Аға
20.10.2020
697
0

Күз жапырақтары сарғыш тартып, мезгіл ақырапқа қарай сырғыды. Аспан бірде түнергіш, бірде «ағалаған» арудай соншалық нәзік әрі батыл. Алматы кешін алғаш көрген көкөрім студент баланың не ойлағанын болжап көріңізші?! Бәрі де – жұмбақ, сырлы, риясыз. Ол бәрін тек өзіндей көреді. Бәрі тек өзіне ғана кірпік ұшын қадағандай, өзіне ғана бұл маусым сарғыш шашын жайғандай. Бүгінгі күн де дәл сол күйдей тұңғиық сезім шұңғылына батырады. Ал мен іңір түсер шақта ағаны ойлап отырмын.

* * *

Шекспир 387, Гете 202, Эдгар По 142 жасқа толған шақта, Екінші дүниежүзілік соғыс өрті сейіліп, айнала дауылдан кейінгі егін алқабындай алай-дүлей сезім кешкен деседі. Сол тұста Ұлытау бөктерінде туған жас сәбиді ешкім де аңғарған жоқ. Ол кезде тіпті кейіннен ағалық пікірлерін ақтарыла жолдаған Қадыр Мырза Әлі мен Тұманбай Молдағалиев небәрі 16 жасар бала еді. Қар қылаулап, жаңбыр нөсерледі, жел ұйытқыды. Аспанда құстар шырқады, керуен-керуен көш өтті. Әлдебір сарбаз күзетке тұрды, әлдебір жазушы Семейге айдауға жіберілді. Әлдебір кісі әйелін жоғалтып қан жылады, әлдебір жан сүйгенімен мәңгілік қош айтысты. Ақын туған шақта бөтен жерде қарыққан қатты дауыс естілмеді не аспанды қара түс жаппады. Немесе табиғат сегіз күн, сегіз түн селдетіп тұрып алмады. Сірә, дүниеге ақын жібергенін оны жаратқан Жаратушының өзі ғана білсе керек.
«Ұлы оқиғалар ғана ұлы тұлғаларды жасайды» деді Руссо. Шын мәнінде, Екінші дүниежүзілік соғыстан соң қазақ даласында дарабоз дарындар дүниеге келді. Олар жесір қалған ананың зарына ортақтасты, жетім қалған баланың басынан сипады. Түнектен жарыққа, көлеңкеден сәулеге меңзеді.

1963 жылы 14 жастағы жас ақынның өлеңдері «Орталық Қазақстан» газетінде жарық көрді. Уақыт өте келе жырлары Республикалық газеттерден бой көрсетті. Дарын деп аталатын бойға сіңген гүл өркенін жайып, дарағы тамырлана түсті. Кейіннен ағалар алқауына ілігіп, тіліне оралды. Әдеби ортаның ішіне енді. Қою түтін жапқан бөлмелерде аталды. Жас арудың құлағын елең еткізді. Ала түннен естілді, қара көзден тамды. Бұл процестің бәрін жан ұшымен сезіне алсаңыз ғой, қандай мөлтек, қандай мөлдір сәттер мен сезімдер!..

* * *

Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген біздер үшін Жүрсін Ерман есімі бала күннен таныс-тын. Әрине, көгілдір экран ішінен. Және өнер орталары мен той-думандардан, арманшыл бала демінен құлаққа шалынатын. Бірде әлдебір газет-журнал ішінен «Ақынның үйі немесе Қасым Аманжоловтың үйін қирату» атты өлең көзге шалынды:
Дегені қайда басылды құйын,
Ақылым жетпей ашиды миым.
Виноградов көшесіндегі,
Қиратып жатыр Қасымның үйін.
Қайтейін кембақ астана сені,
Тиетіндей-ақ басқаға себі.
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
Қиналып тапқан баспанасы еді!…
Өне бойдан ток жүріп өткендей сезім кешкені-ай…

Ғұмыр бойы баспанаға қолы жетпей арманда кеткен ақынның үйін қиратудан артық қандай қасірет болсын?!

Тұлпарым еді жыр көшіндегі,
Бауырын жазып бір көсілмеді..
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
Біздің үй соның іргесінде еді…

Француз әдебиеттанушысы Ромен Ролланның «Бетховеннің өмірі» зерттеу мақаласында: «Егер адамның жан дүниесі ұлы болмаса, ол ұлы адам да, ұлы суретші де, ұлы қайтраткер де бола алмайды, уақыт оны ізін қалдырмастан жұтып қояды» деген пікірі бар-тын. Ал біз уақыт өте келе ақынның жан әлемі соншалық кең екенін байқадық. Қай бағытқа бұрылса да айтары өлең, жыр, тарихта қалу мен қалмау, сөз бен оның қасиеті, Қасым мен Мұқағали, Тұманбай мен Қадыр, Оралхан мен Ақселеу, ақ пен қара, ізгілік пен жауыздық, жалғандық пен жасампаздық. Кейде тәкаппар, кейде сәбидей аңғал, кейде әзілқой, кейде кесіп айтар шешен, кейде Байрондай жараланғыш, кейде пессимист, мұның бәрі ақын табиғатының біз куә болған қырлары. Жетпістің желкесіне таяған ақын бірде жиырманың биігіндегі ақуыз балаға белгісіз қағазға жазылған өлеңін бұрыш-бұрышты томпаңдай басып іздеп тауып, дауыстап оқып беріп бар жанымен пікір күтеді, бірде соншалық сезім құшағына беріліп дүниеде ақынның бар екенін білместен өмір сүріп жүрген миллиардтаған адамға ренішпен қарайтындай, бірде тіксіне қалып сағаттап үнсіз отыра беруге дайын сазарған мүсіндей. Кей кездері ақынды қаумалаған көп адамдардан қызғанатыным бар. Көбі тек «қайраткер, танымал тұлға» деп қана таныр еді, сол қайраткерлік пен танымалдылыққа шөмішін тосып, қажетті дүниесін алуға ғана ниеттілер де табылатын. Арадай анталаған топтан ақынды ажыратып алып «олар сізді дәл мендей білмейді ғой, сіз ең алдымен ақынсыз! Сізді мен ғана түсінемін!» дегім келетін…

* * *

Жексенбі. Түнгі он екі кезі,
Сәл тінте қарап мені екі көзі.
Таксидің ішінде бір ару отыр,
Бөлек жанары, бөлек мінезі.
Атың кім деп ем Лариса деді,
Бетімді шарпып жалынша демі.
Тұңғиық жанар тереңге қарай,
Батыра берді ағынша мені…

Осы бір өлең жолдары қарапайым қатарларымен, тосын, көкейде із қалдырар сезімімен біздің жан дүниемізге әрбір интонациясы жалаң денеге тамған суық тамшыдай әсер етті. Мұнда біз іздеген дәмдеуіштердің бәрі бар еді: жастықтың әсем бағында серуендеп әр көрініске елең ете қалатын жас ақын, бөтен қалада не метрода не белгісіз таксиде кезігіп қалып біршама уақыт жан дүниеге шоқ қалдыратын меңді сұлу, сұлуға тәкаппарлана тіл қатып, жыр оқып беретін асау ақын, тәкаппарлыққа тәкаппарлықпен, жұмсақ биязылықпен жауап беретін жұмбақ ару. Біз өзімізді осы бір атмосфера ішінен тауып, мәз-мейрам, масаң күйге түстік. Жатқа оқыдық, жарыса оқыдық.
Сірә, өмір майданы біз ойлағаннан да биік, біз оқығаннан да ұлы секілді. Әлдебір Шығыс ғалымы «кітап жаралғалы адамдар кері жылжыды» деді. Шынында, қағаз бен қалам, том-том жазбалар жарық көргелі адамдар шоқ жұлдыздар мен ортасында сызығы бар ай жүзіне қараудан алыстай бастады. Табиғаттан гөрі табиғат бөлшегінен жасалған әртүрлі қағазға көбірек уақыт бөлді. Камю: «Ежелгі адамдар оқығаннан гөрі көбірек ойланатын» деді. Жаратылыс бізге ой арқылы көптеген жұмбағын ашты. Басына құлаған алма жайлы ұзақ ойлану процесінде Галилео Галилей «Тартылыс заңын» ашты. Ой арқылы даналыққа жеткен Диоген Ескендір патшаның тағын місе тұтпады. Ойдың бір аты – өмір. Шұрқыраған өмір ішінен сол өмірдей шынайы, қалыпсыз ой тумақ. Таласбек Әсемқұлов Толстойды «мен үшін граф қана» деп кінәлап, айдауда жан азабын тартып, ғұмыр бойы ақымақ әйелдеге көз салып, өлім алдынан аман қалған өмір синтезінің ұстазы Достаевскийды ұлы тұтты. Шынында білімнің көптеген бөлігі кітап сыртында екенін, сол бөліктерді суық ақыл емес, тек жүрек қана сезіне алатынын ұғынсақ етті. Жүрсін ақын өлеңдерінен өмірдің исі табаға жапқан қып-қызыл нандай бұрқырап шығып тұрады. Бұл хақында ақын Ұлықбек Есдәулет: «Өмірі – өлеңімен, өлеңі – өмірімен қабысқан, өрімдей өрілген санаулының бірі» деген болатын.

Басқаларды қайдам:
Менің басым – біреу.
Жалғыз басқа, айнам,
Таппай жүрмін тіреу.
Жарғақ басым қанын,
Сорғалатты кілең.
Сірә, менің жаным,
Басымда емес білем.
Бітпей мәңгі егес,
Ағарғанмен шашым.
Тыншу табар емес,
Менің қара басым.
Таусылғанша демім,
Қуармын бір елес.
…тыныш жүрер едім,
Басым екеу емес!..

* * *

2016 жылы жаздың жылы айында сіз мені ҚазҰУ-дың ішіне жетелеп кірдіңіз. Бала күннен арман еткен қара шаңыраққа енген тұста үстіме біреу мұздай су құйып жібергендей дірдек қақтым. Қабырғаларға сіңген әртүрлі дауыстар мен қыз бетінің еркешұқыры, «Махаббат қызық мол жылдардағы» ұялшақ сұлулар мен Оралхан Бөкейдің көбелек қанатындай тұнық кейіпкерлері үнсіз қарап тұрғандай сезілді. Қабдоловтың естеліктеріндегі бұрыштар және ақтұма назбен тарс жабылған есіктер, мәңгілік сүйгенімен қоштасып терезеге қадалған 80-жылдағы бөтен ару; бәрі-бәрінің тынысы қолқамды қапқандай еді. Сіздің демеуіңіздің ықпалымен сол алып оқу орнының студенті атанған шақта бұл жақсылықты өмірмен ғана өтеуге болар-ау деген сезім кештім. Азаматтық келбетіңіз қаншама адамның үміті мен қоғадай бықсыған көңілін алаулата жақты екен?! Қанша жас дәл мендей шарасыздықтың себетіне шырмалып, жүзіңізге соншалық махаббатпен қарады екен?! Сол бір қарашыққа енген сезім шоғы керуен жылдармен бірге ұлғайып, қаулап келеді. Кейде кері, кейде алға, кейде Батысқа, кейде Шығысқа қараған назардың ішінен тағы да сізді іздеп отырмын. Бар болыңыз, Аға!

Батырхан СӘРСЕНХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір