Исраил САПАРБАЙ. ЖҰМАТАЙДЫҢ ЖҰМАҒЫ
09.11.2020
261
0

Жұматай Жақыпбаев

Ептілік пен тектіліктің аралық өлшемі көк пен жердей. Бірін-бірі теуіп тұрған бұл екі ұғымды бір-біріне телимін деу бос әурешілік болар еді. Ептіліктің есігінен қашанда өлермендік пен пысықайлық сығалап бой көрсетіп тұрады. Тағы бір қызығы, ептілер ешкімге есе жібере қоймайды. Қай заман да, қай қоғам да оны өз еншісінен қағау қалдырмайды. Өйткені оған дауа жоқ. Адам дерті жазылар-жазылмас, қоғам дерті әріден беріге созылуымен қатерлі. Созылмалы ауру дегеніміз сол. Ал… ал Тектіліктің жөні бір басқа. Ол дегеніңіз қанның құрамында, тәннің тұрағында, жанның жұмағында ғұмыр кешеді. Тектілікпен теңесу де, текетіресу де қиын. Ол үшін алдымен өз әддіңе бақ. Өз төркін, төріңді тап. Заты текті өзі залал көрсе де, өзгеге залал түгілі, залалға апарар амал да жасай білмейді. Онда ұсқын болмайды, нұсқа болады. Ныспы нұсқалы жанның ішкі әлемі кіл әлеміштен, не жалтырақ, жылтырақтан тұрады деу де әбестік. Тектіліктің тұла бойынан берекелі бекзаттық, келісті кербездік, сындарлы сырбаздық, биқасам бипаздық болым-бітім менмұндалап тұрады. Ондай жанның өзіне ұқсағысы кеп, сөзіне ұйыйтындар, Құдайға шүкір, көп. Ырқы мен ықпалы еріксіз ықылас арттыратын ондай жан егер Ақын болып келсе ше? Онда әлгі өзіміз айтқан Тектілік сарайының сән-салтанаты мен ажар-көркін осы Ақын әспеттеуге лайық дей беріңіз. Бекзаттық поэзияны да, түптің-түбінде, осы Ақын жасай алады!
Өз басым Жұматай Жақыпбаевты біздегі Бекзаттық поэзиясының бірден-бір өкілі дер едім. Ал Бекзаттық поэзияға алдымен – сыршылдық, сырбаздық, сұлулық тән. Осы үш бірдей микроәлемді өн бойына өзек еткен өлең дүниесі қай кезде де қазынаға да, базынаға да жарап жатыр. Сұлулыққа іңкәр ақын сұлу-сұлу сөз теріп, мамыр мақам, мың бояу, күндіз күмбір, түнде ояу, көрмеске – ғайып, көргішке – ғажайып дүниені алдыңызға тартады емес пе?! Сол дүние, сол әлемге бір рет те болса көңіл қойып, көз тоқтатып көріңізші:
Кешемін жасыл мәуіт, көк шұғаны,
Алдымда жарық күннің от шуағы.
Көрдің бе көкорайды?
Қалай екен?
Мен жүрген жерге ғана шөп шығады.

Әнеу бір бұйра тоғай көгіне енсек,
Ақ өзен, одан әрі көрінер шөп.
Қайтайық жәй адыммен, екеумізге
Атамның беріп кеткен жерін өлшеп.

Ерейік гүл айдаған бір самалға,
Сенікі мұнша құс та, мұнша мал да,
Қызыл түс, сиыр бүйрек үй тастар да,
Көк тонды, көлеңкелі шыршалар да.

Жүйіткіп жирен атпен күліп өткен,
Таниды мені таудың гүлі көптен.
Қызартты құбыла да шоқтай жүзін,
Құрымдай қара бұлтын түріп еппен.

Қарамас енді маған мұңайып күн,
Мен сені жақсы біліп, шынайы ұқтым.
Жүр бері гүл төселген соқпақтармен,
Биікке тумысынан лайықтым.
Қалай екен, Жұмағстан жұртын аралағандай әсер алдыңыз-ау деймін. Иә, бұл – Жұматайдың жұрты… Жұмақтағы. Ақын да бір, қызғыш құс та бір-ау деп ойлайсың кейде. Неге дейсіз ғой? Көз тамшысындай көлге өзге құс қондырмаймын деп Қызғыш құс әлек. Жәннатты жарғаққа, сұлулықты сұмпайыға айналдырмаймын деп Ақын бәйек. Құс қалбағай, Ақын желбегей. Жеме-жемге келгенде, екеуі де дәрменсіз – қараулықтың қасында. Құдайдың құдіретімен туа салған, пенде қолынан келмес періште дүниені сол тамылжыған, уылжыған күйінде алға тартсақ, адам жүрегі оянар, харамдықтан аянар деп ойлайды.
Бас-аяғы бес-ақ шумақтан тұратын осы бір өлеңде қаншама сурет, қаншама бояу, қаншама көркем көрініс, қаншама сұлулық сүлбесі жатыр десеңізші?! Текті ауыздан тегін сөз шықпаса керек-ті. Мұндай дүниені көзбен жүгіртіп оқып шығу обал, көңілмен тоқып, өрнек, бояуын бойға сіңіру абзал. Жасыл мәуіт, көк шұға, бұйра тоғай, ақ өзен, гүл айдаған үр самал, қызыл түс, сиыр бүйрек үй тастар, көк тонды, көлеңкелі шырша, жүйткіген жирен ат, шоқтай қызарған құбыла, құрымдай қара бұлт, гүл төселген соқпақ… көз аяңда қанша байлық тұнып тұр! Мұның бәрін кез келген көлденең көз көрер ме? Әй, қайдам-ау, көгенкөздер болмаса…
Шынтуайтына келгенде, жер бетінде осындай сұлу әлем, сүмбіл дүние бар ма? Бар деймін мен. Бұл – Ақын әлемі, бұл – Жұматайдың жұмағы. Жұматайдың жұмағына кірген жан кірден тазарып, бірауық болса да кірпияз күйге енеді. Тән шәрбетін, жан жәннатын сезінудің өзі бір ғанибет емес пе?! Міне, Бекзаттық поэзияның бір құдіреті осы.
Ақын алдымен өзін жақсы танып-білуі лазым. Өзіңді толық тану арқылы ғана өзгенің қайғы мен қуанышын, мұңы мен шерін, қасіреті мен қасиетін сезіне аласың. Өзіңді тану өзімшілдік емес. Құдайым лайым өзімшілдіктен сақтасын. Өзеуреген өзімшілдіктен өлермендік өніп шығады. Бұл дегеніңіз қатерлі ісіктен де қауіпті. Менмендікке бой алдырған ақыннан әлгіндегідей адами қасиеттерді табу да, тану да қиынға айналып кетеді. Менмендік меңдесе, астамшылдық асқынады. Хас ақын мұның екеуіне де қас. Өкінішке қарай, бізде – қазақи өлең топырағында өзіне өлеңі, өлеңі өзіне ұқсай бермейтін ақындар аз емес. «Домбырам не дейді, мен не дейміннің» бір кері осы. Бір жақсысы, Жұматайдың мұндайлармен ешқашан, ешуақытта да әңгімесі жарасқан емес. Жақсы әңгіме, жарасымды отырыс үстінде әлдебір ақын өзеурей бастаса болды, орнынан үнсіз тұрып, әй-шәйсіз шығып жүре беретін. Жүре бермегенде қайтсін, бәрі бір, әлгі неме сөзге қонақ, оған кезек бермейді. Жайын ауыз жайылып, жайрап, «сайрап» отырғанда жалқыға қашан сөз тиген?! Иә, Жұматай көбіне жалқы болатын. Жүрсе, асықпай-аптықпай, ұрттаса, баппен, шақпен шамалап шамырқанатын шәркездігінде де бекзаттық болымы, тектілік тәлімі баданадай байқалып тұратын. Зейіні тыңдауға бейіл, зердесі тыңдағанды тоқуға бейім ол қай ортада да бабын бұзбаған қалпы байсалды отыра беретін. Өзін бағалайтын, өзгені сыйлайтын, тумысынан әдепті, ес білгеннен тәрбиелі, ержеткеннен тәлімді ұлдың таным-білімі, сөйтсек, талайға өнеге, үлгі екен ғой…
…Мылқау болған жіпсіз байлап бай тілін,
Арттыра алман жаман Жұматай құнын.
Ақ Тәңірдің өзі ғана біледі
Кімді жасқап, кімді жарылқайтынын, – деп мұны бір өлеңінде Жұматайдың өзі де сыпайы ғана білдіре кеткен тәрізді.
Таным-білім демекші, Жұматай поэзиясында энциклопедиялық нышан, сипат та жоқ емес. Атам заманғы аңыз, оқиға, әлімсақтағы ат-есім, қайдағы қағида, үрдіс, дәстүрді қайдан оқып, қайдан танитынын қайдам, қай өлеңінде де өзгеше, тосын әлемдер айшығын алдыңызға тартады да отырады. Осы орайда оның:
«Әдебиет деген әлемге қажет шаруаның
Археологы да, геологы да болдым мен» – дегені жәй мақтан емес, әрине. «Біз де оқығанбыз, өнер ашқанбыз, тіс қаққанбыз» дейтіндердің талайы Жұматай өлеңдерін оқығанда, әлгі райынан қайтып тілін тістей қоятынына мен кәміл. Қазір сауатсыз, саудасыз ешкім жоқ. Бәріміздің де ішімізде бір-бір «қуыршақ Құдай» бар. Пендеміз ғой, кей-кейде өзімізді сол «қуыршақ Құдайлардың» билеп-төстеп кететіні бар. Тартысып-таласып, жауласып-дауласып қалатынымыз да содан. Ал Жұматайдың ішінде… аз сырластым, көп жүздестім демейін, ол бұл «Құдайды» ішіне індетіп, жанына жуытып көрген емес. Оның Құдайы біреу. Ол – Тәңір. Ол – Алла. Ол – жаратылыс пен жаратушы жәйлі ұлы ұғым. Ұлы ұғым ғана үлкен ойға, үркер сезімге жетелейді. Жұматайдың ойы да, бойы да, сезімі де, ұғымы да… бәр-бәрісі өміршең өлеңмен өрілген. Егер ол «…Дабырадан қашқанға даңқсыз деп жүрмісің, Доп тебетін жігіттей дыбысым жоқ деп мені?» десе, ол да жәй айбар, сес емес, маған үңіл, бағала, бақ деп дос-құрбыға қаратып айтылған базына болса керек.
Ақын «Мені» – кейде жалқы, кейде жалпы. Айдай әлемнің тыныс-демін, харекет-берекетін айна қатесіз дөп басып, дәл танып отыратын ол бағзы бірде, ілкі арада өзіне де үңіліп, үңілген сайын ширығып отырады. Қайсыбір нақұрыстың намақұл сөзінен намыстанып қалған ақын бәрібір «өшін» одан емес, өлеңнен алады. Жүрек жарасын жан тілімен жалап, жазбақ болады. Бәрібір жаманшылыққа бармайды, жақсылық қамын жасамаққа әрекеттенеді:
…Мұхит жаққа асығады әр өзен,
Сол бір ойы және қымбат, және жөн.
Мен Жалайыр Мұқылайдан артықпын,
Қият нәсіл Қағанмен тең дәрежем.

Көсемдікке келіп те тұр форымым,
Әрі нәзік, әрі қатал қол, үнім.
Мен қалқамды жадыратар едім-ау,
Бес-алты айға берсе Колбин орынын…
Иә, ақын да пенде. Пенде, әдетте, кемшіліктен кенде емес. Бірақ, бұл арадағы нәзіктік, бұл арадағы қаталдық кемшілік деуге келмейді. Контрасты екі ұғым, екі қасиетті жию, жымдастыру арқылы ақын өз болмысынан хабар айтып тұр. Әділдік, ақиқат, шындық жолында бір ғана нәзіктік жеңіске жете алмақ емес, оған қоса қайсыбірде қаталдық та қажет. Ақын кредосы осы. Өмір көрген, көріп қана қоймай, тағдыр таныған пешенелі пенденің ой-түйіні бұл…
…Байқайсыз ба, ақын жанында – біздің Жұматайымыздың жанында көлденең көзге көрінбей көкше мұнар, көгілдір елестей ерекше бір нәзік, нәркес, сұлу Дүние ылғи жүреді де қояды. Ол, бәлкім, Пері, не Періште ме? Әлде… арманда ару Ләйла ма?..
«Мен қалқамды жадыратар едім-ау…»

«Сол қызға қарап ойлаушы ем әйел затын мен:
«Әйел» деген сөз бе деп «ай елі» деген…»

«Мен жоқ болсам, атымды айтып күбірле,
Мен өлмесем, жақсылықтан түңілме…»

«…Сәбиісің ізгі ананың,
Жаны-тәні ақ қардай-ақ.
Анаңнан да қызғанамын,
Өзім ойлап тапқандай-ақ».

«Жұматай ма? Керек емес мұны аяу,
Жүрегінде намысы ояу, жыры ояу.
Сенің барың, сенің бұлай туғаның
Қандай ғажап, Құдай-ау!»

«…Сен жұпардай пайдалысың,
Мен арақтай зияндымын…»

«Көрсетші бір күлетінін Күн қалай,
Жымимасаң ақ нұр кетер азайып…»
Анығын айтсақ, ақынды жебеп-желейтін де, дерегін беріп демейтін де осы бір Ғажайып Бейне. Ол бір Елестей, ол бір тәтті түстей, ол бір Ай сәулесінен нәр алған, Күн нұрынан жаралған жаһан қызындай… Қолмен ұстай алмайсың, көзбен көре алмайсың. Ақ қанатты періштенің дәл өзі. Көк қанатты көбелек те сол түстес. Арман айдынында аққудай қалқып, қиял қанатында қиянға самғап кеткенде аһ ұрып, аңырып қаласың лажсыз. Сұлу сонысымен сүйкімді, сыйқырлы, Ару сонысымен ажарлы, базарлы. Жұматай ақынды жынды етіп Батыс барына апарып «ащыға» ұрындыратын да, шымылдық ішіндегі Шығыс сазына шомылдыратын да осы сырлы, нұрлы беймәлім дүниенің дүр қызы.
Ару білер көз арбаудың әдісін,
Сүрме тартса әр береді шырайға.
Құрбың салса, Кәшімірдің шәлісін,
Менде жоқ деп нәзіктікпен мұңайма.

Көз қарасын тек хас сұлу бұлдайды,
Жанарыңды бері қарат жалынды.
Тұт ағашын жеген құрттай бір қайғы
Жегідей жеп кетті-ау менің қайғымды.

…Сені көріп құба талдай иілген,
Танытқым кеп шеберлік пен тегімді,
Қас ұстадай пілләдан жіп иірген,
Жаным, ойым бір қиялға берілді…
…Ертегі елінде, аңыз аймағында көзсіз, ессіз экзотикаға еріген, емінген, берілген Есениннің «Парсы саздары» еріксіз еске түседі… Діні, ділі басқа, кезең, кезі әрқалай екі ақынның араға уақыт салып, бірін-бірі жатырқамай, жатсынбай қауышуы, үлбір әлем, күмбір күмбезді дүниенің кең сарайында өзара үн қосуы қайран қалдырады. Қандай нәшті, нақышты, нәрлі, бозым бояулы назым десеңізші?!
…Көлденеңнен тартса, сынын күн алдан,
Қара түнде табу ләзім әппақ ән.
Бұлт та – тұман, мұң да – тұман, тұманнан
Ешкім рақат, ешкім опа таппаған.
Тағы да тап басып тәнті етер сол табысу!.. Тегінде, аман-есен болған да, «Есенинді осы біздің Жұматай өз тілінде сөйлетуі керек-ақ екен-ау» деген ойда қалсың. Әттең, екеуі де жоқ бүгін… Құлап қауышарлық, жылап көрісерлік өлеңдері ғана бар.
Жер жәннаты – Жетісу жұртында туып-өскен соң ба, Жұматай жан-тәнімен, бүкіл болмыс-бітімімен табиғаттың төл баласы, жаратылыстың бел баласы тәрізді. Біздің ұғымымызда ақын ауылы, Жұматай өлкесі жұмақтың жұмағы, жәннаттың жәннаты. Ақын өлеңдерін оқи отырып олай деп ұғынбасқа шараң жоқ. Оның табиғат бояуларын, тау мен тас тілін, балдыр мен шалғын сырын, гүл мен өндір өскіннің тамыры мен тағдырын соншалықты жетік, тамаша танып-білетіндігі еріксіз таң қалдырады. Бұл орайдағы ойымыздың дәлеліндей:
Сараң да малын алдырған
Сайраған кезде жүрегім.
Шөлде де шөлін қандырған
Жыңғылға тартқан ұл едім, – деп басталатын «Өсімдік аты – Жұматай» деген өлеңі де бар. Әйтсе де біз мұны қоя тұрып «Сазда» атты мына бір өлеңіне үңілейікші:
Желек, ну жібермейді желіңді кей,
Ауаға жұпар ағыс емінді ме, ей?!
Жалқаулау желпілдейді шөп шуласа,
Атқұлақ жапырағы тебінгідей.

Безді, әне, құмырсқалар үй көшіріп,
Бұйра бас цыгандарша биле, шілік!
Оң қолды үнді Құдай – қарандыздың
Қалған ба басына алтын түйме шығып?

Бетке алып кетті шымшық құбыланы,
Осы иттің өзгермей ме ғұмыры әні?
Жә, қойшы… Пагондардың оқасындай
Сары бас жоңышқалар құбылады.

… Жап-жасыл теңгесі айтып бірдемені,
Сәмбі тал көрсеткен жоқ күнге мені.
Сәйгөл көп ызыңдайды айналшықтап,
Сақбайдың бұзауы деп жүр ме мені?
Осынау киіктің асығындай ықшам да шағын өлеңде қанша бояу, қанша ояу дүние, образдар әлемі сыбдыр қағып сырласып, тілі шығып, мойыл көзбен мойын ырғасып, ымдасып, жамырасып, жарасып тұр десеңізші?! Бәрі де сұлу, бәрі де ғажап! Өмір бақи солмайтын, сембейтін Жұматайдың жұпарлы жұмақ дүниесі! Содан да ол ажарлы, әсем, мәңгі жап-жасыл. Жұматайға тән тәтті жымиыс, қою қара мұрт астынан мырс етер әдемі әзіл, жұмсақ юмор да бар мұнда. Бейне, Жұматай жаратылысқа, жаратылыс Жұматайға айналып кеткендей…
Мойындамасқа болмайтын парадокс: қай заманға да ақын тағдыры өзектес, ортақ десе болғандай. Жұматай жырлаған Мұсаның күні (өлең) – біздің де бүгінгі күніміз. Өзгергені шамалы:
…Атқанда күнде таң әппақ,
Аллаға бір тай мінгіз деп,
Алашты жүрді адақтап,
Ақынға туар күнді іздеп.

…Жылытып жерді шуағы,
Жан берер кезде, ес кетіп,
Ақынның күні туады,
Туады-ау, әттең, кештетіп…
«Азап шектім, аз жаздым, көп қаңғырдым» – дейді ақын ендігі бір өлеңінде. Біздің басқа бұл да ортақ. Жасырыны жоқ шындық. Талант тағдыры, талантқа лайық тағдыр жазмышы, әлде, әлімсақтан бері қарай осылай ма екен?..
Қалай болғанда да ақын қайғы-мұңнан ада-күде емес. Мұңсыз өмір – құнсыз. Ал Қайғы мен ажал айтып келмейді, айтып келсе, қайтып келмейді. «Аз жаздым» деп өкінген Жұматай бұл хақында да:
Қарсы келсең, себеді билік өлім,
Ол тек қана ажалдың киді кебін.
Мен де ажалмен ақырын сөйлесемін,
Мен де ажалға иілмей, илігемін, – деп айтып үлгеріпті. Қайсыбір боркеміктей боздап иілмейді, илігеді қайсар, ожар кейіппен амалсыз. Бұл да бекзаттықтың белгісі.
Иә, нәзік те қайсар, өжет те өрімтал, сұлу да сүмбіл, сырбаз да кербез Жұматай ақынның төл болмысы, төркін-тегі осындай.
Өтіп бара жатқан уақыт-ай… Кеше ғана баппен басып, «жүрген жеріне гүл өніп», көктен нұр еміп, көңіліне жыр егіп жүретін байсал қылық, жайсаң жігіттің інжу-маржан жыры қалыпты біздің еншімізге. Ол бүгінде жалғыз Жұматайдың емес, жалпы жамағаттың, қала берді, қазақ поэзиясының қасиетті қазынасы десе болғандай. Бұл інжу-маржан қазынаға қайта-қайта оралып, қадіріне жетсек, қажетімізге жаратсақ, кәні… Бір жетпесе, осы жағы жетпей жатыр-ау бізде. Абайды енді-енді ұқсата ұғына бастағандаймыз. Мұқағали, шүкір, күннен-күнге ән мен жырға айналып барады. Ал Төлеген ше, ұмыттық па, қалай?.. Жұмекен ше? Тісіміз батпайды ма, иіріміне бойлай алмай жүрміз бе, неге жағымыз қарысып жүр? Кеңшілік, Жұматайларға да арнайы, шындап тоқтайтын, үңілетін кез жетті емес пе? Бұларға қай жанкешті қашан тұтас ғұмырын арнай алады екен? Бұл үрдіс, дәстүр, жалпы, бізде бар ма? Жоқ болса, нені малданып, кімді күтіп жүрміз? Кешегі сыншыларымыз, зерттеушілеріміз бүгін қайда жүр? Неге үнсіз, тілсіз, дымсыз? Бүгінгі қазақ поэзиясына бағдар айтып, баға беру енді кімнің қашан қолынан келер екен? Әсіресе, мұны дәл қазіргі сәтте әруақты, рухты Жұматайлар әлемі, ақындар әулеті көбірек күтіп отырған сияқты көрінеді де тұрады маған…

ПІКІР ҚОСУ