АУЫЛДАСТЫҢ ТАЙЫ ОЗСЫН
24.09.2020
1005
0

Есенғали РАУШАНОВ, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

«Көн қатса – қалыбына» дегендей, бүгінде біз де кешегі Тұманбай, Қадыр ағалар секілді жасы кішілер бір іске талап қылса, мақұлдай жөнелуге бейім бола бастадық. Мұнымызды Абай айтатын «жұрт айтса – көнді, ел айтса – болдыдан» гөрі, інілеріміз өссе, өркендесе екен деп жұбанамыз. Әсіресе әдебиет пен өнер, ғылым саласында жүрген жігіттерге деген ықыласымыз ерек.

Сондай азаматтың бірі ақын Ауыт Мұқибек еді, осы азамат биыл Мәжіліс депутаттығына үміткер боп жарысқа түсіп жатқан сыңайлы. Біз оған сәт сапар тілейміз. Осы орайда, бір екі ауыз сөз – қандастар туралы. Қалай дегенде де, қазақ деген еліміздің үлкен бір парасын Қазақстанға сырттан келген қандастарымыз құрап отырғаны аттың қасқасындай анық. Ендеше олардың өздеріне тән проблемалары бары да рас. Біз білмейтін немесе білгіміз келмейтін кейбір жәйттер бар. «Бақаның тілін балық біледі», әлгіндей түйткілдерді оң шешуде Үкіметімізге сол ортадан шыққан азаматтар қолғабыс етсе, ол заңды емес пе? Мысалы, көші-қон мәселелері, шекаралық аймақтағы қазақтардың хал-ахуалы, олар үшін белгіленген немесе белгіненуге тиісті көмектер, адаптациялану, білім алудағы ықтияр хат, азаматтық алудағы жеңілдіктер секілді толып жатқан проблемаларды сол ортадан шыққан менің Ауыт інім жақсы біледі.

Біліп қана қоймай, осыған дейін де, яки депутат болмай тұрып-ақ оралмандардың хал-ахуалын оңалту бойынша ресми және бейресми көп жұмыс атқарды. Бұл өзі, асылы, аузын ашса – жүрегі көрінетін адал жігіт. Өлеңдері де, көркем сөзі де көптің көңілінен шығып жүрген қаламгер. Кезінде Тұманбай марқұмның қасында жүріп, ағеден ағаның жақсы қылықтарын бойына жинақтаған жігіт. Жақсы қылық дегеннен шығады, оралмандарды «пәлеқор, арызқой, жазғыш, ылғи өзді-өзді айтысып, қырқысып, атысып-шабысып жататын топ» деп бағалайтын және сол «бағасын» ірілі-уақты жиындарда, баспасөзде, желілерде ашық жазып, тасып сөйлеп пікір туғызып жүретіндер бар. Бар емес, көп. Әсіресе соңғы жылдары. Кемелденудің орнына кері кету деген – осы. Бірін-бірі өзім деп өрге сүйремей өңменінен кері итеріп, кей қылықтарына кешіріммен қарап, кеңдік танытудың орнына кекеп, мұқап кемсіткеннен мүйіз шықса қазаққа шықпас па еді?! Сырттан келген қандастарымыздың арасында қаншама ғалым, қаншама жазушы, қаншама іскер азаматтар бар?! Қазақ тілін, ұлттың салт-дәстүрлерін, ибалық пен ұятты, иманды таза сақтауда олардан үйренеріміз көп десек, мұны да артық сөз дейсіз бе? Олар жаңағы айтқан жалақорлардан гөрі Қазақстанға мол еңбек сіңірмесе, аз еңбектенген жоқ. Бәрін айтпай, бірін айтсақ, жылы орынын суытып, отырған жерінен қопарыла көшіп келгенде олар, ең біріншіден, қазақ боламыз деп келген жоқ па? Бала-шағамыз жат боп кетпесін деп болашақты ойлап келді емес пе? Сол үшін әрбір оралманға алғыс айтуымыз керек қой. Бір қарын майды бір құмалақ шірітпесін.
Міне, Ауыт Мұқибек Қазақстан Республикасы Мәжілісіне депутат болса, ол әдебиет пен мәдениет салаларында кептеліп қалған келелі мәселерден де өзге осындай түйіндерді шешуге ат салысады, деп сенеміз. Түптеп келгенде маңғыстаулық арқалы ақын айтпақшы, ол да – оралман, Сабыр Адай айтпақшы, «Әр қазақ – менің жалғызым». Жалғызға Жаратқан ие жар болғай!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір