.
Ақ патша заманынан бері орыс елі ақ шыр­­шалы Альпіден қиян-қилы Аляскаға дейін, ақ аюлы Мұз мұхитынан тұманды Тибетке шейін жаулаймын деп жанталасты. Қаншама халық­тар­­дың қанын судай шашты, орға жығып, опат қылды. Обал-сауабына қа­рамады. Қара жерді көр етті, жазықсыз елді жер жұтты. Қаншама жұрттардың қар­ғысы мен лағынетіне ұшырады. Әлем­ге «орыс салған лаң» деген атпен аты шықты.
Тарих факультетін тәмамдап қалғанда май­данға алынған Ақбөкен орыстың озбыр тарихын жақсы біледі… Орыс лаңы әлемдік лаңға ұласпады ма, міне. Көп асқанға – бір тосқан. Құдай немістер арқылы қаһарын тікті… Отан үшін деген мына ұлы қырғын – жаппай кісі өлтіру науқаны да сол қарғыстың қарым­та­сы… Қайыра соққан дауылы. Сібір мен Азияны ала тайдай бүлдіріп, құдайы көр­ші бол­ған қазақ секілді іргелі ұлттар мен ат тө­бе­ліндей  ұлыстарға тарттырған азабына Алланың ғайыптан жіберген тозағы.
Бұл дүниеде еш нәрсе із-түзсіз кетпейді. Құ­дай ешкімді де, ештеңені де ұмытпайды. Мұ­ны да ұмыт қалдырмайды… Бәрінің де қа­­рымтасы мен қайырымы болады. Ерте ме, кеш пе, ұлы ағыстар сияқты ұлы сұрауы ал­дың­­нан тосады.
Ақбөкен ағыс үстін ақ тұман перде тұт­қан тұсқа жақындай түсіп, осындай бір ұш­қыр ойға бой алдырды. Ал әкесінің құлазыған жанын не мазалап келе жатқанын құдай білсін?!
Өртенген орманның түтініндей шығыстан батысқа қарай шұбалған ақ шарбы тұманға таяу келді. Танаш ат басын ірікті.
Бұған қарап тұрып:
– Түс! – деді бұйыра.
Іле-шала өзі де көкшолақтан жеңіл ыр­ғып түсті.
– Аттарды түйіп таста! – деді тағы да бұ­йы­рып.
Ақбөкен аттардың ауыздықтарын алып, бір-біріне қалмақша қарама-қарсы жанасты­ра қойды. Ердің алдыңғы қастарына астаудай бастарын түйістіре қаңтарып тастады.
– Алдыға түс! – деді Танаш әлі де ызғарлы дауыспен.
Ақбөкен алға түсті. Танаш мойнынан асы­­рып, бесатарды қолына алды. Бес жүз-алты жүз қадамдай жүрген соң буалдыр буға кірді.
Көл ортасын кесіп аққан жылы ағыстан көк мұз жүзіне түскен қар да жіпсіп жатыр. Екеуінің аяқтарының асты шылп-шылп етеді. Танаштың саптама етігі мен ұлының көнетоз керзі етігі тая қояр емес. Ақбөкен оң етігін қисайтып, жұлығын басып келеді. Құтты Танаштың өзі сияқты.
Құдай-ау, қу жалғыз соғыстан қашақ бо­лып оралғанша, сұм жалғанға келмегені жақ­сы еді! Ол бірақ мұның қолында ма, құ­дайдың құзіретінде ғой. Қашақ болып оралуы да тәңір­дің ісі. Алла өзі қаламаса, ажал аузынан Алтайға аман-сау оралар ма?! Бұл да бір хикмет… Бұл да бір қасірет… Бұл да бір сынақ. Оны емес, мұны сынағаны… Сынау ар­қылы сүйегін қорлағаны. Ал не істей ала­сың деп жазалағаны. Сүйек сындырды ғой қу жалғыз.
Қорқақ жазасы – өлім…
Танаштың дүрсілдеген жүрегі суып сала берді…
Сарытаудың жұмыртқа жоны мен Сауыр­дың сонылы сілемінен жазда айна жүзіндей жарқылдап шағылатын, қыста күртік қардан құла түз боп шаңытатын Зайсан көлі әкелі-ба­лалы екеуді ақсеңгір буымен қарсы алды. Қа­зан мен қараша қарасуығы қабат ұрып, мұз ерте түсіп еді, желтоқсан жылымыққа бөктіріп, жұртты таңдаңдырып тұр.
Ақсеңгір қабырғадай биіктеп көтерілген бу тұманы екеуін де оп-оңай жұтып қойды. Ау­лақ­қа түйіп тастап кеткен жарау жануарлар иелері көзден ғайып болғанда, қамыс құлақ­тарын қайшылап, қайда кетіп бара­сыңдар дегендей оқыранып-оқыранып қал­ды. Есті хайуан­дар иендегі тайғақ мұз таба­ны­на тапжылмастай етіп қаңтарып кет­кен­дерді іздей елеңдейді.
Олар бірақ бұрылмады…
Жылым жиегіне де жетті. Екеуі де қалт тоқ­­тады. Сере мұздың көк кемерін байсал тол­­қын шылп-шылп жалайды. Шымырлай үйі­рілген су бетінен селдір бу қылаңыта көте­ріліп, көңіл арбайды. Жайдақ толқын жалы мұз бауырына мұңсыз енеді. Көш құлаш енді кел­ген көкжолақ ағыстың беті байсал, те­реңі арынды.
Танаш оқыс бесатар қайырмасын сатыр еткізе қайырды. Ұлының тірсегі дірілдеп, жү­регі суына шапқылады. Толқын тазы иттей жа­лаған мұз кемеріне тағы да адымдай жақын­дап, өкшесі іліне тұрды.
Ақбөкен әкесіне тік қарауға тырысты, бі­рақ жасаураған жанары бұлдырап, көз ал­ды қарауыта берді… Қарға адым жерде тұр­ған қарулы Танаш та қолын көтере бер­ді.
– Анам естімесін! – деді Ақбөкен жай ғана…
Тыныштық орнады. Ұлы ағыстың суси ақ­қан сырылы мен мұз бауырын жалаған сыл­пылы ғана құлаққа шалынды. Ақ бу басқан тұманды маңай да мұнарлана қалды. Әлде қалай желемік соқты.
Танаштың тұңғыш рет қолы дірілдеді… «Жас кезінде ұрпаққа сүйінесің, жас ұлғая ғұмырға күйінесің» деген оқыс ой оралды. Шүріппені басып та үлгермеді.
Кеудесін көтере, басын кекжите ұстаған ұлы кенет шалқалап құлай берді. Ол аткөпір ағысқа жалпақ жауырынымен шалп етіп, қолы мен аяғын ербең-сербең сермелеп, ілезде үн-түнсіз көзден ғайып болды. Ақ тұман тұтқан адасқақта Ақбөкендей боздақты жылым ағыс жым-жылас жұтып қойды.
Танаш үйіріле аққан ұлы ағысқа қайтіп қарай алмай, жүзін бұрып әкетті. Қаңтарулы қалған қос атқа жетуге асықты. Аяғын арақ ішкен адамдай шәлкем-шалыс басады. Тұман тұтқан тұла бойы сең соққандай сенделіп, әп-сәтте иіні түсіп кеткен екі иығы қушиып, селкілдеп барады…
Ал оғы атылмаған орыс бесатарының дүмі дымқыл мұз бетін сүйретіле сызады. Орыс ері алынбаған қаңтарулы құр аттар аулақта қалмақша түйіліп, қос иесін тықырши күтіп тұр.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір