Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН. СКАЙЛЕРДІҢ «ТҮРКІСТАНЫ»
Ата-бабаларымыз бізге аманат еткен қасиетті даламызда қаншама ғасырлардың сыры жатқанын дөп басып айту қиын. Бұл ұлы дала біреуге «ән салып тұрғандай» болып елестесе, енді біреуіне «Орталық Азиядағы жұмақ мекен» болып көрінді. Заманында біздің жерімізге түу алыстан аманат арқалап келіп, саяхат жасап қайтқандардың көп болғаны шындық. Сондай саяхатшының бірі – америкалық тарихшы, дипломат Юджин Скайлер еді. Ақынның ақыны Мағжан Жұмабаев «Түркістан – ер Түріктің бесігі ғой…» деп жырлаған заманнан бері өркениетті жұрт «Екінші Мекке», «Төрт қақпалы Түркістан» атаған қасиетті шаһар туралы Скайлер екі томдық кітап жазып, оны 1876 жылы қазан айында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы «Скрибнер Армистонг» баспасынан басып шығарады. АҚШ Мемлекеттік Департаментінің маңызды архивтер кітапханасында сақталған бұл кітапты тауып, түпнұсқадан оқып, Батыс жиһангезінің естеліктеріне арқау болған ХIХ ғасырдағы қазақ қоғамы, тұрмыс-тіршілігі, саяси жағдайы туралы мәліметтерді оқырманға ұсынып отырмыз.
Ең алдымен, «Орта Азияның сол кездегі жай-күйін бақылап, көрген-білгенін ескірмес кітап етіп жазған Юджин Скайлер кім еді?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Деректерде кең маңдайлы, қырағы көзді, ұзын мұртты кейіптегі суретімен сақталған Юджин Скайлер – ХIХ ғасырда өмір сүрген америкалық жазушы, жиһангез және дипломат. Ол – тұңғыш рет АҚШ-та докторлық лауазымға қол жеткізген үш адамның бірі болса, әдебиет әлемі үшін орыс және әлем әдебиетінің классиктері Л.Толстой мен И.Тургеневтің ең алғашқы аудармашысы деген атқа ие. Сонымен қатар Юджин Скайлер сол кездегі Ресейдің бодандығында болған Орта Азия аймақтарына зор міндетпен келген алғашқы америкалық дипломат әрі Стамбулдағы Американың Бас консулы ретінде 1876 жылғы Сәуір көтерілісінде түріктердің Болгариядағы жантүршігерлік әрекеттерін жариялап, маңызды рөл атқарған саяси тұлға ретінде де тарихта қалды.
Йель университетінің алғашқы түлегі болған Юджин кездейсоқ бір орыс офицерімен шүйіркелесіп отырып, орыс тілін үйренуге деген ынтасының оянғанын байқайды. Бар зердесімен орыс тілін үйреніп, 1867 жылы орыс жазушысы Иван Тургеневтің «Әкелер мен балалар» атты романын ағылшын тіліне сәтті тәржімалап, Батыс әлеміне жеткізеді. Бұл сонау қиырда жатқан АҚШ оқырмандары үшін мұхит асып келген орыс әдебиетінің алғашқы толқыны болуы мүмкін.
Болашақ жиһангез, дипломат 1868 жылдың жаз айында орыс саудагері Василий Алексеевичке ілесіп, Орта Азияға келеді. Ол пароходпен Еділден Самараға өтіп, содан соң Орынбор арқылы осы аймақтардағы өз сапарын бастайды. Бір қызығы, бұл сапарын бастамас бұрын Скайлер орыстың классик жазушысы Толстойдың Ясная Полянасында жата-жастанып жеті күн бойы демалады. Толстойдың мәртебелі мейманы болады. Осыдан-ақ оның тегін адам емес екенін аңғарамыз. Әне, сол уақытта ұлы Толстой әлемге әйгілі «Соғыс және бейбітшілік» роман-эпопеясын аяқтаған еді. Алыстан ат арытып келген алпауыт елдің білімпазын, дипломатын Толстой жақсы көңіл-күймен қарсы алып, Юджин Скайлерді аңға ертіп шығады. Тіпті, әредікте Толстой америкалық досын өзінің жеке кітапханасын реттеуге көмекке шақырады әрі АҚШ-тағы халық ағарту ісіне өзгеше қызығушылық танытып, Скайлерден сол жақтағы мектеп оқулықтарының көшірмелерін беруді өтінеді. Екеуара әңгіме арасында Скайлер Толстойдың «Казактар» романын ағылшын тіліне аударуға автордан рұқсат алады. Өкінішке қарай, 1869 жылы АҚШ-тың жаңадан сайланған Президенті Улисс Грант Скайлерді Мәскеудегі қызметінен босатып, орынына басқа бір адамды тағайындайды да, Скайлерді Ресейдің Реваль (қазіргі Таллин) портына консул ретінде қызметке жібереді.
Мейлі, қандай жағдай болса да, Скайлер өзінің дипломатиялық міндеттерінен тыс уақытын ел-жер аралауға, саяхат жасап, естеліктер жазуға жұмсады. Ол Орта Азияны мекен еткен халықтар мен олар өмір сүрген қоғамның тыныс-тіршілігін білуге, бағамдауға арнайы уақыт бөле білді. Алған әсері мен жиған материалдарын пайдаланып, «Ұлы Петр» атты биографиялық кітап жазуға кірісті. Ресейдің Орта Азияға басып кірген кезінде АҚШ-тан шақырылған алғашқы шетелдіктердің бірі де осы Скайлер екенін жазба деректер айғақтайды. Ол Орта Азияға жасаған сапарында жалғыз емес еді. «Нью-Йорк Геральд» газетінде жұмыс істейтін америкалық журналист Януариус МакГахан оның бірден-бір жол серігі болды. Олар жолға шанамен шығып, Саратовтан Орынборға, Қазалыға, одан өтіп Перовск фортына (қазіргі Кызыл-Орда) дейін барады. Журналист МакГаханның жоспары өз алдына, ал Скайлердің жоспары – Ташкентке, Самарқандқа, Бұхараға бару және Қоқан төңірегін аралау еді. Көп өтпей ол Санкт-Петербургке Сібір мен Жайық арқылы қайтып оралды. Скайлердің бұл сапары сегіз айға созылды. Мемлекеттік департаментке өзінің үш ай ғана жер аралайтынын ескерткенімен, осы сапарында көптеген географиялық сипатқа ие ақпараттарды жинап қайтты.
Кейін ол осы сапары туралы жазылған сапарнамасын АҚШ «Ұлттық географиялық қоғамына» жібереді әрі басып өткен жолы, көрген-білгені жөнінде Мемлекеттік Департаментке мәлімет жасап отырады. Оның осы сапарындағы басты шығармашылық еңбектерінің бірі, бізге тікелей қатыстысы – «Түркістан» атты көлемді шығармасы еді. Ағылшын жиһангезінің бұл кітабының толық аты «Түркістан: Ресейдегі Түркістан, Хоканд, Бұхара және Кұлжадағы саяхат туралы естеліктер» деп аталады.
Үлкен ізденіс пен пайымдаулардың жемісі, тарихи әрі дәуірлік сипатқа ие «Түркістан» кітабы осыдан 144 жыл бұрын, яғни 1876 жылы АҚШ пен Ұлыбританияда жарық көрген. Кітаппен бірге иллюстрациялар, үш карта және мәліметтер егжей-тегжейлі көрсетілген индекс қосымша материал ретінде басылған.
Бұл еңбек авторының Орта Азияға келіп, осы туындысын не үшін жазғаны жөнінде түсінікке ие болу үшін алдымен кітаптың алғы сөзін оқып алғанымыз дұрыс сияқты. Алғы сөз былай басталады: «Оқырмандарым менен жеке басыма қатысты шытырман оқиғалар туралы немесе географиялық барлау жөніндегі әңгімелер күтпеуі керек. Орыстар мен бұхаралықтар, қоқандықтар менің басыма ешқандай қауіп төндірмейді. Айта кететін бір жайт, маған бұдан бұрын зерттелмеген аймақтарға бармауым керектігі туралы ескерту де жасалды. Менің Орталық Азияға сапарымның басты мақсаты – жақында Ресейге қосылған аймақтардың саяси және әлеуметтік жағдайын зерттеу, сондай-ақ Ресейдің қол астындағы халықтардың тұрмыстық деңгейін әлі күнге дейін хандық қоғамда өмір сүріп жатқан топтармен салыстыру болды. Егер осы мақсатты орындай алсам, бұл сапарым ойдағыдай болды деген сөз. Мен бұл кітапта өзім көрген оқиғалар туралы және орыстар мен жергілікті тұрғындардан естігендерім хақында бүкпесіз жазуға тырыстым. Не жазсам да, шындықты жазуды басты мұрат еттім, тіпті, кейде өзімді мазалаған тақырыптарда ұзақ жазуға мәжбүр болдым. Ресейдегі достарым мені бұл әрекетім үшін жазғырмайды деп ойлаймын. Сондықтан менің оқырмандарым Орталық Азиядағы Ресей саясатының кей тұстарына жасалған сыни көзқарастарымды дұрыс түсінетін болар. Өз саясатындағы қателіктерді дер кезінде біліп, оны түзету Ресей үшін пайдалы болмақ».
Бізді қызықтырған осы кітаптың бірінші тарауы «Дала» деп аталады. Кәдімгі біздің ұлы даламыз. «Мен көптен бері Орталық Азияға баруды армандап келген едім, бірақ оған әртүрлі жағдайлар кедергі болды. Сапар жасау мүмкіндігі ойламаған жерден туды. Ақыры күтпеген жерден сапарға шықтым. 1873 жылы 23 наурызда мен Санкт-Петербургпен қоштасып, арада Мәскеуде бір күн кідіріп, 26 наурыз күні таңертең пойыз арқылы Саратовқа жеттім. Осы аралықта 940 шақырым жол жүріп өттім», – деп сапар бастамасын түсіндірген ол кезінде қазақ даласына әмір жүргізген төре, Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыс төрені қалай кездестіргені туралы әңгімені былайша өрбітеді: «Біздің вагондағы жалғыз жолаушы – әйгілі Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы, Шыңғыс төре екен. Оның қырғыздардың Бөкей Ордасының соңғы ханының ұлы екенін білген соң, бұл сапарымыздың ойдағыдай боларына күні бұрын болжам жасамауға шарасыз қалдық. Бір таңғаларлығы, мен Азия табалдырығында тұрып есімі күллі жер-жиһанға тараған ұлы императордың ұрпағымен кездестім. Әкесі қайтыс болғаннан кейін, ата-тегі мен әкесінің қызметтерін ескере отырып әрі әулеттің үлкені ретінде оған «Орыс төресі» атағы беріліпті. Бұл төре – нағыз мұсылман, ол таяуда ғана Меккеге барып, қажылық өтеп қайтыпты. Сырт көзге өте мәдениетті адам екені көрініп-ақ тұр». Біз де жиһанкездің сапар естелігінің алғашқы беттері осындай қызықты әрі тарихи оқиғамен басталғанына қуанып-ақ отырмыз. Әр кездескен адамы мен барған жерінің құпиясын, сырын салмақтай білетін Скайлер осыдан кейін Ольгадағы Неміс колониясы, Саратов, Кутчамбайдағы Башқұрт ауылы, Дон казактарының өмірі хақында кеңірек баяндайды. Біз бұларға аялдамай, өзімізге тікелей қатысы бар тұстарын ғана әңгімелеуге тырыстық.
Кітаптың 47-бетінде Арал теңізі туралы, анығырақ айтсақ, 1871 жылы 1 тамыз күні Арал теңізіне ең алғаш рет анализ жасаған Ташкент лабараториясының директоры Теиш деген адам екенін, одан кейінгі анализді профессор Шмид жасағанын, анализ қорытындысы Орыс географиялық қоғамы хабаршысының 1874 жылғы №5 санында, 468-бетінде жарияланғанынан нақты дерек келтіреді. Орынборға барған сәті оған жақсы әсер қалдырыпты. «…Бұл жерге салынған ескілі-жаңалы ғимараттар әскери гимназияны көз алдыңа елестетеді. Біз бұнда сейсенбіден сенбіге дейін дамылдадық. Жаңа адамдармен таныстым. Мұндағы жұрт сыпайы да жылы жүзді екен. Бәрі бар пейілдерімен қонақ қылды әрі алдағы сапарыма байланысты жоспарымның жүзеге асуына қолғабыс етті. Орынбордың дүкендері мен ойлағаннан да жақсы болып шықты», – дейді. Демек, оның әр барған жеріндегі тұрғындармен сөйлесіп, жазбаларына дерек жинап жүргенін жоғарыдағы сөйлемдерден аңғаруға болады. Шоқан бауыр басқан Орынбордың құшағы мейлі кім келсе де, айқара ашық екенін америкалық саяхатшы тарихқа жазып қалдырды. Мейлі, қалай болса да, бұл оның қазақ даласынан алған әсерінен туған сөздер екені шындық.
Өзіне мәңгі бодан еткісі келген орыстың кертартпа саясаты «Қазақ» атауын жоюға тырысып, оны «Қырғыз» деп көрсетіп, қастандық қақпанын алысқа құрып келді. Егер қателеспесек, олардың сол заманда көздеген жалғыз мақсаты – қазақты ұлт ретінде жер бетінен, тарих көшінен жоғалтып, ұрпағын өз тарихынан көз жаздыру. «Мың өліп, мың тірілген» ұлттың сол кездегі атауы алмасқан алмағайып қасіреті Скайлердің осы кітабында да сөз болады. Ол бұл туралы бүй дейді: «…Оңтүстік қапталды мекендеген бұл көшпенділер Қоқан жақтан Ыстықкөлге қоныстанған нағыз қырғыздар емес. Бұларды «қарақырғыздар» немесе «жабайы қырғыздар» деп атайды екен. Бұл атауды оларға орыстар берген. Шындығында, олар «Қазақтар» еді. Бұлар мен ресейдегі казактардың ұлт ретіндегі атауы бір-біріне ұқсас». Скайлер сөз басында айтқанындай, көзбен көргені мен естігенін жазса да, кей тарихи деректерге өз тарапынан түзетулер беріп отырады. Әрине, қате деректерге. Соған қарағанда, ол бұл еңбегін жазып, оқырманға ұсынар алдында мың ойланып, жүз толғанып, екшеп, өзіне қажет болған кей тарихи материалдарды орнымен пайдаланған сыңайлы.
Қазақ тарихындағы үш жүзге бөліну жағдайы да оның естелік кітабынан қағыс қалмайды. «Қырғыздар күш біріктіріп, халық санын миллионға, әскерін 300 мыңға жеткізіпті. 1598 жылы олардың ханы Тәуекел Ташкент пен Түркістанды өзіне қаратқан. Жоғарыда айтқан екі аймақ 1723 жылға дейін қырғыз қағанатының ордасы болды. Аумалы-төкпелі заманда қырғыздар үшке бөлінді. Ташкент пен Түркістанға Орта орда, Шығысқа Ұлы орда, батыс пен солтүстікке Кіші орда қырғыздары қоныстанды», – деп жазады. Мұнда «Орда» (Ағылшынша Horde) деп отырғаны кәдімгі біз айтып жүрген «Жүздік» екені белгілі. «Ел басына күн туған шақта қырғыздардан бостандыққа ұмтылған Арунғазы, Кенесары сияқты батырлар шықты. Осы тұста орыстар қырғыздарды қорғауға (түпнұсқада осы сөз курсивпен ерекшеленіп жазылған) шындап кірісті. Бірақ барлық қауіп-қатер де сол пиғылдың ішінде жасырынып жатты», – дей келе: «Қырғыздардың халық санын нақты білу өте қиын. Бірақ салық төлегені бойынша есептегенде, олардың бір жарым миллионға таяу екенін біле аламыз. Алатауды ен жайлаған Ұлы орда қырғыздарының саны 100 мыңды, Ташкент пен Оңтүстік Сібірдегі Орта орда қырғыздары 406 мыңды, ал Орал, Каспий жағалауын мекендеген Кіші орда қырғыздары 800 мыңды құрайды», – деп жалғастырады сөзін. Бажайлап қарасаңыз, түсініп оқысаңыз, алдыңғы дерек те, кейінгісі де біздің ата тарих үшін ауадай қажет. Осыдан екі ғасыр бұрынғы орыс саясатының қазаққа қарсы әрекеті кешегі Кеңес заманында да жалғасты емес пе?! Орыс билігінің қол астындағы бұратана халықтарға жасап отырған қитұрқылығын, өзі жазғанындай «қорғауын» дипломат Скайлер сол кездің өзінде-ақ сырт адам ретінде байқай алған. Ал екінші деректегі үш жүздің халық саны көрсетілген дерек ұлт тарихы үшін аса маңызды. Себебі Егеменді ел болған отыз жылдан бері біздің тарихымыз әлі жүйеленіп, бір ізге түскен жоқ.
Скайлер енді күллі түркінің Дедем Қорқытына сүбелі еңбегінің 62-бетінен орын беріпті. «Таяу маңда үйінділер жатыр. Бұл ежелгі Жент қаласының орны болуы әбден мүмкін. Өзгелерінен көзге оқшау түсетін анау жартылай бұзылған қабір осы аймақтың абыз-әулиесі атанған Қорқыттың қабірі екенін өзі айтып тұрғандай». Ол осылай жаза келе, сан ғасырдан бері ел арасына тарап, аңыз болып келе жатқан ажалдан қашқан Қорқыт туралы аңызды баяндайды. Тіпті, сөз арасында «Қорқыттың бойы 14 фудқа сәйкес келетін еді» (This Khorkhut, who was fourteen feet tall), – деп әр сәтінде көрген түсінен шошып, қабір азабын тартқысы келмеген Қорқыттың бойын сипаттайды. (Ескерту: 14 фуд шамамен 4,27 м.-ге тең. Сонда Қорқыттың бойы 4 метр болғаны ма?). Бұл деректі автордың қайдан алғанын білмедік, құдды кездескен адамындай суреттегеніне қарағанда, оның қолына нақты деректер түссе керек. Міне, бұл да – тарихшылар үшін жауабын табуды күттірген мәңгілік тақырыптың бірі. Скайлердің қағаз бетіне түсіріп кеткен бірнеше дерегі біздің ендігі зерттеу тақырыбымызға айналып, тарихтағы ақтаңдақтарымыздың орынын толтырып жатса, нұр үстіне нұр болмақ. Ол келтірген деректерді түпнұсқадан оқып отырып, «біздің ұлттық ерекшелікке ие фольклорлық шығармаларымыз бен аңыз-әпсаналарымыздың кейбірі сонау ХIX ғасырдың өзінде мұхит асып, кең таралып кеткен екен ғой» деген ойға қалдық. Олай ойлауымызға жиһангез қаламгердің Қорқыт туралы жоғарыдағы деректері себепкер. Осыдан кейін кітаптағы «Қырғыз мазары» деген мына сурет көзге оттай басылады. Мазар айтса, айтқандай-ақ өзге мазарлардан дараланып тұр.
Ол бір сәт Сығанақ пен Сауранның қирандыға айналған кейпіне қарап толғанады. «Бұл қалалардың бір кездері шамдары самаладай жарқырап, алыс-жақындағы жұртты өзіне қызықтырған қалалар болмағанына кім кепіл?» – дейді. Әрине, солай болған да. Оның ойына шоқ түсірген Сығанақ пен Сауран кезінде Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды сауда кенті, қолөнер орталығы болғаны бәрімізге аян. Тіпті бұл жердің 1469-1511 және 1521-1599 жылдары Қазақ хандығының астанасы, Қыпшақ мемлекеті мен Ақ Орданың бас қаласы болғанын шетелдік саяхатшы білді ме екен? Себебі оған бұл екі қаланың қиранды кейпі ғана кез болды. Автор онымен қоса, Қызылқұм, Әмудария сияқты Орта Азия үшін маңызы зор жерлерді тілге тиек етеді. Тіпті Ташкендегі 300 мешіт туралы да айта кетеді. Хазірет Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барғанын мәлімдеп, оны кімнің тұрғызғаны, Яссауидің кім екені жөнінде де ештеңені қағыс қалдырмайды. Міне, ол енді Түркістаннан шығып, аяңдап Шымкентке жетті. «Түркістаннан шыққан күннің ертесінде бекіністері көз тартқан Шымкентке ат басын бұрдық. Мұндағы қорғандар тым биік. Орыстар салған дүкендер мен базарлар қайнап жатыр. Бұл көрініс осы қаланың бәз-баяғысындай гүлденген қалпында екенін айғақтайды». Әр барған жері саяхатшы һәм қаламгер үшін тірі тарих іспетті. Ол Ташкент, Самарқанд, Орта Азиядағы орыс әскері, Ходжент, аймақтардың сауда-саттығы мен салық төлеу жағдайы, Қоқан хандығы мен оның бектерге бөлінуі, Құрама, Зәрапшан, Хиуа хандығы, Бұқара тарихы, 1663 жылы Әбілғазы жазған «Моғолдар тарихы» атты еңбек, қырғыздардың жыл қайыруы, мүшел санауы, жануарлардың жыл көруі, жаңа ай мен көне ай, бес тоғыс, үш тоғыс, жұлдыз жорамал, темірқазық, жетіқарақшы сияқтыларды ретімен сипаттап, баяндап отырады.
Оның тарихқа жүйріктігін де бірден байқаймыз. Себебі ол кезінде Хиуа қағанаттарын, Хорезм, Қыпшақ далаларын, Орта Азия елдерін шиырлаған Мажар тарихшысы, түрколог Армин Вамбериді сынға алады. Қалай сынайды дейсіз бе? Оған дәлел төмендегі деректер:
«Шыңғысханның Мауераннахрды жаулап алуын байланыстыру үшін, Вамбери өз кітабының тоғызыншы тарауында Джувейнидің (Ата-Малек Джувейни Парсы тарихшысы, «Жаһанды жаулап алушы» атты еңбектің авторы.-Д.Ә) айтқанымен бірдей дерек келтіреді. Осыдан 40 жыл бұрын Д’Охсон (Авраам Константин Моурадгея Д’Охсон 1779–1851 жылдары жасаған швед тарихшысы және армян тектес дипломат. Оның ең танымал еңбегінде Шыңғысханнан бастап Әмір Темірге дейінгі тарихы туралы жазылған. Ағылшынша (History of the Mongols, from Genghis Khan to Timur, or Tamerlane) деп аталады.– Д.Ә) басқа деректерден осы оқиға туралы қарастырған кезде, мүлде дұрыс көзқарас қалыптаспаған еді. Вамбери Д’Охссонның «Моңғолдардың тарихы» (History of Mongols) атты шығармасының бірінші томын оқымаған сияқты. Егер ол осы кітапты оқыған болса, Керайт Ван Ханның (Оң Хан) есімін Ұйғырдың «Un» (Оң деген мағынада.-Д.Ә) деген сөзінен таратпас еді. Өйткені «Ван» (Түпнұсқада Van) Қытайдың лауазымы. Егер ол аз болса да моңғол тілінен хабардар болғанда, «кераит» атауын түріктің «кер-ит» (сұр ит) деген сөзінен шыққан демес еді. Себебі «Kerait» сөзінің соңындағы «Т» моңғолша көптік жалғауды білдіреді. Әлі күнге дейін бұл тайпа «Кирей» немесе Керай деп аталып келеді», – деп бір тоқтап, сосын: «Вамбери мырза Д’Охссонның шығармашылығымен жақсы таныс болса, Шыңғыс хан өзінің резиденциясын Қарақорым бекінісіне бекітті деп шатаспас еді (121-бетте). Бұған дәлел Қарақорымды Шыңғыс ханның ізбасары Үгедей салғандығы, ол жер ешқашан бекініс болған емес. Бұнымен қоймай, ол: «Шыңғысхан ұлы Төлеге Парсы мен Үндістанды берді» – деп қателеседі. Бірақ Төленің территориясы моңғолдың өз даласында болғаны тарихтан белгілі. Егер ол өзінен ат-атағы кем емес жаһандық жиһангез Марко Полоның еңбектерін оқыған болса, «император Құбылай Марко Полоны Керманға міндетпен жіберді» демес еді. (139-бетте). Вамбери мырзаның қандай тарихшы екенін білген соң, біз оның Шыңғысханның Мауераннахрды дерліктей басып алғаны туралы Мұсылмандар айтқан оқиғаларға көзсіз сенгені үшін оны ешқашан кінәлай алмаймыз», – деп әйгілі тарихшының үлкен оқиғалар туралы қате деректерін бетіне басады. Бұл да біз үшін керекті деп ойлаймыз. Ал аталған кітаптың екінші томын дипломат Қоқан, Бұхара, Ресейдің Орта Азиядағы сыртқы саясаты, Ыстықкөл, Жетісу және Қытайдағы қазіргі Кұлжа, Сүйдің, Сайрам көлі, Күйреген Іле хақындағы тарауларымен аяқтайды және қорытынды жасайды. Ресей әкімшілігі, Ресейдің Азиядағы сыртқы саясаты және Ресей Хиуа хандығын жаулап алған 1873 жылғы Хиуа жорығы жөніндегі тараулар да осы кітапта кездеседі.
Түйін сөз:
Біз өз мүмкіндігімізше Скайлердің қаламынан туған «Түркістан» кітабындағы қазаққа қатысты деректерді ақтарып, шолу жасап шықтық. Демек, бір кітаптың өзінен осыншама құнды материалдардың кездесуі тарихы бұдан да терең, бұдан да жұмбақ екенін айғақтайды. Е.Скайлерден басқа қаншама саяхатшы өлкемізге келіп, арнайы зерттеулер жасап, том-том кітап жазды. Енді бүгін олардың Ұлы Даламыз туралы жазғанын іздестіріп, ана тілімізде сөйлететін сәт туды. Даламыз тудырған тарихи оқиғалар, ірі өзгерістер, халқымыз бастан кешкен әр түрлі қоғамдық құрылыстар туралы деректерді өзіміздің емес, өзгелердің, оның ішінде дамыған елдердің қаламгерлерінің жазбаларынан табуымыз біз үшін айдаладан алтын тауып алумен бірдей ғибратты һәм қызықты дүние болары анық.
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН