«ШЕКСПИРІ ЖОҚ ЕЛДЕН, НЬЮТОН ДА ШЫҚПАЙДЫ»
03.10.2020
785
0

Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Еңбек Ері, көрнекті ақын, түркітанушы Олжас Сүлейменовпен дидарласудың өзі пешенеге жазылған бір ғанибет. «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатуды» мақсат еткен қаламгердің қазақ руханиятына салған олжасы ерен. ХХ ғасырдың екінші жартысында ұлтты аңызымен тербеген бірден-бір тұлға – осы Олжас Сүлейменов.
Жуырда газеттің айқара бетіне Олжас Омарұлының бір топ өлеңі (аударған Е.Алаштуған) басылған еді. Біз есімі әлемге әйгілі аңыз тұлғаға газеттің сол нөмірін апарып әрі қолтаңба қойдырып алуға арнайы барғанбыз. Ақын Ержан Алаштуғанның тәржімасына ерекше ықылас танытып, өзінің бұрын қазақ тіліне аударылмаған жырларын тамылжытып сөйлеткен бауырына ризалығын жеткізді. Қазақ тілін дамыту үшін аударма мәдениетін қалыптастырудың өте өзекті екендігін айтып, өзге жұрттың жауһарларын қазақ тіліне қотарудың маңыздылығына тоқталды. Аударманың тек тіл үшін ғана емес, әлемдік ой-сананы меңгеру, түсіну үшін де керектігін, өзгелерде бар игілікті пайдаланып, өз мүмкіндігімізді арттырудың жолын табу үшін қажеттігін арыдан толғап, түсіндіріп отырды.

Олжас Омарұлы «Қазақ әдебиеті» газетін үзбей оқып қана қоймай, үнемі қадағалап отырады. «Бұл – Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Ғабит, Сәбиттердің көз нұрымен, ой шұғыласымен қуаттанған газет», – дейді газеттегі жылт еткен жаңалық пен толғамды мақалаларды оқығанда. Әдебиеті мықты елдің болашағы да сәулелі екенін айтады. Ал әдебиеттің дамуы кәсіби мамандардың біліктілігіне байланысты. «Қазақ әдебиеті» – қазақ ақыл-ойының шежіресі ғана емес, ұлттық мәдениетті түлетуге, дамытуға бастамашы бола білген, талай сын-өткелектерде ұлттың сөзін сөйлеген, қазақтың жазба әдебиетінің қалыптасуына, көркеюіне, кемеліне келуіне зор ықпал еткен бірегей басылым. Даңқты ақын ұлт газетін қазақ ақыл-ойының кеніші деп әспеттейтіні сондықтан. «Газет оқымайтын ұрпақтың, өз ақпаратына мән бермейтін биліктің болашағы бұлыңғыр. Интернет – су секілді. Ондағы миллиондаған ақпарат­тың жалған-шыны аралас. Елді түзейміз десек, әуелі ақпаратты түзеуіміз керек. «Қазақ әдебие­тінің» мол таралымы редакцияға ғана емес, Мемлекетке керек», – деді ақын әңгіме арасында.

Біз Алматыдағы Уәлиханов-Жамбыл көшесінің қиылысында орналасқан ақын үйінен шығып, Шоқан Уәлиханов ескерткішінің алдына бардық. Белгілі ақын Бақытжан Қанапиянов Олжас Омарұлын «Ұлттың ақсақалы» деді оңаша әңгімеде. Ұлттың ақсақалы! Халық жазушысының да өзінің ізін қуған ақынның шығармашылығын жоғары бағалайтынын өзара әңгімелерінен аңдадық. Қанапияновтың жырлары ағылшын, орыс, қытай секілді көптеген тілдерге аударылған. Олжекеңнің даңқты жолын қуып келе жатқан санаулы тұлғалардың бірі.
Шоқан Уәлиханов пен Олжас Сүлейменовті қазақтың екі ғасырда дүниеге келген, өз дәуірінен оза туған дара тұлғалары деуге болады. Кезінде Сүлейменовтің «Менің Шоқаным» деп бірегей мақала жазуы тегін емес. «Көппен жалғыз алысуға шама келмесіне көзім жетті, шындық қанша нұрлы болғанымен, адасқан ақылға сәуле түсіре алмайды екен. Уақыттың өзі соған себепкер болса, амал бар ма?» – деп аһ ұрмаушы ма еді Уәлиханов досына жазған хаттарының бірінде. Заманынан оза туғандардың қашанда жалғыздығы менмұндалап тұратындай… Кейде бұл ой Олжас Омарұлының да көңілінде жүргендей көрінетіні бар.
Қоштасарда ақын газеттің таралымын арттыру үшін құзырлы мекеме басшыларына арнайы хабарласатынын жеткізді. Өзгені тыңдамаса да, Олжас Омарұлын, әлемге танымал әйгілі жыр жампозын тыңдар билік болатын шығар деп үміттендік!
«Шекспирі жоқ елден, Ньютон да шықпайды!».

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір