ЛЕОПОЛЬД СЕДАР СЕНГОР
09.10.2020
925
0

«Я долго вещал в бесплодной пустыне,
Я долго сражался в смертельном
моем одиночестве,
Я боролся с призванием. Таков мой искус,
и таков очистительный подвиг поэта.»
Леопольд Седар Сенгор, «Погибшим банту Южной Африки», Песнь вторая.
(орыс тіліне аударған Д. Самойлов).

«Баяндап едім мен де елге, тым ұзақ
бедеу шөлдерде,
Жалқылығыммен жанкешті
шайқасып шексіз көргем мен.
Арда жолыммен алысқам.
Өнерім осы шерменде,
Ерлігім осы емделген, ақын арына
дем берген.»
Леопольд Седар Сенгор, «Қаза болған Түстік Африкалық бантуларға», Екінші жыр.
(Аударған Алаштуған)

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – барша қара құрлықтың ең ұлы ақыны, озық ойлы кемеңгері Леопольд Седар Сенгор. Ол 1906 жылы қазан айының тоғызы күні Сенегал астанасы Дакардың түстігіндегі, Атлант мұхитына Нбисель өзені құяр жағалауындағы Жоаль қаласында дүниеге келген. Бүгін жыр жампозының туған күні!
Ақынның әкесі аса ауқатты, тасы өрге домалаған кәсіпкер болғандықтан, баласының елдегі ең үздік католик мектептерінен терең білім алып, Парижде алдымен колледж, кейінірек Сорбоннаны дәстүрлі филология және француз лингвистикасы мамандығы бойынша бітіруіне барша жағдайын жасаған екен.
XIII ғасырда Син мемлекетінің билеушісі болған Тукура Бадиардың тікелей ұрпағы Леопольд Седар Сенгор бұл білімді қанағат тұтпай, Марсель Коэн, Марсель Мосс сынды марқасқалармен бірге Нақты зерттеулердің Жоғары Мектебін тәмамдап, қара нәсілді азаматтардың ішінде бірінші болып дәстүрлі филология бойынша ғылыми дәрежеге қол жеткізеді.
Католик шіркеуінің ойшылдары Эммануэль Мунье мен Пьер Тейяр де Шарден шығармаларын, К. Маркстың ертеректегі еңбектерін, америкалық қаламгерлер К. Маккей мен Л. Хьюз туындыларын түгесе төңкеруі, Л. С. Сенгордың антиль ақындары Эме Сезар және Леон-Гортран Дамаспен бірлесіп Француздық Батыс Африканың ұлт азаттық қозғалыстарының қамшыгеріне айналған «Негритюд» («қара нәсіл рухы») тұжырымдамасын жасап шығуына алып келген еді.
1935 жылы «Қара нәсілді студент» әдеби басылымының құрылтайшысы болған ақын, европалық дәстүрдің саяси, мәдени һәм әлеуметтік өмірдегі ықпалын азайтып, дүниені дүр сілкіндіріп, африкалық апоссионаризмнің дүмпуін жасауға бар күш-жігерін жұмсады.
Франция университеттерінде дәріс оқып жүрген жерінен 1939 жылы әскерге қатарына шақырылған ол, 1940-1942 жылдар аралығында неміс фашистерінің тұтқынында болыпты. Ең негізгі туындылары да сол қамақта өткен жылдарда жазылғаны мәлім. Серер тайпасының тілінде есімі «қор болмайтын жан» деген мағына беретін шайыр, тұтқыннан босап шыққан сәттен соғыстың соңына дейін партизандық қарсылық қозғалысының құрамында болып, бірнеше мәрте жарақат алған. «Сенегал атқыштары» атанған отандастарын бас болып, ерлігімен көзге түскен.
Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін Франция сыртқы иеліктерінің Ұлттық Жоғары мектебінің африка тілдері мен өркениеттері факультетінің деканы, Мәдениет, білім және әділет істері министр-кеңесшісі, Ұлттық Мәжіліс депутаты болған. Бесінші Франция республикасының конституциясын қалыптастыру комиссиясының мүшесі сайланған Л. С. Сенгор, Европа Кеңесінің Парламенттік ассамблеясының құрамында да қызмет атқарыпты.
Әу бастан Африкадағы Франция отарларының тәуелсіздік алуы үшін күрескен ақын, алдымен 1959 жылы Мали Федерациясы Біріккен ассамблеясын басқарып, 1960 жылдың желтоқсан айының он жетісі күні тәуелсіздік алған Сенегал Республикасының тұңғыш Президенті болып сайланады.
Ел басқарған жиырма жылда Сенегалды феодалдық даму деңгейінен экономикасы қуатты, білімі мен мәдениеті күшті, Африканың алдыңғы қатарлы мемлекетіне айналдырған Л.С.Сенгор, елінің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі үшін ең қатал шараларды да қолданған екен. Өзінің саяси серігі болған Сенегалдың премьер-министрі Мамаду Дианың сәтсіз төңкерісінен кейін, оны мемлекеттік қызметтен аластатып, 1967 жылы өзіне қару кезеніп, қастандық жасаған Мұстафа Лоны өлім жазасына кескен!
1980 жылы өз еркімен Президенттік өкілеттілігінен бас тартып, «Африка Социнтерні» ұйымын құрып, бүтін құрлықтың демократиялық күштерінің көсемі болған ақын талай қоғам қайраткерлері мен саясаткерлерге өнеге боларлық сүрлеу салыпты. 1983 жылы сол кездегі Франция президенті Франсуа Миттеранның ұсынысымен Франция Ұлттық Ғылым Академиясына қара құрлықтан сайланған тұңғыш Академик те осы біздің баһадүріміз екен.
«Ымырттағы жырлар», «Наэттке арналған жырлар» жинақтары қырқыншы жылдары жарық көрген ақын, қандай қызметте болмасын, қай салада жүрмесін, поэзияға адалдықтан айнымаған. Оның жырлары Сенегалдың, я, Африканың ғана емес, әлем әдебиетінің деңгейіндегі жаңашыл бағыт еді. Леопольд Седар Сенгор Еуропалық әдебиеттің сан алуан үлгілерін өз елінің табиғи һәм таза дәстүрлерімен бір қазанда қайнатып, адамзат баласына беймәлім, бұрын-соңды болмаған қара құрлықтың жаңа, қуатты поэзиясының алпауытына айналды.
Ғалым Сенгор 1948 жылы «Жаңа Африка және мальгаш поэзиясының антологиясын» құрастырған болса, дәл сол жылы ақын Сенгор «Қара құрбандар» атты жыр жинағын жарыққа шығарыпты. Бұл жинағында африкалық аңыздар мен ауыз әдебиетінің ең үздік үлгілері ақын туындыларының топырағына құнарлы құндылық құйып, тарихи желіге құрылған шығармаларынан бояуы бөлек, болмысы басқа, шабыты шалқар, шырайы шаһқар дүниелерді танытып тұр.
Дәл сол кезеңнен бастап ақын өлеңдері, бір жыл бұрын өзі негізін қалаған «Presence Africaine» мәдени журналында үздіксіз жарияланып тұрған екен. Көп ұзамай жарық көрген «Ноктюрн» атты жинағы да тарлан ақынның төңкерісшіл туындыларының топтастырылған толыққанды толағай жиынтығы болатын. Бүтін қара құрлықтың арғы-бергі тарихында басынан өткерген өмір шындығын, тақсыретін жүрегінен өткізіп, қасіретін қабырғасы қайыса жырлаған ақынның бар туындыларынан тағдыр таңбаларын, ешкімге ұқсамайтын ұлық жырдың ерекше бітімін байқаймыз.Ол тарам-тарам жас төгіп, африкалық тамтамды талайының тақтасындай танып, сом жүректің дүлей дүрсіліндей сойқан соққылап, Рух дауылпазы болып қана қойған жоқ, ащы азадан тіл үйірер тәтті аңсарды айырып, жан баласы бармаған бағдарларды бетке алды.
Ақын ретінде «Қара әйел» поэмасымен танылған Сенгор, африкалық қыз-келіншектің келісті кейпін, мінсіз мүсінін, теңдессіз түр-тұлғасын тамсана толғап, тарихи танымдағы төменетектінің бейнесін мүлде басқа қырларынан танытып, орныққан қасаң қалпынан қозғағанда, көз көрмеген, я, құлақ естімеген тұңғиықтарға бойлайтынын, кеңістіктерге құлаш сермеп, биіктіктерге самғайтынын кім білген?! Еуропаның ұғымындағы ұлылық күйреп, сұлулық өлшемдерінің өңі сұрланып, берекесі қашқан, қара нәсілді әдебиеттің айы оңынан туып, құдіреті құтайған шабытты шағы еді бұл! Көзі қарақты оқырман осыдан-ақ африкалық жаңа дәуір әдебиетінің кімнен басталатынын ұғынса керек. Ол ұлтының ұлы Шекспирі де, алпауыт Абайы да, кемеңгер Канты да, данышпан Дидросы да болатын! Кітаптарының алғысөзін Жан-Поль Сартр жазып, Нельсон Мандела үлгі алған ақынның өмірлік ұстанымы Деннис Брутус пен Леонард Коса секілді сайыпқырандармен үндесіп, қара нәсілді әдебиеттің әлем әлі білмеген биігімен, азат Африка рухымен, барша адамзатқа ортақ арда құндылықтармен астасып жатқан-ды.
Әдеби мол мұрасынан бөлек, философия, саясаттану және әлеуметтану бойынша жазылған ғылыми еңбектері есепсіз алып тұлға тоқсан бес жасында 2001 жылы желтоқсан айының жиырмасы күні Францияның Версон өлкесіне қарасты Кальвадос қаласында көз жұмып, келмес сапарға аттанған екен. Көзінің тірісінде-ақ даңққа бөленген бірегей жанның әлемдік деңгейде алмаған сыйлық, иемденбеген марапаты кемде-кем. Әуежайлар мен көпірлерге, стадиондар мен оқу орындарына ақынның аты беріліп, ескерткіштері екі құрлықтың ажарын ашып тұр. Оның туындылары әлем халықтарының ондаған тілдеріне тәржімаланып, ол жайлы бірнеше деректі һәм көркем фильмдер түсірілген. Әруақты ақын шығармашылығынан қорғалған ғылыми диссертациялар да жетерлік. Сондай ерен еңбектің бірін еңсерген профессор И.Л.Андреев «Леопольд Сенгор және оның ЕуроАфрикалық жобасы» атты монографиясында: «Сенгор есімін әлем атылған оқтың үнімен пара-пар дүлей дыбыстай, «негритюд» сөзімен бірге естіді және оны африкалық ерекше дүниетаным доктринасының ең екпінді, мінсіз мінезді, тұжырымдамасы тұғырлы жалқы жаршысындай қабылдады», — деп түйіндеген екен.
Мен келісемін… Сіз ше?!
«Женщина, положи мне на лоб твои
благовонные руки,
мягче меха, руки твои.
Там, в вышине, качаются пальмы,
и под пальцами бриза ночного
Шепчутся и умолкают колыбельные песни.
Пусть нас баюкает ритм тишины.
Слушай песню её, слушай глухое
биение крови,
слушай,
Как бьётся пульс Африки в сонном тумане,
в груди деревень,
затерянных в бруссе.

Лик луны клонится к ложу
недвижного моря.
Замирают раскаты далёкого смеха,
а рассказчики сказок
Мерно качаются, носом клюют,
словно малыш за спиною у матери,
И тяжелеют ноги танцоров,
наливается тяжестью горло певца.

Время звёзд настаёт,
Ночь в спокойном раздумье
Облокотилась на холм облаков,
бедра в Млечный Путь завернув.
Крыши хижин трепещущим
тронуты светом.
О, какие секреты
шепчут созвездьям они?
Очаги угасают, погружаются хижины
в уютные волны
домашнего запаха.

Женщина, лампу с прозрачным
маслом зажги,
и пусть, словно дети,
что спать улеглись, но никак не уснут, —
пусть зашепчутся Предки вокруг.
Голоса прародителей слушай.
Они тоже, как мы,
вкусили изгнание.
Но умереть отказались, чтоб не иссякло
их семя в песках.
А я – я в продымленной хижине,
которую посетило отраженье
благожелательных душ,
прислушаюсь чутко.

Пылает моя голова на твоей горячей груди.
Пусть будет дано мне вдохнуть запах
Предков моих,
Собрать голоса их живые и вложить их
в горло своё.
Пусть мне будет дано научиться
Жить,
жить до того последнего мига,
когда я нырну
в высокую глубь забвения.
Леопольд Седар Сенгор, «Ночь на берегах Сины», из сборника «Песни в сумраке»
(орыс тіліне аударған М. Ваксмахер).

«Уа, әйел заты, жаныма жағар,
маңдайыма, жұпар аңқыған қолыңды
қойып тұрғаның,
жанат жағадан жұмсақ-ты,
қолдарыңның қамқа құндағы.
Тербетіледі пальмалар сонау шыңдағы,
түнгі самалдың алақанында аялы,
күбірлеседі, қалады үнсіз баяғы
аяулы бесік жырлары.
Әлдилесін бізді сол тыныштықтың ырғағы.
Сен оның әнін тыңдағын,
тыңдағын қанның қағысы
құмығып, баяу тынғанын,
тыңдағын, ұйқылы тұманда,
ну тоғайларда кіл қалың
жоғалып кеткен, құмдағы
ауылдарымның кеудесін кернеп,
Африканың жүрегі қалай ұрғанын.

Төбеден төмен ай жүзі құлап, таң қылар,
телмірген, тынық теңіздің төсегі
солай жаңғырар.
Кілт үзіп күңгірт күлкіні, көмескі
тартып еңсерер,
Ертегішілер қалыпты қалт-құлт теңселер,
танауларымен жер шұқып, қалғып-ақ
ұйқы қандырар,
арқасында анасының қалғыған бүлдіршін
дейін әнқұмар,
Биші біткеннің аяқтары зіл тартып,
қорғасын табын қалдырар,
салған салмақтан әнші дауысы қарлығар.

Жұлдыздардың туып сағаты,
Түн ойға еркін шомыпты,
Бұлт шоқыларға сүйеніп,
Құс Жолына жамбас көміпті.
Лашықтардың қозғап шатырын,
дірілі нұрдың соғыпты.
Еһ, қандай құпия сырды сыбырлауда олар
шоқжұлдыздарға көрікті?
Ошақтарда сөнерде от,
үй иісінің толқындарымен көбікті
қараша үйлерді көміп тұр.

Шамды жақ, әйел, мөлдір май құйған,
жарқырат жалқы шырақты,
ұйқыға шому көз ілмей, сәбилер үшін
сынақ-ты,–
тап солай түгел тіл қатсын бізге
Бабалар, кезген жырақты.
Арғы Аталардың үндерін тыңда.
Олар да біздей қуғында болған тұрақты.
Өлуден бірақ бас тартқан, құмдарда
құрғап ұрығы,
қиылмасын деген құлап құр.
Ал өзім бүгін жан жүрегімді жылаттым,
жанашыр жандардың көлеңкесі кірген,
әруақтар жетіп қашықтан,
көк түтін көмген лашықта,
тыңдармын түріп құлақты.

Аптап кеудеңде алаулап басым тұрдым мен,
Бабаларымның иісін, терін сіңдірген,
жұпарын жұту бұйырсын маған бұл күнде,
өз көмейіме салуды жазсын, тірісін
теріп үннің де,
бабалар үні бұйырмас болған кім-кімге?!
Жеткерсін мені үйреніп ғұмыр кешуді,
өмір сүруді соңғы сәт туған сүргінде,
жадымыз жадау тартарда,
ұмытылудың ең биік
тұңғиығына сүңгірде!»
Леопольд Седар Сенгор, «Сина жағалауындағы түн»,«Ымырттағы жырлар» жинағынан, 1945 ж.
(Аударған Алаштуған)

Алаштуған

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір