МАРОККО МАЙТАЛМАНДАРЫ: АБДЕЛЬЛАТИФ ЛААБИ
05.11.2020
1059
1

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Марокко поэзиясының тамыры тереңде жатыр. Әрідегі бербер фольклорын, одан кейінгі Мағриб һәм Кордова дәуірлерінің әдебиетін айтпағанда, берідегі екі ғасырдың өзінде бұл құт қонған қасиетті өлкеде шоқжұлдыздай шоғырланған шайырлардың жаһанда баламасы некен-саяқ тұмар таққан түмені жасаған. Байырғы досым М.Балтымованың «Шығыс әдебиеті» еңбегінде аттары аталып, туындылары талданған Ибн әл-Мураххаль (XIII ғ.), әл-Мәлзузи (XIII – XIV ғ.ғ.), әл-Жазнаи (XIV ғ.) секілді араб тілді ақындардан бөлек, Дунаш бен Лабрат (X ғ.) сынды иврит тілінде жазған керемет шайыр, араб тілінің мелхун диалектінде жырлаған қасиданың хас шебері Әбу Фарис Әбд әл-Әзиз әл-Меғрауи (XVI ғ.), осман түріктерінен қысас көріп, бас сауғалаған қос ақын Сайд бен Абдаллах әл-Миндаси ат-Тлемсени мен Ахмед бен Трики (XVII ғ.), грих жанрының атасы әл-Масмуди (XVII ғ.), қасиданың көсегесін көгертіп, әзіл өлеңдердің өркенін өсірген Сий әл-Мадани ат-Теркмани (XVII ғ.) сияқты жампоздар өткен Марокко әдебиетінің телегей теңіздей тарихында.

XX ғасырдың өзінде атын атамай кетсек, күнә жасап қойғандай қылатын бір алпауыт Мұхаммед Әзиз Лахбабимен қатар жасап, әлем әдебиетінің жылнамасына есімін мәңгілікке қалдырып кеткен-ді… Ол – Абделкебир Хатиби! Шығармалары ондаған тілдерге аударылып, әлемдік деңгейдегі әдеби сыйлықтардың бірқатарына қол жеткізген жүйрік 2009 жылы наурыз айы­ның он алтысында 71 жасында жүрек талмасынан дүние салған-ды. МАРОККО МАЙТАЛМАНДАРЫНЫҢ көзі тірі өкіл­дері, бүгінгі Мағриб әдебиетінің қос қыраны – Тахар Бенжеллун мен Абдельлатиф Лааби жайлы жазуды болашаққа аманаттадық біз бүгін. Дегенмен араб тілді поэзияның абызы, көзінің тірісінде заманымыздың ең ұлы ақындарының қатарында аталатын Абдельлатиф Лаабидің бір ғажайып туын­ды­сын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Біз оқырман назарына ұсынып отыр­ған өлеңінде ақын ешбір тыныс белгісін қолданбайды. Яғни, оқырман өзі екпін мен ырғақты еркінше пайдаланып, өлеңдегі мазмұн мен көңіл күйін түрлендіру мүмкін­ді­гіне ие болмақ. Одан бөлек, еш сөйлем бас әріптен басталмай, негізгі ой түйінінің тек қана бас әріптермен берілуі де ойландырмай қоймайды. Батыс әдебиеттанушылары мен сыншыларының бұл бағытты «абсур­дизм» атағандығына қарамастан, осы­нау ерекше жырдан нағыз парасатты поэ­зия­ның керемет көрінісін байқауға бола­ды. Бұл өлеңде ішкі күйдің иірімдері де, қалыптасқан қоғамдық жүйеге наразылық та, шебер шендестіру де, логикалық тамаша түйін де бар. Өзгесін өлеңнің өзі байқатар…
Марокко әдебиетінің, оның ішінде поэзия­ның мойындалған астанасы – Фес қаласы. Ақиық ақындардың баршасы Фес­тің жыр мектебінің тәлімдерінен тыс қалмаған. Ғасырлар бойы орныққан орасан дәстүр мен үздіксіз жаңғырып тұратын тұтас әдебиет әлемі шайырлардың шынайы құтты қонысына айналғаны анық. Алпауыт ақындар Фесте туады, Фесте тұрады, я, Фестен топырақ бұйырады оларға!

«Фес феноменінің» тағы бір таң қал­ды­рар тұсын айтпай кетуге болмас. Фило­со­фия ғылымының қыр-сырына үңіліп, парасат биіктігін дәлелдемей, өзіне дейінгі жыр жауһарларын игермей, жас дарындарға ақын атанып, жариялануға ешқандай рұқсат жоқ екен! Әлемнің түкпір-түкпірінен жыл сайын келіп жататын поэзияның жанашырларының осы тәртіпке таң қалып, таңдай қақпасқа шарасы жоқ, шамасы. Біздің де аларымыз бар-ау осы бір дүр дәс­түр­ден!

Марокко майталмандарының шығарма­шы­лы­ғына қалам тартқан бұл баянды 1973 жылы жарық көрген «Африка поэзиясы­ның антологиясына» алғысөз жазған Р.Рождественскийдің жүрек жылытар жол­дары­мен түйіндегіміз келді: «Африка поэ­зия­сының антологиясындағы кейбір өлеңдерді құлақты қатты жауып барып, оқымақ абзал. Бұл жырларда айқай көп! Ашу­лы, қылқына ышқынған, адамға тән емес айқай ол. Африканың кемерін тол­тырып, төңкеріп тастаған айқай да тап соның өзі. Жүзжылдықтардың құламалы, тік баспалдақтарына өрмелеп шыққан шыңғыру мен ешқашан үзілмеген, бір сәтке саябырсымаған ащы айқай ғой бұл.

Бұл айқайда бәрі бар: қасірет те, қорла­нып үзілген үміттер де, еркінен айырылған құлдарды тиеген кемелердің меңіреу ме­кен­дері де, сынған намыс та, жұмылған жұдырық та, көз жасы да, дұғалар да… Бұл айқайда – Африкаға деген тойымсыз, толассыз, баршаны қамтыған махаббат тұнып тұр. Бұл айқайда – оның жүрегі жүр. Ең үлкен, ең ізгі жүрек ол!»  Мен келісемін… Сіз ше?!

вам говорю тюремщики надежды
держите
бросаю вам своё перо
если вы думаете что это – единственное оружие
моего гнева
сломайте его
я стану оратором
я пойду к неграмотным мудрецам мечетей
они тоже бывают в гневе
буду говорить их менторским языком
буду давать уроки поэзии аккомпанируя на
тамбурине
я хочу заставить молчать говорящих
мой гнев становится изысканным,
шлифуется
падает вниз
прямо в самое сердце глупости
эта меткость страшит вышибал
из банков
житейской мудрости
я тку сети для злых духов
мастерю универсальные отмычки
я отыщу и взломаю
ВСЕ ВАШИ ЗАТВОРЫ
я хочу молчащих заставить заговорить
отняли слово у миллионов людей
молчание стало судьбою бессильных
нищета отдала подлецам мегафоны
я не пошевелю языком
столько всего предстоит оплевать
Я ОБВИНЯЮ ВСЁ ЧТО КАЛЕЧИТ
есть у меня право СКАЗАТЬ
я продвигаюсь вперёд
сметаю ваши границы
я несу запах зверя
аромат звёзд и гротов
теперь у меня в каждой руке по барабану
чтоб взбудоражить людей
собрать толпы 
сказать
слово
крамолы
и вот
руки за спину
глаза завязали
стреляйте
я ловлю ваши допотопные пули
я делаю из них волчков
для ребятишек надежды
для ребятишек двадцать первого века
они подмигивают мне
они раздают мои стихи прохожим
они смеются вам в лицо
я вижу радугу
над народами
их руки лианы
я вижу как племена мулатов
ломают роботов
орудия войн
рвут перфокарты счётных машин
я слышу как караваны
топчут в ночи
идолов тысячелетнего
варварства
и я начеку
я внимателен к каждому знаку
я суть человека
ГОЛОД ЕГО И ЖАЖДА

Абдельлатиф Лааби,
Тюремщикам надежды.

* * *
сендерге айтамын үміттерімді қорыған
жандайшаптары түрменің
ұстаңдар
қаламым қолымнан түскелі тұр менің
мендік ашудың іргелі
жалқы қаруын таныған
тура осы болса түрлерің
тынған-ау түйсіктеріңнің төбесі тесіліп
сындырып оны тастаңдар
есіріп
есімімді көріңдер өшіріп
шешен боп шығайын
шылбырым топта шешіліп
мешіттердің дүмше данагөйлерімен дүкен құрайын
қалмай кешігіп
ызаға булығып көрмеп пе еді олар өшігіп
тәлімді трендтерінің тілінде төсеп
көсемсіп көлдей көсіліп
дәріс берейін
дарабоз жырдың даңқын өсіріп,
дабылдың сүйемелдеуіне қосылып
ділмарсығандардың ауыздарына құм құйып
сөзуарлардың арынын керек басуым
тар кезеңдерден талғампаз шыққан ашуым
жылтырап шыңдалар ерен
құлдырап құларда төмен
ақымақтықтың жүрегіне қойғандай сайлап
құланның қасуына мылтықтың басуын
мұндай мергендік иманын ұшырар
банктердегі ұрдажықтардың
су сепкендей басып тасуын
өнегелерінен өмірдің
жын перілерге тор тоқып жүрген қоңырмын
жасадым құрал әмбебап
кісенбұзар кілтімді дәлдеп ап
таптым да түгел
құтты құлыптарыңды бұздым
ашарда қамшы салдырмай
ҚАҚПАДАН ҚАҚПА ҚАЛДЫРМАЙ
үндеместерді сөйлетсем деп ем күшке сап
босатып тартпа айылды
қоғамы ашып аранын
адамын
сөзден айырды
мұңдарын мұңдап тілі
байланған миллиондаған мұндардың
жанайқайларын тыңдармын
меңіреу мылқау пайымды
әлсіздер үшін үнсіздік
тағдыры болып тұрған күн
қайыршылық қылып қайырды
үн үстегіштерді байырғы
қолына берді сұмдардың
тілімді тартып безенбей
көмей безімді бұлдармын
түкірікке көмер талай нысана дайынды
АЙЫПТАЙМЫН МЕН ЗҰЛМАТТЫҢ БӘРІН ЗАҚЫМДАР
Айтуға менің хақым бар
шекараларды талқандап
жайым бар жақындар
бойымнан менің иісі мүңкіп тағы аңның
үндесіп үңгірмен жұлдыз жұпарын аңқытсам
қос қолыма қосақтап
қосар дағыра қағармын
дүрліктіріп санасын қалғыған жандардың
топтарды жиып көз ілген
төңкерісшіл төре сөзіммен
баршасын бұзып заңдардың
ал енді қарармын
қолымды қайырып
көзімді байлап
жалғанның жарығынан айырып
атыңдар мен өлмен
құр қолымменен қапысыз ұстап алармын
оқтарыңды о замандарда көнерген
мен олардан зырылдауық жасап абырой асырдым
перзенттеріне беріп үміттің
періштелеріне жиырма бірінші ғасырдың
қас қағып ойнап олар менімен
көз қысып қана қаратар
өткен кеткенге өлеңдерімді таратар
беттеріңе қарап күледі олар тегінде
кемпірқосақ көрем өңімде
көп халықтардың көгінде
қолдарын олар шырмауық сынды айқара
менің көргенім будан тайпалар
қаруы болған соғыстың
құлтемірлерді сындырып түгел жайпаған
есептегіш құрылғылардың тесімкарталарын
жыртып жай табар
керуендердің естідім түнде шуын мен
пұттарды таптап шайқаған
шырайлы шағын мыңжылдық жабайылықтан
кеткен есесін қайтарар
көз ілмен мен де қас қағып
әрбір белгіні бағып байқағам
мен адамдағы мазмұн, мәнмін деп
АДАМИ АШТЫҚ ПЕН ШӨЛГЕ
тәнмін деп
АЙТА АЛАМ

Алаштуған

ПІКІРЛЕР1
Аноним 07.11.2021 | 22:43

Абсурд өз бастарында.. Ғажап өлең, ғажап аударма!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір