Ербол АЛШЫНБАЙ. Қалила
17.10.2020
2862
0

(Баллада)

Қалила аңшы Бұғылының бауырында,

Салбурынмен қызық көрген кемді күн.

Сағым ойнап қаракердің сауырында,

Тазысындай соңына ерген жел мұның.

 

Сары жоннан сәнге қаққан түлкіні,

Кіл самдағай салушы еді тазы ойнақ.

Сол Қалила тағдыр жазып бір күні,

Алыс кетті Бұғылыдан дәм айдап.

Қоңыр-қоңыр адырларды жебелеп,

Қоңыр аңмен бірге өретін үркітпей.

Тұлғасы да бөлек еді, не керек,

Тұрпаты бар зілді қара бүркіттей.

 

Алдаспандай мұрттың екі қияғы,

Қожыр қара жартастайын ажары.

Ертегінің ерлеріндей сияғы,

Кең даланың кәдімгі атан қазағы.

 

Ат жақсысы тақымында – ол жалсыз,

Бір күйігі осы еді ердің ішінде.

Ер дәулеті болады екен болжалсыз,

Жарты теңге айналмады бүтінге.

 

Тағдыр жазса, таға алады кім айып,

Қораға ілді Қалила аңшы құрығын.

Қоңыр досы аттандырды мұңайып:

«Енді маған аманат, – деп, – Бұғылың».

 

Тиянақсыз тіршілік те сырғанап,

Бастады алыс қиқар тірлік, күйкі үміт.

Қозғалды аңшы ожырая бір қарап,

Бұғылысын мұқатқандай қитығып.

 

Бұрылмауды ырым деген Қалила,

Мұртын шайнап күбірлеген Қалила,

Қос жанары сібірлеген Қалила,

Жауырыны дірілдеген Қалила!

 

Тез ұзады қаракерді сауырлап,

Арттан қуып келердей боп Бұғылы.

Көзіндегі жалғыз тамшы ауырлап,

Ішіне өртеп енердей боп Бұғылы.

Қоңыр қалды боз тауларды құшақтап,

Қағуылға шықпайды енді ол белдерге.

Күтетіндей әлдекімді іші от боп,

Моп-момақан сүрлеу қалды шерменде.

 

Өтті уақыт, желкілдеген ботаны,

Желбуаз жыл ақбас атан қылғандай.

Ер Қалила қалай алыс жатады,

Сонау шерлі Бұғылыға бір бармай.

 

Шалғы мұртын қырау басқан шағында,

Құбылаға күн алмасқан шағында,

Көздің алдын тұман басқан шағында,

Бұғылыға қайырылды Қалила.

 

Баяғыдай Қоңыр досы жолықты,

Ақсарбасын өрісінен алдырып.

Қара жартас қорымдайын шөгіпті,

Бәз қалпында алдаспандай шалғы мұрт.

Қалила аңшы жанардан жас ыршытты,

Жартас бетін тіліп жатты ақ нөсер.

Қара тауға қағынған көп бұлт шықты,

Көп шеменді жуып жатты ақ нөсер.

 

Жастық өтті көкіректі күй кернеп,

Күмбірлеген сағыныштың заманы ол.

Қайыс арқан секілденіп иреңдеп,

Қанжығамнан түсіп қалған қара жол.

 

Қара жолды қанжығама шумақтап,

Қайта келдім қағбамдай, Бұғылы.

Көзім алдын адырларың тұр қаптап,

Кеудемдегі қазынамдай, Бұғылы.

 

Ат басындай сом жүрегім тулатқан,

Таусылмайтын шерім сенсің, Бұғылы.

Көзім жұмсам, көкірегім шулатқан,

Маған көшкен перім сенсің, Бұғылы.

 

Енді бізге жолығатын жер қайда?

Құзға жеттім жан-жағым жар жалама.

Бұғылы тау, сендей тәтті шер қайда,

Сартап болып сарғайсам да санаға?

 

Дәурен көшер, біз де өтерміз алдыңнан,

Қысқа, сұлу түсіңдеймін, Бұғылы.

Керуенімді тұсыңа әкеп қондырған,

Тағдырыма шүкір деймін, Бұғылы.

 

Ай, қарт Қоңыр, енді мені жұбатпа,

Атыңды ертте қыр басына шығайық.

Шын сақиға бүгілу жоқ, бірақ та,

Ат үстінде өлу ерге лайық!

 

Аз өмірде құса көрді Қалила,

Нәмәрт тірлік тұсады ерді Қалиа,

Көкке қарай ұша берді Қалила,

Аттың жалын құша берді Қалила!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір