Лес Маррей
01.10.2020
867
0

«Всё, кроме языка,
знает смысл существования.
Деревья, планеты,
реки, время
не ведают ни о чём ином.
Они подтверждают это,
момент за моментом,
как вселенная.
Даже дурацкое тело
живёт лишь частично,
оно бы расцвело
во всей полноте,
если бы не малограмотная свобода
моего подвижного ума.»
Лес Маррей,«Болмыстың мәні»
(орыс тіліне аударған Регина Дериева).

«Тілден басқаның бәрі,
біледі тіршілік мәнін.
Ағаштар, планеталар, өзендер,
уақыт та безерген
көрмейді жасырын жағын.
Сезем мен шындықтың жайын,
шырылдап пайым,
шығандап уайым,
шарқ ұрған шақтары мәлім;
Дәлелдер мұны олар дәйім,
сәттен сәт озған сайын,
жаһандай, қатпары қалың.
Тіпті түйсіксіз тәнім
татады ғұмырдың дәмін
жартыдан жарым,
жұлқынып жаным,
бұлқынып арым,
сорлының гүл қылып бағын,
қылар ма ем қамын…
Қандай қалды аңыз?!
Аңдаңыз,
алғыр ақылымның
сауапсыз зарын,
сауатсыз халін,
азалы азаттығы мен
шектеулі шеңбері барын!»
Еркін аударма – Алаштуған.

Жоғарыдағы жолдардың авторы Лес (Лесли Алан) Маррей, бүкіл әлем мойындаған әдебиет тарланы, ағылшын тілінде жазған ақын. Ол 1938 жылы қазан айының он жетісі күні Австралия­ның Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының теріскей жағалауында жайғасқан Набиак атты шағын ғана шаһарда дүниеге келген. Балалық шағын Бунья, Тари сияқты іргелес аудандарда өткізген өрен, он сегіз жасынан өлең жаза бастаған. 1957 жылы Сидней университетінің өнертану факуль­тетіне қабылданып, қосымша табыс табуды көздеген бозжігіт Австралияның әскери теңіз күштеріне тіркеледі. Осы кезең туралы досына (ақын, әдебиеттанушы Клайв Джеймс) жазған хатында: «Сіз көз алдыңызға қаншалық елестете алсаңыз, мен соншалық жұмсақ жан болдым. Менде қандай да болмасын жасөспірімдік керемет кезеңнің болмағандығынан, мен шын мәнінде балалық шаққа жабысып, қармана берген екенмін. Анам қайтыс болған соң, әкемнен де қайыр кетті. Сөйтіп, мен үйреншікті желіден босап, Сиднейге жеттім. Жеттім де, өзімді үлкен адамша, я, бозбалаша ұстарымды білмей дал болдым. Әрине, мен ақымақ едім, мен әлі де бала болатынмын. Мен солайша бұрын-соңды Сиднейде берілген дәрежелердің ең бір кішігіне қол жеткіздім. Кім болмасын, қашан болмасын, бұл табысыммен теңесе алар деп ойламаймын», – дейді Лес Маррей.
1961 жылы ақынның бір өлеңі баспасөзде жарияланып, оның әдебиетке келуге мүмкіндігінің барына сенімін арттыра түседі. Ол бар уақытын білім алуға арнап, әлемдік әдебиеттің інжу-маржандарымен көз майын тауыса таныса береді. О бастан тіл үйренуге бейімділігі байқалған бозжігіт, тірі тілдермен қатар, тарихтың қалың қойнауларына кетіп үлгерген өлі тілдерді де зерттейді. Сол ізденістерінің нәтижесінде, 1963-1967 жылдар аралығында Австралия ұлт­тық университетінде кәсіби аудармашы ретінде қызмет атқарады. Университет қабырғасында жүргенде, кейін әдебиет майталмандарына айналған Боб Эллис, Джеффри Леманн, Лекс Баннинг, Клайв Джеймстермен, саяси журналистиканың жас перілері – Лори Оукс, Манго Маккалуммен (кішісі) танысып, өзінің болашақ ортасының негізін қалаған екен. Жылдар өткен соң осы аттары аталған қаламгерлер Австралия ұлттық әдебиетінің жаңа бет-бейнесі болды. Ал Лес Маррейдің өзі 1997 жылы Ұлттық қордың ұсынысымен «Австралия ұлттық қазынасының көзі тірі жүз өкілінің» тізіміне енді. Дәл сол студенттік кезде ақын өзінің болашақ жарымен, Венгрияның тумасы Валери Мореллимен танысқан еді. Оқуларын аяқтай сала жұптасқан жастар, алдымен Уэльске, кейінірек Шотландияға қоныс аударады. 1968 жылы Еуропа бойынша бір жылдық саяхатқа шығады. Осы сапарлардан алған әсерлері Лес Маррейді 1969 жылы басқа дүниенің барлығын қойып, біржола әдебиетпен ғана айналысуға алып келеді.
Бірер жыл бұрын менің қолыма Стокгольмнен (Швеция) шығатын орыстілді басылым түсті. Сонау 2004 жылы жарияланған бұл сұхбат, Валентина Полухинаның он жыл дайындаған «Иосиф Бродский замандастар көзімен» атты еңбегінен үзінді ғана болатын. Сұхбат беруші – Лес Маррей! «Five Fathers: Five Australian Poets of the Preakademic Era» антологиясын жарыққа шығарып, Лес Маррейдің ақиық ақын ғана емес, саңлақ сыншы, кәсіби әдебиеттанушы-антолог ретінде жалпы жаһанға танылып үлгерген кезі екен. Өз басым ол уақытта Лес Маррейді де, оның кейіпкерлері болған Австралия поэзиясының бесбұрышты жұлдызы саналатын бес ақын: Роланд Робинсон, Дэвид Кэмпбелл, Кеннет Слессор, Джеймс Маколи, Фрэнсис Уэббтердің ешбірін де білмейтін едім. Жиырмасыншы ғасырдағы мәңгі жасыл құрлық әдебиеті әкелерінің шығармаларын шынымен де білмейтін бейбақ осылай әлем әдебиетінің жаңа парақтарын ақтара бастады. «Өлімнен ұят күшті!» Антология авторына да қызығушылық пайда болып, оның да туындыларын іздеп жүріп оқитын болдым. Бағыма қарай, 2002 жылы Ұлыбританияның Манчестерінде орналасқан «Carcanet» баспа үйінен Лес Маррейдің «Фотосурет көлемді өлеңдер» атты жинағы Регина Дериеваның аудармасындағы нұсқада жарық көріпті. Кейінгі екі ғасыр көлемінде дәстүрлі поэтикалық үлгіден алыстап, ұйқасты өлеңнен гөрі верлибрге көбірек бет бұрған ағылшынтілді поэзияның небір мықтыларымен танысып үлгерсем де, әу дегеннен Маррейді мүлде қабылдай алмағаным рас еді. Дегенмен, Украинаның Одессасында туса да, Қазақстанның Ақмола, Қарағанды қалаларында тұрып, Қарағанды Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген және Иосиф Бродскийдің оның шығармашылығы жайында: «Бұл жерде поэзия мен еркіндік рухының туындыгерлігі басым», – деген бағасынан кейін, 1990 жылы алдымен Израильге, ол жақтан діни ұстанымы үшін қуылған соң, Швецияға қоныс аударған ақын Регина Дериеваның поэзиясымен бұрыннан таныс болғандықтан, оның талғамына сенімімнің күштілігінен ғана Лес Маррейді қайта оқыдым. Оқыдым да таң болдым!
Назар аударалық:
«Ты – это то, что есть,
и любовь обращаешь в ненависть.
Вот две идеи, что убивали
и калечили
мириады и мириады!»
Лес Маррей, «Яды правого и левого» (орыс тіліне аударған Регина Дериева).

Қазақ тілінде төмендегідей болды:
«Сен – барың сол, пендесің ойранқұмар,
махаббатты жаулыққа айналдырар.
Осы екі ұғым мерт етіп, мертіктіріп,
сансыз елді бүлдіріп, қайғы алдырар,
сансыз ерді сындырып, сайран құрар!»
Аударған Алаштуған.
Тақырыптың тереңдігін, ойдың еркіндігін қараңыз… Ол қаламын сананың ғана емес, Рухтың да қаруына айналдыра алды. Рух, Сана һәм Жанның үнін үнемі үзілдіріп, үздіктіріп, қырық жыл үзбей жырлаған ақын, кейде мүлде ойға кіріп шықпайтын дүниелерге барады. Екі-ақ жолдан тұратын мына өлеңіндегідей:
«Он стучит в дверь
и слушает приближение своего сердца!»
Лес Маррей, «Посетитель»
(орыс тіліне аударған Регина Дериева).
Қазақ тіліндегі нұсқасы:
«Ол есікті қағып бір күн,
жүрегінің жақындағанын танып тұрды!»
Аударған Алаштуған.

Осындай өлеңдері турасында ақынның өзі былай дейді: «Иә, мен де ұйқасы мығым, көркемдігі жоғары жыр жазғанды тәуір көремін. Ондай өлеңдерді Джон Эшбериден басқаның бәрі жақсы көреді. Бірақ мен интеллектуалдар мен ғалымдар үшін ғана жазбаймын ғой. Менің көңілім ауып тұрса, ұйқасы күшті өлеңдер жазамын. Алайда ұдайы солай емес. Айтпақшы, кейде ұйқасқа құрылған джаз да жазып қоятыным бар. Поэзия жанға ғана емес, тәнге де назар аударуы керек. Адам бойындағы Құдай берген құдірет деп сананы ғана танитын замандас ақындардың баршасы Аристотельдің қателігіне қайта-қайта сүрініп жүр. Өздері оны біле ме екен?!»
Міне, австралиялық алыптың поэзиядағы ұстанымы бұл. Академик Дэвид МакКуи Маррейдің ақындық қуатын талдай келе: «…Маррей – түптеп келгенде, шығармашылығы түбегейлі бөлек, ешкімге ұқсамайтын дүлей, бірақ дәстүрлі ақын», – деген екен. Ол авангардист те, символист те, сюрреалист те, тіпті постмодернист те болған жоқ. Лес Маррей – нағыз дәстүрлі поэзияның өкілі. Ол – қалыпты жырдың тастай қатқан тамырларына құнарлы жас қан жүгірткен кемеңгер классик! Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысы мен жиырма бірінші ғасырдың жиырма жылында ерен еңбектерімен ел есінде қалған жырдың жарық жұлдызы. Бесінші құрлықты ғана емес, бүкіл дүние әдебиетін дүр сілкіндіріп, әлемдік поэзияға жаңа жол салған ақынның бес баласы болғандығына қарамастан, былтыр ғана, 2019 жылы сәуір айының жиырма тоғызы күні өзінің балалық кезі өткен Тари қаласындағы (Австралия) қарттар үйінде сексен бір жасқа қараған шағында жалғыздықта көз жұмды! Жауыңа да тілемес тағдыр ғой…
1969 жылы «The Weatherboard Cathedral» атты алғашқы жинағын шығарған шайырдың соңында отыздан астам поэзия, проза, эссе жанрларын және аудармаларын қамтыған кітаптары қалды. Оның туындылары миллиондаған таралыммен ағылшын, испан, француз, неміс, итальян, каталаун, хинди, орыс және басқа да әлемнің ондаған тілдерінде жарық көрді. «Тілдің қасиеттілігіне сонша терең үңіліп, сонша талғампаз әрі үйлесімді болған, ағылшын тілінде жазылған бұдан артық өлеңдер жоқ», – деп, Дерек Уолкотт бағасын берген Лес Маррейдің көзінің тірісінде марапат пен сыйлықтан кенде қалған кезі жоқ. Т.С.Эллиот сыйлығы, Петрарка сыйлығы, Ұлыбритания Патшайы­мының сыйлығы бастаған, жиырмадан астам әлем әдебиетінің ең биік марапаттарына қол жеткізген ақынның шығармаларының негізінде бірнеше фильм де түсірілді. Үш антологиялық еңбегі «өркениетке қосылған өлшеусіз үлес» деп танылса, 2016 жылы американдық беделді «The Atlantic» журналы Лес Маррейді «ағылшынтілді әдебиет тарихындағы ең ұлы ақын» атандырды. Бұл алпауыт жайлы баянды тірлігінде жақын досы болған Иосиф Бродскийдің сөзімен аяқтағым келді:«Йейтсті тек ирландиялық атандыру қаншалықты қате болса, Маррейді тек қана австралиялық ақын деп тану да соншалықты соқырлық болмақ. Кімнің арқасында тіл тірі тұрса, ол тап соның өзі!»
Мен келісемін… Сіз ше?!

Ержан АЛАШТУҒАН

«Религии – те же стихи.
Сводят они наш бодрствующий
и спящий разум,
наши эмоции, инстинкты,
дыхание и привычные жесты
в бесконечное размышление – поэзию.
Нечего сказать,
пока слова не подсказывают выход,
хотя и в них нет абсолютной истины.
Стихи,
по сравнению с воинствующей религией,
всё равно,
что первая брачная ночь солдата
накануне грядущего боя,
в котором он погибнет.
Но это – малая религия.
Основная религия – огромная поэма
в любовном повторении;
как и любой стих,
она должна быть неистощима
и полна оборотов,
понятных вполне лишь самому поэту.
Ты не можешь молиться и лгать,
сказал Геккельберри Финн,
ты не можешь дурачить самого себя.
Это – то же самое зеркало: вертящееся, вспыхивающее,
мы называем поэзией,
надёжно укреплённое мы обзываем религией,
а Бог – поэзия,
уловленная любой религией,
схваченная,
но не заключённая в тюрьму.
Пойманный, как в зеркале,
в котором Он запечатлён,
будучи Сам поэзией,
Он не может быть против неё.
И всегда будет существовать религия,
пока имеется поэзия
или недостаток её.
И то и другое возникает периодически,
как движение голубя
или попугая,
которые летят со сложенными крыльями,
потом раскрывают
и закрывают их снова!»
Лес Маррей,
«ПОЭЗИЯ И РЕЛИГИЯ»
(орыс тіліне аударған Регина Дериева).

«Діндер де жырлар ғой.
Санамызды ұйқылы һәм сергек,
серпілтер сан тербеп,
бастайды біздегі көңіл-күй, тынысты,
үйренген қимылды, жүрісті, тұрысты,
я, тума түйсікті ақылы кемелге,
шексіз ой – шеберге… Өлеңге.
Айтарға түгің жоқ, қыларға қол қысқа,
саңлақ сөз жібермей жол нұсқап,
олар да ең асқақ ақиқат бола алмас, дегенмен,
Өлеңдер, жауласқан діндерден гөрі кемеңгер.
Салыстырғанда, жауынгердің ләззатқа бөленген,
алғашқы некелі түнін көрем мен,
ал ертең, ол бейбақ, соғыста соры қайнап,
жан қияр өлермен.
Бірақ бұл – кішік дін, осыны түсіндім.
Негізгі дін басқа – мәңгілік махаббат, дүр дастан;
барша жырлардай, ол да сарқылмас,
қиялы – қияда, қаламы рухпен қарқындас қарымды ой,
ақынның өзіне ғана мәлім ғой,
шын шайыр ой сауып шарқ ұрмас.
«Алдамас дұғада жүрген жан, айтар тек шындықты», – дегендей, Геккельберри Финн сынды бір мықты,
өзіңді өзің ақымақ ете алмайсың,
кете алмайсың төңкеріп тірлікті.
Бұл – бір айнадай:
шыр айналып, жалынның жарқылын ұқтырғанды
поэзия деп атаймыз, шырайламай,
орнығып, нық тұрғанды
дін деп мазақтаймыз, шыдайды Құдай қалай?!
Ал Құдай – поэзия, қайсыбір діннің ауында қалған,
даурығып, дауында қалған,
алайда абақтыға қамалмаған… амалдаған.
Айнадан ұсталған, Ол Өзі бейнеленген,
келбетін кейде көрген,
Өзі поэзия болған соң, өлеңге қарсы болмайды.
Поэзия барда, я, ол тапшыда (жориық жақсыға!),
діндер де діңгектей орнайды.
Екеуі де пайда болған сәттерде,
ұқсайды тотықұсқа, не кептерге,
қанаттарын бүктеп ұшқан,
сонан соң айқара ашқан,
соңында қайта қаттап… қайта қашқан!»
Аударған Алаштуған

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір