Моншақ пен мойнақ
09.10.2020
1865
4

Самал ШАЙМЕРДЕНОВА

Жатақ үйдің төбесін құрсаған сүрі қардың көбесі сөгіле бастаған. Көктемнің исі сезіліп-ақ тұр. Сүңгіден тамған тамшылар жерді жібітіп, ми батпағын шығарып жатыр. Айналасы малмандай су.
Тозығы жетіп, құлауға шақ тұрған ескі жатақ үйдің есігі ашылмағалы екі күн болды. Бұл үйде тірлік нышаны білінбегенімен, үмітін әлі үзбеген Мойнақ алдыңғы аяқтарының үстіне басын қойып, бір жапырақ ескі киіздің үстінде неше күннен бері сұлық жатыр.
Жатақ үйдің айналасында зәулім сарайлар қалқаяды. Олардың ортасында құты қашып жаман там тұр.
Мойнақтың онсыз да күнәра құйылатын жуындысы мәз емес еді-ау. Барды қанағат тұтып үйренген, тоқ көршіні торуылдап, сүмеңдемейтін текті ит еді. Аштық арды да билеп кетеді екен. Үшінші күн нәр сызбаған асқазаны сазып, ішегі шұрылдап, әлі құрыған соң қызылмен әрленген, оюлы биік үйдің ауласына да бас сұғып көрді. Тұрқы бұзаумен пара-пар, жүні түбіттей үлпілдеп жылтыраған дәу ит аштықтан әлсіреген бұл бейшараны көре салып, арсылдап, өңеші жыртылғанша үре бастады.
Итінің мазасызданғанынан күмән алған бойы тапал, қара тарамыстай иесі далаға шықты. Осқырынған жылқыларына көз салды.
Мал-жанының елді торуылдап жүрген ұры-қарыдан аман екеніне разы болып қалған қожайын итіне жақындады. Құдды мына әулетті жалғыз қорғап тұрғандай иті құйрығын бұлғаңдатты.
Басынан сипап аз-кем еркелетіп тұрды да, мойнындағы шынжырынан ажыратып, қоя берді. Осыны күткендей Мойнаққа қарай тап берді. Екі ортаны қақ жара, бөліп тастаған биік қорғанның бір бұрышынан саңылау тапқан Мойнақ артына қарай бұрылып үлгергені-ақ сол еді, артқы аяғына келіп аюдай иттің қарулы тісі «сақ» ете қалды. Мойнақтың шыбын жаны көзіне көрінгендей шыңғырды. Иесі миығынан күліп, қорасынан қыс бойы жеп шыққан соғымның итке арналған сыбағасынан бір кесіп алды да, алдына қарай лақтыра салды. Төбет өз сыбағасына ұмтылды. Мойнақ жүрек жалғар талғажау табарынан күдер үзіп, қыңсылаған күйі ұясына қайтты.


… Шешесінің жып-жылы, мамық бауырын аңсады.
Мойнақтың ұяласы бар еді. Жылы қорада, құрғақ шөптің үстінде шешесінен алысқа ұзамай, ұяласы екеуі арпалысып ойнайтын. Қораның сыртында кімдер бар? Қандай өмір бар?.. Ештеңемен ісі жоқ еді ғой. Аракідік қорадағы темір тостаққа тамақ салатын мес қарын ер адамды ғана көретін.
Ұяласы екеуі қаншықтың балдай сүтіне тойып алып, бауырына жантая жығылып, ұйықтап жатқан. Әтірі бұрқыраған бөтен жігітті ертіп месқарын кіріп келді. Шешесінен рұқсат та сұрамай екі күшікті бұтынан тартып, көтеріп алды. Алдымен бауырын, сосын өзін жігітке ұсынды. Әтірінің иісі мұрынды жаратын алақаны ыстық жігіт, артқы аяғын ашып, бауырына саусағын жүгірте сипалады. Сонан соң желкесінен шымшып, салбырата аспанға көтерді. Ыңырси, қыңсылаған ұяласының қылығы мыналарға ұнамағанын сезген Мойнақ дымын шығармай, тістеніп-ақ бақты. Түбіне жеткен де сол ерлігі болса керек. Жігіт мұны қойнына тықты да, өзімен бірге қорадан ала шықты.
Алғаш дәу мәшине «дүр» ете қалғанда зәресі қалмай, жүрегі аузына тығылып, дірдек қаққаны да есінде.
Жаңа қожасы кең аулалы үйге келген соң итаяққа сүт құйды. Анасының сүтіндей тәтті болмаса да, талғажау етуге жарайды. Жып-жылы.
Аяғынан ас үзілген емес. Ет те жеді, сүйек те мүжіді. Дәу мәшиненің соңынан жүгіріп, әудем жерге дейін иесін қуып барып қайтатынды шығарды.
Күнұзақ иесін сағына күтетін. Келмей қалса ұзақ сапарға кеткенін біліп, жолын тосып, мазасызданады. Иесімен аракідік қалың қарды омбылап, таң алакеуімде қоян, түлкі аулауға да барушы еді.
Мойнақ ешқашан иесін жерге қаратпады. Ере барған өзге жолдастарының итінен асып түсуге тырысып-ақ бағатын.
…Қарнының ашқаны сонша, әл-дәрмені құрып, аяғын баса алар емес. Үйден тырс еткен белгі білінбейді. Күннің арты бұлыңғырланып, тұнжырай бастады. Әлгінде көктем исі аңқып, еріп жатқан тоң да безірейіп, қатқылдана қалыпты. Бауырынан сыз өткен Мойнақтың жағдайы тым нашар. Бір нәрсе талғажау етпесе болмасын ұғып, дірілдей көтерілді. Аласапыран шақ. Бейуақыт. Осы өліараны пайдаланып, тіскебасар таппаса, аздан соң шынжырынан босаған иттер өз аулаларына бас сұқтырмас.
Бұл жолы сол жақтағы көк үйге қарай тарт­ты. Осы үйде тұмсығы сорайған, бұты сидиған кәнден қаншық барын біледі. Күшіктеп жатыр еді. Ол жалғыз емес, басы қазандай дәу төбет тағы бар. Жуындыдан тапшылық көрмейтіндері түрлерін байқалып-ақ тұр. Екі үйдің арасына орнатылған тікен, темір қоршаудың астынан өту аштықтан сидиған Мойнаққа қиын емес.
Кең аула. Есіктің алдында жерге қағылған екі қазықты кере сымтемір тартылған. Төбет сол темірге ұзын шынжырмен бекітілген. Алда — жалда өршелене шапса, құтылмасың анық.
Жанынан өтіп бара жатқан иттің аяғының дыбысынан сезіктенген ұрғашы кәнден өзінің де ит екенінен xабар берді ме, әлде өзі сияқты қортық күшіктерін қызғанды ма, шәуілдеп шыға келді.
Көбіне осы бейбақтың шәңкілдегенінен оянып, арғы жағын өз міндетіне алатын төбет сол әдетімен атып тұрды. Шашылып жатқан сүйектің қалдығына өңмеңдей ұмтылып келе жатқан Мойнақ қалт тұра қалды. Бөтен иттің мекеніне кіріп кеткеніне ашуланған көрші төбет арсылдап, жұлқына бастады. Бір сәт әлсіреп, аштықтан қалжыраған байғұстың көзі мұның көзіне түйісе қалғаны сол еді, сорлының бар мұң-зарын жазбай таныды. Көршілес үйден үріп жататын Мойнақтың иісін де, даусын да білуші еді. Жатсынбады.
Дірдектеген түрін аяп кетті ме жуасып, жүрелеп отыра қалды.
Төбеттің мейірімділік танытқанына разы болған Мойнақ итаяқтағы жуындының қалдығын ұмсына жей бастады. Төбет болса, көзін айырмай, қадала қарап жатыр. Ішіне ел қонған Мойнақ, аузын жалап, көрші төбетке мөлие қарады. Жаны ашып отырғанын түсінді. Алғысын білдіріп, қыңсылады.

* * *

Таң бозарып келеді. Үш күн шамы жан­баған ескі үйдің есігі шиқылдай ашылды.
Артынша тозығы жеткен ескі гәлөштің тұмсығы көрінді. Иесінің тірі екенінен үмітін үзбеген Мойнақ атып тұрды. Аяғына оратылған итінің сағынып қалғанын түсінген кейуана басынан сипады. Жанарының жасы төгіле жөнелді.
– Е, байғұс! Бар екенсің ғой! Мағжанымның көзісің ғой, – деді кемсеңдей. Күллі әлем жаңа оянып жатқанда, кәрі иесінің елден бұрын тұрғанын жақсылыққа балағандай, ит те еркелей жата кетті.
Кемпір қолына ала шыққан құмғанын зорға көтеріп, үйдің артына қарай жүрді. Артынан еріп келе жатқан итіне мұңын шағып келеді.
– Байғұсым – ау! Мені қайбір жетісті дейсің?! Төсектен бас көтере алмай жаттым емес пе?.. Дастарханда қалған екі түйір құртты талғажау еттім. Бірде күйіп-жанып, бірде дірдектеп тоңып, өлімнің аранына барып қайттым. Аузыма су тамызатын құлыным, Мағжанымнан да, боздағым Алғадайымнан да әлдеқашан айырылып қалған жоқпын ба! Енді, кім аяр дейсің?!. Кемпір дәрет алды да, әңгімесін үзбей, ілбіп кері бұрылды. Мойнақ барлығын ұғып келе жатқандай өкшелеп, бір елі қалмайды. Құмғанды босағаның оң жақтауына қоя салған Моншақ, керегеге іліп қойған шапанын киіп, басына түбіт орамалын айқастыра салды.
Қашаға беттеген кемпірдің артынан Мойнақ ілесе жөнелді. Қайда баратындарын өте жақсы біледі! Қашанғы әдетімен, бұл екеуінің келетіні – ауыл шетіндегі мола ғана.
…Моншақтың алдынан өткен күндер сырғи жөнелді.
…Қалымбет талай қыздың көзайымы еді-ау, шіркін!
Қыз біткен бойшаң, кең иықты, көркем жігітті көргенде қылымсып, сызыла қалатын. Қалымбеттің қырындаған қалың қызбен ісі де жоқ. Тек, Моншақты ғана аңсайды. Байдың жалғызы болған соң, қанша сырбаз болса да, Қалымбетті тең көрсін бе? Өзі де талайдың таңдайын қақтырған xас сұлудың өзі еді ғой, бұл Моншақ. Ынтыққан жігіттерге мұрнын шүйіріп, көзінің қиығын да салмайтын.
Бір жылы, байдың үйір жылқысын барымталап кеткен бір топ ұрыны әкесінің алдына әкеліп, жығып береді Қалымбет. Ұрылардың қаруы мықты, айла-тәсілі асқан жігітке тұтқындалып қалғанын айтып ел тамсанды. Батырлығы аңызға айналып, шартарапты шарлап кетті.
Жалғызына жұтына қараған жігіттің ерлігі әкесін де бей-жай қалдырмады. Сол жазда-ақ жалғызын Қалымбетке қосты.
…Ашаршылық қаулап, тауқымет тартқызған тар жылдарда елден кетіп, шекара асқан талайлар атамекенді аңсап, елге (Советке) қайтып жатқан кез еді. Қалымбет те ата-анасымен, екі қарындасымен шекарадан өтетінін айтты. Моншақтың әкесі Қалымбет қанша жалынса да, жалғызын ешқайда жібермейтінін қайталап, қасарысты.
Уақыты келгенде екі жас қимай, жыласып айырылысты. Қайта келіп, түбі алып кететініне серт етті де, әкесін көндіктіре алмасын білді ме, Қалымбет ақ некелі жарын тастап, ел асып кете барды.
Елге келген соң ойы өзгерді ме, кім білсін, әйтеуір қанша сарылып жолын тосқанымен, Моншақтың жары сол кеткеннен, мол кетті.
Жарты жылдан соң Моншақ дүниеге шекесі торсықтай ұл әкелді. Әкесі өз атына жазып, Алғадай деп ат қойды. Көңілі жарым қызына салмақ салмай баланы елдің алды етіп бақты. Оқытты. Жеткізді. Оқу-білімге берілген Алғадайы үйленуге асыға қоймады. Кеш отау құрды.
«Апа, мен сізді атамекенге алып барамын! Әкеммен жүздестіремін!» –деп армандайтын, жарықтық. Өмірден ерте кетті. Арманына жете алмады.
…Жалғыздан туған жалғызы – Мағжанды бауырына салған Моншақ, ұлынан айырылғанда құлазыңқы күйге батты. Көңілі басқаға соқпай, ыңғай танытқанды елемей, жалғыздың тілеуін тілеп, жұмыстан бас алмай ғұмыр кешті.
Әкесінің арманын немересі орындады. Тумысынан қағылез, пысық Мағжан туған елге келіп, сауда жасады. Шешесінің қолын жылы суға салып, көрген тауқыметін ұмыттыруды аңсады. Әкесінің арманын жалғамақ болып, атасын да іздестірді. Тапты!
Жетісудағы қалың албанның ауылын мекендеген Қалымбеті бас-аяғы екі жылдың ішінде жергілікті қызбен отау құрған екен. Бала-шаға, немере-шөбересі бар, ақсақал болып, төрде отырған шағында, жүрегінің түбінде көмулі ескі сезімді қопарып, кезіндегі сұлуы, Моншағы келеді деп, күтпесе керек!..
…Аузын буған өгіздей, үнсіз отырып алды. Не айтсын?! Не айтса да, не мәні бар дейсің?! Үнсіздіктің нені жұтып, нені жасырып отырғанын қайдан білсін, басқа ел…
…Немересі де ыстық көңіліне су сепкендей, атасына емірене қоймады. Атасының кемпірінен аса алмай құрақ ұшпағанын ұқты, Мағжан.
Бір асым етті зорға күтіп, Моншақ жалғыздан қалған жалғызбен жетектесіп, кері қайтуға ыңғайланды. Қақпаға қарай бет алғанда, Қалымбеттің көзімен көзі түйісе қалды…
Бір сәт, сонау жарты ғасырды еңсерген, бұрынғы жастық шағы қайта орнағандай жүрегі аударылып түсті. Жүзін шимай толы әжім торлаған екі бейбақтың ішіндегісін кім түсінсін?! Тағдырға кім арыз айтсын?!
Талай сордың дәмін татып көрген Моншақ көзін мөлтілдете бермейтін. Жарынан құшағы суымай, мейірі қанбай, тірідей айырылып қалғанда-ақ осы өмірге өкпелеген.

* * *

Күн біршама көтеріліп келеді. Моланың қақпасы сыммен байланған. Моншақ ұзақ тұрып, молаға кірер есікті зорға ашты. Көз алмай қарап отырған серігі Мойнақ та кемпірдің соңынан еріп, молаға кірді. Мағжанды жерлегенде етектен жер бұйырған еді, бүгінде бел ортасында жатыр.
Немересінің төмпешігінің қасында бос орын бар. Құжаты жасалған… Ескі сандықтың түбінде. Қаттаулы. Құлынынан көз жазып қалған бес жылда ол орынды ешкімге берген жоқ. Жалғыз қамқоршысынан айырылып қалғанда ежелгі қол жетпеген квотасын жаңғыртып, үй бермек болған әкімнен боздағының қасындағы бір жапырақ жердің құжаттарын заңдастырып беруін ғана өтінген. Моншақ беліне байлаған қалың шүберекті жерге тастады да, үстіне жамбастай қисайды. Жердің сызы астынан өтіп бара жатса да, орнынан тұрмай, ұзақ отырды. Құран оқыды.
«Құлыным! Жатқан жерің жайлы болсын! Мен де келем қасыңа. Күт!» – деп бетін сипады да, қисалаңдай орнынан көтерілді.
Моншақ күбірлей зар илеп, жылап келеді.
…Мал сатып күнелткен Мағжан квота сұрап, жергілікті әкімшіліктің алдына бірнеше мәрте барғанымен, дым шықпасын білді ме, әйтеуір ары қудалаған жоқ.
Жалға алған үйін қанағат қылып, еңбек етумен болды.
Сол күні безек қаққан телефонының ар жағынан біршама іріқараға тапсырыс бергенін Моншақ та естіді. Қоңды тапсырысқа қуанған Мағжан шешесінің бетінен кезек-кезек сүйіп, аттанып кеткен. Сол кеткеннен оралмады.
Шаршамай, талмай еңбек етіп, сатып алған үлкен көлігін иесімен қосып жағып жіберген қанішерлер табылмады. Қалтасындағы бар жиған-тергеніне қол салған имансыздар ақыры сұраусыз кетті.
Өртенген көліктің қаңқасы мен құлы­нының күйген сүйегі айдаладан айға салым уақытта әзер табылды. Жалдамалы үйден Мағжанының қырқын өткізген. Құлағалы тұрғалы жаман тамды сауғалағанына, міне, бес жыл болды.
…Ілбіген екеу сүйретіліп келіп, қиқайған жатақ күркешенің ауласына кірді. Жұмсара бастаған жердің бетіне салмағы да батпайтын қаңбақтай жеңіл, бүкшиген кемпір артына бұрылып бір қарады да, итінің басынан мейірлене, үнсіз, ұзақ сипады. Көзі тағы да дымданып шыға келді…
Мойнақ кейуананы үнсіз ұғып, қалт етпей, қатып тұр.
Үйге беттеген Моншақтың соңынан қыңсылай қош айтты.
Моншақ төрдегі сандығын ашып, бір қарыс жердің құжатын дастарқанның шетіне қойды. Түйілген жібек орамалды шешіп, Қалымбеті неке суына салған күміс жүзігін алып, аз-кем отырды да, оң қолына салды.
Қыстай жағылған көңнің исі сіңіп, күлімсі сасыған көрпесіне келіп жантайды.
…Түс көрді. Алғадайы атасына тартқан көркем жүзді. Домбырасын тыңқылдатып, қашанғы әдетімен ән салып отыр.
Тым алыс, туған жерден кетсем-дағы,
Сағынам, көрмегендей көптен бері.
Қол бұлғап, шақырады артта қалған,
Балауса туған жердің көк белдері…
…Көрші үйдегі мейірімді төбет аспанға қарап, ұзақ ұлыды. Оған келесі үйдегі жүні түбіт ит те қосылды, қанша мейірімсіз болса да!..
Тек Мойнақ қана алдыңғы аяғына басын қойып, үнсіз жатыр. Оның көзінен сорғалап аққан жасты ешкім де көрген жоқ…
Күн көкжиектен көтеріліп келеді…

ПІКІРЛЕР4
Аноним 02.04.2021 | 09:08

🤩🤩🤩😍😍😍🥰🥰🥰🏅🏅🏅🏅🥇🥇🥇🥇

Аноним 02.04.2021 | 10:29

Күшті

Аноним 07.04.2021 | 14:53

Жарайсың, Самал құрбым!

Аноним 15.08.2021 | 13:58

Керемет жазылған,өмірден алынған болуы керек ..ұнады

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір